– Әке, сіз туған күніңізді тойлаппа едіңіз?
– Жоқ.
– Неге?
– Қазақ баласының туған ай, күні әр түрлі болғанымен, Ұлыстың ұлы күнінде Наурыз көжеден дәм татқан қазақ баласы бір жасқа шықты деп саналады. Сондықтан ата-бабамыз туған күнді жылдың әр күнінде емес, жылдың бір-ақ күнінде Наурыз мерекесімен орайластырып тойлауды салтқа айналдырған, – деп жауап берді.
«Бар қазақтың туған күнін бір-ақ күнге сыйғызған неткен берекелі өмір» деп іштей сүйсіндім.
Тағы бір де әкем Наурыз мерекесінің шығуы туралы қызықты аңызды айтып беріп еді. оның ұзын ырғасы былай өрілетін.
… Осыдан бес мыңжылдың алдында тау басына қоныстанып, төрт түлікпен тіршілігін қамдап отырған бір тайпа ел болыпты. Сол тайпада ақылгөй, даналығымен елді аузына аузына қаратып, берекге ұйытқан Наурыз атты әже болған екен. Бір жылы қатты жұт болып, мал қырылып, тайпа адамдары қытымыр қыстан көктемге үздігіп әрең шығыпты. Көктем келіп, көк тебендеп, жердің тоңы жібіп, малдың аузы көкке ілінген бір күні Наурыз әже қыстан аман-есен шыққан тайпаластарын жинап, ауылдың дәл ортасына үлкен тай қазанды орнатып:
– Ертең әркім үйінде қалған тамағын әкеліп осы қазанға салатын болсын, – деп бұйырыпты.
Үлкеннің айтқанынан шықпайтын ежелгі әдет бойынша әркім үйінде қалған тамағын тай қазанға салады. Оны санап көрсе 7 түрлі дәмнен тұрыпты. Соның ішіндегі көзге көріктісі Наурыз әженің қысқы соғымынан асып қалған жалқының кәрі жілік пен төрт жапырақ майлы ет екен.
Сонымен жұрт жиылып кәріжілік пен жеті түрлі дәмді қазанға салып, төрт жапырақ етті қазанның төрт құлағына қойып, көз-көсір көже жасапты. Бір қызығы, бір қазан көжені тайпадағылар бір ай ішіпті, ал кәрі жіліктің еті бір ай бойы желініп бітпеген екен. Сол жылы ел ырысы шалқып, қой егізден қозылап, ірі қара қоңданып, құлын біткен арғымақ болып өсіпті. Осыдан былай жұрт солш күнді жылдың басы санап, Ұлыстың ұлы күні деп атапты. Мұны Наурыз әже бастағандықтан мерекені әз-Наурыз деп, кәріжілікті бас сүйек, жеті дәмнен тұратын көжені Наурыз көже деп атап кетіпті.
Бұл тайпадағы берекелі тірлікті көрген көрші тайпалар да уақыт өте Наурыз әженің жолын ұстап, Наурыз мерекесін тойлайтын болыпты…
Қажет АНДАС
«Q-andas» ақпараттық агенттігі.











