ӘЛҚИССА
Бүгінгі Қытай – әлемнің екінші экономикасы, өндіріс пен технологияның алдыңғы шебінде тұрған мемлекет. Дегенмен оны тек қазіргі экономикалық жетістігі арқылы бағалау үстірт көзқарас болмақ. Қытайдың болмысын, саяси ұстанымын, ұлттық мінез-құлқын тану үшін ең алдымен оның мыңжылдық тарихына үңілу қажет.
Қытай өркениеті бірнеше мың жылға созылған үздіксіз дәстүрімен ерекшеленеді. Билік жүргізу жүйесі, заң мен тәртіпті түсіну, қоғамды ұйымдастыру тәсілдері Конфуций, Лао цзы, Хан Фи сияқты ойшылдардың еңбектерінен бастау алады. Бүгінгі орталықтанған саяси жүйе де – сол сабақтастықтың жаңа түрі.
Дэн Сяопин дәуірінде басталған экономикалық реформалар сырттай мүлде жаңа құбылыс болып көрінгенімен, түбінде Қытайдың дәстүрлі прагматикалық ойлау жүйесінің жалғасы болып шықты. Бұрынғы заманда да елді күшейтудің негізгі жолы ауыл шаруашылығы мен әскери істі дамыту деп танылған. Қазіргі өндіріс пен саудадағы қарқын да осы үлгінің заманауи көрінісі.
Бүгінгі Қытайдың сыртқы саясатын түсіну үшін – Жунго тұжырымдамасын білу керек. Ішкі идеологиялық негізін тану үшін – Конфуцийлік, Легизм және Маосизм ілімдерінен хабардар болу шарт. Экономикалық реформаларды түсіну үшін – елдің «тәртіп пен тұрақтылықты» алдыңғы орынға қойған тарихи тәжірибесін ескеру қажет.
Қытайтану – тек экономикалық көрсеткіштерді зерттеу емес. Ол ең алдымен тарихи сана мен саяси дәстүрді түсіну. Экономика өзгеруі мүмкін, бірақ Қытайдың өзіндік жолын айқындайтын басты күш – оның тарихы. Сондықтан Қытайды шынайы тану тарихқа сүйенгенде ғана мүмкін.
Тарихтан бері Қытайда заңшылдар мен тағылымшылдар сияқты екі ағым тайталасып келді. «Q-Andas» ақпарат агенттігі заңшылдардың жолын құптаймыз. Сондықтан Қытайдағы заңшылдар ағымының өкілдерінің еңбегін аударып, жұртқа жеткізіп, олар жайлы материалдар беруді бастадық.
Сіз одан өз қалауыңызды таба аласыз?
Хан Фи
Хан фи (жаңа эрадан бұрыңғы 280-232 жылдары) – Қытай тарихындағы заңшылдар арасындағы көрнекті адам Шуньзының оқушысы. Ол Шуньзының, сондай-ақ, өзінен бұрын өткен заңшылдардан Ли Куй, Учыи және Шаң Яндардың идеясына мұрагерлік етіп әрі бұл идеяны дамытып, Жанго дәуірінің соңғы кезіндегі заңшылдар идеясын кемелдендіріп жинақтаушы. Ол «Ханфизы» деген кітапты жазып қалдырған. Тағы бір тағылымды еңбегі «Бес құрт». Ондағы талдау бүгінгі күні де өзекті.
БЕС ҚҰРТ
(Тұтас баяны)

Бұрыңғы ерте заманда халық алыс тұрыпты, құстар мен айуандар көп болыпты. Халық құстардың, айуандардың және жылан-шаяндардың зияндауына төзе алмапты. Бір әулие ағаш басына құстың ұясы тәрізді жатып-тұралық жай жасап, айуандардың зияндауынан сақтаныпты. Жұрт оны «ұяшы» деп атап, қатты қадір тұтып, әлемді басқаруға қойыпты.
Ол кезде жұрт жабайы жемістер мен бақа-кесірткелерді қорек етіпті. Мұның кейбіреулерінің күлімсі, сасық иісі болып, асқазан-шектерді зақымдағандықтан ауру-науқас көбейіпті. Бір әулие ағашты біріне-бірін үйкеп от шығарып, тағамдарды пісіріп, күлімсі сасық иісін жоғалтыпты. Жұрт мұны «от шығарушы» деп атап, қатты қадір тұтып, әлемді басқаруға қойыпты.
Орта ерте заманда тұтас әлемге су жайылып, қаптап кетіпті. Гун деген адам мен оның ұлы Иуй деген адам бұрын-соңды жауапты болып, суды арнаға салыпты. Таяу ерте заманда Шя хандығының Жи патшасы, Шаң хандығы мен Жоу патшалығы үстемдігінде залымдық пен былықпалық орын тепіпті. Шаң хандығының Таң патшасы және Жоу хандығының Уұ Уаң әскер шығарып, оған қарсы жазалау жорығын жасапты.
Егер Шя хандығы заманында біреулер тағы да ағаш басына ұя жасап, жатып-тұрарлық жай еткен және ағашты біріне-біріне үйкеп от шығарған болса, ол сөз жоқ Гун мен Иуйдің мысқылына қалған болар еді. Егер Жоу, Инь хандығы замандарында біреулер тағы да суды арнаға салып, тасқын суды тізгіндеуді ең шұғыл іс деп қараса, ол сөз жоқ Шаң хандығының Таң патшасы мен Жоу хандығының Уұ Уаңның мысқылына қалған болар еді.
Ал бүгінгі таңда біреулер тағы да Яу, Сунь, Гун, Иуй, Таң, Уұ Уаңдардың саясатын мадақтап, оны жолға қоймақшы болса, сөз жоқ бүгінгі жаңа әулиелердің мысқылына қалар еді. Демек, әулиелер ертегі сандарға бой ұсынуды талап етпейді, қатып-семген қағидаларға тістей қатып жармасып алмай, қайта сол кездегі қоғам жағдайына негізделе отырып, үйлесімді шара қолданады.
Суң бектігі тұсында бір адам жер жыртып жүріпті. Атысда бір үлкен терек бар екен. Қашып келе жатқан бір қоян әлгі терекке барып соғылып, мойыны үзіліп өліпті. Диқан қолындағы егіс саймандарын қоя салып, соғылып өлген тағы бір қоянға ие болу үмітімен теректі күзетіп жатыпты. Әрине, ондай қоян тағы да қолға түсе қоймайды ғой. Содан бұл іс Суң бектігінде күлкіге айналыпты.
Бүгінгі таңда егер кімде-кім ерте заман патшаларының саясатын қолдану арқылы осы заман жалқауларын үстемдік етпек болса, онда ол әлгі қоян алу үшін терек күзетіп жатқан адам сияқты ақымақ болып есептеледі.
Ерте заманда ерлер егін салмаған жұрт жабайы жемістерді қорек етіп жүре берген. Әйелдер тоқымашылық жұмысымен айналыспаған, жұрт айуандардың тері-төсегімен-ақ киім-кешектерін толықтап алып отырған. Егін салуға, тоқымашылық ісіне күш салмаған күннің өзінде де қамдалу жеткілікті болып отырған. Халықтың жан саны аз болған, заттық байлықтар асып-төгіліп жатқан, сондықтан жұрт арасында қақтығыс, ірік-жірік болмаған.
Демек, мол сыйлыққа бату қажеті, ауыр жаза қолдану қажеті болмаған. Содан жалпы жұрт алаңсыз, орнықты тұрмыс өткізген.
Қазір бір адамның 5 ұлы болса да артықтық етпейді. Оның әр ұлы 5-тен ұл көрсе, атасы дүние салмай тұрып-ақ 25 немерелі болады. Сондықтан халықтың жан саны көбейіп, заттық байлық азайып, бойындағы бар күшін сарқа жұмсап еңбек етсе де тұрмыс қажетін қамдай алмайтын болған. Содан барша жұрт арасында қақтығыс, ұрыс-жанжал туған. Еселеп сыйлық берілсе де, көп рет жаза қолданылса да, бәрібір дүрдараздық, бүлік туып отырған.
Яу мен Иуй патшаның болмысы
Яу патша тұтас әлемді сұрап тұрған кезінде шөп күркесінің төбесін жөндеп, реттеп ала алмаған. Істеткен бөренелерінің қабығы да аршылмаған. Қара астықты және жабайы сайдың нілін қорек еткен. Қыс күндері бұғы терісін жамылып, жаз күндері кенептен киім киген. Қазіргі күнде есікке қарайтын күзетшінің киім-кешегі мен ішіп-жемі одан тіпті де нашар емес.
Иуй патша тұтас әлемді сұрап тұрған кезінде қолына құрал-сайман алып, халыққа бас болып, арқа еті арша, борбай еті борша болып жүріп еңбек істеген. Қазіргі күнде құлдардың еңбегі де мұнан бетер жапалы емес.
Демек, ерте заман патшаларының өз орнын басқаларға беруі – есікке қарайтын күзетшінің тұрмысын лақтырып тастау, құлдық жапалы еңбектен құтылу болып есептеледі. Сондықтан олардың өздері сұрап тұрған әлемді басқаларға беруі мақтан етуге татитын іс емес.
Бүгінгі таңда аудан әкімдері ажал жетіп өле қалса, олардың ұрпақтары тұғырдан түспейтін болғандықтан жұрт мұндай мансапқа өте мән береді. Демек, орын беру мәселесіне келгенде адамдардың ерте заман патшаларын орнынан алуы оңай болғанмен, қазір әкімдік мансапты оңай ғана қолдан шығарғысы келмейді. Өйткені мансаптан түсетін мүдденің үлкен-кішілігіндегі нақты жағдайдың өзі үлкен парыққа ие.
Жотаға қоныстанып, етектен су тасып ішетін жұрт айт-мереке күндері сәлем-сауқын орнына бір-біріне су тарту етеді. Ойпаң жерлерге қоныстанған, су апатының зардабын әбден тартқан жұрт адам жалдап, тоған қаздырып, су ығыстырады.
Адамдар қуаңшылық жылдың көктемінде, астық тапшы кезде, өз туған інісі бола тұрса да оны бағып-жеткізуге мойынсұнбайды. Мол өнім алынған жылдың күзгі жиын-терін кезінде болса, өш қайнаса сорпасы қосылмайтын жат жүргіншілерді де шақырып, қонақ етпей қоймайды. Мұнысы әдейі өз туыстарынан безіп, қиыр шалғайдан келген жолаушыларды жақын тартқаны емес, қайта қолындағы астықтың аз-көп болған нақты ахуалынан туған.
Демек, ерте замандағы адамдардың байлыққа немқұрайлы қарауы олардың пәлендей бір кең пейілдігінен болған емес, қайта байлықтың ұлан-асыр молдығынан болған. Бүгінгі таңдағы адамдардың талас-тартыс жасауы олардың пәлендей бір пасық ниеттілігінен болған емес, қайта байлықтың тапшылығынан туған.
Уұ Уаң патша, Шуй бектігі және Яң уаң патша жайлы мысал
Ерте замандағы адамдардың патшалық орынды оңай ғана бере салуы олардың пәлендей бір жоғары қасиеттілігінен болған емес, қайта биліктің тым аздығынан еді. Бүгінгі таңдағы адамдардың ұлық болуға, өз қожайындарынан қол артуға ұмтылуы олардың пәлендей адамгершілігінің төмендігінен емес, қайта биліктің тым ұзарып кетуінен.
Сондықтан әулиелер қоғамдағы байлықтың қаншалық екенін зерттеп, биліктің маңызды болуын да таразылап, содан кейін ғана нақтылы ахуалға сай жарлық жасап, шұғыл керекке жүгінеді.
Сондықтан жазаның жеңіл болуы қайырымдылық, рақымдылық болып есептелмейді. Жазаның ауыр болуы жауыздық болып есептелмейді. Қайта қоғам ахуалына үйлесімді түрде іс істегендік болады. Демек, саясат заманға сәйкес дамуға, қолданылатын шаралар өз заманының жағдайына үйлесуі тиіс.
Ерте заманда Уұ Уаң патша Вын, Кау өңірлерін қоныстанған. Айналасы жүз ли келетін жерді иелеп, қайырымдылық саясатын жүргізген. Содан бастап Жұңжақты өзіне бағындырған, ақыр аяғында әлемге үстемдік еткен.
Шуй бектігінің патшасы Яң Уаң Ханшуй өзенінің шығыс жағына қоныстанып, бес жүз ли келетін жерді билеген. Қайырымдылық пен мансаптылық саясатын жүргізген. Содан отыз алты бектік оған жерлерін беріп, тарту-таралғысын ұсынған. Бірақ Шуй бектігінен зиян келер деп қауіптенген Чу бектігінің патшасы Уаң Уаң әскер шығарып, Шуй бектігіне шабуыл жасап, оны жойып жіберген.
Уұ Уаң қайырымдылық пен мансаптылық саясатын жүргізу себебінен ақыр аяғында әлемді сұраған. Ал Яң Уаң патша қайырымдылық пен мансаптылық саясатын жүргізгенімен, өз бектігін қорғап қала алмады. Бұл – қайырымдылық пен мансаптылықтың қазіргі заманға үйлеспейтіндігін, тек ерте заманға ғана үйлесетіндігін дәлелдейді.
Демек, заман өзгерген сайын іс те соған ілесе өзгеріп отырады.
Шуй патша әлемді сұрап тұрған кезде Мяу ұлты оған бағынбағандықтан, Иуй деген адам оларды күшпен бағындырмақ болады. Сонда Шуй патша:
– Бұлай істеуге болмайды. Мораль тәрбиесін толық жалпыластырмай тұрып, қарулы күш жұмсасақ, мұның өзі ақиқатқа сыймайды, – депті.
Содан тәрбие арқылы әсер ету қызметін күшейтіпті. Үш жылдан соң қолдарына қалқан ұстап, айбалта алған ойын-сауықшыларды түгел Мяу ұлтына ойын қоюға жіберіпті. Мяу ұлты содан бастап бой ұсыныпты.
Өз заманында гунгундарға қарсы жүргізілген соғыстарда қару-жарағы сай болғандар жауды жеңген, сауыт-қалқаны әлсіздер өз денелерін зақымдатып, жараланған. Бұл іс қолдарына қалқан және айбалта алған ойын-сауық үйірмесін жіберіп, ойын қойып беру арқылы жауды бағындыру әдісінің бүгінгі күнге үйлеспейтінін, тек ерте заманға ғана лайық екенін түсіндіреді.
Демек, жағдай өзгеріп отырса, төтеп беру әдістері де соған сәйкес өзгеруге тиіс.
Қоғамдық салт-сананың өзгеруі
Бұрыңғы ерте заман адамдары мінез-қылық жағынан өзара бақ таласып, бәсекелескен. Орта ерте заман адамдары ақыл-парасат жағынан үзеңгі қағыстырып, мүйіздескен. Қазіргі заман адамдары күш-қуат жағынан әлді мен әлсіздің бәсекесін жасауда.
Чиго бектігі Луго бектігіне шабуыл жасамақшы болғанда, Луго бектігі Чиго бектігінің адамдарына тоқтау айту үшін Зыгунды жіберіпті. Сонда Чиго бектігінің адамдары оған:
– Сөзіңізді орынсыз деуге болмайды, бірақ бізге керегі сіз айтқандай бос сөз емес, қайта жер, – депті де, әскер шығарып Луго бектігіне шабуыл жасап, шекара сызығын Лу бектігінің астанасының қақпасына небәрі он ли жер қалатындай етіп белгілеп шығыпты.
Демек, Яң Уаң патша қайырымдылық, мансаптылық жасағанымен де Шуйгу бектігі ақыры құрып жоғалды. Зыгун парасаттылығымен арашашы бола тұрса да, Луго бектігі бәрібір әлсіреген.
Ендеше қайырымдылық пен мансаптылық жасаудың, парасаттылықпен арашашы болудың бәрі де елді қорғаудың жақсы әдістері емес.
Егер Шуйгу бектігі Яң Уаң патшаның қайырымдылығын, мансаптылығын бір шетке қайырып тастаған болса, егер Луго бектігі Зыгунның парасаттылықпен арашашы болуын қабылдамаған болса, Шуй мен Луго бектіктері қолдарындағы бар күшіне сүйеніп, он мыңдаған соғыс арбасы бар күшті жауға төтеп берген болар еді. Сонда Чиго бектігі мен Чу бектігінің шапқыншылық ниеті жүзеге аспаған болар еді.
Саяси тәсілдердің заманға сай өзгеруі, мейірім мен заңның арақатынасы
Ерте заман мен қазіргі заманның қоғамдық салт-санасы ұқсамаған соң, саяси тәсілдер де жаңа-көне болып өзгеріп отыруға тиіс.
Егер былығып жатқан әлемдегі жұртты кеңпейілділік және мүлайымдылық саясаты арқылы жөнге саламын деу ойы болса, мұның өзі шу асауды жүгенсіз әрі қамшысыз мініп үйретемін деумен тең іс. Істің мән-жайын білмеуден туатын зиян – міне осы.
Қазір тағылымшылдар мен мұзышылдар түгел: «Бұрыңғы өткен патшалар күллі әлем халқына терең сүйіспеншіл еді, ата-аналар өз перзенттеріне қандай мейірімді болса, олар халыққа сондай мейірімді еді», – деседі.
Бірақ бұрыңғы өткен патшалардың осындай екендігін немен сипаттайды?
Олар: «Заң орындары жаза заңын атқарған кезде патшалар бұған бола ойын-сауықты доғарып, өлім жазасына кесілген қылмыстыларға үкім орындалғанын естігенде қатты қайғырып, көздеріне жас алатын», – дейді.
Олар сөз етіп отырған бұрыңғы өткен патшалар міне осылай болған екен. Олардың айтуынша, патша мен бұқара арасындағы қарым-қатынас әке мен бала арасындағыдай жақын болса, әлем сөзсіз тынышталады. Бірақ әке мен бала арасындағы қарым-қатынастың өзі әрдайым тату-тәтті бола бермейді.
Адамдардың сүйіспеншілігі қанша болған күнде де, ата-ананың балаға деген сүйіспеншілігінен асып кете алмайды. Ата-ана балаларына мейірімділік көрсетеді, бірақ отбасының тату-тәтті өтуі екіталай. Ендеше, патшалар өз бұқарасына соншама сүйіспеншіл болған күннің өзінде де әлемде бүлік тумайды деуге негіз жоқ.
Қазір сөз болып жүрген бұрыңғы өткен патшалардың бұқараға деген сүйіспеншілігі ата-ананың балаға деген мейіріміне теңеледі. Ендеше халықты сүйіспеншілік арқылы ойдағыдай басқарып кету мүмкін бе?
Мемлекет заңы бойынша жаза үкім атқарылғанына бола патшалардың көз жасын көл етуі – олардың мемлекет ісін заңға емес, жеке сезімге сүйенгенін көрсетеді. Жаза қолдану – мемлекет заңы, ал көз жасын төгу – патшаның мейірімділігі.
Бұрыңғы өткен патшалар мемлекет істерін жүргізуде өздерінің күйіну сезіміне бой ұрмай, қайта мемлекеттің заңын бірінші орынға қойған. Ендеше мемлекетті мейірімділік арқылы басқаруға болмайтыны да айдан анық.
Халық ежелден баса билеу ықпалына бой ұсынып келген. Олардың қайырымдылыққа, мансаптылыққа елжірегендері өте аз болған.
Конфуций әлемде жасаған әулие, ол өзін тәрбиелеп ұстамды болып, өз саяси көзқарастарын насихаттап, бектіктерді кезіп жүріп уағыз айтқан. Бірақ бектіктер оның дәріптеген қайырымдылық пен моралін құптап, мақтап, соның сойылын соққандар небәрі жетпіс-ақ адам болған. Бәлкім, қайырымдылық жолына мән беретіндер өте сирек кездескен.
Лу бектігінің Айкун патшасы нашар патша еді. Ол бекті алысымен-ақ Лу бектігін биледі, оған бағынбауға батылдық еткен ешкім болмады. Халық ежелден билікке бағынып келген, билік шынында адамдарды оңай бағындырады. Сондықтан Конфуций жай бұқара ғана, ал Айкун – патша болған.
Конфуций Айкуннің қайырымдылығы мен мансаптылығына қызыққан жоқ, тек оның билігіне бағынды. Демек, егер сөз қайырымдылық пен мансаптылық туралы болса, Конфуций Айкунге бағынбауы тиіс еді. Ал егер билік күші туралы болса, Айкун Конфуцийді бұқара ретінде өзіне бағындырды.
Бүгінгі таңда оқымыстылар патшаларға адамдарды бағындыруға болатын биік күшті дәріптемей, қайта қайырымдылық пен мансаптылықты жолға қоюға күш жұмсаса ғана әлемді билеуге болады деп ақыл айтып отыр. Мұның өзі патшаның сөзсіз Конфуцийдей болуын, ал халықтың түгелдей оның шәкіртіндей болуын талап ету. Бұл – мүлде жүзеге аспайтын іс.
Ата-ана мейірімі мен заң күші, жазаның қажеттілігі
Қазір бір оңбаған ұл бар делік: ата-анасы оған ашуланса да, ол қателігін түзетіп, райынан қайтпайды; көрші-қолаңдары кінәласа да, ұялып өзіне кіріп шықпайды; мұғалімі тәрбие берсе де, түзелмейді.
Ата-анасының мейірімі, көрші-қолаңдарының көмегі, мұғалімнің тәрбиесі – осы үш жақтың ізгі ниетті жақсылығы уақытша әсер еткенімен, шыбын шаққан құрлы болмайды, ол түзелмейді. Ақыры жергілікті ұлық қару-жарақпен келіп, бұл антұрғанды заң бойынша қолға алмақ болғанда ғана ол қорқып, ескі әдетін тастап, қылығын өзгертеді.
Демек, ата-ананың мейірімі перзентін ойдағыдай тәрбиелеуге жеткіліксіз. Сөзсіз үкімет мансаптылары жүргізетін қатаң заңға сүйенуге тура келеді. Мұның себебі – халықтың табиғатында мейірім-шапағат көргенде еркелеп, шолжаңдайтынында, ал баса билейтін ықпалды билікке кез болғанда ғана бағынатынында.
Биіктігі жеті жан келетін Жамбыл дуалы тым биік болғандықтан, қыл аяғы лужи да оған өрмелеп шыға алмайды. Ал биіктігі мың жан келетін құзар тау көлбеу жатқандықтан, қыл аяғы ақсақ қой да қабырғалап шығып жайылады. Демек, данышпан патша әрқашан заң шығаруға баса мән беріп, жаза шараларын қатаң қолданады.
Он неше чы кездеме кездесіп қалса, жай адамдардың да оны қолынан тастағысы келмейді. Ал екі мың сары алтын тұрса, қыл аяғы тұнушы жы-му да қолы күйіп қаламын деп қорқып алмайды.
Зияны тимейді деп білген кезде адамдар он неше кездемені алмай тастауға қимайды. Ал сөзсіз қолды күйдіріп, зақымдайды деп білген кезде екі мың сары алтынды да алмай кетеді. Демек, данышпан патша жаза шараларын қатаң атқаруы тиіс.
Осы тұрғыдан алғанда:
- сыйлық беруде – жақсысы сыйлықты мол беру, сыйлауға тиістілерді сөзсіз сыйлау, халықты сәл нәпсісі ашылатын ету;
- жаза беруде – ең жақсысы ауыр жаза беру, жазалауға тиістілерді сөзсіз жазалау, халықты сәл үрейленетін ету керек.
Заңды әбден тұрақтандырып, оны барша жұртқа ұғындыру қажет. Сондықтан патша сыйлық беру жолын өз еркіне қарай өзгерте бермей, жазаны да өз еркінше кешіре салмай, тұрақты атқаруы керек. Сыйға қоса – атақ-абырой беру, жазаға қоса – қылмысты ат тағу керек.
Осылай болғанда мінез-құлқы жақсы адамдар да, мінез-құлқы жаман адамдар да түгел құлшына еңбек етеді.
Сый мен жаза шатасуы,
әділдік пен адалдықтың бұрмалануы
Қазір еңбек сіңірді деп біреулерге мансап берілсе, керісінше тағы да «мансаптылар арсыз келеді» деп қаралады. Егіншілікті әбден келістірді деп біреулерге сыйлық берілсе, керісінше, «олардың шаруашылықты жасампаздықпен гүлдендіргеніне немқұрайлы қарайды» деп саналады.
Ұйғарылған міндетті қабылдағысы келмеді деп біреулерді жазалау қажет болса, керісінше, «олар дүниелік атақ-абыройға, пайдаға қызықпайды» деп күдер артады. Тыйым салу жарлығын бүлдірді деп біреулерге қылмыс тағылса, керісінше, «олар ер жүрек» деп мадақталады.
Айыптау мен мадақтау, сыйлау мен жазалау осылайша өзара қайшылықты болып отырғандықтан, жарлықтар ойрандалып, халықты да онан әрі ала-сапыран жайлайды.
Қазір біреудің туған інісін екінші біреу соққыласа, ағасы сөзсіз інісіне болысып, соққылағанға қайтарма соққы береді. Мұның өзі «әділ, тура іс» деп бағаланады.
Біреудің дос-жаранын екінші біреу жәбірлесе, мұны білген адам өш алу үшін жәбірленушіні қудалайды. Мұның өзі «адалдық» деп есептеледі.
Әділдік, туралық, адалдық деп қаралған мұндай қылықтар өрши берсе, патшаның жарлықтарына қайшы келіп, мемлекеттің заңдары аяқасты қалады.
Патша әділдік, туралық, адалдық қасиеттерін қадір тұтқанымен, ел-жұрттың тыйым салу жарлықтарына қайшылық жасаған қылмыстарын ескермей қояды. Соның салдарынан ел-жұрт заңды бұзуға батылы жететін болып еркінсіп алады.
Ұлықтар мұндай істерді тосуға амалсыз қалады.
Еңбек етпей даяр асты ішкендер «тартымды адамдар» деп аталады. Ел қорғау соғысына қатысып, еңбек сіңірмей-ақ құрметке бөленгендер «мінез-құлықты адамдар» деп аталады.
Осындай «тартымдылық» пен «мінез-құлық» өрши берсе, елдің әскер күші әлсіреп, егіс даласы құлазып қалады. Егер патша осындай тамаша мінез-құлық пен тартымдылықты құптап, керісінше, елдің әскер күші әлсіреп, егіс даласының құлазғанын ескермесе, онда жеке адамдар «мінез-құлықты» болғанымен, елдің мүддесі күйрейді.
Тағылымшылдар мен содырлар,
заңға қайшы адамдарды мадақтау
Тағылымшылдар ілімін жақтаушылар ерте заманнан қалған құжаттар мен ережелерді пайдалану арқылы заң-тізімдерді былықтыруда. Ал содырлар қарулы күш жұмсау арқылы тыйым салу жарлығына қайшылық жасауда. Патша болса осы екі түрлі адамның екеуін де қадір-құрмет тұтып отыр. Пәле-қазаның тууының себебі – міне, осында.
Заңға қайшылық жасағандар қылмысына қарай жазалануы тиіс болса да, толып жатқан мырзалар ертедегі құжаттар мен ережелерді сылтау етіп, мансап табуда. Тыйым салу жарлығына қайшылық жасағандар жазалануға тиіс болса да, толып жатқан содырлар өздерінің қанпезерлігіне сүйеніп бағылуда.
Демек, заң бойынша айыпталуға тиісті адамдарды патшаның өзі қызметке тағайындап отыр; ұлықтар жазаға тартуы тиіс адамдарды жоғарғы билік өз жағына шығарып отыр.
Осы төрт түрлі жағдай бір-біріне қарама-қарсы, бірақ дұрыс-бұрысты анықтайтын өлшем жоқ. Осылай бола берсе, бір емес, он патша да әлемді жөнге сала алмайды.
Сондықтан қайырымдылық пен мансаптылықты жолға қоятындар мадақталмауы тиіс. Олар мадақталса, егіншілік пен әскери іске кесірін тигізеді. Ертеден қалған құжаттар мен ережелерді жаттап алған адамдар да қызметке тағайындалмауы шарт. Олар тағайындалса, заң-тізімдерді былықтырады.
Чу бектігінде бір турашыл, әділетті адам болыпты. Оның әкесі біреудің қойын ұрлаған екен. Ол ұлықтарға барып, әкесін әшкерелепті.
Сонда уәзір:
– Мұны өлтіріңдер, – депті.
Оны өлтірген себебі: «Бұл адам турашыл болғанымен, әкесіне рақымсыздық істеді», – деген екен. Сөйтіп өлім жазасына үкім етіпті. Демек, патшаның турашыл бұқарасы әкесінің опасыз ұлы болып шықты.
Тағы бір бектікте бір адам патшаға ілесіп соғысқа барыпты. Үш шайқастың үшеуінде де жеңіліп шегініпті. Конфуций себебін сұрағанда, ол:
– Үйімде өлмелі кәрі әкем бар. Мен өліп кетсем, оны бағатын жан қалмайды, – депті.
Конфуций оны «әкесіне опалы ұл» деп санап, мансап беруді ұсынған екен.
Демек, әкесіне опалы ұл – патшаның опасыз бұқарасы болып шықты. Ал әкесін әшкерелеген адамды уәзір өлімге үкім етті. Содан бастап Чу бектігінде қылмыскерді жоғарыға хабарлайтын ешкім қалмады. Конфуций соғыстан қашқан қашқынды мадақтады. Содан бастап Лу бектігінің адамдары соғыста оңай тізе бүгіп, қашқақтайтын болды.
Жоғарыда – патша, төменде – бұқара. Мүдделері міне осылай үйлеспейді. Патша әрі осындай екі түрлі адамның ісіне шабыт беріп, әрі елге бақыт тілемек болса, бұдан титтей де үміт күтуге болмайды.
Елді былықтыратын қайшылықтар
Ерте заманда Саң Жи деген адам жазу ойлап тапқанда, өз басының қамын күйттеу деген ойды білдіру үшін бір шеңбер сызып, оны «жекелік (私)» деп атаған. Жекеліктің қарсысын «жалпылық (公)» деп атаған. Саң Жи жалпылық пен жекеліктің бір-біріне қарама-қарсы екенін осылай түсіндірген.
Бүгінгі таңда жалпылық пен жекелік мүдде бір деп санайтындар осы мәселені егжей-тегжейлі зерттемегендіктен ағат кетіп отыр.
Өз басының қамын күйттейтін болу үшін қайырымдылық пен мансаптылыққа ұмтылудан, ертеден қалған құжаттар мен ережелерді жаттап алудан артық жол жоқ. Қайырымдылық пен мансаптылыққа ұмтылу айтылған жерден шықса, патшаның сеніміне бөленуге болады. Сенімге бөленген соң мансап табуға болады.
Құжаттар мен ережелерді үйренгендер патшаның «дана ұстазы» атанады. Дана ұстаз атанған соң бет-бедел, атақ-абырой өзінен-өзі қойыла береді.
Бұл – жеке адамдар үшін ең тамаша іс. Еңбегі сіңбей-ақ мансапқа жетеді, шынайы шен-мәртебе алмай-ақ атақ-абыройға бөленеді.
Осындай саяси жағдай қалыптасса, ел сөзсіз былығады. Патшаға қауіп-қатер төнеді.
Демек, бір-біріне сыймайтын істерді қатар жолға қоюға болмайды:
- бір жақтан – жауды жойып еңбек сіңіргендерді сыйлау,
- бір жақтан – қайырымдылық әрекеттерін қадірлеу;
- бір жақтан – қамалға шабуылдағандарды марапаттау,
- бір жақтан – баршаға сүйіспеншілік жайлы сөздерді дәріптеу;
- бір жақтан – сауыт пен қару даярлап соғысқа дайындалу,
- бір жақтан – сәнді киім киіп, әсем белбеу буынып, ғұламаларша жасану;
- бір жақтан – елді бай ету үшін диқаншылыққа сүйену,
- бір жақтан – заңды бұзатын оқымыстыларға сүйену.
Осы қайшылықтардың кесірінен елді тыныштандыру да, күшейту де, көркейту де мүмкін болмайды.
Ел іргесі тыныш кезде тағылымшылдар мен содырларды бағу, ал қиыншылық туғанда қарулы әскерге сүйену – қисынсыз іс. Елден жақсылық көргендер көбіне ес қатпайды, қайта елден пайда таппағандар ғана жанын салып еңбек етеді.
Сондықтан түрлі еңбектермен шұғылданатындар өз ісіне ұқыпсыз, қаңғыбас содырлар мен бос оқымыстылар күннен-күнге көбейіп барады. Елді былық жайлауының себебі – міне осында.
Алдамшылық пен бос сөзге құмарлық
Жұрт ақылдылық деп – адалдық пен шыншылдықты айтады. Ел зерделілік деп – терең мағыналы тылсым сөздерді айтады. Бірақ терең мағыналы тылсым сөздерді тіпті ең зерек деген адамдардың өзі оңайлықпен түсіне бермейді.
Қазір халық бойсұнуға тиіс заң-жарлықтар дәл сондай түсініксіз, күрделі сөздермен жазылғандықтан, қарапайым жұрт мүлде түсінбей, амалсыз қалады.
Қайыршы кебек пен қауызға ауызы әрең жетіп отырса, май-балапан мен сүр жамбасты дәметпейді. Жарым жейдеге иіні жетпей отырған адам үлде-бүлдені қажет етпейді.
Дәл осы сияқты, ел басқаруда кезек күттірмейтін міндеттер орындалмай тұрып, бос әурешілік істерге кірісу – керексіз іс.
Қазір ел басқару үшін қолданылып отырған шараларда жұрт арасында әдетке айналған, қарапайым адамдар теріс түсінетін ережелер қолданылып отыр. Ал шын мәнінде, бұлардың орнына нақты әрі қарапайым заңдар қажет.
Ендеше терең мағыналы тылсым сөздерге халықтың ешқандай қажеті жоқ.
Адалдық пен шыншылдыққа мән беретін адамдар алдамайтындарды құрметтейді. Ал алдамайтындарды құрметтегендер өздері де алданып қалады.
Жай халықтың арасындағы қарым-қатынаста бір-біріне пайда жеткізетін байлық та жоқ, бір-біріне қорқыныш туғызатын құқық та жоқ. Сондықтан олар тек сенімді адамдарды іздейді.
Ал патша болса, барлық адамды тізгіндей алатын мықты орында отыр. Елдің бүкіл байлығын иемденіп, сыйлық беру мен жаза қолдану сияқты үлкен құқыққа сүйене отырып, өзі қаласа бәрін бірдей тыныштандыра алады.
Сондықтан Тянь Чан, Зыхан сияқты қанпезер, әккі уәзірлердің өзі адамшылық жасауға батпайды. Ендеше «шыншыл адамдарға» қарап отырудың қажеті жоқ.
Қазір адал, шыншыл адамдар саусақпен санарлық қана. Ал ел ішінде қызмет күтуші орындар жүздеп саналады. Егер адал адамдарды сөзсіз пайдалану керек болса, қызмет бөлісуге адамдар жетіспей қалады. Онда мемлекет ісін ойдағыдай жүргізетіндер азайып, керісінше, оны бүлдіретіндер көбейіп кетеді.
Дана патша ел басқаруда қайдағы жоқ «ақылды адамдарға» жалбарынбайды. Елді заң арқылы ғана басқарады. «Шыншыл адамдарға» құштарланбайды, қайта тексеру мен бақылау әдістерін берік ұстайды. Осылай болғанда ғана заң аяқасты етілмейді, мансаптылар да алдап-арбауға батылы бармайды.
Патшалардың құрғақ сөзге сенуі, шешендікке әуестік, әскердің әлсіреуі мен егіннің тоқырауы
Қазіргі патшалар айтылып жатқан сөздердің дұрыс-бұрыстығына қарамайды, қайта сол сөздердің жылпыс әрі құбылмалы айтылуын ұнатады. Адамдарды істетуде олардың жұмысының өнімді нәтижесіне емес, құрғақ атақ-даңқына жығылады.
Осының салдарынан әлемдегі адамдар шындыққа жанасатын сөз айтуға құлықсыз болып, керісінше барынша көпірме, тылсым сөздерге әуестеніп алды. Сондықтан ордаларда да, халық арасында да – өткен патшаларды мадақтап, қайырымдылық пен мансаптылықты сөз ететін адамдар толып жүр. Бірақ саяси жағдай бәрібір ала-сапыраннан құтыла алмай отыр.
Өз басын үлгі етіп, іс басқарғандар мәртебелі екенін көрсетуге тырысады, бірақ нақты еңбегінің нәтижесіне қарамайды. Сонда парасатты адамдар да шен-шекпен мен күтім қаражатына көңіл аудармай, орман-тоғайға кетіп жасырынуға мәжбүр болады. Осыдан елдің әскери күші әлсірейді.
Әскери күштің әлсіреп, саясаттың былыққа батуының себебі неде?
Елді былықтыратын шараларды жұрттың өзі құптап, патшаның қадірлеп отырғанында.
Қазір ел ішінде тұтас ел басқару мәселесін ауызша айтушылар көп. Отбасыларда Шаң Ян мен Гуань Чжундардың заң-ережелері сақталуда. Бірақ ел барған сайын кедейленіп барады. Бұған себеп – ауызымен орақ оратындар көбейіп, қолына құрал алып, егіншілікпен айналысатындар азайып кеткендігі.
Ел ішінде жұрт тегіс әскери істер жөнінде әңгімелейді. Отбасыларда Сунь-У У-учілердің әскери кітаптары сақтаулы. Бірақ елдің әскери күші барған сайын әлсіреуде. Бұған себеп – соғыс туралы көпірме сөз айтушылар көбейіп, сауыт киіп, қару асынып, шепке шығатындар азайып бара жатуы.
Демек, дана патша көпірме сөздерге құлақ аспай, халықты егіншілік пен әскери іске тартуы тиіс. Еңбек сіңіргендерге заттай сыйлық беріп, бос сөзге және құрғақ шешендікке батыл тыйым салуы қажет. Сонда халық бар күшін сарқа жұмсап, патша үшін жұмыс істейтін болады.
Егіншілік – ең машақатты іс. Бірақ халық: «Егін егу молшылыққа жеткізеді», – деп дән риза болып шұғылданады. Соғыс – қауіпті іс. Бірақ халық: «Соғыс даңқ пен абырой әкеледі», – деп құлшына қатысады.
Қазір білім соңына түсіп, бос шешендікке салынғандар – молшылыққа, абыройға басқа жолмен жетіп отыр. Егін екпей-ақ молшылыққа, соғысқа қатыспай-ақ даңққа кенелу мүмкін болған соң, оған кім қызықпайды?!
Сондықтан жүз адамның тоқсан тоғызы ой еңбегіне әуестеніп, біреуі ғана дене еңбегіне ұмтылады. Ой еңбегіне әуес болғандар көбейген сайын – заң-тізімдер былығады. Дене еңбегіне құмартқандар азайған сайын – елді кедейлік пен әлсіздік жайлайды.
Қоғамның былығуының себебі – міне, осында.
Еңбек пен соғысты негізгі ету,
елдің қуаты мен байлығы
Сондықтан дана патша ел басқаруда қамыс тақтайларға жазып қойылған көне құжаттар мен ережелерге сүйенбейді. Қайта заңды басты оқулық етеді. Бұрынғы өткен патшалардың уағыздарын пайдаланбайды, қайта мансаптыларды ұстаз тұтады.
Қаңғыбас содырлар мен қанпезер тектес сұмпайыларды пайдаланбайды, қайта шепке кіріп жауды қыратын ерлерге сүйенеді. Осылай болғанда, сөз ұқпаққа, тілмарлыққа әуестенгендер түгел заңға мойынсұнып, еңбекпен шұғылданады. Ал күш-қуаты барлар түгелдей жауды жоюға аттанады.
Сонда ел іргесі тыныш кезде – қазына мен байлық мол болады. Тосын оқиға туған кезде – әскер көп, күш мығым болады. Патшаның салтанат құруының капиталы міне, осы.
Патшаның салтанат капиталы жиналған соң, жау елдің әлсіздігін пайдаланып, бұрынғы данышпан, күшті патшалардың бәрінен асып түсуіне мүмкіндік туады. Бұл шараны сөзсіз қолданбай болмайды.
Қазір олай болмай отыр. Тағылымшылдар мен қаңғыбас содырлар ел ішінде заң тәртіпке қайшылық жасауда, мұнысын ерлік деп көрсетуге тырысуда. Сыртқы істер шабармандары ел сыртында өз ықпалын жүргізуге ұмтылуда. Елдің ішкі-сыртқы жағдайы осылай нашарлап тұрғанда, күшті жауға төтеп бермек болу – қатерлі іс емес пе?
Әлділерге қосылу мен әлсіздермен бірігудің зияны
Сыртқы істер жөнінде талқы жүргізіп отырған мансаптылардың көбі екіге бөлінеді: әлсіздермен бірлесу тобына және әлділерге қосылу тобына. Кейбірі кегі үшін елдің күшін пайдаланып, өш алмақ болады.
Әлсіздермен бірлесу дегеніміз – бірнеше ұсақ елдермен одақтасып, бір белді елге шабуыл жасау.
Әлділерге қосылу дегеніміз – бір күшті елге бағынып, әлсіз елдерге үстемдік жүргізу.
Бұлардың екеуі де мемлекетті сақтаудың дұрыс жолы емес.
Қазір әлділерге қосылуды дәріптеушілер: «Ірі елге бағынбасақ, белді жауға тап болып, ойран боламыз», – дейді.
Ал шын мәнінде, ірі елге бағынышты болу дегеніміз – өз картаң мен мөр-таңбаңды қолыңмен ұсынып беру. Картаңды берсең – жеріңнен, таңбаңды берсең – атақ-абыройыңнан айырылдың деген сөз. Мемлекет әлсірейді, саясат былығады.
Әлсіздермен бірлесуді дәріптеушілер: «Ұсақ елдерге көмектесіп, ірі елге шабуыл жасасақ, дүние жүзі елдерінің сеніміне бөленеміз. Сенімге бөленбесек, өзіміз қауіпке тап боламыз», – дейді.
Ал шын мәнінде, әлсіз елдерге сүйену – сенім емес, сор. Ірі елмен қарсыласқанда, соғысқа тура келеді. Соғыста жеңілсең – қырылу, қашсаң – қамал мен бекінісіңді бұзып, жау басып алады.
Сөйтіп, әлдіге жалбақтау да, әлсізге арқа сүйеу де пайда әкелмейді. Екеуінен де ел жерінен айырылады, әскері күйрейді.
Осы себепті әлділерге қосылғандар сыртқы күшке сүйеніп, іште мансап пен олжаға кенеледі. Әлсіздермен біріккендер ішкі күшті пайдаланып, сыртта пайда табады. Бірақ бұдан елге ешқандай пайда жоқ. Керісінше, патшаның абыройы төмендеп, мансаптылардың атағы өседі. Елдің жері кеміп, мансаптылардың байлығы көбейеді.
Егер іс сәтті болса, олар ұстап қалған билігіне сүйеніп, ұзақ уақытқа орнығады. Ал сәтсіз болса, қызметтен кетіп, бұрынғы жинаған байлығына сүйеніп, алаңсыз өмірін жалғастыра береді.
Патша олардың сөзіне сеніп, іс әлі сәтті болмай тұрып-ақ оларға мансап, атақ, байлық берсе, ал іс сәтсіз шыққан соң да жазаламаса, онда әркім-ақ құрғақ сөзбен патшаға жағуды армандайды.
Демек, елдің күйреуі мен патшаның құлауы – осындай сөзуарлардың бос ақылына сенуден.
Ішкі саясатты түземей,
сыртқы одаққа сенудің қауіптілігі
Халық аузында: «Биші – киімімен сәнді, сауда – ақшамен мәнді» деген тәмсіл бар. Мұның мәнісі – заттық жағдай қаншалық жақсы болса, іс те соншалық оңай жүзеге асады.
Сондықтан ішкі жақтан тыныш, сыртқы жақтан қуатты болған ел әрқандай жоспарды оңай іске асырады. Ал ішкі-сыртқы жағдайы былыққан елде ешқандай жоспар жүзеге аспайды.
Мысалы, Чин бектігі істеткен адамдар он түрлі жоспар құрып, соның тоғызына дерлік жеткен. Бұл – Чиннің адамдары зерек болғандықтан емес, қайта олардың елі тыныш әрі қуатты болғандықтан.
Ян бектігі істеткен адамдар бір жоспар құрса да, оны орындауы қиын болған. Бұл – олардың топас болғанынан емес, қайта елдің ішкі ахуалы былыққандықтан.
Сондықтан Джоу бектігі Чиннен іргесін аулақ салып, әлсіздермен бірлесуге сүйенді. Бірақ бір жылдың ішінде-ақ оны басқалар жұтып қойды. Уый бектігі де басқа бір Уыйдан іргесін бөліп, әлділерге қосылды. Бірақ жарты жыл ішінде-ақ құрып бітті.
Мұның өзі әлсіздермен бірлесудің Джоуды құртқанын, әлділерге қосылудың Уыйды жойғанын көрсетеді.
Егер Джоу мен Уый әлсіздермен бірігу мен әлділерге қосылуды кейінге қалдырып, әуелі ішкі саясаттарын реттеп, заң-жарлықтарын жетілдіріп, сый мен жазаны батыл қолданған болса, барлық күшін егіншілік пен өндірісті дамытуға жұмсап, байлық қорын молықтырған болса, халықты жан аямай қамал мен бекіністі қорғауға ынталандырған болса, онда басқалар оларға шабуыл жасаған күннің өзінде пайда таппас еді.
Жау да зор шығынға ұшырар еді. Мыңдаған арбалы әскерге ие күшті мемлекеттер де олардың бекіністеріне шабуыл жасауға батпайтын еді.
Демек, елді жойылудан аман сақтайтын шара – осы. Бірақ ол қолданылмай, керісінше елді күйрететін жолдар таңдалды. Бұл – билеушілердің ағаттығы.
Ел ішкі саясаттан жұрдай болып, сыртқы саясатта да былықса, онда құлаудан құтылу мүмкін емес.
Халық әрқашан амандығы мен пайдасын ойлайды. Қазір оларды соғысқа айдап салсаң, алға ұмтылса – жау қырып салады, артқа шегінсе – әскери заң бойынша жазаланады. Бұл – өте қауіпті.
Өз үй ішін тастап, соғыстың ауыртпалығын тартса, отбасы кедейленеді. Жоқшылыққа, қатерге тап болған халық соғыстан қашуды ойластырады.
Сондықтан олар әскери міндеттен құтылу үшін ақсүйектердің жеке жұмыстарын істеп, мансаптыларға пара беріп, өтініш жасайды. Сөйтіп әскери борыштан жалтарады. Халық амандық табатын, пайда келетін жерге қалай ұмтылмасын?!
Сонда көпшілік үшін күш жұмсайтындар азайып, ақсүйектердің жеке басына жұмыс істейтіндер көбейіп барады.
Бес түрлі «құрт» туралы қорытынды
Данышпан патша елдің саясатын басқарғанда халықты саудагерлік пен қолөнерден барынша алыстатып, диқаншылықпен шұғылдануға міндеттеуі керек. Ол үшін саудагерлерді, қолөнершілерді және бос қаңғыбастарды мүмкіндігінше азайтып, олардың қоғамдық орнын төмендетуі тиіс.
Бірақ бүгінгі қоғамда патшалардың жақындары арқылы жеке бастық істерін бір жайлы ету әдетке айналды. Осыдан мансап пен шенді ақшаға сатып алу мүмкіндігі пайда болды. Саудагерлердің орны төмендемеді. Керісінше, жалдап саудагерлердің байлығы диқандікінен артып, қоғамдағы орны жоғарылады.
Сондықтан адал іс істейтін, турашыл адамдар азайды. Байлыққа құнығып, тек соның соңынан түсетіндер көбейді.
Осылайша елді былықтыратын мынадай бес түрлі адам қалыптасты:
- Тағылымшыл оқымыстылар – өткен патшалардың жол-жосынын көлденең тартып, қазіргі заңды бұзушылар.
- Сыртқы істер шешендері – бос сөзбен әдемілеп, шындықты бүркемелеушілер.
- Қаңғыбас содырлар – сыбайластарын жинап, әпербақандықпен атақ алушылар.
- Әскери міндеттен жалтарғандар – пара беріп, бай-манаптардың қолтығына кіріп құтылатындар.
- Саудагерлер мен қолөнершілер – сапасыз бұйымды қымбатқа сатып, дихандарды қанаушылар.
Міне, осы бес түрлі адам – елді жегідей жейтін құрт.
Патша егер осындай құрттарды жоғалтпаса, ашық әрі турашыл адамдарды баулып өсірмесе, онда мемлекет күйреп, кейбір жұрт пен әулет құритынына таңдануға болмайды.
«Бес құрт» туралы түсінік
Хан Фидің «Бес құрт» еңбегі – оның тарихқа көзқарасы мен саяси идеясына өкілдік ететін басты шығармасы. «Бес құрт» деп ол замандағы мынадай бес топты атаған: ғұламалар (тағылымшылдар), сөзұғар тақуалар, қанжар асынған содырлар, әскери міндеттен жалтарушылар және саудагерлер мен қолөнершілер. Хан Фи олардың егіншілік пен әскери іске пайдасы жоқ, қоғам үшін зиянды құрт тәрізді деп санаған.
Хан Фи тағылымшылдарды қатты сынға алды. Ол тарих дамып отырады, сондықтан ел басқару әдістері де заманға сай өзгеруі тиіс деді. «Ертедегі заңға сілтеме жасап, қатып қалған қағидаларға жабыспау керек» деп насихаттап, конфуцийшілердің өткен патшаларды үлгі тұтып, қазіргіге немқұрайды қарағанын айыптады.
Тағылымшылдардың «қайырымдылық, мансаптылық» ұстанымдарын ол қоғамға қажетсіз деп білді. Оның орнына «заң арқылы басқаруды» дәріптеді. Осы арқылы жаңа қалыптасып келе жатқан легистік ағымның (ДиДжу табының) мүддесін қорғады.
Хан Фи адамның тағдырға емес, өз еңбегіне сүйенуі тиіс екенін көрсетті. Ол халықты егіншілік пен әскери іске жұмылдырып, еңбек арқылы байлық пен даңққа жетуді дәріптеді. Сауда-саттыққа шектеу қойып, елді күшейтудің басты жолы – дихандарға сүйену деп санады.
Хан Фидің мақсаты – мемлекетті бай, әскери тұрғыдан қуатты етіп, Қытайды бір орталыққа бағынған мемлекетке айналдыру болды. Дегенмен оның тарихты түсіндіруінде шектеу бар еді: ол қоғам дамуын жеке әулие-даналардың еңбегіне теліп, қайшылықтың түп-төркінін халық саны мен материалдық игіліктің жетіспеуінен ғана іздеді.
Соңы.
Аударып, реттеп ұсынған Қажет Андас.
«Q-Andas» ақпараттық агенттігі.











