

Орналасқан жері: Жетісу облысы, Панфилов ауданы, Сарыбел ауылының іргесіндегі қорымда жерленген.
Зерттелуі: өлкетанушы Қали Ибрайымжанов зерттеп жүр.
Сипаттамасы: Әжібеков Бексұлтан – 1879 жылы Тышқан ауылында туған, 1929 жылы 14 сәуірде Әжібеков Бексұлтан өзінің Қытайда тұратын болыс қызметіндегі ағасы Мұқа Әжібековпен хат жазысып, ол жіберген (жалпы саны 10 адам) қарулы адамдары өзін және басқа да Октябрь ауданы тұрғындарын көшіріп алып кетуге келген бетте №49 шекара отряды қолына түскен. 1929 жылдың 4 мамырында Бексұлтан Әжібеков тергелген. Тергеу кезінде Бексұлтан Әжібековтің 50 жаста екені, иелігінде 160 қой, 4 ат, 4 сиыры болғаны көрсетілген. Бұл іс бойынша 19 адам айыпталған. 1929 жылдың 18 қаңтарындағы ОГПУ тұрақты өкілдігі коллегиясы үкімімен ішінде Бексұлтан Әжібеков бар 7 адамға ату жазасы кесіліп, 11 адам алды 10 және 5 жылға концлагерге жіберіліп, соңы 3 жылға солтүстік өлкелерге жер аударылған. Ал 1930 жылдың 13 ақпанында Жаркент қаласында ОГПУ-дің Қазақстандағы тұрақты өкілдігі коллегиясының №2255 үкіміне сәйкес ішінде Бексұлтан Әжібеков бар 6 адам атылған. 1 адам түрмеде қайтыс болған.
1989 жылдың 15 ақпанындағы Алматы облыс прокурорының аға көмекшісі Б.Г. Жиенқұловтың қорытындысында 1964 жылдың 10 шілдесінде Алматы облысы прокурорының наразылығымен істі қараған Алматы облыстық сот төралқасы 1930 жылдың 18 қаңтарында сотталғандардан РСФСР ҚК-нің 58-10, 58-11, 59-9, 59-3 айыптарын алып тастап, РСФСР Қылмыстық кодекстің 84-бабына қайта жіктегені көрсетілген. 1957 жылдың 1 қарашадағы КСРО-дағы «Рахымшылық туралы» Жарлыққа сәйкес қылмыстық іс өндірістен тоқтатылған. Ақталу туралы анықтама сотталушылардың мекен-жайы анықталмаған себепті жолданбаған.
Ғылыми анықтаманы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын
толық ақтау жөніндегі Алматы облыстық комиссиясы
жұмыс тобы материалдары негізінде дайындаған
гуманитарлық ғылымдар магистрі,
phd-докторант Еркін Стамшалов
26.06.2024 ж.
Аңыз-әңгіме:
АСЫЛ ТЕКТІ ӘЖІБЕК ҚАЖЫ
Биылғы жаңа басталған жаз маусымының қоңыр салқын тамылжыған күндерінің бірі еді. «Атамекен» ауылындағы Қызырхан құданың үйінде мәре-сәре болып отырған шағымызда інісі Бірлік құда да ойламаған жерден келе қалды. Амандық-саулық сұрасқан соң, көптен бері көкейде жүрген ойдың бір ұштығын шығардым. Ондағы мақсат, Патшалық Ресей заманында шекараның арғы жағын қоса алғанда бүкіл Жетісуға есімі мәшһүр болған үлкен ағайынды аталары, есім-сойлары осы уақытқа дейін қосарлана аталатын Әжібек-Тұрысбек туралы сыр тартып, қай жерге жерленгендігін анықтау еді.
Аузы дуалы, ел сұраған аталары Әжібек қажы мен інісі Тұрысбек және әкелері Мұқа болыс пен Әбдірақым төре туралы әңгіменің әсері ме, арқасы қозып әруақтанған Бірлік ағамыз қолын сермеп, басын шұлғып отырып біраз әңгіменің басын шалды. Сөз арасында аталарының Сарыбелде жерленгенін, ауылдың жоғары жағындағы үлкен қорымдағы күмбезіне қашан болса да алып баруға дайын екендігін білдірді.
Көптен бері ойда жүрсе де, бұл іске қай қырынан келудің ыңғайын таппай жүрген мен іштей қатты қуандым. Ресей империясы мен Кеңес өкіметі заманында ел жадында есімі аңыз болғанымен, кейінгі жылдары мүлдем ұмытылып бара жатқан тұлғаның бірі, қажы атамыздың кесенесіне баруға уағдаласқан мен Бірлік құдамен жылы қоштасып, риза көңілмен үйге қайттым.
«Уәде – құдай сөзі» деген қағиданы бала күннен бойға сіңіріп өскен ұрпақтың қатарынан емеспіз бе… Міне, бүгін сол уәденің сәті түсіп, Бірлік құда екеуміз Сарыбел ауылына қарай жеңіл көлікпен зулатып келеміз. Әңгімеміздің ауаны сол аталарымыздың өмір тарихы мен қуғын-сүргін жылдары жайындағы естеліктер жиынтығы. Ауылдан шыға берісте ойламаған жерден ұшыраса кеткен – өзі құда, бір жағынан өлкетанушы Тоқтасын Қазықанұлын өзімізге қосып алдық. Аталмыш кесене туралы әңгімені бірер ай бұрын алғаш бастаған осы Тоқтасын болатын. Бірақ, нақты дәйектің жоқтығынан еш ыңғайы келмей, кейінге ысырылып қалып жүрген еді.
Сонымен не керек, әңгімеміз жарасқан біздер айтулы Әжібек-Тұрысбек кесенесіне де келіп жеттік. Ағамыз, солтүстігіміздегі жап-жасыл желекке оранған, өркеш-өркеш болған табиғатының сұлулығы көз сүйсінтерлік, сонау зеңгір көкпен таласқан Жетісу Алатауына емірене қарап тұрып:
– Ех, Сарысай, Қылдықарағай, Көктасты, Текше… – деп, таудан ескен салқын самалға кеудесін тосқан қалпы терең тыныстап дем алды. Балдәурен балалық шағы есіне түсті ме, алысқа қадалған сағынышқа толы жанарында ішкі жандүниесінің астаң-кестең болып жатқан бұлқынысы байқалып-ақ тұр. Ішкі толқынысы басылған сәл іркілістен соң әңгімесін жалғады.
– Шамамен 8-9 жастағы бала күнім, мал бағып Сарысайда отырамыз. Әкем Әбдірақым төре атына мінгестіріп осы Ақмолаға алып келеді. Көп ғасырлар бойы Сатай батыр ұрпақтары мекендеген Сарыбел ауылының тау жақ іргесіндегі бабаларымыздың күмбезі тұрған жерді бұрыннан Ақмола деп атайды екен. Содан бейіт басына келген соң жайғасып отырады да, аталар рухына арнап ұзақ-сонар құран бағыштайды. Осынау бір жақын маңда суы балдай мөп-мөлдір бұлақ бар еді. Сол бұлақтан су ішіп, шөлімізді басып салқын сумен рахаттанып бет-аузымызды жуушы едік. Одан әріге ауылға түсіп, әкеміз ауылдық Кеңестегі шаруаларын тындырып болған соң, қайтадан желе жортқан атымызды сипай қамшылап тауға қайтатынбыз.
Әкеміздің білімділігі мен адамгершілігінде шек жоқ сұңғыла адам еді. Ұзын бойлы, денесі сом, қыр мұрынды, жылы жүзді, өзіне жарасқан қияқ мұртты бар. Сырт келбеті ағасы Мұқа болысқа қатты ұқсайтын. Және де бірге туған бауырларының ішінде ең жақыны да осы Әбдірақым төре еді. Көзі ашық, көкірегі ояу әкеміз арғы беттегі Қытай жерінде жүргенде үлкен қызметтер істеген. Аймақтық делегация құрамында болып, халық атынан арнайы өкіл ретінде Бейжіңге де барып қайтқан болатын.
Мұқа болысты баласы Мұхтарханмен бірге НКВД тұтқындап әкеткеннен соң бір ай көлеміндегі Жаркент түрмесіндегі қамаудан кейін Мұхтархан үйге босап келіп, көп ұзамай қайтыс болады. Әсілі қастандық жасалған болуы керек. Ал, Мұқа болыс атамыз сол кеткеннен қайтып оралмаған. Қалай қайтыс болды, қайда жерленді, әлі күнге дейін белгісіз.
Содан әкеміз жастай қалған Мұхтарханның жесірі, Әріпжан болыстың қызы Күләшті әмеңгерлік жолмен үшінші әйел етіп алып, бес бала сүйеді. Бұған дейін екі әйелі болған Әбдірақым төре енді үш әйелінен 9 ұл, 9 қыз, барлығы 18 баланы дүниеге әкеліп, бағып-қағып өсірген айдынды әке болады…
Бәкеңнің әңгімесін бар зейініммен тыңдай жүріп, бір жағынан ұялы телефонды іске қосып, суретке түсіруді бастап та жібердім.
Солтүстіктен оңтүстікке қарай жайыла созылған ойпаң жердің батыс жақтағы биіктеу тепсеңіне орналасқан күмбез қирандысының ауласы да кең екен. Шамамен салынған уақыты сол ХІХ ғасырдың екінші жартысы болар деп топшыладым. Ауланың сыртқы бөлігі төртбұрышты етіп айнала соқпамен қоршалып, арнайы қақпа орнатылыпты. Қақпаға он қадамдай жердегі ат байлайтын тесігі бар, биіктігі белуардан асатын тас діңгекті көріп таң қалдым. Себебі, бұндай затты осы Жаркент өңіріндегі қасиетті, киелі деген жерлердің ешбірінен кездестірмеппін.
Заманында зәулім биіктігі мен сапалы қызыл кірпіштермен әсемделіп қаланған кесене басқа ғимараттарға ұқсамайтын архитектуралық ерекшелігімен талайды таңғалдырып, тамсандырғаны көрініп-ақ тұр. Күмбезі мен бір қабырғасы опырылып ортаға түссе де қалқиған үш қабырғасының ішкі жағы әсемдік қалпын сақтап қалыпты. Аңырып үнсіз тұрған біздерді:
– Біз бала кезімізде осы айналаға келіп көп ойнайтынбыз. Бұл кесенені «Қызылбейіт» деп атайтынбыз. Маңдайшасында үлкен жазуы бар болатын, – дегенді айтып Тоқтасын сөзге тартты.
Есігі шығысқа қараған кесененің алдыңғы қасбетінің ұзындығы шамамен 10, ал, ені 8-9 метрді құрайды екен. Биіктігі қазіргі қираған күйіндегі қалпында 8-9 метрдей, құлаған күмбезімен қоса есептегенде жалпы биіктігі 12-13 метрдей болады-ау шамасы. Іргетасының қалыңдығы 1 метрге жуық, қабырға қалыңдығы 70 сантиметрдей болады. Уақыт тезіне шыдамай қатты бүлінгеніне байланысты сыртқы қасбет өрнегінің қандай болғандыы белгісіз. Ал, ішкі жағы ұшы жоғары қараған жүрекше секілді күйдірілген қызыл кірпішпен біртегіс әсемделіп өріліпті. Қолданылған құрылыс заттарына келсек: ағаш, топырақ, кірпіш арасында біріктіруші лай орнына ақ сұр алебастрға ұқсас белгісіз қоспа және күйдірілген қызыл кірпіштер жатады. Ақ сұр қоспа алебастрға ұқсас болғанымен салмағы жеңіл және беріктік қасиеті әлі де мықты сақталыпты. Күйдірілген қызыл кірпіштің көлемдері әртүрлі болып келген екі түрі пайдаланылыпты:
1). 0,27 х 0, 14 см, қалыңдығы – 0,07 см;
2). 0,25 х 0,25 см, қалыңдығы – 0,05 см;
Кішігірім сипаттама алудағы – адымдап өлшеу, кірпіш түрлерінің көлемін салыстыру, жобалап болса да ғимараттың биіктігі және қабырғаның қалыңдығын өлшеу, байланыстырушы лай қоспасының түр-түсі, беріктігімен қатар кесенеге қатысты басқалай да ерекшелігін бағамдау, түрлі жеңіл-желпі жұмыстардағы Тоқтасынның ептілігі мен жылдам қимылы жан сүйсінтеді. Сөйтіп, Тоқаңның көмегінің арқасында өзіме керекті біршама мәліметке қанықтым.
Ендігі ретте Жаркент жерінде мыңғырған байлығымен аттары әйгілі болған ағайынды Әжібек қажы мен інісі Тұрысбек жәйлі қолда бар мәліметтерге кезек берелік.
Мұқа болыстың әкесі Әжібек Қожабайұлы қажылыққа барған, інісі Тұрысбек екеуі де Патшалық Ресей заманында Жаркент жерінің атақты байлары болған. Әжібек бір басына жетерлік ақыл-айласы мен сауаты бар, ірі кәсіп иесі еді. Оның меншігінде 3000 жылқы, 10 мың қой, 1000 ірі қара, 100 түйесінің болғандығының өзі зердесі бар адамға көп нәрсені аңғартса керек-ті. Және де алыс-жақын аймаққа керуен жүргізіп, сауда-саттық жасайтын 50 пар атты, 20-дай бір атты арбалары және болған. Ендігі кезекте мына бір деректі де ұсына кеткенді жөн көріп отырмын: «…Әжібек қажының жолында тіс қаққан қытай, ұйғыр, дұңған, араб саудагерлері тұрған-ды. Бұлардың ішінде – ұйғыр Уалибай, дұңған Ли-Ли-Зо, татар Ғұсман, араб Уаис, тәжік Раджибай сынды саудагерлер керуен тартып келіп, Әжібек қажының қонағы болып, жатып-тұрып аттанатын-ды». (Құрман Қожа Ахметұлы, «Өлке» баспасы, 2002 ж. Қарқара кітабы, 77-бет).
Осыншама иен тегін бақ-дәулеттің арқасында мұсылманның бес парызының бірі Меккеге қажылыққа бір емес, бірнеше рет барған. «…1840 жылы Мединеге барған сапарында Мекке-Медине қауымдастығы дінбасыларының, сондай-ақ Араб басшыларының рұқсатымен Мединеде Мұхаммед Пайғамбардың денесі жатқан мешітке кіріп тәуап еткен. Сондықтан да мұсылман, оның ішінде қазақ жұртының құрметіне, сенімі мен беделіне ие болған» (Құрман Қожа Ахметұлы, «Өлке» баспасы, 2002ж. Қарқара кітабы, 77-бет).
Аман-есен елге келген соң «Қажы болдым, мұсылманның бір парызы ретінде мешіт салдыру ләзім» деп жиені Жаңабай Құдайбергеновпен кеңесе отырып, Жаркентте мешіт салу бастамасын тұңғыш көтерген тұлға деген қанатты сөздерді көнекөз қариялардан бала күнімізде талай рет естіген де едік. Бірақ, ол кезде балалықпен көп нәрсеге мән бермеген екенбіз. Сөйтсек, бұл дегеніңіз өзіміздің Жаркенттегі бір шегесіз салынған қазіргі «Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер музейі туралы әңгіме екен ғой. Бұндағы өзекті өртер өкініш осындай тау тұлғаларымыздың есімдері мен ұрпаққа ұран болар өнегелі, ұлағатты істерінің еш жерде насихатталмай, дәріптелмей, атаусыз қалғандығы. Бұл дегеніңіз Кеңестік отаршыл жауыз саясаттың қазақ ұлтына қарсы жүргізген көп векторлы саясатының бір қыры ғана. Оған дәйек ретінде мына деректерге тоқтала кетсек:
«…Хон Пик Жаркент мешітін өзі жасайтын болды. Пекинге келіп шаруасын реттеген Хон Пик Жаңабайға еріп Жаркентке келеді. 1888 жылы Хон Пик пен Жаңабай үшін мешіт проектісі мен сметасын жасау, оның құм-тасын, ағашын, орнын дайындау жылы болды. Жаңабай қасына бір топ маман алып, Қырғызсай, Үлкен Ақсу, Азат, Термень, Ахтам, Кетпен тауларының қарағай, шырша, шынарларын көріп шықты. Жер-жердегі ауыл иелері – ақсақалдармен ақылдасып адам, ат, көлік, арба мәселелерін шешті. Аталған сай-салаларда ағаш кесетін, сүрлейтін, кептіретін, таситын қолөнершілер қауымдастығы құрылды. Сенімді құжаттарға қол қойылды. Мешіт құрылыс Бас басқармасының бастығы болып құжатқа Жаңабай қол қойды. Сондай-ақ бұл құжаттарға Үлкен Ақсу болысы, Азат, Кетпен болысы Барат қолдарын қойды, оны Жаркент уезінің бастығы, оның Нарынқол –Шарын бөлімінің бастығы растап отырды. Даулы мәселелерді шешу Албан билер тобымен Алматы, Прежевальск уездерінің құзырына жүктелді». (Құрман Қожа Ахметұлы, «Өлке» баспасы, 2002ж. Қарқара кітабы, 90-бет).
Міне, жоғарыда аты аталып отырған саяхатшы-жиһанкез, ағартушы, 1916 жылғы Қарқара ұлт-азаттық көтерілісі басшыларының бірі – Жаңабай Құдайбергенов осы Әжібек қажының Балдай атты қызынан туған жиені екен. Әке-шешесі 6 жастағы Жаңабайды нағашы атасы Әжібекке берген. Содан қажы атасының қолында жүріп Жаркенттегі медресені бітірген.
Жаңабайдың жүріс-тұрысы мен зеректігіне, алғырлығына риза болған қазақтың әйгілі айтыс ақыны Жамбыл Жабаев өзінің «Жаңабайға» деген жырында:
…Жері мен елін қорғап Жетісудың,
Батырлық ұрпағына жол тастаған.
Шешесі Жаңабайдың ана – Балдай,
Жүріс, тұрыс, ақыл-ой, сана қандай.
Көреген өзі шешен, парасатты,
Ұл туған елі үшін Жаңабайдай.
Балдайдың шыққан жері – Суан елі,
Әкесі Әжібек қажы, ердің ері.
Шешесі Балдай қыздың Қазына екен,
Суанның бір баласы Сатай тегі, – деп толғайды:
Әжібектің екі әйелінен – Мұқа (Мұқаметжан), Мұстафа, Жаһуда, Уәли, Мәжит, Хамит, Бексұлтан, Әбдірақым төре тарайды. Әбдірақымның «төре» аталуының себебі мынадай болған екен.
1881 жылғы Петербург келісімінен кейін шекара Қорғас өзені болып бекітіліп, генерал Колпаковский Құлжа қаласын тастап шығады. Генералмен жақсы қарым-қатынаста болған Әжібек-Тұрысбектер Қытай билігінен қауіптеніп, олар да шекарадан бері өтеді. Жолай бекер кетпей көңіл жарастырып жүрген төренің бір ерке қызын алып қашып әкеледі. Ол қыз арғы беттегі Қызайға билік еткен Рабат төренің қарындасы еді. Міне, кейін осы төре қызынан туған ұлдың үлкеніне – Бексұлтан, кішісіне Әбдірақым деп азан шақырып ат қояды. Нағашыларының құрметіне «төре» есімін де еншілеп, бұдан былайғы кезде бүкіл Суан Әбдірақымды «төре» атап кетеді.
Бексұлтанның шекарада ұсталып Жаркент түрмесінде атылған деген қысқаша деректен басқа еш мәлімет жоқ екен. Былтыр ғана тарихшы-ғалым Еркін Стамшалов хабарласып, Бексұлтан Әжібеков туралы архив құжатын тапқаны туралы хабарласқан еді. Осы мақалаға Бексұлтан Әжібеков туралы мұрағат құжатын да салып отырмын.
ҒЫЛЫМИ АНЫҚТАМА
Әжібеков Бексұлтан – 1879 жылы Тышқан ауылында туған, 1929 жылы 14 сәуірде Әжібеков Бексұлтан өзінің Қытайда тұратын болыс қызметіндегі ағасы Мұқа Әжібековпен хат жазысып, ол жіберген (жалпы саны 10 адам) қарулы адамдары өзін және басқа да Октябрь ауданы тұрғындарын көшіріп алып кетуге келген бетте №49 шекара отряды қолына түскен. 1929 жылдың 4 мамырында Бексұлтан Әжібеков тергелген. Тергеу кезінде Бексұлтан Әжібековтің 50 жаста екені, иелігінде 160 қой, 4 ат, 4 сиыры болғаны көрсетілген. Бұл іс бойынша 19 адам айыпталған. 1929 жылдың 18 қаңтарындағы ОГПУ тұрақты өкілдігі коллегиясы үкімімен ішінде Бексұлтан Әжібеков бар 7 адамға ату жазасы кесіліп, 11 адам алды 10 және 5 жылға концлагерге жіберіліп, соңы 3 жылға солтүстік өлкелерге жер аударылған. Ал 1930 жылдың 13 ақпанында Жаркент қаласында ОГПУ-дің Қазақстандағы тұрақты өкілдігі коллегиясының №2255 үкіміне сәйкес ішінде Бексұлтан Әжібеков бар 6 адам атылған. 1 адам түрмеде қайтыс болған.
1989 жылдың 15 ақпанындағы Алматы облыс прокурорының аға көмекшісі Б.Г. Жиенқұловтың қорытындысында 1964 жылдың 10 шілдесінде Алматы облысы прокурорының наразылығымен істі қараған Алматы облыстық сот төралқасы 1930 жылдың 18 қаңтарында сотталғандардан РСФСР ҚК-нің 58-10, 58-11, 59-9, 59-3 айыптарын алып тастап, РСФСР Қылмыстық кодекстің 84-бабына қайта жіктегені көрсетілген. 1957 жылдың 1 қарашадағы КСРО-дағы «Рахымшылық туралы» Жарлыққа сәйкес қылмыстық іс өндірістен тоқтатылған. Ақталу туралы анықтама сотталушылардың мекен-жайы анықталмаған себепті жолданбаған.
Ғылыми анықтаманы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын
толық ақтау жөніндегі Алматы облыстық комиссиясы
жұмыс тобы материалдары негізінде дайындаған
гуманитарлық ғылымдар магистрі,
phd-докторант Еркін Стамшалов
26.06.2024 ж.
* * *
– Мен Суан ішіндегі Сатай руының Әбдікер тармағына жататын, Әбдірақым төренің кенже ұлымын. Қытайдағы Үшбұлақ деген жерде, 1951 жылы сәуір айының 13 жұлдызында өмірге келіппін. Арғы беттегі Шипаңзы елді мекенінде тұрдық. Әкем «Бірлік сап» деген ұжымның бастығы болды. Қазіргі біздегі округ әкімі сияқты лауазымда қызмет жасады. Сол үшін де қызметіне орай ырымдап менің атымды «Бірлік» қойған екен. Шешеміз – Суан ішіндегі Дуан атаның ұрпағы Әріпжан болыстың Күләш деген жалғыз қызы. Өткен ғасырдың 1959 жылы туған жеріміз Сарыбелге қайта оралдық, –деп жалғады кесене басында тұрған Бірлік ағамыз әңгімесін.
– Үлкендерден естуімше Әжібек қажы атамыз өте қатал адам болған көрінеді. Мыңғырған жылқысы болыпты, бар байлығы балаларының ішіндегі ең өжеті, 16 жасында болыс болған Мұқаға (Мұқаметжан) дарыған екен. Ол атамыздың жылқышысы болған Сұрапыл деген ағаны өз көзіммен көрдім.
Мұқа болыс әкеміз сырт пішіні домалақтау келген, қызыл шырайлы, қасы-көзі қап-қара, көзінде қалы бар, айыр тілді, жасынан ел сұраған қасиетті адам болыпты. Өз кіндігінен – Мұхтархан, Молдаш, Мұсахан атты үш ұлы болған. Көзінің өткірлігі сондай – тірі жанға көз салып тура қарамайды екен. Оған себеп бірде мынадай оқыс уақиға болыпты.
Мұқа болыстың қасында нөкерлері бар, ел аралап жүрген кезі екен. Астындағы қара кер атын жорғалатып, үстіндегі қасқыр ішігі мен басындағы бұлғын бөркі көз тартқан, атқа отырысы да қаққан қазықтай бір жас жігіт сонадайдан аққан жұлдыздай болып қиялай тартып барады ғой. Осынау керемет көрініске таңырқаған болыс сүйсіне қадалып:
– Ойпырмай, мынау кім болды екен?, – дегенде, қасындағы нөкерінің бірі:
– Болыс аға, сізге не болды, балаңыз ғой! – депті.
Сонда болыс:
– Әттеген-ай! – деп көзін жұма қойыпты да: – Айтыңдар, болды, үйге қайтсын, – деген екен өкінішті үнмен.
Сол-ақ, екен үйіне жетер-жетпес шамада сол бозбала ауырмай-сырқамай аяқ астынан қайтыс болыпты.
Осынау қайғылы оқиғадан кейін Мұқа болыс адам түгілі малға да қызықтап, сұқтанып қарамаған деседі. Неге десеңіз, егерде кермеде немесе мама ағашта байлаулы тұған тұрқы бөлек жылқы болсын, басқа да кез-келген мал тұқымына ұзағырақ қызықтап, таңырқап көз салып қойса болды, көп ұзамай сол жануар табанда пышаққа ілінетін болған.
Сондықтан да көбінесе Мұқа болыс атамыз сегіз қанат ақ үйде отырып, алыс-жақынның барлық шаруасын реттеп, ел мен жердің, малдың барлық шаруасын сенімді кеңесшісі, сөзге шешен Суандағы Молақтан шыққан Рахманбек пен өзге де би, болыстар мен шабармандары арқылы жолға қойып отырған екен.
Шешем Күәштің өз аузымен айтқан мына бір оқиғаны тыңдап көріңіздер. Менің ғой тарихтан онша хабарым жоқ, сондықтан қай жылдары екендігін тап басып айта алмаймын, – деген Бәкең ыңғайланып отырып алып әңгімесін одан әріге жалғады:
– Болыс әкеміздің бүкіл Жетісуға даңқы шығып дүрілдеп тұрған кезі екен. «Орысқа бала бермеймін!» деп патшаға қарсы шығыпты. Сөйтіп, екі Үсектің қосылған жеріндегі Қашама арқылы Қабылға өтіп, одан әріге Үш Сақау арқылы жол сілтер арнайы белгі ағаштары қойылған бағытпен жүріп отырып жаз бойы қары ерімейтін Мыңжылқының асуына жетеді. Асудың сай табанына түскенге дейінгі шамамен 3-4 шақырым жалтыраған көк мұздың үстіне ағаш үйдің құрым киіздерін төсетіп, Суан ұрпағының 200 түтінінен тараған адамы мен малын шып-шырғасын шығармай, одан әріге Үлкен Қазанкөл арқылы Киізбайдың асуын артқа тастап, шекараның арғы бетіне алып өткен. Міне, өстіп соңынан ерген ел-жұртын Патша үкіметінің жазалаушы отрядының қан-қасап қырғынынан осылай аман алып қалады. Арғы беттегі Қытай шенеуніктерінің де тілін тауып, соңынан ерген дүйім жұртты Кегеннің Үшбұлақ деген жеріне қоныстандырады.
Міне, сондағы батылдығы мен ерен ерлігі әлі күнге ел аузында, – деп сөзін аяқтады ағамыз. – Анамыздың айтуы бойынша, сондағы әкеміздің бар кінәсі орысқа бала бермегендігі. Содан барып ел-жұртты қалайда аман сақтап қалу үшін жасаған әрекеті екен, – деді, үзілген сөзін қайта жалғап. – Демек, өздеріңіз де байқап отырғандарыңыздай бұл сол 1916 жылғы Патшалық Ресей кезіндегі ұлт-азаттық көтерілісі кезі болса керек.
Сөз реті келгенде біз де Бірлік ағамыздан Қытайда жүргенде есте қалған оқиғалары туралы сұрадық.
– 1959 жылдың мамырында Қытай жерін тастап атақонысымыз Сарыбелге қайта оралдық. Шекара түбінде рулас туысымыз Сатай ата ұрпағы Болатхан Ахметов ағамыз құшақ жайып қарсы алды. Атақонысқа келіп сағынышымызды басқан соң Әбіш деген Алдияр сиыршыға көмекші болып малға шығып кеттік. Жаздың соңын ала әкеміз бас болып Сарысайдың аузында ауылдың үлкен ақсақалдарының басын қосып, Болатхан, Сұрапыл, тағы басқа ағалар бар кішігірім ас бердік. Қыстауымыз төменгі Іле бойындағы Қызылшілікте. Ал, жаз жайлауымыз Сарысай, кейде Текше деп те атаймыз.
Екі жылға толар-толмас уақытта әкем өзіміздің рулас Шекерхан Ақботақызының теперішіне шыдамады. Себебі, ылғи да түрлі жұмыстарымен ауылдық Кеңеске барып қалса болды, Шекерхан деген кісі:
– Әй, қытайшық! Қытайға қашқанда не таптың?, – деп әрдайым намысына тиеді екен. Әкеміз өз кезегінде:
– 9 ұл, 9 қыз, 18 алтын таптым, – дейді екен.
Кейіндері қатты ренжіген әкеміз «Қой, бұл бізге қол болмайды екен, балаларға кесірі тиер» деп қазіргі Атамекен (бұрынғы Пенжім) ауылына қоныс аударады.
Сөйтіп, сонда көп жылдар тұрақтап қалдық. Бір жағынан арғы беттен келген етжақын ағайын-туыстың көпшілігі осы жерге қоныстанған еді. Қазіргі таңда жоғарыда айтылған 9 ұлдан, бәйбішеден туған ағам Қызырхан екеуміз қалдық. Үлкен шешеміздің есімі – Қалиша, әкесінің аты – Қастей Дуан руынан еді. Әкеміз Әбдірақымның білімділігі мен сөзге шешендігінде мін жоқ, өте терең адам болатын. Дүниеге келген тоғыз ұлдың ішінде әкемізге тартқаны – Құрманжан мен Нәбижан бауырларым еді. Ажалға амал бар ма, қанша алғыр, білімді болса да ерте дүние салды ғой ол кісілер. Міне, менің бар білерім осы, – деді өзегін өртеген өкініштен ауыр күрсінген Бірлік ағамыз.
Иә, қарап отырсаңыз – Патшалық Ресей, Кеңес одағы және Тәуелсіздік жылдарындағы бір әулеттің тарихынан там-тұмдап болса да естелік жазып қалдырдық. Бұндағы мақсат отарлық саясаттың ықпалымен аты-жөндері хатқа түсіп дәріптелмей, бірақ ел жадында есімдері аңыз болып аталған тұлғалардың өнегелі істерін кейінгі толқын жас ұрпақ біліп, танып, үлгі алсын деген ниет қана, ағайын…
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының
мүшесі, өлкетанушы.
Q-Andas ақпарат.











