Q-Andas
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
kz Қазақ qz Qazaq tj توتە جازۋ ru Русский en English
Q-Andas
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
No Result
View All Result
Q-Andas
No Result
View All Result
Басты бет Өлкетану Тұлғатану

Қос майданның ардагері

admin
2025/09/26
Тұлғатану
0
Қос майданның ардагері

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ, қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай» деп келетін халық әнін жаттап өскен ұрпақпыз. Десе де арамызда жүргенде абырой биігімен әспеттеліп, ортамыздан кеткен соң да қадірін асырып жүретін адамдар көп. Сол қатарда соғыс майданында болсын, бейбіт күннің берекелі күндерінде болсын еңбегімен ерекшеленіп, жұрт құрметіне бөленіп өткен Тоқтарбай Қанапиянов атамызды ерекше атауға болады.  Тоқсан жасты еңсеріп, жүзге қарай қадам басқанда қайтыс болып еді. Міне, бір жыл өте шығыпты. Кейде жұмыста отырғанда есікті еппен ашып, алдымен аса таяғын алға оздырып, сосын оң аяғымен есіктен еппен кіріп, еркелете амандасатын атамыз еске түсіп кетеді.

Тоқтарбай Қанапиянов деген есімді ең алғаш екінші ұлы Қанаттың аузынан естідім. Талдықорғанға қоныстанып, әр шөптің басын бір шалып, кездескен жұмысты істеуге ынталанып, тіршілік жолын жаңадан бастап жүргенде Қанатпен бір мезгіл бірге жұмыс істедім. Ол шағын жекеменшік цехтың директоры, мен жұмысшысы едім. Жұмыс барысында шүйіркелесе қалсақ, әкесі жайлы айта бастайтын. «Папам соғысқа қатысып, ел қорғаған», «Папам мұғалім болып, көптеген шәкірт тәрбиелеген», «Мен еркелеу өстім, тентектеу едім. Бірақ папам кешіре білетін», «Папам пендеге залалы жоқ, періште адам»… Қанаттың әңгімесі осылай жалғасатын. Біз сонда Тоқтарбай атаны көргіміз келіп кететін.

…Арада бір-екі жыл өтіп, «Жетісу» газетіне жұмысқа тұрдым.  Газеттің күн сайынғы қарбалас жұмысы басталып кетті. Әр күні жаңа адамдармен танысасың, жаңа есімдерді жаттайсың, олардың өмір, өңір, адамдар жайлы айтқандарын жазып алуға асығып тұрасың. Сондай күндердің бірінде кабинетке сұңғақ бойлы, бойын тіп-тік ұстаған, омырауы медальға толы қазақтың бір ақсақалы кіріп келе жатты. Орнымнан қарғып тұрып, қос қолымды ала жүгірдім. Атамыз сол қолын ұсына берді. Ары қарай келген шаруасына көштік.

  • Қажет сенсің бе?
  • Иә, – деймін.
  • Қанат сен туралы көп айтушы еді…
  • Сіз туралы да көп айтатын…

Тоқтарбай атамен біздің таныстығымыз осылай басталып кетті.  Содан бергі 10 жыл бойғы өмірімде атамен сыйласып, сырласып, айтқан ақылын жадыма сақтап, өмірден көргені мен көкейіне түйгенін өз өмір жолымдағы игіліктерге жұмсауға тырысып келдім. Содан бері ол кісі жайлы баспасөзге біраз дүние жазыппын. Өзі жайлы, тіпті ұрпақтары туралы да жақсы білемін десем артық айтқандық болмас. Осы жолы атамызды еске ала отырып, сол қасиеттердің біразына тоқтала кеткім келеді.

Халқымызда: «Тегін білген тектіліктің белгісі» деген нақыл бар. Тоқтарбай Қанапиянов та текті жердің перзенті еді. Арғы атасы иісі найман жұртының ұраны болған  Ер Қаптағай болса, бергі атасы жоңғармен соғыста ерен ерлігімен танылған Бөрібай батыр еді. Ал Бөрібайдан тарайтын Қыдырәлі биді білмейтін қазақ жоқ. Талай толғақты дау-дамайды бір-ақ ауыз сөзбен шешіп, ел берекесін сақтаған Қыдыралы тұқымынан осы күнге дейін бекзаттық үзілмей келеді. Осындай өркенді ел, өскен атадан тараған адамның ұлылыққа ұмтылып, ерлікке талпынбауы мүмкін емес еді. Сол ізгі мұраттардың жігерін жанып, намысын қайрайтыны да, өмірге құлшындырып, өрлікке жетелейтіні де шындық. Оның бойынан, сөзінен, тұрысынан, қарасынан, әр қимылынан осындай тектіліктің белгісі анық аңғарылатын.

Өскен ортасы да талай әңгімеге  арқау болатын Қызылағаш ауылы. Иә, кешегі Кеңес дәуірінде мыңғыртып мал өсірген Қызылағаш ауылының жастары осындай байлықты көріп, барлықтың ішінде ержетті. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, ауылдың бақуатты тірлігі сол кездегі жастардың еңсесін тік ұстап, еркін өсуіне ықпал етті. Бұл Тоқтарбай атамыздың соғыс кезінде де, жұрт рухын серпілтетін ұстаздық қызметі барысында да жанына жалын, мақсатына күш беріп келді. «Ауылына қарап азаматын таны» деген нақыл, міне, осындай өмірге арналып айтылған шығар. Есесіне, Тоқтарбай атамыз тоқсан жылдық өмірінде азаматына қарап ауылын танытатын талай табысты істерді атқарды.

Өмірін өрлікпен өріп, білімді ұрпақ өсірген, елдің еркіндігі, жұрттың берекесі, ұрпақтың болашағы үшін аянбай тер төккен атамыздың жемісті істері осыған дейін де талай жазылды. «Жетісу ардагерлері», «Жетісу жайсаңдары», «Жетісудың жеңімпаз жауынгерлері», «Ұлы Жеңіске – 70 жыл», «Абыз Ақсу, аңыз Ақсу, нағыз Ақсу», «Ұрпаққа ұран болған ұлы Жеңіс», «Кешегісі кенен, бүгіні кемел, ертеңі нұрлы Көксу» тәрізді кітаптар мен альманахтарда, республикалық, облыстық, аудандық газеттерде  атамыздың соғыстағы, бейбіт күндердегі өмір өткелдері, елдің руханиятына қосқан үлесі кеңінен таныстырылып, тарихқа таңбаланды. «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп Ілияс ақын айтқандай, елі ерін ескеріп, ері еліне аянбай қызмет етті.  Десе де, біз де өз оқырмандарымызға ол кісінің қадірлі істерінің қадау-қадау тұстарынан ақпарат бере кетсек артық болмас.

Тоқтарбай Қанапиянов 1924 жылы дүниеге келді. Әкесі Қанапия Қозайдаров ұжымшарда бригадир, шешесі Әсемғайша Ақашбайқызы сауыншы. Әкесі сиыр фермасын басқарып жүріп, 1941 жылы соғысқа аттанады. Ал Тоқтарбай 1942 жылы әскер қатарына алынып, Ташкент қаласындағы радистер дайындайтын курсты бітіріп, 1943 жылғы шілдеде соғысқа аттанады. Сұрапыл соғыс жылдары Украинаның Днепр өзенінен өту шайқасына қатысып, III дәрежелі Даңқ орденімен марапатталады. Соғыс барысында ауыр жарақат алып, оң қолынан айырылады да 1944 жылы наурыз айында ауылға қайтады. Келе сала Қапал училищесінің мұғалімдер даярлайтын қысқамерзімді курсын бітіріп, Қоғалы ауылына мұғалімдікке жіберіледі. 1944 – 1952 жылдары осы ауданның Қоғалы, Доланалы, Қызылжар орталау мектептерінде алғашында тарих, география пәндерінен дәріс береді. Кейіннен оқу ісінің меңгерушісі, 1947 – 1952 жылдары мектеп директоры болып қызмет атқарады. Денсаулығына байланысты 1952 жылдан бастап Көксу ауданы, Еңбекші ауылындағы Амангелді орта мектебіне ауысып, сол мектепке мұғалім, директордың орынбасары, директор болып 35 жыл еңбек етіп, «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген мұғалімі» сияқты көптеген атақтың, мерекелік медальдің иегері атанады. Осы аралықта, яғни 1954 жылы Абай атындағы педагогикалық институтқа сырттай оқуға түсіп, 1960 жылы тарих мамандығы бойынша бітіріп шығады. 1987 жылы құрметті зейнеткерлікке шыққаннан кейін Талдықорған қаласына көшіп келіп, облыстық ардагерлер ұйымының мүшесі ретінде жас ұрпақ тәрбиесімен айналысты. Отбасындағы үш ұл, үш қызы да жолын қуып, ел үшін еселі еңбек етіп жүр. Атамыздың ел өміріне, қоғам өркениетіне қосқан еңбегі еленіп, облыстық мәслихаттың 2013 жылғы 30 қазандағы №24-149 шешімімен «Алматы  облысының Құрметті азаматы» атағына ие болды. Бұған дейін де Көксу, Ақсу аудандары мен Талдықорған қаласының Құрметті азаматы атанып, беделге ие болғанын білеміз.

«Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» дегендей, Тоқтарбай атамыздың өткен өмір белестері жайлы жазылған мақалаларды парақтап отырсаңыз ол кісі жайлы айтылған ізгі әңгімелерге қанығасыз. Бөтен пікір, оғаш ой таппайсыз. Асыра мақтау, алып-қашпа әспеттеуден де аулақ. Қайта атамыздың нағыз адами келбетін, азаматтық бейнесін, сұңғыла болмысын көрсететін ойларға толы. Облыстық «Жетісу» газетінің 2005 жылғы нөмірінде Сейдахмет Қожабергенов «Қазыналы қарт» атты өлеңінде «Шәкірттер өтті талай алдыңыздан, олар да әлденеше шепті бұзған. Бәрінің бас сардары өзіңіз боп, келесіз әлі айнымай қалпыңыздан», – деп толғаса, Ұлы Отан соғысының ардагері Сатылған Құлмұхамбетов «Замандасым» атты өлеңінде: «Саған деген сыйлы, көңіл жүрегім, замандасым, бар мұнда деп жүремін», – деп тебіренеді. Ал белгілі журналист Нұрила Бектемірова «Жақсы атаның ұрпағы» атты жырында Тоқтарбай атаның өмірін өлеңмен өрнектейді. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тұрсын Әбдуәлиевтің «Үлгілі ұстаздар ұйытқысы» атты сұхбатында атаның ұстаздық жолындағы бітім-болмысы тұтастай көрініс табады. Талдықорған облыстық «Жерұйық» газетінің тілшісі Жайырбек Қаспақов, Әбен Дәуренбеков, «Мәдениет және тұрмыс» журналының тілшісі Зәкір Асабаев, «Қазақстан мұғалімі» журналының тілшісі С. Мейіржанов, облыстық «Жетісу» газетінің тілшілері Әли Ысқабай мен Сарби Әйтеновлардың мақалаларында атамыздың биік парасаты мен терең білімдарлығы жан-жақтылы көрсетілген. Ол кісінің заманның заңғар тұлғалары Нұрмолда Алдабергенов, Зылиха Тамшыбаева, тағы да басқа Еңбек Ерлерімен қатар тұрып, өлкенің өркениеті үшін ерінбей еңбектенген жемісті істері сөз болады. Бүгінде елдің құрметіне бөленіп, қазақтың атын әлемге паш етіп жүрген Нұрғали Нүсіпжанов сияқты шәкірттерді тәрбиелеп, ел мерейін өсірген қажырлы да қарапайым бейнесі айшықталады.

Бабаларымыздан қалған «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген тұжырым дұрыс екен. Қарындасы Клара Қанапияқызының «Асқар тауым бауырым» атты мақаласын оқып отырып, жүрегің елжірейді. Бауырмалдықтың, туыстық қамқорлықтың, жанашыр жақындықтың не екенін сол жазбалардан анық көруге болады. Үлкен ұлы Болаттың әкесі мен шешесі жайлы жазған естеліктерінің өзі әке мен бала арасындағы жақындықтың үлгісі іспетті. Қашанда қыз бала әкеге жақын келмей ме? Қызы Назгүлдің әке туралы ой-толғамдары ізгілік пен игілікке жетелейтін биік адами қасиеттердің белгісіндей. Келіні Бақыт Қанапиянованың, немересі Серік, Ғани, Жанна, Айжандардың атасы жайлы толғаныстары толғандырмай қоймайды.

Жоғарыда аталғандар Тоқтарбай Қанапиянов туралы жазылған дүниелердің бір бөлегі ғана. Десе де, артына осындай ізгі әңгіме, оқыған адамға үлкен ой салатын құнды дүниелер қалдырған атамызды өлді деуге бола ма? Жоқ. Қайта сол ізгіліктер жыл өткен сайын жаңғырып, өмірден өрлік іздеген, тірліктен береке тілеген талай жастың өміріне жолбасшы болатыны анық. «Тау алыстаған сайын биіктейді» дегендей, уақыт өткен сайын Тоқтарбай атамыздың келбет-кескіні де биіктей береді.

Тоқсан жасқа келу деген де оңай емес. Тоқтарбай атамыз сияқты толағай табыспен, мықты денсаулықпен, тіп-тік қалпымен осы жасқа жеткендер де санаулы. Жүзге жетсін деп те тілеп жүрдік. Бірақ, тағдырдың ісіне шара бар ма? Аяулы атамызды арамыздан алды да кетті. Дегенмен, ол кісінің артында ізгі мұраты, игі істері, ең бастысы, ардақтаған елі, жетпеген арманын жалғайтын ұрпағы қалды. Демек, олар мың жасап, атамыздың атын өшірмейді деген ойдамыз.

Қажет АНДАС.

0 0 votes
Рейтинг статьи
Қаралым 41
«Аққу ағай» атанған ұлағатты ұстаз
Тұлғатану

«Аққу ағай» атанған ұлағатты ұстаз

August 24, 2026
Төккен тердің қадірі
Тұлғатану

Төккен тердің қадірі

August 31, 2026
Ұстаз ананың хаты
Тұлғатану

Ұстаз ананың хаты

August 31, 2026
Бегзат өмір
Тұлғатану

Бегзат өмір

August 31, 2026
Қайырымдылықтың қайыры мол
Тұлғатану

Қайырымдылықтың қайыры мол

August 31, 2026
Ырысы тасыған әулет
Тұлғатану

Ырысы тасыған әулет

August 31, 2026
Subscribe
Login
Notify of
guest
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІН СӨЙЛЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІН СӨЙЛЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

November 9, 2026

«Бекзат өмір»: өнерге арналған еңбек

«Бекзат өмір»: өнерге арналған еңбек

November 7, 2026

Өлке тарихы ұрпаққа аманат

Өлке тарихы ұрпаққа аманат

October 23, 2026

ЖАҢА ҚАҒИДА?  «Әлеуметтік кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндірілді»

ЖАҢА ҚАҒИДА? «Әлеуметтік кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндірілді»

October 13, 2026

Жұмыспен қамту тәртібінде не өзгерді?

Жұмыспен қамту тәртібінде не өзгерді?

October 12, 2026

Ақпараттық агенттігі

Меншік иесі: “Жетісу” өлкетанушылар орталығы” қоғамдық бірлестігі
Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы “Болашақ” шағын ауданы, 12-27

Q-Andas желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2025 жылғы 19 наурызда тіркеліп, № KZ21VPY00115275 куәлігі берілген.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

Тел: 8 747 706 1382
email: andas_kazhet@mail.ru

qandas.kz © 2026. Барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.

  • kzҚазақ
    • kz Қазақ
    • qz Qazaq
    • tj توتە جازۋ
    • ru Русский
    • en English
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат

© 2025 qandas.kz

wpDiscuz