Қарт оқымыстының қабырға сурет сызбаларын көріп күйінішті жыр жазуы
Басы: Хан Леранның Ланьчжоуда ашқан «Қызыл мың үйінің қабырға суреттер көрмесі» көптеген адамдардың назарын аударды. Кейбіреулер келіп, жоғалып кеткеніне көп заман болған «Үйсіндердің сурет сызбаларын» зерттеді; кейбіреулер келіп, ертедегі Күшар би көрінісінен ләззаттанды; кейбіреулер келіп, ерте замандағы Батыс өңірін білді, ал енді кейбір адамдар әншейін танысайық үшін ғана келді. Бірнеше күннен бері қабырға сурет көрмесін көруге келушілердің, қабырға суреттерді бұйыртып сызғызып, сатып алушылардың аяғы үзілмеді. Газеттер де осы көрме жөнінде бірнеше хабар жариялап, талдап алынған кейбір қабырға суреттерін таныстырды. Хан Леран мұның ықпалын кеңейтіп, үкіметтің назарын аударуды ойластырды. Дунхуан мың үңгіріндегідей бір зерттеу орны құрылса, ұзақ уақыт сол арада жатып мәдени мұраларды зерттеуге адам шығарылса, құнды мақалалар жазылса жақсы болар еді. Егер сондай бір зерттеу орны құрылса, өзінің сол жапан түзге барып істеуге пейіл екендігін де білдірді Хан Леран.
Ойлаған бұл ойларында негіз бар сияқты. Өйткені 1942 жылы мемлекет Дунхуанда мәдени мұраларды қорғау және зерттеу орнын құрмап па еді? Әйтеуір қоғамның күшті қысымымен болса да Гоминьдан үкіметі осындай бір құрылым құруға мәжбүр болып еді. Бірақ бұл іс мұнан ары мандымады, болмағанда мәдени мұраларды бүліншілікке ұшыратпаса да болды ғой. Тек сурет көрмесінің ықпалын кеңейте берсем болғаны — үкімет бұл мәселені сөз жоқ ойластырады деп сенді Хан Леран.
Айтқандай-ақ, көрме ашылғаннан кейін бесінші күні Гоминьданның Ланьчжоу қалалық партия штабының мәдениет бөлім бастығы қара сырлы Вегоститіне жіберіп, Хан Леранды қонақасыға шақырады.
Бұл реткі қонақасы бір атақты еуропаша тағамдар асханасында өткізілді. Қонақ иесі және қонақтары болып небәрі үш-ақ адам болса да, арақ және ас тағамдар әр түрінен даярланды. Мәдениет бөлімінің бастығы әуелі 45–46 жастағы бір ағылшын мырзаны Хан Леранға таныстыра келіп:
– Бұл ағылшын досымыз Шығыс мәдениет зерттеу орнының бастығы, доктор Минлет, Үндістаннан жаңа келді. Сіз ашқан «Қызыл мың үйдің сурет көрмесіне» қатты қызығады екен. Міне, арнаулы қонақасыға өзімізді шақырып келіп, сізбен әңгімелеспек, – деді.
Қонақасыны Минлет дайындағанын, ал мәдениет бөлім бастығының тек оның араға жүруші адамы ғана екендігін Хан Леран сонда барып түсінді. Олар бірнеше ауыз азыналық сөз сөйлеп, өзара сыпайгершілік етіскен соң, қонақасы басталды. Үш тарелке қуырдақ келіп, бір құмыра шампан ішілген соң Минлеттің сөзі біртіндеп қозғала бастады. Ол Хан Леран көшіріп сызған қабырға суреттерді түгел сатып алмақ, әрі Хан Леранды Англияның Шығыс мәдениетін зерттеу орнына қызметкерлікке тағайындауға ұсыныс етпек болды. Сондай-ақ оның ағылшындар үшін байырғы Жібек жолына тағы да барып мәдени мұралар жинап беруін өтінді.
Хан Леран қонақ иесінің ішкі есебін анық байқап отырды да:
– Ха-ха! Минлет доктор, қымбатты елдеріңіздің байырғы Жібек жолындағы сол бір ескі бұйымдарға осыншалық назар аударатынын, сондай-ақ мен сияқты бір топас жанды ардақтап қателесеріңізді ойламаппын! – деп ажуалады.
Хан Леранның сөзінің астарын Минлет түсінген жоқ. Ол аса бір ыждағатпен:
– Хан мырза, сіз тым кішіпейілділік етіп отырсыз! Сіздің қабырға суреттерге қарап сызған сызбаларыңызда ерекше қасиет бар. Бұл қабырға суреттер Стивен археологиялық тексеру арқылы дәлелдеген «Шығыс Түркістан Үнді мәдениетінің шырынын сорып есейген» деген тұжырымды әйгілейді. Біз ағылшындар Үндістанға әйел патшаның тәжіндегі меруерт ретінде қараймыз. Үндістан қазір тәуелсіздік алып отыр, бірақ сонда да ол Ұлы Британия федерациясының бір мүшесі саналады. Сондықтан ағылшындар Шыңжаңға ерекше назар аударуда, бұл өңірдің әсемөнер туындыларына құмартуда, – деді.
Оның сөзін көтермелей жөнелген мәдениет бөлімінің бастығы:
– Хан Леран туыс, сіз егер Англияның зерттеу орнында қызмет істей алсаңыз, онда жұлдызыңыздың шынында оңынан туылғаны, болашағыңыздың даңғыл болғандығы! Сол кезде өзіңізді таныстырушы болған мына мені ұмытып қалмағайсыз! – деді.
Хан Леран ашудан сөйлей алмай отыр еді. Ақыры шыдамы таусылып:
– Кешіріңіз, мен отанымның суын ішіп өскен жуңголықпын, Англия қызмет орнына барып қызмет істеу мен үшін бақыт бола алмайды! – деп ашығын айтты.
Содан соң ол дастарқан басынан тұрды да шығып жүре берді.
– Жаңсақ түсініп қалмаңыз, мен сізді Жуңгодан кетіңіз демекші емеспін! – деп оның артынан айқайлап жатты Минлет.
Ол күні кешке, кеудесін ашу оты кернеген Хан Леран көрмеге кіретін есік жаққа қойылған үстел үстіндегі «Көрермендердің пікір қалдыру дәптерін» алып ашып көре бастады. Бұл сегіз форматтық ақ қағаздан жасалған үлкен дәптер болатын. Дәптерге мадақтаған, жігер берген, қолдаған сөздер және кейбір тамаша ұсыныстар жазылыпты. Бұл сөздер бейне күннің шуақты сәулесі сияқты Хан Леранның жүрегіне нұр құйып, өн бойына жылу берді. Оның жапа шегіп жинап әкелген әсемөнер бұйымдары үкімет билеушілерін тебіренте алмағанымен, бұқараның қолдауы оған күш-қуат берді.
Дәптер беттерін ақтарып отырғанда көзі жүн қаламмен жазылған арнау сөзге түсті. Әдемі жазумен қатесіз көсілте жазылған тартымды сөздер — мол білімді қарт оқымыстының қолынан шыққан екені бір қарағаннан-ақ білініп тұр. Арнау сөз былай жазылыпты:
Зозунтан мырза үймеңнен ары жасыл орман отырғызғаннан кейін Ұлы қорған сырты көктем шуағына малынды. Тянь-Шань алқабындағы егін далалары қар суынан нәр алады, құм даланың кеудесі күн нұрына шағылысып жатады. Құм даланың арасында ойдым-ойдым көк жайсаңдар көз тартады. Егіс танаптары полюстей жайқалады, жайлауында әр түлік мал мыңғырады.
Есіл Жаңчянның қайық мініп құс жолына шықпақшы болғанын, Баучаудың қол бастап батыс шекараға келгенін ойлағанда, Хан-Таң патшалықтары тұсындағы сарбаздар ерте қамданған екен. Батыс өңір бір кезде ғұндардың билігінде болса, бір кезде Азия мен Еуропаның торап жолына айналды. Ерте қамданып, батыс өңірді көк көздердің шеңгеліне салып кетуінен сақтанайық.
Бұл арнау сөздің соңына «Тамашаша Гаулан» деп қол қойылған еді.
Хан Леран арнау сөздерді бәсең дауыспен қайта-қайта айтып шықты. Іші бауыры елжіреген оның көз шанағынан жас ағып та кетті.
– Тамаша арнау! Тамаша арнау! Батыс өңірінің айрықша көрінісі мен 400 миллион бауырластардың отанының батыс шекара өңіріне болған шынайы махаббаты бейнеленген, – деп әлсін-әлсін алқады ол.
Бұл жайтты көрген жастар оның қасына келіп:
– Ұстаз, сізді мұншалық әсерлендірген ол қандай арнау сөз екен? – деп сұрады.
Хан Леран тебіренген сезіммен арнау сөзді көпшілікке бір рет дауыстап оқып беріп, сәл тыныстап алды да:
– Біз Шыңжаңнан жаңа қайтып келдік қой, ол ара нағыз жер жәннаты! Ұлан-ғайыр жері, мол байлығы бар. Мұның сыртында көптеген ұлттардың қалдырып кеткен мәдени мұралары, ежелгі ескерткіштері бар. Бұлар – әсемөнер гауһары деп аталады. Әсіресе сол өңірге қоныстанған әр ұлт халқын айтамын, ұзақ замандардан бері бейне бір отбасы адамдарындай тату-тәтті өмір сүріп келді. Сол бір көрікті өлкені жер жәннаты етіп құрып шығу жолында ортақ күрес жасап, бөлінбес құдіретті тұлға болып қалыптасты.
Бірақ соңғы жүз жылдан бері империалистер ол неше жүз мыңдаған шаршы шақырым жерімізді бөліп әкетті. Онымен қоймай, бұл өңірдің құнды мәдени мұраларын қалағанынша бұлап-талап тонады. Басқаны айтпай-ақ қояйын, мен Қызыл мың үйіндегі шетелдіктер қазып қиратқан және ала-тебелденіп бүлінген қабырға суреттерді көргенімде, әлдекім анамыздың денесіне пышақ салғандай, ал ол пышақ ұлы болған менің жүрегіме қадалғандай сезілді! – деді.
– Жуңго үкіметі өте селқостық танытты!
– Сол мәдени мұралардың басқалар жағынан бұзылып, таланып әкетіліп жатқанын көре тұра, үкімет оған бірдеңе деуге бата алмады!
– Манчиң үкіметі кезінде болған оқиғаларды айтпай-ақ қояйық, Минго құрылғанына міне, 36 жыл болды емес пе!
– Сол Минго қандай еді дейсіңдер? Мафантоның сол бір шумақ өлеңі жақсы жазылған:
Жуңфалар қанды қылыш қоқаңдатты,
Шаужайлап бұқараға оқ боратты.
Шапқыншы қожайыны мысықтай боп,
Оқушылар қозғалысын жаныштатты.
Ата-бабам мәдени мұрасы емес,
Халықты қырғындайтын қару-жарақ,
Деп қақсады, біз үшін керек қатты.
Біз әлі кек кернеп алған жастар жарыса дабырласып кетті.
Хан Леран оларға Минлеттің күндіз өзін қонаққа шақырып, тамақ үстінде әңгімелеген саудасын айтып берген кезде Чынтянды ашу қысып кетті:
– Меніңше, қазіргі үкімет шонжарлары Чиң хандығы тұсындағы Зозунтанға да жете алмайды. Ресейдің Ілені басып алғанын көрген Зозунтан жасының келіп қалғанына қарамай, Хунань армиясын бастап, табытын бірге алып жүріп, Шыңжаңға барып шапқыншылармен қанды шайқас салған. Батыстағы Жаюгуаньға бет алып бара жатып, жол-жөнекей әскерлеріне бірнеше жүз мың түп тал ектірген. Шыңжаңға көктем самалын соққызған. Міне, бұл – біз бүгін көріп жүрген Зозунтан еккен тал. Бұл талдарды көргенде Зозунтан істеген ізгі істер жадыңа оралады. Ал қазіргі үкімет шонжарлары кейінгі ұрпақтар үшін не істеп бере алды? – деді ол.
– Бұлардың арттарында қалдырғаны – мәңгілік жаман атақ!
– Бұл немелер өздерін шетелдіктердің бейітіне айналдырғандар! Атақ-абырой, ар-ұждан дегенмен санасады дейсің бе?
… Ашулы жастар дабырласып кетті.
– Бұл істі осы араға дейін әңгімелесейік. Пікір жазу дәптеріне арнау сөз жазып қалдырған адамның кім екенін білесіңдер ме?
– Мен бұған назар аудармаппын, мөлшері Ланьчжоу университетінің бір профессоры сияқты, – деп жауап қатты Чынтян.
– Елулер шамасында қарттау бір адам, кездесер болсам бәлкім танып та қалармын, – деді Жаубаучы.
– Арнау сөз жазып кеткен адам атын жазып кетуді қаламаған екен. Оны білмесек те мейлі. Бірақ мен осы өлеңді оқығаннан кейін Қызылға тағы бір рет бару байламына келдім. Бір көрмеде біз рас ақша таптық, қаражаттан қам жемейміз. Мен Бай ауданына барған соң жергілікті үкіметке адам шығарып, бұл үңгірлерді қорғату жөнінде ұсыныс жасаймын. Ол жердің халқында мұндай белсенділік баршылық. Осымен бірге қабырға суреттерді тағы да молырақ сызсақ деймін. Мұндағы ойым: кейін Чуньцинге барып көрме ашып, үкіметті бұл іске мән беретін ету, – деді Хан Леран.
Хан Леран өзінің ойлағандарын айтып болды. Бірнеше күн өткен соң көрме аяқтала салысымен ол Ланьчжоудан аэропланға отырып, Үрімжіге (ол кезде Жихуа деп аталатын) тартты. Бірақ, бақытына қарсы жол-жөнекей аэроплан апатқа ұшырап, ол қаза тапты.
Алайда, «Тамашаша Гаулан» жазған арнау сөзді Хан Леранның достары нотаға алып, әнге айналдырды. Ән бүкіл елдің біраз жеріне таралды. Бұл адал ниетті жандардың мақсаты – ән әуені үкімет шонжарларының құлағына жетіп, оларды байырғы Жібек жолындағы мәдени мұралар мен ертедегі ескерткіштерге мән беруге итермелеу еді.
Бірақ сарайларынан шықпайтын бұл үйкүшік жандар әнді естімеді ме, әлде естісе де бүйректері бүлк етпеді ме – белгісіз. Азаттықтың алдында тек Дунхуанға ғана бірнеше адам қарады. Атағы болмаса да, байырғы Жібек жолындағы басқа көптеген мәдени мұраларға ешкім назар салмады.
Қажет АНДАС
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі
Жалғасы бар…











