Ежелгі ғұндар мен сақтар дәуірінен тамыр тартып келе жатқан сайын даладағы бір игі дәстүр – дүниеден өткендерді еске алып, ас беру болған. Исламды қабылдаған түркі жұртында бұл үрдіс аруақтарға арнап ас беріп қана қоймай, Құран оқып, сауабын өлілерге бағыштаумен толықты. Көшпелі далалықтар ерекше қастерлеген мазар мәдениеті мен зиярат әдебі де Ислам діні мен ұлттық дәстүрлер үндестігінің көрінісі. Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды.
Қазақтың дәстүрінде өліге Құран бағыштауға ерекше мән берілетіні белгілі. Бұл бір жағынан дін мен дәстүрдің өзара ортақ ой-ниетке тоғысқанын көрсетеді. Қазақы ортада қалыптасқан дәстүр бойынша қыршын кеткен жасқа және пайғамбар жасына толмай дүниеден озғандарға ас беру болмаған, тек жылын ғана өткізген. Қарапайым адамдар кішкене ас беру өткізеді және ол бір-ақ күннің ішінде атқарылады.
Қазақтың жора-жоралғысы бойынша ас беру рәсіміне елдің әр аумағынан есімі белгілі ақсақалдар, батырлар, ақындар, палуандар, әнші-жыршылар, көкпаршылар, мергендер арнаулы жіберген адамдар арқылы шақыртылған. Ас беру дəулетті адамдардың, ұйымшыл елдің ғана қолынан келген. Абылай ханның асы, Құнанбайдың əкесі Өскенбайдың асы, Қанжығалы Шауыпкел батырдың асы, Керей Сағынайдың асы, Дулат Сыпатай батырдың асы бүкіл елге мəлім болып, аңызға айналған той болды. Дегенмен, ас беру көпшілікпен бірге атқарылар шара болғандықтан, тек бір əулетке немесе бір руға ғана салмақ түсірілмеген. Шақырылғандар да аруаққа арнаған сойыс малдарын жəне қымыз толы сабаларын өздерімен бірге ала келген. Сонысымен де ас беру үрдісі ел бірлігінің нығаюында айрықша рөл атқарған институттардың бірі болды.
Бұл жерде мына нәрсені де ескерген жөн. Аруақ алдындағы қарызын өтеп, жан-дүниесі тыныштық табуы, ар алдында таза болуы – тірілер үшін үлкен сабақ. Өліге бағыштап Құран оқытып, садақа берудің, марқұмның ізгілігін сүйінішпен, кем-кетісін өкінішпен еске алып, соңында қалғандарға қайырым-көмек жасаудың астарында үлкен мағына жатыр. Сондықтан бүгінгі күні де топырақты өлімде бас қосу қазақы болмысқа тән құндылықтарды көбірек жаңғыртып отырғанын атап айту ләзім.
Қызайлар мекендеген сонау эрамыздан бұрынғы жылдардағы Үйсін патшалығы дәуірінің өзінде өлген адамды ақымдап жерлеу салты болған. Іле өңірінен табылған үйсін обаларына жасалған археологиялық зерттеу барысында, обалардың ағаштан тұрғызылатыны анықталған. Яғни, жерді қазғаннан кейін оның төрт қабырғасына бөрене ағаштарды тізіп, түйіскен жерін қашап, қиюластырып, мүрдені жерлегеннен кейін ақымның төбесін екі-үш қабат қарағаймен жауып, одан кейін биіктетіп топырақпен жауып қою салтқа айналған. Бұл тірінің өліге салған жерасты баспанасы. Бала күнімізде біз өскен өлкедегі адамдар ағаш үйлер салып, соны баспана ететін. Өзіміз де сондай ағаш үйде туып, сол ағаш үйлерде ержеттік. Археологиялық қазба жұмыстарында табылған заттар сол кездің өзінде ас беру дәстүрінің болғандығын айғақтап отыр. Қызайлар жоңғар шапқыншылығына ұшырап, көшіп-қонып жүргенде, Ілеге қайта келіп, орныққаннан кейін де өткенін еске түсіріп, болашағына жол ашатын ұлағатты істер істеді. Осы ретте Қызай елінде өткен үлкен астар туралы айта кеткенді жөн көрдім.
ТАСТЕМІРДІҢ АСЫ
Тастемір төрт қызайдың ішіндегі дербістен тарайды. Дербістен Есенберді, одан Құттыбай, Құттыбайдан Тастемір туады. Құттыбай қызай ішінде ел қамын ойлаған батыр әрі би болған адам. Тастемірдің асы 1739 жылы Аягөз өзенінің бойында беріледі.
Тастемір 1710 жылы туды. Сол күні Құттыбайдың ауылына қаздауысты Қазыбек би бастаған игі-жақсалар қонаққа келген еді. Сол түні Құттыбайдың бәйбішесі Нарша бике босанып, ұл туады. Ырымдап оның атын Қазыбек биге қоюын өтінеді. Сонда би тастай берік болсын деген ырыммен Тастемір деп ат қояды. Құттыбай батыр 1721 жылы жортуылда жүргенде суық тиіп, қайтыс болады. Осыдан бастап Құттыбайдың төрт ұлы Баян, Бөгенбай, Сады, Тастемір Нарша шешесінің тәрбиесінде өседі. 1726 жылы найман тайпасын билеп отырған Күшік хан жасақ ұйымдастырып, жауға қарсы жорыққа аттанады. Нарша шешеміз бұл жорыққа үшінші ұлы Тастемірді аттандырады. «Құттыбай шаңырағынан Майтайдың қызыл шашақты найзасын алып, «Қаптағайлап!» жауға шабатын ұлым» деп Керей тауының бөктерінде Тастемірдің атқамінер тойын жасайды. Осы тойға жалайыр нағашылары Дон жылқысы мен Жетісу жылқысының қаны араласқан тұрқы бөлек ақ жал, жирен бестіні Тастемірге мінгізеді. Кейін мұны ел «Тастемірдің шабдары» атап кетеді. 1927 жылы Тастемір бастаған шағын қызай қолы қалмақтардың оншақты ауылын шауып, алғашқы жеңіске қол жеткізеді. «Күшік хан жоңғарды шауып, жеңіске жетіпті» деген жылы хабар қазақ руларының жүрегіне сенім ұялатады. Бұған кектенген жоңғарлар күшін топтап Күшік хан билеп отырған елге қырғидай тиеді. Бірақ Күшік ханның ұтымды тәсілдерінің арқасында қазақ ауылдары көп шығынға ұшырамайды.
Есесіне, Күшік ханның қарамағындағы қосынның көбі наймандар болғандықтан тұтас қосын «Қаптағайлап!» шапқанда жоңғардың десі қайтып, жеңілістен көз ашпайды. Бір жолы Күшік хан жоңғардың қат-қабат қоршауында қалады. Осы тұста Тастемір бастаған қызайдың жаужүрек қосындары қоршауды бұзып, Күшік ханды құтқарып әкетеді. Осыдан бастап Күшік хан қызай жасақтарын іріктеп, ат-көлігін толықтап, шеп бұзып сайыс салу мен қоршауда қалғандарды құтқару сияқты ауыр міндеттерге жауапты етеді. Бұл қосынды бастап жүрген Тастемірге ағасы Қосмұхамбеттің қызы Әдисманды атастырады. Оның ұзын қара шашы жерге тиіп жүретіндіктен қайындары «Сұлушаш» атап кетеді. 1728 жылы жоңғар шапқыншыларынан қысым көрген қырғыздың биі Қоқымшор қазақ хандарынан көмек сұрайды. Найман, уақты билеп отырған Күшік хан, Орта жүз ханы Сәмеке жан, Барақ сұлтандар бірнеше мың жасақ жиып, Күшік ханды қолбасшы етіп бекітіп, Ыстықкөлге аттандырады. Қазақ қосынын күтіп отырған Қоқымшордың жасақтары мен қазақ батырлары Шу өзенінің бойында кездесіп, қолын біріктіріп, жоңғарларға қарсы аттанады. Осы жолғы ұрыста Тастемір ерекше көзге түседі. Жоңғарға қолды болып, ұрыстан кейін қазақ қосындарынан пана тілеген қырғыз қызын Тастемірге табыстайды. Тастемір ол қызды ауылына әкеліп ағасы Бөгенбайға атастырады. 1729 жылы Күшік хан, Барақ сұлтан, Кіші жүздің батырларының шақыруымен Арал теңізінің маңына жиналып, қазаққа соқтығып, тыныштық бермеген Еділ қалмақтарына қарсы жорыққа дайындалады. Екі жақтың қосыны Арал теңізінің батыс жағында кездеседі. Көшпенділердің салты бойынша алдымен батырлардың жекпе-жегіне кезек беріледі. Алғашқы кезекте қалмақтың батыры Байыншүкір мен арғынның батыры Құсболат жекпе-жекке шығады. Бірақ Құсболат сайыста жараланып, шепке келгенде қалмақтардың айбыны асып, айғай-сүренге басады. Бұл мазаққа шыдамаған Тастемір «Аруақты Қызай анамның аруағы қолдай гөр» деп ссйынып алып, «Қаптағайлап!» жау батырына қарсы шапқанда осыған дейін кесек тұлғалы қазақ жылқысын, алып денелі қазақ батырын кездестірмеген Байыншүкірдің десі қайта бастайды. Қаруы мен айласын тең қолданған Тастемір қалмақ батыр бір спйыста ақ найзалап аттан құлатады. Осы жолы Еділ қалмақтарын ойсырата жеңген қазақтар елге жеңіспен оралады. Сонда Сәмеке хан: «Қаптағай әлі тірі екен» деп тәңіріне сыйынған деседі.
1730 жылы Сәмеке хан мен Күшік хан Аягөз бойында қолын біріктіріп, жоңғарларға қарсы жорыққа аттанады. Бұл жорықта да көп олжаға кенелген қазақ батырлары ауылына абыроймен оралады. Сол күні Адисман босанып, ұл табады. Арғын Құсболат батыр: «Біз үркін-қорқында жүріп, еліміз азып-тозды. Ендігілер бейбіт күннің қызығын көріп, бай-бақытты өтсін» деген ниетпен сәбидің атын Байқазақ деп қояды. 1735 жылы жоңғарлар Балқаш көлінің оңтүстің шығысын басып алып, сол маңдағы қазақ ауылдарына қырғидай тиеді. Осыған орай Күшік хан мен Кіші жүздің ханы Әбілхайыр жіберген жасақтар бірігіп, жоңғарға қарсы аттанады. Осы жолғы ұрыста Тастемір жоңғардың әйгілі Еренжап батырымен жекпе-жекке шығып, оны жер жастандырады.
1738 жылы Кіші жүз ханы Әбілхайыр, Орта жүз ханы Сәмеке Ресеймен елдеседі де, Күшік хан бас тартады. Осыдан кейін Күшік хан Аягөз маңына келіп, жасақтарын толықтырып үйсін, қаңлы, қыпшақ жерлерін қайтарып алу жорығына аттанады. Күшік хан жасағы Жоңғар Алатауынан асып, Сайрам көлінің маңындағы Ортақсары деген жерге жеткенде жоңғар қосындарымен бетпе-бет келеді. Күшік хан Ортақсарының бір беткейіне Тастемір қосынын, енді бір бетіне Мамай басқарған қосынды орналастырып, қоршай шабуыл жасайды. Жоңғар жасақтары қазақтардың қосынын садақшылармен қарсы алады. Біраз шығынға ұшыраған Күшік жасағы Ортақсары сайын өрлей қашты. Жоңғар жасақтары қазақтар қашты деп ойлап, қуа соққылайды. Жоңғар жасақтары сай ішіне толық кіріп болған кезде Күшік қосыны қайта қайырылып, табандап соғыс салады. Осы кезде Тастемір мен Мамай қосындары екі бүйірден тиісіп, жауды сай ішіне дым шықпастай қоршап алады. Жасағының үштен екісінен айырылған жоңғарлар аз жасақпен қоршауды әзер бұзып шығады. Осы жеңісте қазақтар мол олжаға кенеледі. Күшік хан қолға түскен тұтқындар мен мал-мүлікті ауылға жеткізуді Тастемірге жүктейді. Шілденің шіліңгір ыстығында жау жойылды деген оймен сауыттарын шешіп, олжаларын артынып-тартынып келе жатқан көптің бейғамдығынан пайдаланған кезінде Тастемірдің қолынан қаза болған Еренжаптың інісі Аранжап баспалап келіп, заһармен уланған жебемен Тастемірді атып кетеді. Аттан құлап бара жатқан Тастемір батырды Ырысбай батыр сүйеп қалады да Ізбасар, Жалаңтөс, Таймас батырлар Аранжапты қолға түсіріп, шуасау бес байталдың құйрығына байлап, парша-паршасын шығарады.
Тастемірдің жараланғаны Күшік ханға жеткенде қатты қайғырған хан қол астындағы барлық емшілерін Тастемірді емдеуге аттандырады. Бірақ жебенің уы денеге жайылып кеткендіктен ем қонбай, Тастемір 28 жасында қапыда қайтыс болады. Күн ыстық болғандықтан сүйекті алып жүруге мүмкін болмай, Сайрам көлінің Іле жағындағы биік кезеңіне жерлейді. Бұл қаралы хабар тұтас Орта жүзді күңірентіп жіберді. Батырдың туыстары болатын қызай жігіттері тұтас таяқ ұстап, қыздары мен келіндері жоқтау айтып, Аягөз маңын күйзелтеді. Қызайдың атқамінерлері қатар-қатар үй тігіп, көңіл айта келгендерді қарсы алады. Қаралы жиынға Түркістан қаласынан Қазақтың ханы Әбілмәмбет, хан мұрагері Абылай сұлтан, Ұлы жүздің ханы Жолбарыс, Төле би, Сарайшық қаласынан Кіші жүз ханы Әбілхайыр, Нұралы, Ерәлі сұлтандар, Арал, Каспий жағалауынан Батыр сұлтан, Башқұрт жерінен Орта жүз ханы Сәмеке, Сібірдегі Күшік хан төңірегіндегі сұлтандар тегіс келеді. Батырдың қанаты атанған шыбар атқа қара жауып, сауыт-сайманын бөктеріп, тұлдап, үйінің оң босағасына қара ту іліп, қаранарға қара кілем жауып шөктіріп тастады. Қырық күн батырдың үйінен адам аяғы үзілмейді. Келесі жылы, Тастемірдің асына үш жүздің хан-сұлтандары, игі-жақсылары мен батыр-бағландары тегіс келеді. Ас Аягөз өзенінің бойында өтеді.
Дереккөз: Тарих талғарында [Мәтін] : (Тарихи зерттеулер, эссе, мақалалар) / А. Омарақын- Талдықорған : [б. ж.] , 2022.– 500 дана . – ISBN 978-601-7865-39-9 (1-т.), ISBN 978-601-7865-36-8 1-том .– 287 б., суретті .
https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657755
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі











