Қысқа күнде қырық рет жанын берген Байеке(1)
1) Байеке болыс Жазыбай ұлы (1816-1890) – Қызайларды Ілеге бастап келген елағаларының бірі. Қызайлар Ілеге келгеннен кейінде Ресей қазақтарымен ортада дау-жанжал басылмайды. Байеке осы дау-шарға көп аралысып, үш рет төбе би болған адам.
Бір рет Шыбар тобылғы съезіне Байеке барымта, ұрлық, жер дауы, жесір дауына қатысты 40 түрлі дәлел жинап барады. Сонда албанның болысы Жәмеңке: «Осы айтқанымның бәрі шын деп ағын суды 40 рет аттап өтсең дауыңның төлемін беремін», – дейді. Сонда Байеке:
– Елім үшін тудым, жұртым үшін күйдім, – деп ағын суды қырық рет кешіп өтіпті.
Дауда жеңілген Жәменке болып, күйіп кетіп, қолындағы таяғымен Байекенің кеудесін түртіп қалғанда кеудесіндегі болыстық белгі тасы сынып кетеді. Жәменкенің бұл ожарлығы өзіне мін болып, даудың төлемін еселеп қайтарады. Бұл жайт Таңжарық пен Қойдымның айтысында да айтылады.
Қойдым:
Қызайда Жаменкедей кісі бар ма,
Сындырған Байекенің тасын ұрып.
Арада албан, суан болмағанда,
Байекені өлтірер ед асып, ұрып, – дегенде, Таңжарық:
Мақтама Жаменкеңді көз көрмеген,
Николой ол уақытта өзгермеген.
Жиылып үйсін, Найман съезд құрса,
Байеке тірі жанға сөз бермеген, – дейді.
«Қысқа күнде қырық рет жанын берген Байеке» деген сөз осыдан қалған.
Байекенің төрт біткені
Байеке болыс айналасындағы адамдарға.:
«Өлшенсе де теңшелмеген дүние көп,
Біреулерге тез біткен,
Біреулерге көз біткен.
Біреулерге сөз біткен,
Біреулерге без біткен.
Қалғанын жағдайыңа қарай біле жатарсың», – дейді екен. Кейін бұл сөз ел арасында «Байекенің төрт біткені» деген атпен тарап кетеді.
Аспанда бір құдай, жерде қара Тұрысбай
Тұрысбай Аңсарұлы (1870-1940) Қызайдың маман руынан шыққан белді зәңгі. Ол кісі тірлігінде құсбегі болған екен. Түз тағыларын аулап, елін қамдап отырады екен. Егер бір қыран құсты көзі шалса, оны қолына қондырмай тағат таппайтын көрінеді. Сол ерекшелігін қарап, ел осындай нақыл шығарған.
Жан қалса Жансарбай(1) мен Мәшіден(2) қалады
Жансарбай (1851-1946) Қызайдың шәкіл руынан шыққан емші. қылтамақты емдеп жазған білікті адам болған.
Мәші де Қызайдың шәкіл руынан шыққан. Жансарбаймен қатар жасаған емші, көреген адам болған.
Сол тұста тағы да: «Шәкілден ұл туса, домбырасын ала туады» деген де қанатты сөз қалған. Өйткені, шәкіл руы өзі аз тараған болса да, бақсы, балгер, әнші, күйшілер көп шыққан ауыл.
Дереккөз: Тарих талғарында [Мәтін] : (Тарихи зерттеулер, эссе, мақалалар) / А. Омарақын- Талдықорған : [б. ж.] , 2022.– 500 дана . – ISBN 978-601-7865-39-9 (1-т.), ISBN 978-601-7865-36-8 1-том .– 287 б., суретті .
https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657755
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі
Жалғасы бар…











