Осы ретте қан майдандағы ұрысқа азық-түлік, құрал-жарақ, оқ-дәрі таситын теміржолшылар ерлігі ерекше ардақтауға татиды. Әрине, Кеңес өкіметі теміржол жүйесін екінші армия ретінде қарастырып, ондағы жұмысшыларды майданға аттандыруға тыйым салды. Дей тұрғанмен, ұрыс шептеріне тікелей тасымал жұмысын атқаратын шойынжолшылар үнемі өлім мен өмірдің арасында жүрді. Сол қатарда жетісулық қазақ қызы Алтынай Есболатова үш жыл, тоғыз ай ажал сепкен азапты күндерді бастан кешірді. Матай стансысы бүгін де солтүстік пен шығысқа ағылған паровоздардың үнімен таң атырып, кеш батырады. Ондағы жұрт шойынжолдың осы бір мазасыз тірлігіне көндігіп, нәпақасын тауып келеді. Бұл мекеннің аты айдай әлемге таныс. Оның бір себебі Калашников автоматына қатысты болса, екіншіден, аядай ауылдың тұрғындары батыр қызы Алтынайдың атымен өрілетін ерлік істермен мақтанатыны белгілі. Апамыз 1923 жылы Ақсу ауданына қарасты Бұрған ауылдық советінде дүниеге келді. Ол тұста жаз жайлау, қыс қыстауда кең көсіліп жататын қазақ ауылдарына кеңестік саясаттың кысымы дендей бастаған еді. Қолында барын ұжымғм өткізіп, жер сипап қалған қазақ ауылдарының бір бөлегі шет ел асып кетіп жатты. Ал атақонысын қиып, алысқа кете алмаған жұқана жұрт келесі күнге деген сенім мен жігерді ұштап, тірі қалудың қамымен теміржолдың қара жұмысына бел шеше кірісті. Осындай шақта Жайнақ атаның үйіне қуаныш болып, Алтынай өмірге келді. Бұл қуаныш Ақсудың оң жақ, сол жағын сонау Құрақсуға дейін мекендеген қалың елге өлеңшілігімен танылған шешесі Қамиланың шабытын да аша түсті. Бірақ, жұпыны үйге жылылық сыйлаған сәбиге әке-шеше қызығын көру жазбаған сыңайлы. Шілденің ыстығы, қаңтардың аязында теміржолдың тоңын жібітемін деп еңбек етіп жүріп әкесі өмірден өтті. Ал анасы мен ағалары жұмбақ күйінде бақилық болып кете берді. Енді ес болады-ау деп жүрген әпке-жездесі Шөкен мен Айтқожадан да көз жазып қалды. Әке-шешесінен айырылғанда көз жасын көл еткен жас қыз бірте-бірте қайсарлана түсті.
– Сол ауыртпалықтар жүрегіме із салмай кеткен жоқ. «Ой түбінде жатқан сөз шер толқыса шығады», – деген Асан қайғы тәмсілі осыдан қалса керек, – деп күрсінеді кейуана.
Иә, қиындық біреуді шыңдайды, бәз біреуді ез қылады. Оның жүрегіне от тастап, жігерін жаныған да, жаудан кек алушы алдаспанға айналуына да осы жағдайлар әсер еткен болар.
Қорғансыз қалған бала енді Матайдағы кіші шешесі Шәлипаны паналайды. Осындағы мектептен жетінші сыныпты бітірген соң еш ойланбастан бірден теміржолға жұмысқа шықты.
– Әрине, менде ешқандай таңдау болған жоқ. Өйткені, осыншама ауыр күндерді бастан кешіргеннен кейін де шығар. Ойымда тек өз күнімді өзім көрсем деген ниет қана болды. Бір жағынан, бала күннен теміржолдың бойында өскендіктен, бұл сала маған жат емес еді, – деп еске алады сол күндерін.
«Осы бағытымнан таймасам болды, кейінгі күндер жақсарып кетер», – деген үмітпен жұмысқа кіріскен өрімдей қыздың үміті ақталмады. Соғыс деген суық хабар ел шетіне жетті. Ауыл азаматтары бірінен соң бірі майданға аттанып жатты.
Соғыстың аты – соғыс. Осыдан кейін барлық материалдық-техникалық мүмкіндік толығымен майдан мақсатына жұмылдырылды. Ол кездегі теміржолдың тәртібі де әскердегідей қатал болды. Майданға солдаттарды аттандыру, азық-түлік, оқ-дәрі, киім-кешекпен қамтамасыз ету теміржолдың міндеті саналатын. Бұған бас штаб та ерекше мән беріп отырды. Онсыз соғыс даласындағы тактикалық немесе стратегиялық қимыл-әрекеттерді ұйымдастыру мүмкін емес еді. Сол үшін Матай стансысына Донецк теміржолының бастығы Иван Акимович Кабанец жіберілген болатын. Ол өз жұмысына Матай локоматив депосының бастығы болып кірісті. Оның орынбасары Иван Полюда паровоз машинисі болып тағайындалды. Олар бір жағынан теміржол жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз етсе, енді бірде, дарынды конструктор Калашниковтың ізденісіне қолғабыс етті. Сол кезде Матай стансысына осылай жіті назар аудару тегін болмаса керек. Оның үстіне, мұндай жауапты міндет соғыс кеңесінің мүшесі, Кеңес Одағының маршалы Андрей Хрулевтің тікелей бақылауына жүктелгені де көңіл аударарлық жайт. Оған тағы бір себеп, сол жылдары Андрей Хрулевтің бұйрығымен тасымалдаушы ресурсын даярлау қолға алынады. Матайдағы теміржол саяси бөлімінің іріктеуінен өткен Алтынай апа жарты жылдан астам паровоз кочегары болып жүріп, машинист кәсібінің де қыры мен сырын игеріп алады. Мұнымен тынбай поездың кондукторлық жұмысын үйреніп, одан кейін үш ай Аягөзде бекет кезекшісінің оқуын бітіріп шығады.
– Ол кезде өзімнің соғысқа дайындалып жүргенімді білген жоқпын. Әйтеуір, үйренуге тиістінің бәрін меңгерсем деген ниет ғана болды. Қазір ойласам, соның бәрі соғыс майданындағы әскери поездың іркіліссіз ілгерілеуін қамтамасыз ету үшін жоғарыдан алдынала мұқият ойластырған даярлық екен.
Осындай дайындықтың бәрінен өтіп, теміржол жұмысына ысылып алған қазақ қызы 1942 жылы қаңтарда соғыс кеңесінің мүшесі Хрулевтің бұйрығымен құрылған №34 паровоз колоннасымен Сталинград бағытына аттанып кете барады. Сол жылдары Отан қорғауға Алтынаймен бірге 88 қазақ қызы да жол тартқан еді. «Балауса бітімдері жабырқауға жаралмаған, әлі тұрпайылықтан түк түсінбейтін бейкүнә періштелерді көпе-көрнеу азапқа, ажал аузына өздері жіберіп тұрғандай сезінген жұрт күйзеліп, күңіреніп кетті» деп еске алады сол сәттің куәсі болған апамыз.
Жайшылықта зираттың маңынан өтуден сескенетін Алтынай апа «Эм-722-03» паровозымен жан алып, жан беретін өртке оранған Сталинград майданынан бір-ақ шығады. Соғыс дегенді естігені болмаса, майданға кіріп көрмеген жас қыз төбе болып үйілген өліктерді көргенде үрейі ұшты. Қынадай қырылған адам да қисап жоқ. Теміржолдың бәрін өлік жауып тастаған. Бұл поезд қозғалысына кедергі болған соң, басшылық Алтынайдың бригадасына жолды аршу міндетін жүктейді. Онсыз да жүректері шайлығып қалған жастар басында үрпиісіп қалады. Сол кезде поезд шебері, ленинградтық Алексей Доронин: – «Балаларым, өлі адамнан қорқуға болмайды. Қорқу керек болса, тірілерінен қорқыңдар. Өлген адамның аяғын ұстасаңдар қорықпайтын боласыңдар. Өйтпесе, жүрек ауруына ұшырайсыңдар», – деп ағалық ақылын айтады. «Бірте-бірте оған да үйрендік», – дейді кейуана.
Соғысушы екі жақ тек жеңуді ғана ойлайды. Бірақ сол қасіретті майданда тосын жағдайлар да орын алып жататыны бар.
– Сталинград түбіндегі шайқастың қызып тұрған кезі, – деп әңгімесін жалғастырды. – Біздің жауынгерлер бір бекіністі жаудан тазартып, алға жылжып кетті. Ендігі бір бекініс үшін жан алып, жан беріп жатқанда жеттік. Азық-түлік, оқ-дәрімізді үлестіріп біткен соң, жауынгерлерге су жеткізу керек болды. Жаныма көмекшілерімді ертіп, жаңа ғана басып алған бекініске жылжып келеміз. Айнала қара түтінге оранып, тым сұрықсыз көрінеді. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды адам өледі» деген рас екен. Құлақтын түбінен ызыңдап өте шығатын оқ дауысына да мән беруден қалғанбыз. Қара түтектен әзер жол тауып, құдыққа жеткенім сол еді алдымнан қолында құралы бар неміс солдаты шыға келді. Екеуіміз бір-бірімізге қарап, қаттық та қалдық. Менің бірінші рет неміспен бетпе-бет келуім еді. Мүмкін еуропалық жас жігітке бірінші рет кездескен азиялық құбыжық болып көрінген шығармын. Баж етті де артына тұра қашты. Мен де қаштым. Кейін білдік, біз алға жылжып кеткенде жау манағы бекіністі тартып алған екен. Бұл оқиға менің есімнен ұзақ жыл шықпай жүрді.
Енді бір есімнен кетпейтіні, қырық үшінші жылдың 4-5 ақпанында фельдмаршал Паульстың армиясының қолға түскені. Оны соғыс майданынан Балашов қаласына жеткізу менің бригадама тапсырылды. Оның да өзіндік себебі бар, біздің эшелон бригадасы нағыз әскери тәртіпке дағдыланған еді. Бастық ретінде паровоздың қай кезде болсын сапарға кедергісіз шығуын қадағалап отыратынмын. Тәулігіне 4-5 сағат тыныққанымыз болмаса, локомотив ұдайы тіркелген эшелонды сүйрей жөнелуге дайын тұратын.
Жаудың алғашқы бетін қайтарған бұл қуаныш фашистік Германияны әрі-сәрі күйге салғаны анық. Ал Кеңес әскерлері ынтымақ пен берік бірлік болса, бәрін де жеңуге болатынына дүние-жүзінің көзін жеткізді. Сонымен бірге, майдангерлердің ерік жігерін серпілтіп, рухын биіктете түсті. Осы бір тарих қойнауында қалған оқиғаның ішінде Алтынай сияқты қазақ қызының жүргенін бүгінгі күндері біреу білсе, біреу біле бермейді. Оның үстіне, қолға түскен неміс маршалы Паульс пен оның әскерлерін Сталинград қаласына жеткізу міндеті Алтынай басқарып отырған бригадаға жүктелгенінде үлкен сенім жатқаны тағы бар.
Бұл жеңістің алғашқы беташары болса да, осыдан кейін екі жарым жылға созылған қанды қырғынды бастан кешуге тура келді. Алтынай апа Харьков қаласы түбіндегі шайқастың да өте ауыр болғанын осы күнге дейін ұмыта алмай келеді.
– Харьков бағытында шегінген немістер теміржолға қопарғыш заттар көміп, бүлдіріп кетіп отырды. Оны саперлер іздеп тауып, жойып жібергенше, күш жинап, күшті қарсылық ұйымдастырып отырды. Сол кезде бас штабтың бұйрығымен бізге Денепрдің сол жағалауына өту міндеті жүктелді. Ол үшін Кореика аралына көпір салып, арғы жағаға шығу керек. Егер кешігіп қалса ол жақтағы жауынгерлер қауіпті жағдайда қалатыны анық. Сондықтан жұмыс күндіз-түні бірдей толассыз жүргізілді. Қысқа мерзімде көпірдің құрылысы аяқталып, қосымша күш жеткізілді де тағы бір үлкен жеңіске қол жетті. Бұл жеңіске сіңірген еңбегі үшін Алтынай бригадасымен «Сталиндік шақырудың екпіндісі» белгісін омырауларына қадады.
Сталинград түбіндегі зор жеңістен кейін Кеңес әскерлері қорғаныстан шабуылға көшті. ‡ш айдың ішінде тұтас одақты басып аламын деген Гитлердің жоспары күл-талқан болып, кері шегінуге мәжбүр болды. Осы тұста Алтынайдың эшелоны да дүшпанның соңынан түскен әскерлермен ілесе жылжып, оларға қажеттінің бәрін жеткізіп беріп отырды. Айталық, Астрахань маңындағы Чингай аэродромын, Дондағы Ростовты, Наливной бекетін, Шахтинский қаласын, Таганрогты, 3-ші Беларусь майданы арқылы Литва, Литвия, Польша, қайсы бірін тізіп айта бересің, 1945 жылы Франкфуртте жеңісті қарсы алғанға дейінгі басып өткен жердің бәрін жаудан азат ету соғыстарында олардың рөлі зор болды. Он сегізге енді ғана келген шағында соғысқа аттанған қазақ қызы өмірдің оңы мен солын танып, сан қиындықты басынан кешіріп, кеудесін өрденге толтырып, 1946 жылы туған ауылы Матайға оралады. Батыр қызын ыстық ілтипатпен қарсы алған ауылдастары, енді стансы тізгінін қайтадан ұстатады. Міне, содан 1986 жылы зейнетке шыққанша осы жерде қызмет етеді. Бұл жылдар Алтынай апамыз үшін өте мағыналы болды. Данабек Есболатов атамызбен шаңырақ көтеріп, Жібек, Сұлтанғазы, Сұлтанбек, Зәмзагүл сияқты төрт бала тәрбиелеп өсірді. Олар да ел қатарлы қызмет етіп, айналасына үлгі-өнеге бола білді. Бес немересі көз қуанышына айналып, қарттығын білдірмейді.
«Өз елі өз ерлерін ескермесе, қалың ел қалай табар кемеңгерді», – деп Ілияс ақын жырлағандай, Алтынай апаның ерлігі де ескерусіз қалған жоқ. Кеудесіндегі жарқыраған қалың өрден-медаль соны айғақтайды. І дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Сталинградты қорғағаны үшін», «Украинаны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», «Сталинград шақырылымының екпіндісі», «Ерен еңбегі үшін» медалдарымен марапатталды. «Жетісу ардагерлері», «Өмір саған құштармын», «Жетісу жайсаңдары» атты кітаптарда оның өнегелі істері туралы жазылды.
Десе де, Алтынай апаның ең бір қуанышы – ел тәуелсіздігін өз көзімен көргендігі. Үйінің төрінде ілулі тұрған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге түскен естелік сурет пен Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай Президенттің қолынан алған «Алғыс хаты» апаның құнды мұрасы іспетті. Сөз орайында апамыз Қаратал көшесі №120 үйді соғыс ардагерлеріне бергізген облыс басшысы Серік ‡мбетовке ризашылығын жасырмады. Қазір мұндағы ардагерлер күнде бір үйге жиылып шахмат, дойбы ойнап, өткен күндері жайлы естеліктер айтып, күндерін көңілді өткізуде. Бірақ, жылы күннің шуағына шомылған соғыс ардагерлерінің әрбірінің жүрегінде соғыс салған жарақат бар. Олардың Алладан да, адамнан да тілейтіні – бейбіт өмір.
Қажет Андас,
«Q-Andas» ақпарат агенттігі.











