Оразалы Жанпейісұлы 1865 жылы дүниеге келіп, 1909 жылы 44 жасында қастықпен қаза табады. Қысқа ғана 44 жылдық ғұмырында ол елі үшін елеулі еңбек етіп, азулы мен алысып, артына өшпес із қалдырды. Қарашығын қаңғытқан қазақтың жарас елінің басын қосып, ел санатына өткізді. Халық елі үшін еңіреп туған ерін күні бүгінге дейін ұмытпай, аңыз етіп айтып келеді.
Ол 1865 жылы туылып, 1872 жылы жеті жасында әкесінен айырылып жетім қалады. Оразалы шешесінің етегіне еріп, Тоғжан деген туыстас адамынан көнеше сауат ашады. Шерлі жетім болғандықтан ба, әлде тағдырдың тауқыметін ерте тартқандықтан ба — асқан әнші әрі суырып салма ақын болып өседі. Құлағы бір естіген домбыра күйін екі қайырып, сұрамай-ақ бебеулете жөнелтеді.
Талантты жас жігіт елге таныла бастаған тұста, яғни 12 жасқа шыққан 1877 жылы Іле ұлығы Мате Конысбек (Мате Конустегі Бегімбет, Дербіс елінен шығын алуға келген) қазақ еліне келеді. Мате — сібе ұлтының өкілі, Қағажы деген адамның баласы, мәнжу ханының Іледегі ұлттық өкілі (императоры) болған адам.
«Ұядан нені көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, тағылық мінез Мате бойында бала күнінен қалыптасқан еді. Әкесі Қағажыдан аспаса да, кем түспейтін. Ол жүрген жерінде салтанат құрып, үй тіктіріп, қыз-келіншек жинатып, өлең тыңдап, өзінше думан құрғанды ұнататын. Бірақ мұның астарында басқа мақсат жатты: өзіне қарсы шыққан адамды екінші мәрте бас көтере алмайтындай етіп жазалау.
Міне, осындай сипаттағы Мате Күнестің аяғындағы жарас еліне де осындай сән-салтанатпен келеді. Ел оны қарсы алып, үй тігіп, мал сойып күтеді. Мате серіктерімен бірге жайғасып, тамақ ішіп, өлең-күй тыңдауға кіріседі. Әркім өз өнерін ұлығына көрсетуге тырысады.
Малын күзетуге келгендердің ішінде Оразалы да бар еді. Тағдырдың ащы дәмін татып, шерге толы жүрегімен ол таң атқанша өлең айтып, ел мұңын жоқтап, кейде Матені мадақтап жыр шертеді. Мате оның өнеріне тәнті болып, ертесі арнайы шақырып, домбыра шерткізіп, өлең айтқызады. Сынай отырып:
– Бұл баланы маған беріңдер, Күреге апарып оқытсам, бірдемеге жарайтын көрінеді, — дейді зәңгі мен ел адамдарына.
Оқуға қолы жетпей жүрген жас Оразалы қуанып, «мақұл» деп келіседі. Не оқу екенін сұрамастан, шешесін туыстарына тапсырып, Мәтенің малын айдап Күреге жүріп кетеді.
Бірақ Күреге барған соң, Мате уәдесін бұзып, Оразалыны өз үйінде жұмысшы ретінде ұстайды: бала бақтырады, от жақтырып, су тасытады. Оқуға жібермейді. Осылай бір жыл өтеді. Келер жылы да Мате үндемейді.
Жаны төзбеген Оразалы бір күні Мәтеге:
Оқытам деп әкеліп ең, малай қылдың,
Отпен кіріп, күлмен шығып қалай жүрмін?
Уәде – құдай аты, дейді қазақ,
Оқытпай уәдеңді қалай бұздың?!
– деп наз айтады.
Мате қысылып, сасып қалады.
– Сені оқытпаймын деп жүрген жоқпын, жергілікті жағдайға үйреніп алсын, жас қой деп жүргенмін. Биыл оқуға түсесің, ұлттық тілді жақсы үйрен, – дейді.
Оразалы:
– Бір жылдан бері тілге де, елге де қанық болдым. Енді оқуға дайынмын, – дейді.
Сөйтіп, сол жылы Мате оны Күре мектебіне береді. Бұл мектепте мұңғыл, ханзу, сібе ұлттарынан шыққан оқушылар да бар еді. Оразалы аз уақытта бәрімен етене араласып, жақсы оқиды.
1878 жылдан 1881 жылға дейін бір жағынан оқып, бір жағынан Мәтенің үй жұмысын істей жүріп, Күре мектебін бітіреді. Бірақ жоғары оқу үшін қаражат жоқ еді. Мате оны Күре жамбылының указ молдалығына хатшылыққа орналастырады.
1886 жылы 21 жасында елін көруге үш айлық рұқсат алып, Күнестегі еліне келеді. Бірақ елінің ауыр халін көріп, жаны шошиды: халық алман-салықтан, шығыннан қалжыраған, малы мен жерінен айырылған, кейбірі Көгала мен Сарсүмбеге дейін көшіп кеткен. Кедейлер қожаларға сіңіп, жан бағып жүр.
Осыны көріп, Оразалы Күреге қайта оралады да, Мәтеге:
– Елімді қайта тірілткім келеді. Маған мүмкіндік беріңіз, еліме барып елді жинап, еңсе көтерейін,- деп өтініш айтады.
Ол Мәтеге:
– Оқыттыңыз, тәрбиеледіңіз, сөзіңізді екі етпедім. Енді өз еліме баруға рұқсат етіңіз, – дейді.
Мате бастапқыда:
– Саған ел бөліп бермеймін. Менен не жамандық көрдің? – дейді.
Оразалы болса:
– Маған ел бөліп бер деп отырған жоқпын. Иесіз кеткен елімді жинап, езілген жұртқа көмектессем деймін, – деп жауап береді.
Сөйтіп, Мате амалсыз келісіп, Оразалыны елге «жаңа зәңгі» етіп бекітеді.
ЗӘҢГІЛІК ҚЫЗМЕТІ ЖӘНЕ ЕЛ ІШІНДЕГІ ӘДІЛДІК
Оразалы 1887 жылдан бастап 1906 жылға дейін зәңгі болып қызмет атқарады. Осы аралықта ол талай елдің жүгін еңсеріп, ел ішінде беделге ие болады. Халық оны құрметтеп, сауын сиыр, мініс ат, киім-кешек сияқты қажеттіліктерін өз еріктерімен қамтамасыз етіп отырған.
Бірақ болыс Тергеусіз оған іштей риза болмады. Өйткені ел ішінде: «Сасанның балаларына Жарастың жау қабақ сарысы мен соқыр Танықтың қызыл көзінен сендерге опа келмейді» деген ата-баба өсиеті бар еді. Бұл сөз ел басшыларының арасындағы бұрыннан келе жатқан ішкі бақталастықтың белгісі болатын.
Ол кезде Бегімбет пен Дербіс елі бір болысқа қарайтын. Болыс – Сасанның ұрпағы Тергеусіз. Сол жылдары елге әйгілі «500 құнажын бітімі» деген үлкен шығын бөлісі болған. Болыс әр зәңгіге шығын мөлшерін бөліп, оны елінен жинатуға жарлық шығарады.
Оразалы бұл жарлықты орындауға барған кезде әділетсіздікке көзі жетеді: шығын бай мен кедейге бірдей бөлінген. Кедейдің малы жоқ, төлейтін шамасы аз. Ол бұған ашуланып, жиында сөз сөйлеп:
– Кедей ел несімен төлейді? Әлді мен әлсізге неге тең жүктеме жүктейсіздер? – деп қарсы шығады.
Болыс ашуланып:
– Сен кәпірше тіл үйреніп, діннен бездің бе? Қулық заң үйреніп келіп, елді бүлдіргелі отырсың ба? Ел төлейді, сен жинасаң болмады ма? – дейді.
Оразалы сабырмен жауап береді:
Шөлде жүрген дуадақ көл қадірін біле ме,
Жеменгер болса, басшы ел қадірін біле ме?
Ел болмаса, неменеге болыс болмақсың?
Бұл сөзге ашуланған болыс:
– Онда өзің бөліп көр, бай мен кедейді разы қылып қарашы, – деп сынамақ болады.
Оразалы Указ молданың қолындағы тізімді сұрап алады. Молда бергісі келмей, болысқа қарайды. Болыс:
– Бер, ел көрсін, кім тентек екенін білсін, – дейді.
Сонда Наурыз деген шешен қария, есік алдында тұрып:
Ат сорлысы жорға болар,
Жігіт сорлысы молда болар, —
деп қағытады.
Оразалы іркілмей:
Қой көп болса – шуырып, ақсақ болар,
Күтімі жоқ кейбірі – баспақ болар,
– деп уәж қайтарады да:
– Сіз де жолыңыздан қалмай жүре беріңіз, – дейді.
Осылайша жұрттың алдында әділ сөз айтып, елдің құрметіне бөленеді.
Сөйтіп, Оразалы шығынды әділ түрде бөледі: бір құнажын орнына төрт серкеш есебін енгізіп, әр түтіннің жағдайына қарай бөліс жасайды. Сиыры жоқтар ешкі немесе лақпен төлейді. Байлар да, кедейлер де бұл шешімге риза болады.
Ел:
– Қолымыздағыны алса – риза, қолымызда жоқты сұрамаса – одан да риза, – десе,
болыс:
– 500 құнажынның бәрі жиналса болды, – дейді.
Оразалының бұл ісі әділдігімен жұртқа жайылады. Халық арасында беделі өседі. Болыс та іштей мойындап, әр жиын мен кеңесте Оразалыны қасына ертіп жүретін болады.
Көк Тұма бітімі (1895–1903 жж.)
Елге әйгілі Албан мен Қызай арасындағы «Көк Тұма бітімі» 1895–1903 жылдары болған. Бұл бітімнің мақсаты — екі ел арасындағы барымта, жер және жесір дауларын шешу еді.
Екі ел басшылары – қазақ пен қытай шенеуніктері (ояз бен жаңжүн) қатысқан жиында сөзден гөрі күшке жүгіну басталады. Сонда ояз бен жаңжүн:
– Екі жақтан екі ақын шығып, болған істі өлеңмен айтысып шешсін. Кім жеңсе, сол жақтың талабы орындалады, – дейді.
Қызай елі бұл шартқа келіспейді. Сасан бастаған ел басшылары:
– Қазақта “өлеңмен дауды шешу” деген болмаған. Бұл – салтымызға қайшы, – деп қарсы болады.
Бірақ Албан елі келісіп, өздерінің атақты ақыны Одаманды алдырады. Ал қызай еліне қарсы айтысатын адам керек болады. Сол кезде жас Оразалы орнынан тұрып:
– Егер қызай анамның аруағы қолдаса, ақсақалды аталар бата берсе, айтысамын, – дейді.
Сасан бастапқыда тыйым салады, бірақ ел ішінен қолдаушылар табылады. Ширбай деген кісі батасын беріп, көк қасқасын сойып, Оразалыға рұқсат береді.
Аз ауылым едің, қызай,
Көшіп кеттің ұзай.
Жалындаған жас екен,
Медет бер өзің, құдай!
Бабаң бата береді,
Топ қайырын сұрай, —
деп Ширбай қария бата қылады.
Оразалы мен Одаман айтысы бір күн, бір түнге созылады. Ертесінде Одаман сөзден жаңылып, жеңіледі.
Оразалының шешендігі мен ақындығы Албан мен Қызай еліне мәлім болады. Осы оқиғадан кейін ол қызай елінің қыдырлы ақыны әрі әділ биі ретінде танылып, ел ісіне белсенді араласады.
Оразалының атағы мен беделі өсіп, болыстар мен билер оған:
– Сен біл, сен айт, — деп кеңес сұрайтын дәрежеге жетеді.
БОЛЫСТЫҚҚА БӨЛІНУ ЖӘНЕ СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ (1906–1909)
Зәңгі болып ұзақ жыл елге қызмет еткен Оразалы 1906 жылға келгенде болыстар арасындағы наразылық пен ішкі бақталастықтың ортасына түседі. Сол тұста Кәдірсіз болыс пен Тергеусіз болыс бір-бірімен келіспей, ел ішінде дау көбейеді.
Бұл кезде қызай елі ішінде үлкен жиналыс өткізіледі. Кәдірсіз үй тіктіріп, сиез шақырады. Оразалыдан басқа Бегімбет пен Дербістің бірнеше биі мен зәңгісі келеді. Бірақ мәселе шешілмейді. Тергеусіз елші жіберіп:
– Жағдайды айтып, Оразалыны тез келтіріңдер, бәріміз бір Бегімбеттің баласымыз, бұл жолы келмесе болмайды, – дейді.
Хабарды естіген Оразалы баруға келіседі де, жолдастарына:
– Күнес суы қандай екен, сал байлап өтеміз бе? – дейді.
Сонда олар:
– Жоқ, арғы бетке ат дайындап қойды, бізді Құнажын өткелінен өткізіп алады, – деп жауап береді.
Оразалы ойлы кейіппен:
Қас суындай емес қой Күнес өзен,
Алқын-жұлқын талай жанды тойдырған,
Аққу-қаз айдынында асыр салып,
Су бүркіт те бұза алмас шырқын, —
деп, ағайын арасындағы келіспеушілікті табиғат көрінісімен бейнелейді.
Құнажын өткелінен өтіп, арғы бетке жеткенде, оларды тосып отырған адамдар аман-есен өткізіп, сиез орнына алып барады. Келсе, екі болыс екі төбеде руларына бөлек жайғасқан. Мұны көрген Оразалы:
– Өгей баладай төбе-төбеде отырғандарың не? Шағыр атамның шаңырағы сендерге тарлық етсе, Қызай анамның күл-қоламтасына жүріңдер! — деп ескерту айтады.
Сөзден жеңілген Кәдірсіз болыс:
– Үй тіктіріп қойғанмын, келіңдер, тосып отырмыз, — деп өз ауылына бастайды.
Үйге кірген соң, Тергеусіз Оразалыға орын береді. Кәдірсіздің көңілі бұған ауа ма деп қауіптеніп, насыбай шақшасын ұсынып:
– Насыбайға қалайсың? – дейді.
Сонда Оразалы күлімдеп:
Насыбай иіскеуші ем атпайтұғын,
Әдетім бар әділ істі жақтайтұғын.
Мақалы бұрынғының тура келді-ау,
Бір қазанға екі қошқар басы батпайтұғын, –
деп жауап береді де, екі болысқа ақыл айтады:
– Бір қызайдың баласы бола тұра көлденең сөзге еріп, сүзіскілерің келіп жүр ме? Екеуің тату болсаң, не жетеді. «Ағайын ала болса, ауыздағы кетеді; ағайын тату болса, төбедегі келеді», – дейді.
Осылай түн бойы өлең айтып, домбыра шертіп, ынтымақ, бірлік жайлы мысалдармен ел ағаларына ой тастайды. Келесі күні сиез де ашылмайды, екі болыс та өзара келісіп тарайды. Бұл түнгі сөздер екеуіне де сабақ болған еді.
Енші дауы және болыстықтың бөлінуі
1906 жылдың соңында Оразалы Тергеусізге барып:
– Маған енші бермейсіз бе? – дейді.
Болыс бастапқыда:
– Қолы қысқа шығар, мал не керек дейсің, – деп ойлап, «болады» деп уәде береді. Бірақ кейін бұл сөзін орындамайды.
Оразалы бұған ренжіп, Тергеусіздің басқа ағайындарына барып:
– Болыс бастап уәде берген еді, енді аяқсыз қалдырды, айтып, маған енші алып беріңдер, – дейді.
Олар болысқа барғанда, Тергеусіз ашуланып:
– Бұл менен мал алғалы жүрген жоқ, елді бөліп алмақшы. Ата-бабадан қалған болыстықты бұзбақшы, бұған тірі тұрғанда көнбеймін, – дейді.
Ара ағайындар қанша бітім айтса да, екі жақ келісе алмайды.
Сонда бір жиналыста Оразалы:
– Болыстықты бөліп, елімді үш күн өз еркіне беріп кетсем де арманым жоқ, – дейді.
Кәдірсіз болыс бұған өкініп:
– Әттеген-ай, неге сонша қысқа тілек тіледің, – дейді.
Ақыры қоймасқа көзі жеткен Тергеусіз амалсыз келіседі. Шақпы суын шекара етіп белгілеп, дербістің Машағаны Мампаң мен Оразалыны жаңа болыс деп жариялайды. Осылайша бұрыннан бір болған Бегімбет пен Дербіс елінің болыстығы алғаш рет бөлінеді.
Кейбір ақсақалдардың айтуынша, бұл іс Мәтенің Күре жамбылынан әкелген арнайы қағазының арқасында бекітілген. Басқалары:
– Тергеусіз өзі де ағайынның келісімімен еріксіз көнді, – дейді.
Сөйтіп, 1906 жылы Оразалы дербіс елінің алғашқы болысы атанады. Бұл – атадан балаға мирас болып келе жатқан болыстық дәстүрінің алғаш рет бұзылуы еді.
Мәтенің Тарбағатайға ауысуы
Болыстыққа сайланғаннан кейін бір жыл өткен соң, 1907 жылы Мате Оразалыға арнайы келіп:
– Мен Тарбағатайға ауысатын болдым. Онда Демежан деген мықты адам бар. Ол үкімет салығын бермейді, ұлықтарды сыйламайды. Егер мен онымен келісе алмасам, Іледегі қазақ ханы бар деп саған жүгінемін. Сонда сен барып, менің әділдігімді айтып бер, – дейді.
Оразалы:
– Болады, бара көрерміз, – деп келіседі.
Арада тағы екі жыл өтеді. 1909 жылы көктемде Тарбағатайдан Мәтенің адамы келеді.
– Мате мен Демежан қағысып, даулары шешілмей жатыр. Үрімжіден жаңжүн де келген, бірақ екеуін татуластыра алмай, енді қазақ ханының алдына жүгінбек. Сол үшін сізге хабар жіберді, – дейді.
Оразалы май айында жолдасы Мұңғылдықты ертіп, Тарбағатайға аттанады. Ол кезде Оразалы 44 жаста, бәйбішесінен төрт баласы бар еді. Оның көк шыбар аты болатын – топ алдында тек сол атты мінетін, ал басқа уақытта жетектеп жүретін.
ҚАСТЫҚ ЖӘНЕ ҚАЙҒЫЛЫ ҚАЗАСЫ (1909 ЖЫЛ)
Тарбағатайға жету оңай жол емес еді. Оразалы мен Мұңғылдық бірнеше күн жүріп, елге таяп келгенде, жанындағы серігіне:
– Сен бара бер, біз ертең түсте жетеміз, — деп жолға салып жібереді.
Ертесіне Оразалы ақ шыбар атына мініп, Тарбағатай жамбылына жақындайды. Сол кезде ұлықтардың әдеті бойынша, жамбылға атпен емес, жаяу кіріп, белбеу мен қамшысын шешіп, ұлықтың алдына тізерлеп барып амандасу керек еді.
Бірақ Оразалы бұл салтты бұзады. Ол ақ шыбар атының бар екпінімен жамбылға тікелей шаба кіріп, халық назарына ілігеді.
Мате оны көріп, қарсы шығып, қолтықтап түсіріп, жылы жүзбен амандасады:
– Қазағымның ханы, қадірің қатты өтті ғой! Үйірінен бөлінген қаздай қаңқылдап, шөлде қалғандай болдым, – дейді.
Оразалы да ілтипатпен жауап береді:
– Қайран, қайырымды ұлығым-ай! Әділдігіңмен ел басын құрадың ғой, – дейді.
Сәлден кейін Жаңжүнге амандасып, Мәтенің әйелі мен балаларына сәлем береді. Олар Оразалыны үйге кіріп, қонақ болуға шақырады.
Бірақ Оразалы сыпайы түрде:
– Мен қазақтың салтын аттап, сендерге келгенімнің өзі құрмет. Ана тұрған ел ішінде не бір киелі ақсақалдар, не бір қасиетті азаматтар бар емес пе? Соларға барып амандасып, хал сұрайын, – дейді.
Мәжбүр болған Мате мен Жаңжүн де еріп шығады. Оразалы ел ішін аралап, әр топқа барып амандасады.
Осы кезде Демежан да сонда еді. Ол Мәтемен қол берісуге құлықсыз болса да, Оразалының жүзін көріп, сабыр етеді.
Барлық ел амандасып болған соң, Оразалы Матені ертіп, өз ордасына кіреді. Бірақ ол:
– Мен жалғыз бармаймын, мына ел ішіндегі игі жақсыларды да ертіп кіремін, – дейді.
Жаңжүн бұған келісімін білдіреді. Сөйтіп, Демежан бастаған ақсақалдар, ел ағалары жиналып, бәрі бірге жамбылға кіреді.
Оразалы сол түні ел алдында өлең айтып, домбыра шертіп, халық пен билік, әділдік пен ынтымақ туралы толғау айтады. Ол өлеңінде былай дейді:
Халықсыз хан тақта отыра алмайды,
Халық қараңғыға қамалса, серкесіз қойдай адасады.
Ұлық жемеңгер болса, ел тозады,
Ел бұзылса, ұлықтың да еркі кетеді.
Осылайша елді аузына қаратып, бір түн бойы әділдік пен ел бірлігі жайлы толғанады. Мәтенің де, Демежанның да іші жылып, бұрынғы ыза тарқайды.
Ертесі күні Мате мен Демежан татуласып, екі жақтың дауы шешіледі. Бұл істі халық Оразалының даналығы мен әділдігінің нәтижесі деп бағалайды.
Қалимаға үйленуі
Бірер ай ел аралап жүргенде, Оразалының көзі бір қызға түседі. Мұны Демежан байқап, оны айттырып алып бермек болады.
Қалима атты сол қызға қалың малын өзі төлеп, Оразалыға қосады.
– Екеуміз құшақтасып дос болмасақ та, жұрттасып барып-келіп тұрайық, — деп ықыласын білдіреді.
Оразалы да риза болып, сол елде тағы екі айдай жатып қалады.
Қастандық
Ел жайлаудан қайтарда Демежан мен Оразалы елмен бірге көшпек болады. Қалима өз отауында қалуы тиіс еді. Демежан көш көлігін дайындап, Оразалыны шығарып салар алдында Мәтеге де хабар жібереді.
Мате ойында арам пиғыл ұстап, Оразалыны қонаққа шақырады. «Қоштасып шығарайын» деген сылтаумен үйіне түсіреді.
Оразалы еш жамандық ойламай, келісіп барады. Мәтенің ойы – өз билігі мен беделін күшейтіп жүрген екі қазақ мықтысының (Оразалы мен Демежанның) бірігуінен қорыққан.
Сол түні ол арам оймен Оразалының үзенгісіне у жағады.
– Егер ол елге жетпей жолда өлсе, кінә маған артылмайды, – деп жымысқы жоспар құрады.
Оразалыны ертеңіне шығарып салып, Демежан екеуімен жылы қоштасады.
– Сақ болғайсың, — деп сөзін аяқтайды.
Қайғылы қаза
Он шақты адаммен бірге жолға шыққан Оразалы үш қонып, төртінші күні Майтөбе деген жерге жетеді. Сол жерде Торғай Ыбырайым деген кісінің үйінде қонып, түнімен ауырып шығады.
Ертесіне тағы еру болып, ауруы асқына береді. Удың әсері денесіне тарап, оң аяғынан бастап бүкіл денеге жайылып, жүрегіне шабады. Үш күн азаптанып, сол жерде дүние салады.
Еліне, жеріне деген қоштасу жырлары мен соңғы сөздері халық аузында сақталып қалған.
Қайғылы хабар елге жеткен соң, туыстары мен қызай елінің игі жақсылары жиналып, Оразалының сүйегін Уайыс мазарына жерлейді.
Қалима жоқтау айтып, жыл толғанда қайнысы Қанапияға қосылады.
Қастандықтың жазасы
Мәтенің уы зая кетпейді. Демежан мен Оразалының әділ рухы ел жадында сақталып, көп ұзамай 1912 жылы Демежан жалған жаламен дарға асылады.
Бірақ көп ұзамай Мате де өз жазасын алады. Ол есінен айырылып, жындыға айналады.
– Міне, Оразалы келе жатыр! Міне, Демежан келе жатыр! Олар мені тірідей өлтіреді! – деп айғайлап, көшеде жалаңаш жүретін болады.
Ақыры сол күйінде азаппен өледі.
Қорытынды
Оразалы Жанпейісұлы — 1865 жылы туған, 1909 жылы 44 жасында қастықпен қаза тапқан. Қысқа ғұмырында ел қамын жеп, әділдігімен, шешендігімен, ақындығымен жұрт есінде қалды. Оның өмір жолы — елдік, әділдік пен намыстың, халыққа адал қызмет етудің үлгісі. Бүгінде халық жадында сақталған жырлар мен аңыздар — Оразалының өмірі мен еңбегінің мәңгі ескерткіші. «Халық – тарихтың қамбасы» дегендей, Оразалының өнегелі өмірі мен ерлік істерін ұрпақ ұмытпайды.
ТҮСІНІКТЕР:
Күнес – Іле өзенінің саласы, қазіргі ҚХР аумағындағы өзен.
Күре – Қытайдағы Іле аймағындағы қала (әкімшілік орталық болған).
Мате (Мәте) – Сібе ұлтының өкілі, Іле өңіріндегі манжұр әкімінің өкілі.
Жаңжүн – Цин (Манжұр) империясы кезіндегі аймақтық губернатор лауазымы.
Зәңгі – ел арасындағы әкімшілік-рулық өкіл, төменгі деңгейдегі билік иесі.
Ояз – патша үкіметі тұсындағы уезд басшысы (орыстың «уездный начальник»).
Қызай, Албан, Бегімбет, Дербіс – Ұлы жүз. Орта жүз құрамындағы рулардың аттары.
Көктұма бітімі – Албан мен Қызай арасындағы тарихи татуласу жиыны.
Құнажын өткелі – Күнес өзеніндегі өткел атауы.
Указ молда – Қытайдағы мұсылман қауымының ресми діни хатшысы.
Демежан – 19–20 ғ. Іле–Тарбағатай өңіріндегі тарихи тұлға
Уайыс мазары — Оразалы жерленген киелі орын, Қызай елі мекені.
Жамалбек Шәймарданұлы
Дереккөз: Күнес тарихи материалдары.
Редакторы Андас Омарақынұлы.
“Q-andas” ақпараттық агенттігі.











