Жібек жолының жаңа бейнесі, достық маршы
Басы: Жібек жолы жөніндегі әңгімені осы арада аяқтайық. Бірақ мынау жас әртістер әңгіменің ақыры айтылмай қалғандай сезініп, қуарлай берді:
– Кейіні ше? Байырғы Жібек жолы қазір қандай?
Мен амалсыздан тағы да қысқаша таныстыру жасадым:
1949 жылы Ганьсу азат болғаннан кейін көп ұзамай Шыңжаң да бейбіт жолмен азат болғандығын жариялады. Соғыста елеулі еңбек көрсеткен Наньюаньдағы зор өндіріс пен Яньаньды қорғау шайқасына қатысқан ығыстырылған бір әскери бөлім Шыңжаңға бет алады. Кейін келе осы әскери бөлімдегі командирлер мен жауынгерлердің дені Өндіріс-құрылыс бинтуаны болып өзгертіліп құрылады. Бұлар бейне екі мың жылдың алдындағы тың ашып, егін салатын жасақтар сияқты сол жерлердегі әр ұлт халқымен ынтымақтаса күрес жасап, Отанның батыс-солтүстік шекарасын қорғайды әрі гүлдендіреді.
Отанымыздың осы ұлан-ғайыр батыс терістігіне тағы да топ-топ зиялылар, жұмысшылар, диқандар және кадрлар келді. Аз ұлттардан да топ-топ адам ішкі өлкелердегі жоғары оқу орындарына барып, білім алды. Отанның батыс-солтүстік шекара өңірінің өндіріс және құрылыс істері ұшқан құстай дами бастады.
Сонымен, байырғы Жібек жолында тың өзгерістер жарыққа шықты. Теміржол Шыңжаңның орталық қаласы Үрімжіні Отанымыздың түкпір-түкпірімен байланыстыруда. Батыс-солтүстіктің көптеген қала, қалашықтарына аэроплан да барып-қайта алады, ал машина Гунши, Дүйлерге және шалғай таулы аудандарға дейін бара алады.
Байырғы Жібек жолындағы әйгілі ескерткіштерді саяхаттамақ болып алыстан келген қонақтар болса, алаңсыз болыңыздар: аңыздарда айтылатын Шуанцзан сияқты темір етіктен теңгедей, темір таяқтан тебендей қалған күйге түспейді; сондай-ақ ауылынан қаршадай кезінде кетіп, ерте тартқанда қайта оралған Марко Поло сияқты мың бір бейнетті тартып жатпайды. Осы заманның дамыған қатынас құралдары қайда барамын десеңіз де апара алады.
Кейбіреулер: «Байырғы Жібек жолындағы мәдени мұралардың барлығын шетелдіктер ұрлап әкеткен, енді оның көретін несі қалды? Зерттеуге тұрарлық не бар?» – деп алаңдайтын да шығар.
Дұрыс, осы өңірдің қыруар мәдени мұралары ұрланып әкетілді. Бұл әрбір жуңголықты өкіндіреді, кектендіреді және ашындырады. Сондай-ақ бұл зерттеу қызметіне кейбір ықпалдар да жасайды. Мысалға, Дунхуанда сақталып келген кітаптарды алайық: бұл кітаптар қазір бөлініп-бөлініп, бірнеше мемлекеттерде сақталуда. Оны жан-жақты зерттеуге ешкімнің де амалы болмай отыр.
Бұл іс, амал жоқ, кейінгі ұрпақтардың шешіміне қалдыратын қиын тақырып. Алайда байырғы Жібек жолында әлі де аса мол мәдени мұралар бар. Бұрынғы қазылған жерлерде шетелдіктер қалай етсе де ұрлап әкете алмаған қыруар асылдар әлі бар. Өндіріс-құрылыс істерінің дамуына және еліміздің археологиялық істерінің ұлғаюына байланысты көркем жібегі мен атағы шыққан осынау Жібек жолы мұралары жыл сайын табылып келеді.
Азаттықтың алғашқы кездері Шахар ауданының Яниақ ауылының бір ұйғыр диқаны жер жыртып жүріп, ойламаған жерден бұлақ шығарып тастаған бір мыс таңба тауып алады. Таңбаның сабы — жүрелеп отырған аңның мүсіні екен, таңбаға бұлдыр жазумен «Хан патшалығының чаңдардың ақсақалына арнауы» деген сөздер ойылыпты.
Бұл диқан таңбаға ойылған жазуларды танымағанымен, оның ерте заман бұйымы екенін біледі. Сөйтіп, бұл мыс таңбаны жер реформасы қызметіндегі кадрларға апарып береді, ал олар бұл таңбаны автономиялы аудандық музейге жеткізеді. Мамандардың зерттеуі арқылы бұл таңба жаңа эрадан бұрынғы І ғасырда Батыс Хан патшалығының ортасында осы өңірді мекендеген чаңдардың ақсақалына берілген таңба екені анықталады. Бұл бізге мынаны түсіндіреді: сол заманда Күшар өңірінде чаңдар мекендеген.
Осы сияқты жер астынан шыққан мәдени мұралар, жалпы алғанда, жыл сайын кезігіп отырады. Шыңжаңда қызмет істесеңіз, жер астынан шыққан жаңа мәдени мұраларды екінің бірі көреді, ол жөніндегі қызықты хабарларды да жиі естуге болады.
Ұшақтала құрылыс салып жатқан әскери бөлім сайдан қопарғыштармен тас қопарып жүріп, ойламаған жерден бір будда үңгірін тауып алады. Үңгір ішінде көптеген көркем қабырға суреттер бар екен. Сонда үңгірдің ауызын таспен бекітіп тастаған кім болғаны? Осы секілді аузы бекітілген будда үңгірлері неше рет табылды, бірақ техника мен жабдық күші жеткіліксіз, тәжірибе аз болғандықтан, қазір бұл үңгірлерді қайтадан бекітіп тастауға тура келіп отыр. Бұл үңгірлер қай күні жарық дүниемен бет көрісуге тиіс болса, сол күні ашылмақ.
Мен Қызыл мың үйі мен Құмтұр мың үйлерінен осындай «табиғи қойма» табылғанын көргенмін. Олар үстіңгі үңгірлерді сылаған балшық топырақтардың құлап, астыңғы үңгірлердің ауызын басып қалғанынан сақталып қалған екен. Бұл үңгірлер ашылғаннан кейін қараса, ішіндегі мүсіндер бүтін, қабырға суреттері жап-жаңа сақталған, адамзаттың бүлдіруіне еш ұшырамаған.
Бұл тектес ауызы берік бекітілген үңгірлердің тарихтың қаншалықты құпиялығын ішіне сақтап жатқанын кім білсін? Будда номдары тығылған екінші Дунхуан ендігәрі табылмас па екен?
Ганьсу ауданының бір мекемесі аудан қалашығының бас жағындағы Капо деген жерден жаңа үй салмақ болып, топырақ күрейтін машинамен жер тегістеп жатқан кезде ойламаған жерден тізеден астам мумия тауып алады. Бұл мумиялар (ішінде әйелдер де бар) Чиң патшалығының Чяньлун жылдарындағы ханцзулар екен, әрқайсысы өз табыттарының ішінде мәңгі оянбас ұйқыда, қаперсіз жатыр.
Үш жүз жылдан кейінгі бүгінгі күні Қытай құрылысшыларының ұзақ ұйқыда жатқан бұл адамдарды қайтадан жарық көруге шығарарын кім ойлаған? Бұл адамдардың терілері ғана солған, ал ішкі құрылымдары қатып, бұзылмаған, бұлшық еттерінде серпімділік қасиет әлі де бар екен.
Бұл араның құрылысына жауапты болып жүрген жолдас: «Бұлар табылмас мумиялар емес, бірақ жыл уақыты ұзақ емес», – деп қарап, ішінен екеуін ғана таңдап алып, аудандық ауруханадағы дәрігерлердің зерттеуіне жібереді де, қалғандарын басқа бір жаңа қабір қаздырып, бір жерге көмгізеді.
Бұл істен хабар тапқан осы ауданның партия комитетінің шужиі Уаң Ши-ан жолдас табанда автономиялы районның және аймақтың мәдени мұраларды басқару орнына хабарлайды. Мәдени мұраларды басқару орындары дереу адам жіберіп, зерттеу жүргізеді. Жіберілген бірнеше археология қызметкерлеріне еріп, мумия табылған жерге мен де келдім.
Келген соң тағы күш ұйымдастырып, сол жер қайта қазылды. Жарты күннен артық уақыт қазғанмен, тек шіріген бірнеше табыт пен адам сүйектерінен басқа бірде-бір бүтін мумия шықпады. Осыдан бұрын келген археологтардың айтуына қарағанда, бұл мумиялардың сақталуы көптеген шарттардың қосылуынан екен. Ұқсас бір жердегі кейбір мүрделер мәңгі бұзылмайды, ал кейбіреулері бұзылып кетеді. Мұндай құбылыстар археологиялық тексеру барысында үнемі кездесіп отырады.
Соңғы жылдары Шыңжаңның жер астынан қазып алынған мумиялардың көптеп табылғандығынан, әсіресе 2–3 мың жыл бұрынғы мумиялардың көптеп қазылып алынғандығынан болар, адамдар Чиң дәуірінің мынау сияқты отыз шақты мумиясына көп мән бермеді. Бірақ шынтуайтына келгенде, бар болғаны бірнеше жүз жылдық тарихы бар бұл мумияларда бүгінгі таңда табылмас заттар еді.
Ерте заман мумияларын жинап жатқан Шыңжаң Ұйғыр автономиялы райондық музей осы жерде сақталып қалған екі мумияны қоса көміліп қалған заттарымен бірге бір дәуірдің өкілі ретінде Үрімжіге алып барды. Бұл екі мумия өздерінен мың жыл ілгері ата-бабаларымен бірлікте көрме залында жатыр. Олардың әрқайсысы экскурсияшыларға өз дәуірлерінің ахуалын баяндайды.
Соңғы жылдардан бері ерте заман мәдениет жұрттары мен жер астынан қазып алынған мұралар барған сайын көбеюде. Дүние бойынша ерте замандағы және ең ұзын — Еуропа мен Азияны тұтастырып жатқан күре жолдың дүниедегі көптеген оқымыстылар мен саяхатшылардың бұрын болып көрмеген ынтасы мен аса зор қызығушылығын тудырғаны тегін емес.
Байырғы Жібек жолы жөніндегі нағыз зерттеу мен тексеру міне бүгінгі таңда ғана ресми басталып отыр деп есептейді кейбіреулер. Бір жаңа ғылым — «Жібек жолытану» да тек енді ғана қалыптаса бастады. Тарихтың көптеген сырлары адамдардың ашуын күтуде; ашылмай келе жатқан қыруар тылсым нәрселер адамдардың жауап беруін тосуда; жер астында көміліп жатқан көптеген мәдени мұралар адамдардың қазып, жарыққа шығарылуын күтуде.
Ал байырғы Жібек жолының көркем көріністері, тылсым сырлы аңыздары, ғажайып ертегілері мен әңгімелері де әдебиет пен көркемөнермен шұғылданушылардың шығармашылық дарындарын шабыттандыратын тамаша нысана болмақ. Міне, сондықтан соңғы жылдардан бері осы өңірлерге келіп саяхаттайтын жуңголықтар мен шетелдіктер жыл сайын көбейіп келеді.
Бірақ Стивен сияқты мәдениет тонаушылары бұл өңірде ендігәрі ойларына келгенін істейді деп алаңдаудың қажеті қалмады. Азаттықтан кейін байырғы Жібек жолының басталар жері Ши-аннан ең батыстағы Қашқарға дейінгі жол бойындағы әр жерге мәдени мұраларды басқару орындары құрылды. Құлап және бүлініп қалған байырғы жұрттар жөнделіп, ретке келтірілді. Міне, бұл — дүниежүзілік саяхатшылардың келіп экскурсия жасауына және саяхаттауына өте қолайлы жағдай туғызды.
Жуңго халқы ежелден меймандос халық. Шетелдік достардың байырғы Жібек жолына қызмет істеуіне біз мүмкіндігінше бар оңайлықтарды туғызып бердік. Жапондық достар келіп, ірі тұрпатты деректі фильм — «Марко Поло» киносының сыртқы көріністерін түсірген кезде, біз оларды барынша қолдадық.
Біз ерте заманғы Еуропа және Азия құрлықтарының мәдениетін тоғыстырып, оны орта жазықтағы және шекаралық өңірлердегі әр ұлт халқының сүйіспеншілігімен байланыстырған осынау достық жолында достық гүлінің мәңгі ашыла беретініне сенеміз. Бұл гүлдің алуан реңі көз тартарлық жібекпен көрік таластыра алатынына күмән жоқ!
Әңгіме осы жерге келгенде, жас әртістер шаттанып:
– Біз де осы будда үңгірлеріндегі әсемөнер шырынын сіміріп, өткен заманда күшарлықтардың Отанымыздағы әр ұлт халқымен ынтымақтасып құрылыс жүргізген істерін сахнада ойнағымыз келеді! – деді.
– Солай! Бұл аса маңызды іс. Сіздердің жасампаздықтарыңыздың табысты болуына тілектеспін! – дедім мен.
Қажет АНДАС
“Q–Andas” ақпараттық агенттігі
Соңы











