ХАН ЛЕРАННЫҢ МЫҢ ҮЙГЕ БАРЫП ҚАБЫРҒА СУРЕТТЕРДІ СЫЗУЫ
Басы: 1946 жылдың жаз басы. Ланьчжоу вокзалында осы қаладан ішкеріге қайтқан ең соңғы бірнеше туысын шығарып салған Хан Леран Шыңжаңдағы Қызыл мың үйіне барып, тексеріп-зерттеу жүргізбек болды.
Хан Леран өз туған жерін сағынбайды емес, сағынады. Ол Цзилинь өлкесінің Яньцзи қаласындағы чаошань жұмысшы отбасында дүниеге келген. Қаршадайынан туған жерінің табиғат көріністерін сүйетін ол, өз мекенінің көріністерін бейнелеп, отанының түкпір-түкпіріне таныстыру арманының жетегімен көркемөнер кәсібінің майлы бояу факультетіне түседі.
Университетті енді ғана бітірген кезде жапон қарақшыларының «18 қыркүйек» оқиғасын тудырып, Шығыс Солтүстіктегі үш қаланы жаулап аларын кім ойлаған? Кіндік кесіп, кір жуған жерінен айырылуға мәжбүр болған ол тентіреп жүріп Ланьчжоуға келіп, әсемөнер оқытушысы болады. Қазір осы қалада едәуір атағы бар орта жастағы суретшіге айналып қалған еді.
Жапон басқыншыларына қарсы соғыс жеңіске жеткеннен кейін Хан Леран да ішкі өлкелердегі өзге ағайындар секілді туған жеріне баруды көксеген еді. Әрине, сол кездегі олар сияқты кедей зиялылардың аэроплан мен пойыз билеттерін сатып алуға шамасы келмейтін. Өйткені аз билет әскерилерге, үкімет шонжарларына, бай саудагерлер мен сылқым ханымдарға ғана тиетін.
Сол себепті іштей тынып, Хан Леран өлкелік кітапхананың оқу бөлмесіне кіріп алып, күні бойы сонда отыратын болды. Жасы – отыз сегізге келгенмен, ол әлі бойдақ еді. Салт басты, сабау қамшылы болғандықтан, кітап теңізінде жүзіп жүрудің өзі оған бір түрлі ләззат сезілетін.
Осындай күндердің бірінде Хан Леран Стивеннің «Батыс өңір археология естеліктері» атты еңбегін көріп шығады. Отанының құнды мәдени мұраларын шетелдіктердің ұрлап әкеткенін білгенде, онсыз да мемлекет пен ұлт тағдырына қамығып жүрген көкірегінде ашу лап ете түсті. Бірақ ақылды да парасатты ата-бабаларымыздың бай мәдени мұралар қалдырып кеткендігін ойлағанда, оның жүрегін мақтаныш пен бақыт сезімі кернеді.
Ол – әсемөнерші, сондықтан Қызыл мың үйіндегі қабырға суреттерге айрықша қызықты. Кейін ішкі өлкеде азамат соғысы басталғанын білген ол, туған жеріне қайту ойынан бас тартып, Қызыл мың үйіне барып қабырға суреттерін көшіріп, көп заман бойы көміліп қалған байырғы Батыс өңірдің көркемөнер асылдарын мемлекет пен халыққа таныстыруды мақсат етеді.
Бұл кезде Хан Леранның ішкі өлкелерге қайтқан достарының бәрі елдеріне оралған. Оның сөзін жақтап, кеңес беретін де, алаңдайтын да ешкімі қалмаған.
Осы жылдың 6-айының 5-күні чаошань ұлтынан шыққан бұл суретші Қызыл мың үйіне барып, екі апта тұрып алғашқы зерттеуін жүргізді. Қызылдың сыртқы көріністерін бейнелейтін бірнеше майлы бояу суреттерін салып, қабырға суреттердің фотоға түсірілген бірнеше нұсқаларын алып, Ланьчжоуға қайтып келді. Суреттерін көркемөнер саласындағы достарына көрсетіп, олардың пікірін тыңдады. Кейін тағы бірнеше досын ертіп алып, Қызылға барып қабырға суреттерін салу ойында болды.
1947 жылдың 19 сәуірінде Жаобаучу, Чын Чян, Ван Курғы және Сунь Бичян атты төрт жас суретшіні бастап, Хан Леран Қызыл мың үйіне барады.
Үңгірге кірмей жатып-ақ төрт жас жігітті бұл үңгірдің ғажайып көріністері өзіне баурап алды. Сөзді алдымен бастаған Ланьчжоулық тығыршықтай жігіт Чын Чян болды:
– Ұстаз, өзіңіз қараңызшы! Біздің Бай ауданынан осы жерге дейін жүрген неше ондаған шақырым жеріміз бір тал қылтанақсыз құмды шөл еді. Ал Қызылға іліне салысымен, құмды шөлдің ортасынан аяқ астынан жасыл алқап пайда бола кететіні қалай? Қызылдың су қайнары қайда? Құмды шөлді аралап бұл жерге ағып келіп жатқан өзен де жоқ қой! – деді.
Басқа үшеуінің жанарлары ұстаздарына қадала қарап, жауап күткендей болды.
– Алдыңғы рет келгенімде мен де сендер сияқты таңғалғанмын, – деді Хан Леран. – Осы мың үйдің маңындағы неше мыңдаған му жерге өздерің қараңдаршы: ит тұмсығы өтпейтін қалың орман, жайқалған шалғын, жарыса ашылған жабайы гүлдер. Ал осы жердің бас жағы – шет-шегіне көз жетпейтін шөл дария. Аяғының астында мұзарт өзен ағып жатса да, оның суын биікке шығарып, жер суландыру мүмкін емес. Сонда мың үңгір маңындағы бұл ырысты өңірді будда әулиесінің аруағы орнатқан ба? Кейін мен мұнда бір ғажайып тау бұлағы бар екенін байқадым. Бүгін уақыт әлі ерте, жүріңдер, көрсетейін! – деді.
Мың үй тауының бір сайына өрлеп шыққан олар сай тағанын құлдап ирелеңдей ағып жатқан бұлақты көрді. Жастар бұлақтың шығып жатқан қайнар көзін тезірек табуға асықты. Мұндай болса, расында осынау ұлы шөлде ағып жатқан өзен бар болғаны ма? Сайды өрлей жүрген олар ұлы табиғаттың құпиясын ақыры тапты: мөп-мөлдір бұлақ суы бір терең көлшікке барып құяды екен де, онан ағып шығып екіге айырылып, еңіске қарай бұратыла түседі екен. Бұлақ мына шалғын шөбі жайқалған сайды тіпті де әрлей түсіпті.
Олар әңгімелесе, күлісе жүріп келе жатыр еді. Аяқ астынан қолында жуан асасы бар еңгезердей бір ұйғыр қария шыға келіп, олардың жолын тосып алды. Бейне аңыздарда айтылатын сүсті де айбатты палуан келбетті бұл қария өр дауыспен:
– Сендер не қылған адамсыңдар? Бұл жерге келіп не істегелі жүрсіңдер? – деп сұрады.
Ұйғыр тілін білмейтін төрт жас жігіт бірдеңе дей алмай, абыржып тұрып қалды. Осы кезде арт жақта келе жатқан Хан Леран мен аудандық тілмаш әрі жол бастаушы да келіп қалды.
Анандай жерден дауыстай амандасқан қарт тілмаш:
– Ясын ағай, сәлеметсіз бе! Бұлар мәдени мұра ұрлауға келгендер емес. Ланьчжоу қаласынан келген суретшілер. Бұл кісілер Қызылдың қабырға суреттерін көшіріп, ішкі өлкелерге таныстырмақ екен, – деді.
Жолды бөгеп тұрған айбатты қария дереу аса таяғын өзіне тартып алды да, сол қолын кеудесіне қойып сәлем берді. Содан соң:
– Тұлпардың да сүрінетін шағы болады ғой, кәрі көзім бұлдырап, жаңсақ басып, жақсы адамдарды ұрылар екен деп қалыппын. Ренжімеңіздер! “Жылауық бұлаққа” бармақ болып келе жатырсыздар ма? Онда маған ілесіңіздер, – деді.
Қарт тілмаш Хан Леранды қариямен таныстырып болған соң түсіндірді:
– Бұл қарияның аты – Ясын. Осы өңірдің малшысы. Осыдан бұрын көптеген шетелдіктердің Қызылға келіп қабырға суреттерді талан-таражға салғанын бұл кісі түгел көзімен көрген. Қабырға суреттердің мемлекеттің асыл қазынасы екенін ол кезде бұл кісі білмеген, сондай-ақ оған мән де бермепті. Шамасы, 18–19 жылдың алдында Хуан Би есімді жуңголық профессор Шыңжаңда археологиялық жұмыспен жүріп осы Қызылға келген. Келген соң бұл қарияға жол бастатып, қабырға суреттердің құнын әңгімелеп беріпті. Содан кейін бұл кісі мемлекет үшін осы үңгірлерді өздігінен күзетіп беріп келеді. Бірақ, содан бері мәдени мұра тонайтын бейсауат адамдар бұл жерге келмеген екен. Жаңағы жағдай – ұғыспаушылықтан туған сияқты.
– Мен осы жерге былтыр да келгенмін, сол кезде Ясын ағайды қалайша көрмеппін? – деді Хан Леран.
– Бұл кісі помещик отбасының қойын бағады, – деді қарт тілмаш. – Әр жылы қыс және көктем мезгілдерінде ғана қой табынын осы жерге әкеліп бағады. Дәл сіз келген кезде бұл кісі басқа жақта болған. Бірақ сол кезде сіздің әрекетіңізді байқаған басқа да адамдар бар. Олар осы Қызыл кентінің бірнеше диқаны. Бұл үңгірлердің құнын енді олар да біліп қалған. Сол кезде сіз келе салысымен, осылардың бірі аудандық үкіметке барып мәлімдеген. Ал сіз де үкіметке барып хабарласқандықтан, сізді ешкім мазаламаған.
Олар әңгімелесе отырып бұлақтың ең басына келіп қалды. Бұлақ басы доға пішіндес жартас екен. Биіктігі бірнеше кез келетін жартас қарсы алдында көлденең тұр. Таусылмас жас моншақтары іспетті бастау сулары қына басқан бала теңбіл жартастан тамшылап, астындағы көлшікке құйылып жатыр. Сыңғырлай ағып жатқан бұлақ мәңгі шертіліп болмас бір күйге басқандай. Жыл бойы тоқтамай ағып жататын жаңағы бұлақ міне осы көлшіктен басталады екен.
Ал жартастың үсті – о шетімен бұл шетіне көз жеткісіз құмды шөл. Онда не ағып жатқан өзен, не өсіп тұрған шөп, ағаш жоқ. Жатқан бір меңіреу дүние. Бастау сулары жер астынан шығып жатқан сияқты.
Саяхатшылар сирек ұшырайтын мына көрініске, бастау көзіне қызыға қарап, көз алмай тұрған. Сонда Ясын қария:
– Сіздер бұл судың қайнарын таба алмайсыздар. Бұл су – Күшар ханшасының көз жасы! – деді күліп.
Қария осыны айтты да, Хан Лерандарға бір әңгімені баяндап берді:
– Бұл сонау ертеде болған әңгіме екен. Аңызда айтылуынша, Күшар елінің патшасының қызы болыпты. Ханша сол елдегі бір жас тас шеберіне ғашық екен. Күндердің күнінде тасшы жігіт патшаға қызымен некелену талабын білдіріпті. Патша оған: «Үш жылдың ішінде құдайға бағыштап бір мың тас үңгір қазып шық. Қызымды сонда ғана беремін», – депті. Тасшы жігіт тас үңгірлердің тоғыз жүз тоқсан тоғызын қазып болғанда зорығып өліп кетіпті. Мұны білген ханша оны іздеп келіп, күні бойы зар еңіреп жылаумен болыпты. Ең соңында осы жартасқа айналыпты да, көз жасын көлдете беріпті…
Бұл әңгіме оларды қатты әсерге бөледі.
– Бұл мұңлы ханша сөз жоқ хор қызындай сұлу болған шығар? – деп сұрады Жаобаучу.
– Әрине, солай болған, – деді қарт тілмаш. – Сен оның тамшылаған көз жасынан шыққан әуеннің өзінен әсем музыка естімедің бе? Өткенде келген Хуан Би профессордың айтуынша, ерте замандағы кейбір музыканттар осы “Жылауық бұлақтың” қасына келіп, судың тамшылаған үнін тыңдай отырып жаңа ноталар тудырған екен. Таң хандығы дәуіріндегі атақты Күшар музыкасы “Посожи” міне, осы жерден шыққан. Бұл туралы ежелгі кітаптарда да жазылып қалған деректер бар. Егер бұл ару ханшаны көргілерің келсе, ертең үңгірдегі қабырға суреттерден іздесеңдер, табасыңдар, – деді қарт тілмаш.
Келесі күннен бастап олар қабырға суреттерге қарап сурет сала бастады. Үңгірлердің ішінен көптеген буддалардың, пусалардың және будда номдары жөніндегі аңыздарға қатысты бейнелерді көрді. Сондай-ақ сылқылдап билеп жүрген көптеген Күшар бойжеткендерін де кездестірді.
Бірақ әлгі мұңлы ханша бұлардың қайсысы болғаны? Бұл жөнінде олар алдын ала біржақты тұжырым жасай алмады. Бейне әлгі сыңғырлай аққан “Жылауық бұлақ” сияқты, ол қандай әуенге салып тұр екен, кім білсін? Бәлкім, мың музыкант келіп тыңдаған кезде бір-біріне ұқсамайтын мың түрлі әнге салған шығар…
Бірақ бұл келгендердің барлығы суретші болғандықтан, үңгірге кірген соң олардың назары қабырға суреттерінің әсемөнерлік стиліне ауып кетті.
Осы кезде Сунь Бичян бірінші болып бір жайтты байқап қалып, ұстазына:
– Ұстаз, мына қабырға суреттер Дунхуан үңгіріндегі қабырға суреттерге мүлде ұқсамайды ғой. Қараңызшы өзіңіз! Сызған сызықтарының жуан-жіңішкелігі түгел ұқсас, ал рең беру жағында рет пен тәртіпке қатты көңіл бөлінген. Адамды ерекше әсерге бөлейді, – деді.
– Дұрыс айтасың, – деді Чын Тян іле-шала. – Бұл қабырға суреттерге жай қарасаңыз, тұрпайы әрі бірсарынды көрінеді. Ал тереңірек үңіліп қарасаңыз, өзгеше бір стиль байқатады. Сызықтары ықшам әрі дәл, кейіпкерлерінің түр-тұрпаты айнытпай түсірілген. Қай уақытта қарасаңыз, олар төменге түсіп келе жатқандай сезіледі.
– Бұл жоғалып кеткеніне ұзақ заман болған бір ерекше сурет өнері, яғни атақты “бір сызықты сурет салу” стилі. Сүй және Таң патшалықтарының аралығында Хотан суретшілері – әкелі-балалы Үй Сулар Батыс өңірдің бұл сурет өнерін Орта жазыққа апарып, сол кездегі әсемөнер саласындағы шеберлерге аса зор ықпал жасаған, – деді Хан Леран.
Осыны айтып тұрып, ол қабырға суреттерін нұсқап сөзін жалғастырды:
– Өздерің қараңдаршы, жуан-жіңішкелігі ұқсас мына сызықтар қандай әдемі сызылған! Бейне ертедегі суреттер туралы кітаптарда айтылатын ұршыққа оралған жібектей бұратылып көрінеді. Енді суреттердің бояуына қараңдар: алашұбарлап бояу беру тәсілін қолданған, ол кісіге ерекше әсер тудыра алатын сурет қалыптастырған. Шынында, бұл бейнелер адамдардың дәл өзі сияқты! Мұндай сызу әдісін мен бұрын тек әсемөнер тарихынан ғана оқығанмын. Бірақ әкелі-балалы Үй Сулар қалдырып кеткен әсемөнер туындыларын өз көзіммен көрмеппін. Айтуларға қарағанда, олардың салған суреттері жоғалып кеткен, ал өздері кейін келе Таң патшалығының азаматтығына өтіпті. Онда барғанда, сірә, шәкірт тәрбиелемеген немесе сурет сызу өнерін кейінгі ұрпақтарына үйретпеген сияқты.
– Бұған қарағанда, тарихтағы әкелі-балалы Үй Сулардың сурет стилі ерте заманда Батыс өңірлерге таралған сурет сызу әдісі болса керек. Мұндай сызу өнері қайдан шықты екен? – деп сұрақ қойды Фан Гоуи.
– Менің білуімше, – деді Хан Леран, – мұндай алашұбарлап бояу әдісі Батыс өңірге ерте заманнан Үндістаннан тараған. Ол Батыс және Шығыс әсемөнерінің тоғысуының туындысы. Алайда кейін ол Орта жазыққа да тарап, еліміздің дәстүрлі сурет өнерімен тоғыса келіп, жуңгоша тың сурет стилін қалыптастырған. Ол өсімдіктердің, құстардың, табиғаттың қаңқасыз суреттері түрінде көрініс тапқан.
Хан Леран осы араға келгенде серіктеріне сызу әдістерін талдатып алды да, әкелген үстелдерін орналастырып, оқушыларына қабырға суреттерін көшіртіп сала бастады.
Бірақ Хан Леран пусаның суретіне қарап тұрып, ойға шомды. Ол қатты тебіренді, бірақ ойын бір жерге тиянақтай алмады.
Қабырғадағы пуса бір қолына лала гүлін ұстап, бір қолымен жақсылық нышанын білдіретін ишара жасап, салмақты да мейірімді бейнемен күлімсіреп тұр. Басына хазірет тәжін, үстіне ертедегі Батыс өңірге тән жағасыз шапан киіпті. Бірақ өң-ажары бүтіндей ханзулардың ару бойжеткендеріне ұқсайды. Бұл да – Жуңго, шетел және Батыс өңір әсемөнерлерінің тоғысуынан туған жауһар еді.
Пусаның осы бейнесіне ұзақ қарап қалған Хан Леранның есіне еліміз тарихындағы гүлденіп-көркейген Таң патшалығы мәдениеті түсті. Ол – дүниенің жер-жеріндегі мәдениет гүлдерінен нәр ала отырып баптап ашытылған шарапат шарабы сияқты еді. Иіскесең, тәбетіңді қоздыратын әсемөнердің шырынды жемісі!
Бірақ томаға-тұйық болып өткен бірнеше жүз жылды айтсайшы! Дүниедегі озық техниканы үйрене алмаған, тың мәдениет жарата алмаған, көне қалыптан шыға алмаған, көз аясы тар, сөйте тұра өзін керемет санайтын жұрт-ай!
– Уа, Отан! – деп ішінен күбірледі ол. – Сен денеңдегі надандықтың батпағын қай уақытта жуып, гүлденіп-көркейер екенсің? Озық мәдениеттің кең сарайына қашан кірер екенсің?..
Ой теңізіне шомған Хан Леран “Жылауық бұлақтың” басына қайта келгендей, Күшар ханшасының көз жасымен күмбірлеген музыканы тағы естігендей болды.
– Бұл – отанымыздың салтанатты дәуірінің музыкасы ғой, – деді ол іштей.
Біздің парасатты ата-бабаларымыз жасап кеткен жарқын мәдениеттің қайнар бұлағын надандық құмы көміп тастаған жоқ па екен? Бірақ ол бәрібір жер астындағы құм ішінде тоқтамай ағып, жылжып келеді. Енді міне, жартастың арасынан атылып шыққандай.
Мына жер астындағы құм оны басып жатса да, ол бәрібір араласпа заттарын сүзіп тазартып отыр. Отан мәдениеті міне осылайша дами беріп, қайтадан дүниеге танылса, онда ол бұдан да тұнық, бұдан да көрікті болар еді-ау!
Ханшаның көз жасынан жаралған музыка өз тыңдаушысын әртүрлі әсерге бөлейтіндігі – онда қуаныш, шаттық, мұң, өшпенділік, сүйіспеншілік, жек көру сияқты барлық сезімдердің тоғысқандығынан шығар. Ал мына Ясын ағай мен Қызылдағы тас пұтханаларды қырағылықпен күзетіп жүрген диқандар құм топырақ астына көміліп қалған жер асты өзеніне ұқсамай ма? Тек үстіндегі топырақты аршып, оларға істің мәнін түсіндірсең болды – олар да өздерінің орасан күшін көрсетпек!
Өз жұмысының маңызын жете ұғынған Хан Леран енді тіпті де жігерлене түсті. Ол төрт оқушысымен күні кешке дейін қабырға суреттерін көшіріп салып, сондай-ақ үңгірлерді бір-бірлеп тексеріп, естелікке жазып отырды.
Нәтижесінде қабырға суреттері бар үңгір саны – 75 екені анықталып, оларға бір-бірден нөмір қойылды. Екі ай ішінде олар қыруар қабырға суреттерін көшіріп салып, көптеген фотосуреттер түсірді.
Сөйтіп, Ланьчжоуға қайтуға дайындала бастады.
Бір күні Жаобаучу мен Сунь Бичян №15 үңгірден түсіп келе жатып, қастарындағы төбешіктегі топырақ үйіндісінде шынының ауызындай ғана тесік бар екенін байқап қалды. Әуесқойлықтары басым екі жігіт барып, жақыннан көруге асықты.
Екеуі жүрелеп отыра қалып, әлгі тесіктің екі жағындағы топырақты қолдарымен арши бастады. Тесік барған сайын үлкейе берді, ішінен сұп-суық жел есіп тұрды.
Басқа бір үңгірден шығып келе жатқан Хан Леран екі жігіттің топырақ қазып жатқанын көріп, қол шамын әкелді де, үңгірдің ішіне жарық түсірді.
Бұл төбеден ішке қарай қазылған үлкен үңгір екен. Шамның әлсіз жарығы түбін көрсете алмады.
Қуана айқайлап жіберген Хан Леран:
– Мынау аузы балшықпен сыланып тасталған будда үңгірі екен! Топырағын алып көрейік! – деді.
Оның даусын естісімен Чын Тян мен Фан Гоуи де жетіп келді. Қазатын саймандар алып келіп, жарты күнге жетпейтін уақытта жаңа бір үңгірдің ауызын ашты.
Ішіне кіріп көргенде, қабырға суреттерінің әлі де едәуір аман екенін байқады. Межелеуінше, үстіңгі үңгірдің сыртқы құрылысы құлап, астыңғы жағындағы осы үңгірдің ауызын басып бітеп тастаған.
Мұны шетелден келген мәдени мұра тонаушылардың ешқайсысы байқамаған екен. Сондықтан қабырға суреттері олардың бүлдіруінен аман қалыпты.
Қуанышы қойнына сыймаған Хан Леран бұл үңгірді «Ерекше 1-нөмірлі үңгір» деп атады.
Ол серіктерімен бірге бұл үңгірдің ішіндегі қабырға суреттерге қарап екі күн бойы сурет көшіріп салды. Осыдан соң екі айдан астам уақыт ішінде жинаған еңбек жемістерін алып, Ланьчжоуға қайтып барып, сурет көрмесін ашуға кірісті.
Қажет АНДАС
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі
Жалғасы бар…











