Бәрімізге мәлім, жер әлемді уысына қаратқан Шыңғыс хан өз иелігіндегі жерді төрт ұлына бөліп берді. Бұл әділетті шешім саналғанымен әулет арасындағы тақ пен орын таласына тосқауыл бола алмады. Сол жолда ұлы қағанның немерелері арасынан қаған мәртебесіне көтерілген Күйік те, Мөңке де ұзақ жасамады. Ал Құбылай мен Арық Бұға арасындағы соғыс Шыңғыс хан империясының бөлшектенуіне әкеліп соқты. Тек Құбылай ғана Қытайды бірлікке келтіріп, алып империяға иелік етті. Патшалығын «Юан» деп атады. 1256 жылы ел астанасын Қарақорымнан Ханбалыққа көшірді. Алайда Төле ұрпақтарының 1368 жылы жоғары биліктен айрылғаны ханзадалар ішіндегі бәсекені күшейте түседі. Олар қайтадан күш біріктіріп, өздерін «Ойрат» деген атаумен атады. Ойраттардың сол қол билеушісі чарос, хошоут, торғаут, дөрбіт, өлет, баит, тағы да басқа ру бірлестіктері Алтай асып, Ертіс алқабында Орда көтереді. Бұл бірлестікті моңғолша «Жоңғар» (сол қол) деп аталады. Жоңғарлар Қытайдың Ганьсу өлкесінің бірсыпыра жерін өз қол астына алып, Батысқа көз тігеді. Көп ұзамай жетекші ру бірлестіктерінің арасында бүлік шығып, хошоут ру бірлестігі Тибет тауындағы туыстарына, ал торғаут ру бірлестігі Еділ өзенінің төменгі бойына кетеді. Қалып қалғандар қалмақ атанады. Олар Орданы Алтайдың оңтүстіктегі Тянь-Шань бөктеріне орналастырып, өздерінің басшыларына хұнтайжы деген дәреже береді.
Шығыс Түркістан жеріне осылай ірге бекіткен жоңғарлар енді Дешті Қыпшақ даласына көз тікті. Алайда, әскери күшпен басып кіруге салмақты себеп таба алмады. Бір мезгіл Тұран даласының билігі Әмір Темірдің қолында болды. Ол 1405 жылы қайтыс болған соң оның әулеттерінің арасындағы бақталастық Шыңғыс хан әулетінің қайтадан билікке келуіне жағдай жасады. Солардың бірі жас, алғыр Әбілхайыр 1428 жылы 18 жасында хан тағына отырып, бірсыпыра жерлерді өзіне қосып, атасы Алтын Орданың басшысы Бату ханның төртінші ұрпағы Өзбек хан (1312 – 1342 жылдар) көтерген көшпелі өзбек ұлысын қайтадан жанғыртты. Осы тұста Бату ханның ұрпақтарының күшеюіне қарсы болған қалмақтар (Төленің ұрпақтары) батысқа жорық жасап, 1457 жылы Сығанақ қаласының түбінде Әбілхайырды ойсырата жеңді. Бұл жағдай Жошыдан тарайтын Керей мен Жәнібектің Шағатайдың ұрпағы Есенбуғаның қолтығына кіріп, болашақ хандықты құруға негіз болады. Ол тұста Жошыдан тарайтын ұрпақтар құрған Қазақ хандығының Төле әулетінен тарайтын жоңғарлардың: «Әлемді алақанымызда ойнатамыз» дейтін болашақ арманын күл-талқан етерін ешкім ойламаған еді.
Керей мен Жәнібек Қазақ хандығын құрғаннан кейін тез арада нығайып, айналасындағы ұсақ хандықтарға шабуыл жасап, іргесін кеңейтіп, іргелі елге айналды. Қасым мен Хақназар, Есім мен Тәуке ханның тұсында қазақтар Сыр бойындағы қалаларды толығымен өздеріне бағындырып, аумағы алшысынан түскен кең алқапқа иелік етеді. Осы тұста жоңғарлар 1652 жылы Ыстықкөл бойындағы қырғыздарды бағындырып, Сайрам қамалын күйретіп, Ферғанаға қол сұғады. Халқыға (Моғолияға) шабуыл жасап, Мин әулетінің жақтаушыларын Маньчжурия мен Қытайға ығыстырды. Қазақ пен жоңғар, міне, осылай бірі Дешті Қыпшақтың шығысын, Енді бірі батысын бағындырған мықты мемлекеттің қатарына қосылады. Десе де, қазақ пен жоңғар күшеймей тұрғанда оның көзін жою Ресей мен Цин империясының кезек күттірмейтін мәселесі болды. Олар бар күшін екі хандықтың іргесін ірітуге жұмсады. 1689 жылы орыс-қытай елінің елшілері Оңтүстік Сібірдегі Нерчинск қаласында Қалмақ хандығын жойып, оның жерін, елін бөлісіп алайық деген келісімшарт жасайды. Ол үшін алдымен қазақ пен жоңғарды қырқыстырып, ортадан олжа табудың әдісне көшті. Сонымен алғашқы адымда жоңғарды қаруландырып, қазақ даласына айдап салды. Сонымен бірге жоңғардың арасына алауыздық салып, бірін-бірімен қырқыстырып қойды.
XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басында Қазақ хандығы ішкі-сыртқы аса ауыр жағдайға душар болды. Алтайдан Атырауға дейінгі байтақ даланы алып жатқан қазақ халқы жерінің географиялық ерекшелігіне қарай үш жүзге бөлініп өмір сүрді. Қазақ хандығында үстемдік еткен әскери-феодалдық шонжарлар арасында ішкі тартыс күшейе түсті. Сонымен қатар, бұл мезгілде қазақ-жоңғар қатынасы мейлінше шиеленісіп, жоңғарлар Қазақ хандығына үздіксіз шабуыл жасады. Олар 1635 жылдан бастап қан-төгіс шапқыншылықтарын күшейте түсті. Ақыры 1643 жылы Батыр қонтайшы бастаған жоңғар жасақтары Шығыс шептен шабуыл жасап, қазақ даласына Қорғас өткелі арқылы басып кірді. Бұл тарихта Орбұлақ шайқасы деген атпен қалды. Бұл шайқаста жеңіліс тапқан жоңғарлар оның қарымтасын 1652 жылғы шайқаста қайтарды. Осы жолы 17 жастағы жоңғар батыры Ғалдан Серен қазақ ханы Салқам Жәңгірді жекпе-жекте өлтіреді. Осылай қазақ қолы ауыр жеңіліске ұшырайды.
Тәуке хан1718 жылы қайтыс болғаннан кейін Қазақ хандығы ауыр дағдарысқа ұшырады, елдің бірлігі бұзылды. Тәукенің орнына отырған баласы Болат ханның тек атағы ғана болды. Жүздерді билеген кіші хандар өз алдына дербестеніп, Қазақ хандығы саяси жақтан бөлшектенді. Орта жүзді Сәмеке хан, Ұлы жүзді Жолбарыс хан, Кіші жүзді Әбілхайыр хан биледі. Бұларға қарасты ұлыстарды билеген сұлтандар дербестікке қол жеткізе бастады. Осыны пайдаланған жоңғарлар қазақ даласына жан-жақтан шабуыл жасады. Ш. Уәлиханов сол кездегі жағдай туралы: “XVIII ғасырдың алғашқы он жылдығы қазақ халқының өмірінде қасіретті кезең болды. Жоңғарлар, Еділ қалмақтары, Жайық казактары мен башқұрттар жан-жақтан қазақ ұлыстарын ойрандады», – дейді.
Жоңғар агрессиясының күшеюі Цэван Рабдан (1697 – 1727 жылдары) тұсында болды. Цэван Рабданның жаулап алу жоспарының шырқау шыңы 1723 жылы болған шабуылдан көрінді. Осы жылдың көктемгі төл алу кезеңі мен жазғы көшіп-қону жұмыстарымен айналысып жатқан қазақ еліне тосыннан, күтпеген жерден шабуыл жасады. Бұл жолғы шапқыншы жоңғарлардың саны 70 мыңнан асып түсіп, жеті бағытпен қазақ еліне кірді. Осы ауыр жылдарда шыққан қазақтың қаралы да қайғылы әні «Елім-ай» сол кездегі ауыр күндердің өшпес ескерткіші болып табылады. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада» Ұлы жүз бен Орта жүз Самарқан пен Бұқараға, Кіші жүздің халқы Хиуаға қарай босқан екен. Босқындардың біразы Алакөл маңын паналаған көрінеді. Дәл осындай ауыр кездерде елдің ішінен суырылып алға шығып, халықтың қамын ойлаған атақты хандар мен билер, батырларымыз да болды. Бұқар жырау өзінің толғауында олардың аттарын атайды. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақұлы Жәнібек, қызай Есенкелді, керей Жәнібек, Райымбек, Малайсары батырлар ауыр кезде еңсесі түскен елдің есін жиғызып, зар жылаған халықтың көз жасын тыйды. Осы тұста билердің рөлі де жоғары болды. Төле, Қазыбек, Айтеке билердің ықпалымен 1726 жылы Ордабасында үш жүздің игі жақсыларының басын қосқан ұлы жиын болды. Осында үш жүздің баласы бір бәтуаға келіп, жауға қарсы бірігіп аттанатын қолға басшы етіп Әбілхайырды сайлайды.
Осы кездегі қазақтың саяси қал-ахуалын архив құжаттары: «Сол кезде жоңғарлар Орта Азиядағы ірі сахара патшалығы болды. Оған ұйғырлар қарсылықсыз бағынды. Қырғыздар бір мезгіл қарсылық көрсетсе де, сұрапыл тегеурінге шыдамады. Ал ұзақ жыл бойына жоңғарлармен тірескен тек қазақтар ғана болды. Жоңғарлар қазақ елінің шығыс және оңтүстік жағындағы біраз жерлерді жаулап алғанымен қазақтардың кең-байтақ орталық бөлігіне әл-күші жетпеді» – деп суреттейді. Сөйтіп біріккен қазақ халқының қолы 1727 жылы Ырғыз уезінің оңтүстік шығыс бетіндегі Бұланты өзенінің жағасында «Қара сиыр» деген жерде қалмақтарға күйрете соққы береді. Бұл жеңіске жеткен жер «Қалмақ қырылған» деп аталады. 1729 жылы көктемде қазақ-жоңғар әскерінің аса ірі шайқасы болады. Қазақтар Балқаш көлінің маңында (оңтүстік батыс) қалмақтарға екінші рет күйрете соққы береді. Бұл жер кейіннен тарихта «Аңырақай шайқасы» деген атпен белгілі болады. Осы тұста Болат хан (Тәуекелдің баласы) қайтыс болып, осыған байланысты Сәмеке, Әбілхайыр, Болаттың үшінші баласы Әбілмәмбет арасында күрес туады. Сөйтіп аға хан болып көпшілік билер қолдамаса да Әбілмәмбет сайланады. Мұндай таңдау жасалғанына Әбілхайыр да, Сәмеке де наразы болып майдан шебінен әскерін алып кетеді. Сөйтіп қайтадан феодалдық бытыраңқылық күшейіп, жан-жаққа бөліне бастайды. Бұл кезде Бұхара, Хиуамен қатынас шиеленісті, жоңғарлар үнемі қауіп төндіріп отырды.
Ендігі жерде қазақ халқының тек өзінің күшіне ғана сенуі және үш жүздің басын қосып, жоңғарларға қарсы тұру керектігіне көздері жетті. Осы идеяны жүзеге асыруда Абылай хан ерен еңбек сіңірді. Ол 1731 жылы қалмақтарға қарсы шайқасқа қатысып, ерлігімен, батылдығымен көзге түседі. 1740 жылы Жоңғарияның өзінің ішінде билік үшін күрес туып (Ғалдан Серен өлген соң), туысқандар арасында дүрбелең жағдай қалыптасады. Яғни, Ғалдан хан жорықта жүргенде оның туысы Цеван Рабтан Орда ішінде әскери төңкеріс ұйымдастырып, Ғалданның адамдарын өлтірді. Бұған ренжіген ханзада Әмірсана жоғарғы билікті алу үшін Цин императоры Цяньлунға арызданып, 1755 жылы 200 мың маньчжур-қытай қолының көмегімен Давачиді тұтқындап, императордың қолына тапсырды. Цяньлун Әмірсанаға берген уәдесінен тайып, оны қалмақтардың әміршісі болып сайланған маньчжур Баньдиға көмекші етеді. Алданғанын білген Әмірсана Цин империясының жоңғар даласында қалдырған әскерін талқандап, өзін қалмақтардың ханы деп жариялайды. Ашу кернеген Цяньлун дереу Әмірсанаға қалың қол жіберіп, оның адамдарын аяусыз қырып, жоңғар хандығын жойып, оның жерін Ресей мемлекетімен бөлісіп алды. Ал Әмірсананы Абылай хан қолтығына жасырып, қорғап қалды. Абылайдың Әмірсананы Қытай жазалаушы қосынынан құтқарып қалуында да мән бар. Өйткені, екеуі де қазақ-жоңғар ханы атанғанымен бір атадан тарайтын, қандас бауырлар еді. Біздің ойымызша, мұнда: «Ақсүйек тұқымын қарадан шыққан қарабайыр халыққа қорлатпайын» деген ойдың да болуы мүмкін. Төле әулетінің билігі Әмірсананың жеңілісімен аяқталды.
Абылайдың Әмірсананы қорғағанын желеу еткен Цин империясы Қазақ хандығына бірнеше мәрте әскер аттандырды. Бірақ жаяу әскерден жасақталған қытай қолы Қабанбайдың атты әскерлерінің жанында дәрменсіздік танытып, үнемі жеңілумен болды. Осы ауыр кезде Абылай өзінің шебер ішкі-сыртқы саясатымен көзге түсті. Ол ақсақалдардың алқа кеңесін шақырып, Қытаймен соғысты соза беруге болмайтынын, халықтың азып-тозып кеткенін айтып, Қытаймен елшілік қатынас орнату мақсатында адамдар жібереді. Сөйтіп, олармен сауда-саттық, экономикалық байланыс орнатудың жолдарын қарастырды. Ресеймен қарым-қатынасын да ұлғайтты. Қазақ жерін екі елдің қаупінен қорғап қалуда үлкен еңбек сіңірді, өзінің шебер саясатымен тіл табысты, өзінше билік, өзінше саясат жүргізді.
1771 жылы Әбілмәмбет хан өлгеннен кейін Түркістанда Қожа Ахмет Иассауи мешітінде хандар мен сұлтандар бас қосып, Абылайды ақ киізге орап, Орта жүздің ханы етіп көтерді. Бірақ Абылай өзін қазақтардың үш жүзінің ханымын деп есептеді.
Бұдан хабар алған Қытай императоры 1773 жылы Абылайға бүкіл қазақ елінің ханы екендігін білдіретін құжат (грамота) жібереді. Абылай екі алпауыт мемлекеттің ортасында тұрып, олармен келіскен шарттарды бұзбады. Шу, Талас өңіріндегі қырғыздарды ығыстырып, Қоқан хандығынан Түркістан, Сайрам, Шымкентті алып, қазіргі Қазақстанның оңтүстік шекарасын бекітеді. Абылайдың мұрагері Уәли әке жолын ұстай алмады. Сұлтандар арасындағы жік-жіктік Ресей империясының қазақ жеріне кіріп, қорғаныс бекіністерін салуына мүмкіндік берді. Бұған қарсы болған қазақ батырлары аймақтық, өлкелік көтерілістерді ұйымдастырып, үлкен жеңіске жете алмады. Мұны жақсы түсінген Абылайдың немересі Кенесары үш жүзді қайта біріктіріп, ұлт-азаттық көтерілісін бастады. 1841 жылы үш жүздің өкілдері Кенесары Қасымовты хан сайлайды. Кенесарының күшеюінен секем алған Ресей патшасы 1843 жылы Кенесарыға қарсы ірі көлемді соғыс жасауға бұйрық береді. Кенесарыны қолдамаған қазақ сұлтандары мен ру басшылары оны орыс әскерінің көмегімен қыспаққа алып оңтүстікке ығыстырады. Ұлы жүз руларынан көмек алған Кенесары қуғыншыларға қарсы тұрып, Мерке бекінісіне орналасады. 1847 жылы ресейліктерді қолдаған қырғыз қолы Кенесарының қарсыластарымен күш біріктіріп, қазақтарға үш жақтан шабуылға шығады. Ханның қолы оңтүстікке шегініп, Тоқмақ қаласының түбіндегі шайқаста жеңіліп, Кенесары 32 қазақ сұлтанымен қаза табады. Дешті Қыпшақ даласының билігін соңына дейін уысынан шығармаған Жошы әулетінің соңғы тұяғы осылай жеңіліс табады.
Түйін
Кенесарының өлімімен Қазақ хандығы да өзінің өмір сүруін тоқтатты. Осы тарихты таразылай келгенде, әлем тарихының екінші мыңжылдығындағы Еуразия кеңістігіндегі ұлы жеңістер мен қақтығыстардың бәрі де Шыңғыс ханның ұрпақтарының арасында орын алғанын білуге болады. Жалпы осы кеңістікте ұлы қаған орнатқан билікті жалғастырған да, оның соңғы нүктесін қойған да Жошы мен Төле ұрпақтары екенін білуге болады. Расында, осыған дейін жоңғар десе денеміз түршігетін. Ата жауымыз деп айбарлана қарайтынбыз. Енді олардың Төледен тараған ұрпақтардың бірлестігі екенін білгенде тарихқа қайтадан назар аудару керек деген түйінге келдім. Орыс пен қытайдың ойдан шығарған, бауырлас елді қақтығысқа итермелеген қитұрқылығынан арылатын кез келгенін іштей сезіндік. Қысқасы, Қытай империясын бірлікке келтірген Құбылай хан және оның мұрагерлері болса, Ресей империясының іргесін қалаған Бату хан екенін жоққа шығара алмаймыз. Демек, Еуразия кеңістігіндегі ұсақ иеліктер ата-бабаларымыздың қолымен империялық биікке көтерілгенін аңғаруға болады. Ал Төле ұрпақтары құрған жоңғар Цин империясының, Жошы ұрпақтары құрған Қазақ хандығы орыс отаршылдарының шабуылымен жойылса да, бәрібір сырлы аяқтың сыны кеткен жоқ. Араға жүз жыл салып сүйегі Қарақорымда жатқан Төле ұрпақтары Моңғолия деген егеменді ел атанса, жүз елу жыл салып барып Жошы ханның сүйегі жатқан Ұлы далада Қазақстан Республикасы деген тәуелсіз мемлекет тарих керуенін қайта жалғады. Ендігі тілек сол көштің бағыты байыпты, жолы салиқалы болсын.
Қажет АНДАС.
Дереккөз: https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1549004
Q-Andas ақпарат











