Осы жолы Яусылиң Күнеске келудегі мақсаты – Күнесті өз алдына бір аудан етіп, оның орталығы болатын қаланың орнын тиянақтандырып кету.
Талды шежежүйінің бастығы Хусыңтау дейтін адамды ертіп, «Бестөбенің» кең жазығын көзден кешіреді. Ол аумағы кең, тынысты, қала түсуге қолайлы, шарт жағдайы толықтай көрінеді деген ойға келіп, алдынан қарсы ала шыққан ел басшыларына Күнестің бас-аяғына бірдей қарым-қатынас жасауға да қолайлы екен деп, көгалды жазықтан қаланың орнын белгілеп, қазық қақтырады. Көше сызығын тарттырады.
Кетерінде құрылыс салуды ел басшыларына нақты тапсырады. Талдыдағы үкімет органдарын «Бестөбеге» көшіріп келіп, қатысты мекемелерді, қоғамдық ұйымдар мен мектептерді, клуб, астық қамбаларын салуды, оны тез қолға алуды айтады. Қаланың негізін қалау үшін сол кездегі ауқатты байларды жұмысқа кірістіріп, оларға жер кесіп беріп, құрылыс салуға міндеттейді. Аты аталып, тізімге алынған адамдар мақұл болып, қала құрылысын салдыруға жауапты болып кіріседі.
Яусылиң нұсқауы бойынша қаланы құрылыстандыру жұмысын ұстайтын Юанхұй құрылып, бұған Жәйірбек, Әбдірасұл, Сатыбалды, Сүлеймен, Ақбар, Баратбек қатарлы ел басшылары ие болып, қала құрылысын салуға қамданады. Сөйтіп екі-үш жыл ішінде көптеген құрылыстар, қора-жайлар салынып, 1940 жылы «Бестөбе» қалашығы бой көтеріп, кәдімгі қалашық бейнесін көрсетеді.
Қаланы шаршы формасында салуға нұсқау еткен еді. Кейін сол бойынша қаланың орталығы етіп негізгі көшені белгілеп, шығыс жағына Досымбек, Алпысбай, батысына Қайырбек, Бататар секілді адамдар үй-жай салады. Енді бір көшенің бойынан Еркінбекке, қарсы жағынан Сатыбалдыға жер кесіп беріледі.
Алғашқы болып салынған үй — Жәйірбектің үйі болды. Бұл үй Орта Азия стилінде салынып, төбесі қаңылтырмен қапталады. Бұған ел еліктеп, байлар да құрылысты көрікті етіп, асты-үсті тақтайлы, айваны және пеші бар еңселі құрылыстар көптеп салады.
Қаланың көркеюі үшін белсенділік көрсетіп үй салғандар — Сабырхан, Дәулетқан, Нұрқасым, Мұрсалбек, Құсайын, Әмірәлі, Әмірхасым, Әбдуәли, Ақбар, Сүлеймен, Қанапия, Рабий, Керімбек, Тұрысбек, Мұстапа, Сапарқан, Омарәлі, Әбілқасым, Әңкебай, Қауаймам, Батжан, Оразақын, Шаңыя, Мәуленақын, Өмірақын тағы басқалар үй салып, көркем етіп, араларынан көше қалдырған.
Сол кездегі зиялылардан – Әбдәрасыл, Санат, Райыс, Иманәлі, Зейіш, Имаш, Қамит, Құрман, Уайыс, Арын, Жалел, Базылбек т.б. қора-жай салады.
Негізгі көшенің шығыс жағынан аудандық үкімет, клуб, кооператив секілді үкімет мекемелері, қаланың оңтүстік жағынан сақшы, бажы мекемелері, қазақ үйлері, үкімет қарауындағы астық қамбасы, мектеп орналасады.
Мұнан тыс Баян, Бөгенбай, Сады, Тоқай руларының кедей-кепшіктері де балаларын оқыту мақсатымен жер алып, қора-жай салып, қаланың аумағын кеңейте түседі.
Құрылыс салуға келген кейбір ұйғырлар да кетпей, тұрақтап қалады. Қора-жай салады, көше бойларына ағаш егіп, тоған тартып, құрылыстану жыл сайын дами түседі.
1940 жылы Еркінбектің Теоқарадағы ағаштан салған мектебін «Бестөбеге» көшіріп әкеледі. Бұған Күркілдек мектебін қосып, екі мектепті ағаш материалынан пайдалана отырып, он кластық, толық емес класы бар мектеп салынады. Бұл мектептің бастығы Жаңжаулин, ғылыми меңгерушісі — Нұрғали Рабиұлы, мұғалімдер сабақ өтіп, мектептің көркеюіне үлес қосады.
1940 жылы «Бестөбе» қалашығы Күнес ауданының орталығы болып белгіленеді. Осы жылдан бастап ауданның оқу-ағарту, мәдениет істері дамудан тыс, сауда-саттық істері де қанат жаяды.
Жәйірбек, Еркінбек, Құсайын секілді ауқатты адамдар кеңсе, дүкен ашып, пайдаға батып, саудасы қыза түсіп, қора-жай салып, жергілікті адамға айналғандар көбейеді.
Қолынан өнер келетіндер — асхана, наубайхана, қасапхана, етікші, тігінші, қаңылтыршы, ағаш ұсталары көбейіп, кең жері бар, пайдасы мол жаңа қалашықтан мекен ұстап, туыс-туғандарын шақырып, үй салушылар көбейеді.
Түнейтін орындар, бекеттер құрылып, жазы-қысы жүк тасымалдаумен айналысатын арбакештер, есекші керуендер, атшы жолаушылар пайда болып, Құлжаға дейін барып-келіп жүрген. Пайдасын білген Еңсебай секілді қазақтар да бекет ашқаны белгілі.
1945 жылдан кейін «Бестөбе» қалашығы ауданның негізгі орталығына айналып, оқу-ағарту, сауда-саттық істері дамып, қалаға келіп қоныстанушылар көбейе түседі.
Бұрынғы «Бестөбе» мектебі орталау мектепке айналып, Күнес ауданының түкпір-түкпірінен оқушылар қабылдап, жаңаша оқу жүйесі бар, жатақханасы бар мектепке айналады. Оқу-ағарту бағдарламасы Кеңес Одағының оқулықтары негізінде жасалып, сабақтар сол бойынша өткізіледі.
Қазақ орталау мектебінен тыс, қазақ, ұйғыр, орыс бастауыш мектептері құрылып, қалашықтың халық саны артып, отырықшылар көбейіп, жаңадан құрылыстар салынып, аулалар өрік, алма, түрлі шырынды жемістермен толтырылып, қалашықтың бұрынғы бейнесін өзгертеді.
Осы жылдан бастап үкімет тарапынан мойынсерік, шикізат мекемесі, бажы мекемесі, одақ мекемесі, емхана, пошта, орман бөлімшелері құрылып, қалашықтың негізгі көшелері ретке келтіріліп, тоған тартылып, жиектері орманмен көмкеріліп, қалашықтың көркі арта түседі.
Көп жылдан бергі гоминдаң езгісінен, алым-салықтан құтылған әр ұлт халқының тұрмыс жағдайы жақсарып, қалашыққа қарай тартылып, әртүрлі кәсіппен айналысатын қазақтар көбейіп, «Бестөбе» қалашығының оңтүстігі мен солтүстігі ұзарып, бұрынғы бос жатқан орындарға қоныстанушылар көбейе түседі.
1949 жылдан кейін қоғамдық құрылымда өзгерістер пайда болды. Бұрынғыға қарағанда кадрлар саны көбейіп, қалашыққа қоныс аударушылар арта түсті. Аудандық партия комитеті, аудандық халық үкіметі құрылып, ауданның бет-бейнесі өзгереді. 1953 жылдан кейін аудандық партия комитеті мен халық үкіметінің жаңа ғимараттары салынып, көшелер ретке келтіріліп, жыл сайын ағаш егілуде, бау-бақшалы, орманды қала келбеті пайда болды.
Арада жиырма жылға жуық солшыл саясат үстемдік етіп, шекара аудандарында құрылыс қарқыны тоқырап, мемлекет тарапынан салынатын құрылыстардың саны азайды. Бұрынғы көне клуб тозып, алпысыншы жылдары көзге көрінерлік бір ғана жаңа кірпіштен салынған клуб бой көтерді.
Жаңадан көптеген мекеме, мектеп, кәсіпорын, зауыт, көп қабатты үйлер, асфальт жолдар, цемент төселген көшелер пайда болып, «Бестөбе» қалашығы енді шынайы қалаға айналып, көлемін кеңейтті.
Айталық, Шақпы ауызындағы Күркілдек электр стансысына дейін жалғасқан қала шоғыры пайда болып, Қарашоқыдан түнде қараған адамға, бейне көктегі қалың жұлдыздай жымыңдаған, желісі тартылған қаланың түнгі көрінісіне таңырқай қарап, сүйсінер еді.
Бұл күнде ынтымағы жарасқан әр ұлт халқы қаланың көркеюіне, дамуына үлестерін қосып, өнеркәсібі де бар, егін және мал шаруашылығы да бар, оқу-ағарту, мәдениеті дамыған Бестөбе қаласы көп қабатты үйлермен көзге түсіп, бой көтеріп, болашақта да дамитынын көрсетіп отыр.
Редакциядан: Бүгінде Бестөбе қалашығы қала статусындағы әкімшілік құрылымға айналды. Барып көргендер тамсанып, таңғалып қайтады. Өркендей бер, өскен жер.

1991 жыл 2025 жыл

1991 жыл 2025 жыл

1991 жыл 2025 жыл
Дереккөз: “Күнес ауданының тарихы материалдары” атты желілес кітаптың №2 санынан алынды.
Жауапты редакторы: Андас Омарақынұлы.
Q-Andas ақпараттық агентігі











