Өз өмірінде өшпес із қалдырған шыншыл суреткердің көркем туындылары көмескіленбей күндей жарқырап нұрын төге түсуде. әбекең өз елінің табиғатының сұлулығын, адамдарының даралығы мен даналығын дәл бейнелеген суретші. Жер-Анадан жаралған үлкен суреткер тылсым табиғатты бейнелеуде жан бітірді. әбілхан ағаның қылқаламынан туындаған пейзаждары әлем өнерінде өз бағасын алды. Суретшінің серия- лық суреттері біртұтас дүние. Оның суреттері өмірдің өзінен ойып алғандай шыншылдығымен айқын. Оның бейнелеу өнердегі мәнері анық, ойы кесек, пікірі өткір, сезімі нәзік. қастеевтің шығармашылық шеберлігі жайлы ой түйгенде дәстүр мен жаңашылдықтың үндестігін дәл таба білгендігін ашық айта аламыз.
Өнертанушы ретінде өз ойым – Ә. Қастеев өмірінен штрихтар, замандастарынан естеліктер, шәкірттеріне лебіздер, өмірінен фотосуреттер, көркем туындыларын жинақтап, альбом шығару қолдау тапқанымен зерттеу, зерделеу мәселесі жетпей келеді. Суретшінің көр- кем туындыларын саралап, талдау бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі. әбілхан шығармашылығының маңызын ашу үшін көркемдік болмысына бойлап, суретшілік сырына ой жүгіртіп көрейік.
Әбекеңнің суретші болуына ең алдымен тікелей әсер еткен туған анасы қалипан Шығанбайқызы. қаршадайынан баласын қолөнердің түрлерін меңгеруге баулиды Анасының аясында жүріп, сұлулыққа сұқтана қарап, көргенін бейнелеуге бейім болып өседі. қоршаған табиғаттың көріністері көркемдік талғамының дамуына қуат-күш береді. Туа біткен дарындылық түйсіну, сезіну, қабылдау сияқты ішкі жан сезімдерін оятып, суретші бо- луына ықпал етеді. қастеев өнерді өмір мектебінен үйренеді. әбекең өз топырағынан нәр алған мәуелі жеміс ағашы сияқты туыстарын бейнелеуден бастады. Ең әуелгі бейнелеген қарындасының портреті “қазақ қызы“ деп аталады. Адам суретін салуда алғашқы натурасы қа- рындасының келбеттік тұлғасын әр түрлі қырынан бейнелеуге тырысқан. қазақ қызының ұлттық мінезін ашуда графикалық тұрғыда орындалған тұлғалық портретін атауға болады. әрине, пропорциялық қатынас сурет салу ережелері сақталмағанмен, қазақ қызының сыртқы пішіндік формасын таба білген. Кейіннен келе қастеев қыздың психологиялық жан-дүниесін ашуға жан-жақты іс-әрекет жасап, әр қырынан иықтық және кеуделік портреттер салады. әуесқойлықтық әсерінен тынымсыз іздену варианттары біртіндеп келе толысып “Мектепте” атты картинаға ұласады. Композициялық құрылымы қарапайым үш тұлғалық портрет көркемдік си- патымен, ұлттық мазмұнымен ерекшеленеді. Тұлғалардың бойындағы жарасымды ұлттық киім қазақи мінез танытады.
Елдің тұрмыс-тіршілік тынысын бейнелеудегі аңызға айналған оның туындылары халықпен бірге жасасып келеді. Өзі жасаған ғасырдың әлеуметтік өмір толғанысын көркем шығармаларына арқау еткен. қанша уақыт өзгерсе де қастеевтің топтамалық көркем туындылары сурет өнерінің шежіресіне айналып қала бермек. Суретшінің суреткерлік сыры қарындаштың бедерін кәдесіне жарата отырып нобайлық нұсқаның өзін классикалық деңгейге көтере білді. Елеусіз дүниенің өзінен ұлттық сипат тауып, оған кесек бітімді халықтық мінездеме бере білді. әбекең бір көрген адамын айна-қатесіз беинелей алатын айрықша қабілетті адам болған. Суреттерінен адамның өткінші өмірін ғана емес, адами ғұмырлық сәтті көңіл-күйін бейнелегенін байқай аламыз. Портреттік бейнелерінің бәрінде дерлік мінез-құлық ерекшеліктерінің типтік мінездемесі бар. Кез келген туындыдағы бейнеленген әрбір тұлға суретші ә.қастеев замандастарының сан-алуан сырын толғайды. Суретшінің шығармаларынан біртұтас болмысты ғана емес, кейбір жекелеген детальдарын авторлық оймен сәйкестендіріп түсіну үшін ең алдымен үлкен парасаттылық пен пайымдылық керек. әбілхан аға кейбір көркем туындыларында нақты айтар ойына терең мән беріп, букіл болмыстық көріністі бүгешігесіне дейін дәл бейнелеуге тырысқан. Бейнелеу өнерінде қойылатын басты шарттылықтың бірі – туындыда көркемдік шешім авторлық ойдың мазмұнын ашуға ұласады. Суреткер картинаға керекті-керексіз компоненттерді орынсыз кіріктіріп композициялық құрылымды ауырлатпайды, мүмкіндігінше әсерлі бейнелеуге тырысады. әрбір туындысына байсалды көз жіберіп қарасаң, үздіксіз ізденістер, тың тақырыптармен тоғысамыз.
Қастеев қатып қалған категория мен белгілі заңдылықтарға бағынбаған болмысы бөлек суретші. Ешкімге еліктемей, біреудің көлеңкесінде, әлдебіреудің көшірмесінде өмір сүрмеген бірегей тұлға. Суреткердің ең басты ерекшелігі – көргенінен жаңылмай, жасандылыққа бой алдырмаған, кез келген дүниенің табиғи болмысын іздеуге бар реалист суретші. әлжуаз мазмұны мен формасы жоқ, абстракциялық бағыттарға бармаған. Сондықтан болар, ол кез келген көркем туындысын шынайы бейнелеуде реализмнің өміршеңдігін білген.
Ә. Қастеевтің рухани дүниесі – қазақ өнерінің өмір тіршілігінің тынысы. Оның суреттерінің басты кейіпкерлері – қазақтар. Өйткені, өмірдің белестеріне толы сахара өмірі әбекең суреттерінен көрініс табады.
Суретші ұлттық дүниетанымның қыр-сырын ашуда реалистік бағыттан таймаған дарын иесі. Оның туындыларындағы уақыт көрінісі бізді үлкен үмітке, мөлдір сезімге жетелейді. Суреткер танымының тамыры көшпелі өмірдің шексіз кепілі ретінде сахара даланы түйсінуге баурайды.
Суретші таланты үнемі жетіліп, дамып, өсу үрдісінде болды. Оның ең елеулі еңбегі А. Иманов портреті. Суретші қазақ ба- тыры Амангелдінің ұлттық алып тұлғасын көркемдік кескіндеме арқылы көрсетті. Ол өз кейіпкерінің ішкі жан сезімін бейнелеу өнері тәсілі арқылы ашып берді. Көркем туындыда үйлесімді жарасымдылықты білдіре отырып, батырдың қайталанбас дара келбетін, тұлғасын айқындады. А. Иманов портреті қазақ кескіндеме өнерінің портрет жанрындағы ең үздік деңгейдегі көрсеткіші деуге болады. ұстамды жазылған картинаның ішкі қуаты басым. Суретші адам образын ашуда ортақ түстің үйлесімділігін іздеп тапқан. Бояу реңінде қазақ халқына тән әсерлі күшті сыпайылық қасиет бар. Тамыры тереңде жатқан халық батырының болмыстық бітімі бөлек монументтік тұрғыда көрініс тапқан. Композициялық құрылымы көркемдік жүйесіне негізделген кесек тұлғаның образдық шешімі аса бір шеберлікпен сомдалған. Суреткер қылқаламында үлкен жасампаздық қуат бар. Оның бойындағы өткенге және болашаққа деген тұрақты көзқарас өнерін таразылай түседі. Суретші шығармашылығында ауыл өмірі тақырыбы ешқашан бей-жай қалған емес. Ә. Қастеев әкелген халықтық сипат жаңа жетістіктермен толысты. Оның қолтаңбасында сурет салуға деген жауапкершілік, түр- түстің бір-біріне үйлесімділігі, терең ізденістер айқын байқалады. қастеев көркем туындыларында халық өмірінде қалыптасқан шынайы өнегелілік суреттелсе, екінші жағынан адамдар аңсаған арман баяндалады. Адамдық ізгілік пен әсемдікке берген бағасы, сюжетке құрылған шығармаларында жалпы адамдық сипат беруге ұмтылуы, ұлы заманды шыншылдықпен бейнелеу, халықтың тамаша ісін дәріптеу, оны көркем туындылары арқылы жұртшылыққа паш ету – суретші үшін үлкен құрмет.
Суретшінің дарыны, өнерге деген құштарлығы текке сарп болмаған, кейде автор өнегелі жағынан көзге ілінбеген сұрқай кейіпкерлерді шығармасына енгізіп, эстетикалық тұрғыдан дәріптемек болды. Атап айтқанда, «Сатып алынған қалыңдық», «қызды зорлап алып қашу» көр- кем туындылары соған куә. Мәселе көркемдік тұрғыдан жинақтап, көзге іліне бермейтін көріністерді жұртқа таныта білу. Біз мұны нағыз суретшінің сыни көзқарасы деп ұғамыз. әбекең бейнелеу өнерінің ерекше құ- ралдарымен өмір құбылыстарын бейнелеген нағыз талант. Өз шығармашылығын өмірмен байланыстырып, өз дарынын тарихтың озық күштеріне қызмет етуге арнаған суретшінің дара қабілетінің жиынтығы қайталанбас өсу үрдісі болып табылады. Суретшінің ең үлкен жетістігі – заман тудырған адамдардың ерлік істерін шындықпен бейнелеуде. Көркем шығармадағы кейіпкердің образы өмірді танудың өзіндік формасы арқылы шешіледі. Суретші нақты адамның портретін жасағанда, бейнелеп отырған адамның ішкі сезімінің сипаты мен суретшінің оған қатынасы айқын көрініп тұр. Суретші үнемі ізденіс үстінде үйреншікті тұрмыстан жоғары қарай өрлеп, қазақ тарихы мен мәдениетінде есімі аңызға айналған ұлы тұлғалардың портреттік бейнелерін жасап шықты. ұлттың ұлы қайраткерлер тұлғаларынан портреттік галерея құрған тұңғыш кәсіби суретші – Ә. Қастеев. Көркем шығармаларының жанрлық ерекшеліктері шындыққа жақын, сергек көңілдің әуені психологиялық сипатымен айқындалмақ.
Кескіндеме мәнерінің еркіндігі, кеңістік көлемінің кеңдігі, бояулардың үйлесімдігі, кейіпкерлердің белсенділік, сезімтапдық сипаты қайталанбас өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленеді. қастеев кескіндемеге қылқалам тарта отырып, әсіресе, ұлттық камералы композицияларды дүниеге алып келді. Суретшінің этнографиялық дәлдік пен нақты мәліметтерге сүйене отырып, тарихи жүйеге бет бұрғанын байқауға болады. әсіресе, “Ә. Жангелдин мен В.И.Лениннің“, “Ш.Уәлиханов”, “А.Құнанбаев“ портреттерінің әр түрлі жағдайда жан-жақты сомдалуы өмір шындығына негізделгенін көрсетеді. әбекең қоғамдық бағытпен бірге өмір сүре оты- рып, кескіндеме жолында жеке өзінің ұлттық қолтаңбасын шың дауға барынша ізденіс жасады. әлемнің үндестігі туралы ойын ұлттық дәстүрге сүйене отырып негізгі заңдылықтарға бағындырды. Көркем шығармадағы бояу түр-түстердің үйлесімдігі, кеңістік көлемінің кеңдігі, суретші ойлаған арманы өмір шындығын көрсетуге итермелейді. Кейбір туындыларында болмысты терең романтикалық түрғыда бере отырып, нақты бейнелер арқылы көрсетеді.
Ә. Қастеевтің сериялық көркем туындылары ұлттық рухани дамуында халық өмірінің дәстүрлі тыныс-тіршілігі мен тарихынан көрініс беретін көркемсурет энциклопедиясы деуге болады.
Халықтық мазмұнға толы қастеев шығармалары қазақ халқының бейнелеу өнерінің алтын қазынасына айналып, ғасырлар бойы өмір сүре бермек.
Қажет Андас,
«Q-Andas» ақпарат агенттігі.











