Түптеп келгенде, ғұн ақсүйектерінен бастау алатын бірлік, берекелік, ерлік, елдік сияқты тағылымды тұжырымдардан басталған ел билеу жолы сонау Тарғытай Афрасиябтан (Алып Ер Тұңға) Иданбарыс патша мен Тұмар патшайымға, одан Мөде тәңірқұтынан Елжау күнбиге, Еділ патшадан Күлтегін мен Білге қағанға, одан Тоныкөктен Майқы бабама, Керей, Жәнібек бастаған қазақ хандығының тізгінін ұстаған хандарға, одан Абылай сынды ақиыққа, соңғы көкжал Кенесарыға дейінгі көктүрік қанынан ұйыған әрбір кіндіктіге беріліп, желісі үзілмей бүгінгімен сабақтасты. Қысқасы, бұл ханға, ел билеушісіне бағытталған жалқы ұғым емес, билік жүйесінің бірегейлігін білдіретін жалпы ұғым.
Біздің арғы ата-бабаларымыз қиыр Шығыстан Батыс Еуропаға, Сібірден Үндістанға дейінгі аумақты алып жатқан мемлекеттердің дамуында екі мың жыл бойы елеулі рөл атқарып келді. Орасан зор кең-байтақ аумақта қоныс аударумен болған көшпелілер Еуразияның этностық және мемлекеттік бет-бейнесін бір емес, бірнеше рет өзгертті. Жалпы, қазақ қоғамының ел билеу жолы әр дәуірде әртүрлі көрініс тапты. Ол кейде елдің саяси өмірімен ұласып кетсе, енді бірде әлеуеттің әлеуметтік жағдайымен қабысып жатты. Ал бірде халықтық өнердің ұйытқысы болған сал-серілік дәстүрмен қабаттаса өрбісе, ел басына екіталай күн туып, ер етігімен су кешкен кезеңде батырлықпен сабақтасып, бейбіт күнде сөз жарыстырған елшілікпен өріліп отырды.
Белгілі ғалым Нығмет Мыңжанұлы «Үйсін туралы жалпы шолу» атты еңбегінде: «…Үйсін елінде ханға көмектесіп, бүкіл елді басқаратын өкіметтік ұйым болды. Оның негізгі лауазымдары күнби, дулы (бас уәзір), қолбасы, оңқа (ру-тайпа басшылары), дарту (қолбасшының көмекшісі), абыз, ұлыс бегі сияқты тоғыз топқа бөлінді», – деп анықтап берді. Демек, ғұн мен үйсін елінің осы дәстүрі Түркі қағанатында да жалғасты. Мұны қорқыт жырындағы: «Елден елге, Бектен бекке қобызын артып қасына, Ұзандар жүр ел кезіп», – деп келетін ұзақ жырынан таба аламыз. Тіпті, түркі дәуіріндегі хан кеңесі де сол дәстүрмен сабақтасып отырған. Ал Шыңғыс хан өзінің алғашқы қадамынан бастап, атаулы бір ру, тайпаларға емес, шар тараптан шыққан, тілегі, мақсат-мүддесі ортақ жекелеген тұлғаларға арқа сүйегені, әрқилы ру, тайпалардың бөлініп қосылған топ, жарқаларын ұйыстырғаны, ақыры, жалпы жұрт жаппай қидаласқан азамат соғысында түбегейлі жеңіске жеткені мәлім.
Қыпшақ даласында хандық билікті бір орталыққа шоғырландырып, елді айналасындағы ақылмандар арқылы басқарудың баянды жолын қалыптастырған билеушілердің бірі Жошы хан. «Жошы ханның өзі бір ғажайып сері. Ол қасына атақты жырауларды, ақындарды, сал-серілерді, әнші-күйшілерді топтап бірыңғай сауық үстінде болған. Оның сұлулықты жақсы көруі бойынша әкесі жыл сайын Балқаш төңірегіндегі құлан-Ойнақ даласына әдейі аң аулауға келгенде қыпшақ елінің «сыйы» деп, оған он мың боз ат, он мың әдемі қара ат тарту етіп отырған» (Рашид ад-дин). Жошының жолын жалғастырған, қазақ хандығын құрушы әз Жәнібек ханның мемлекеттік ішкі-сыртқы саясатын жүргізіп отыратын алпыстан астам биі болған екен. Сондай-ақ, әз Жәнібек хан ел билеудің ұйымдық құрылымын ауыл, аймақ, ру, арыс (тайпа,), ұлыс, жүз, хандық сияқты жеті жікке бөліп, солардың арасынан шыққан білгір, білімді, білікті адамдарды айналасына топтаған. Тіпті, көрші елдерге жастарды жіберіп оқытып, елдің келешек тізгінін ұстайтын мұрагерлерді тәрбиелеп отырған.
Қазақтың көрнекті жазушысы Ілияс Есенберлин «Алтын Орда» романында былай деп жазады: «Жәнібек ханның тұсы – осы түркі тілдес көне жұрттардың Шығыс елдерінің мәдениетіне, әсіресе араб, фарсы мәдениетіне жақындай түскен кезі еді. Кешегі көшпелі елдердің бекзадалары, тұрғын елдің ақсүйектері тәрізді, кұр ғана хат танып коймады, алдыңғы қатарлы Шығыс елдері тудырған ғылымдармен де шұғылдана бастады. Көптеген мешіт, медреселер тұрғызылды. Бұл медресе мешіттерге, балаларды окытуға, көшпенділерге мұсылман дінін кеңінен таратуға Дешті қыпшаққа, Еділ-Жайық жағасына Мысыр, Шам, Жезира, Диярбекер, Рум, Фарсы, Бағдаттардан қожа-молдалар мен оқымыстылар жиналды. Дешті қыпшақ жұрты да бұл елдерге ғылым-білім алуға өз балаларын жіберді. Міне, осындай Еділ-Жайықтың өзге жұртпен тек қана жауынгерлігі ғана емес, мәдениеті де қатар түссін деп, ағарту, өнер-білімге еліктеу саясатын кең жүргізгені үшін Жәнібекті қыпшақ, ноғайлы елдері әз Жәнібек, данышпан Жәнібек деп атады».
Әз Жәнібектің аталық жолын баласы Қасым хан, одан соң Ақназар жалғастырып, қол астындағы көпшілікке қол артқан саңлақтардың қатарынан орын алады. Қасым хан ел өміріндегі саяси жағдайға байланысты қазақ халқының ежелгі ғұрып-әдеттік ережелерін негізге алып, билер кеңесімен ақылдаса отырып, «Жарғы» заңын жасады. Бұл кейін «қасым ханның қасқа жолы» деген атаумен тарихқа енді. Бұл заң қазақ хандарының ғұрып-әдеттік ережелерін алға жылжытқан маңызды құжат болды. Сондай-ақ, ел билігі де сол заңның төңірегінде өрбіді. Қазақ хандығын ұзағынан 47 жыл басқарған Есім ханның тұсында «Қасым ханның қасқа жолына» толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп: «Хан болсын, ханға лайық заң болсын. Батыр болсын, жорық жолы мақұл болсын. Абыз болсын, абыз сыйлау парыз болсын. Би болсын, би түсетін үй болсын» деген ережелер қосылды. Бұл қазақ хандығы тұсындағы билік жүйесінің нығаюы мен толығуына зор серпін берді. Есім ханның өзі Ташкент шаћарының бас биі Досмұхаммед (халық әділдігіне қарап Дос би деп атаған) бидің адал ісіне қиянат жасап, Шымған жайлауында үш әйелі, он тоғыз баласымен қоса сол күнгі қонақтарымен бірге демалып жатқанда қырық қарақшысын жұмсап, бір түннің ішінде қырғызып тастаған Тұрсын ханның басын алғаны қазақ ұғымындағы хан мен нөкер арасындағы қатынастың қоюлығы қаншалықты деңгейде болғанын аңғартады.
Ал Тәуке хан «Күлтөбенің басында күнде кеңес өткізіп», «Қасқа жолдың» бұрынғы 5 тарауына екі тарау қосып, «Жеті жарғыны» жасап шықты. Айта кетерлігі, «Жеті жарғының» жасалуына үш жүздің ойшыл, саңлақ билері Төле би, Қазыбек би, әйтеке билер мен ел арасынан шыққан беделді билер, қол бастаған батырлар да үлкен үлес қосты. Бұл үрдіс Абылай мен әбілқайыр хандар тұсында тіптен кемелденіп, керегесін жая түскені мәлім. Олар би-шешендер, сал-серілер мен батырларды маңына топтап, ел ісін жүргізудің берекелі жолын қалыптастырған. Атақты Абылай хан билік жүргізгенде оның хан кеңесіне қатысатын түрлі дәрежедегі қырық екі биі, жорықта қол бастаған сексен бір батыры болыпты.
Қарт Бұқар жыраудың:
Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай,
Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай.
Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай,
Үш жүзден үш кісі құрбан қылсам,
Сонда қалар ма екен жаның-ай! – деген жыры тек Абылай ханға ғана арналмаған. Ханмен бірге қарашаның қамын жеген көмекшілерінің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жүргізген саясатының арқасында қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманның орнағанын меңзейді. Бұл «Саусақ бірікпей, ине ілікпейтінінің» тағы бір көрінісі. Қазақтың соңғы хандарының бірі Жәңгірдің де он екі биі, батырлары мен сал-серілері болғаны тарихи жазбаларда сақталған. Сонымен қатар, Жәңгір ханның айналасында да көп тіл меңгерген білімді адамдар болған. Мұның өзі ханның маңында қандай адамдардың болғанын көрсетеді.
Расында, қазақ халқы Алланың назарына, оң қабағына іліккен періште пейіл халық қой. Көші тығырыққа тірелгенде халықтың арасынан ақыл-парасаты мол, қайсар емендей тұлғалы ұлдары суырылып шығып, ауған жүгін түзеп, тың өріске бастады. Осы тұста Жұмабек Тәшеновты, Дінмұхамет Қонаевты айрықша атай кеткен жөн.
Бір айта кетерлігі, қазір еліміз Президенттік басқару жүйесінде болғанымен түптеп келгенде барлық билік құрылымы кешегі Үйсіннен бастау алған ұлы жолдан ауытқып кетпеген. қазіргі мемлекет басқарудың барлық тетігі сол байырғы ел билеу жолын сақтап, дамытып отыр. Кейбір зерттеушілер қазіргі қос палаталы парламенттік жүйенің Үйсін хандығы дәуіріндегі абыз сайлау, қазақ хандығы тұсындағы би сайлау дәстүрінің жалғасы екенін дәлелдеп жүр.
Түйін
Зерделеп көрсек, қазақ тарихында ел билеген дана хандар, жұрт қорғаған жаужүрек батырлар, халқын қиындыққа ұрындырмай, тығырықтан алып шыққан дана билер, тағы басқа да жақсы-жайсаңдар көп болды. Бұл қазақ халқының бай мінезді, тамаша қасиетті, таза пейілді, шыншыл мінезді, ұйымшыл, елжанды болғанын аңғартады. Ендеше, осы дәстүр жалғастығын бүгінгі өскелең ұрпақтың санасына сіңіретін ұтымды жолдарды қарастыру егемен ел болашағының баянды болуына жол ашады.
Қажет АНДАС.
Дереккөз: https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1549004
Q-Andas ақпарат











