ЖАНМЫРЗАНЫҢ АСЫ
Жанмырза Тілеуқабыл тұқымы Оразайдың баласы. Қызайдың 90-нан, енді бірде 100-ден асқан ақсақалы деп 1790 жылы ат шаптырып ас береді. Бұл асқа би салауатымен Сармық би және Шөңке қатысады. Асты Қарағай батыр жүргізеді. Астың қалай өткені немесе онда қандай жол-жосынның орындалғаны туралы нақтылы ақпарат жоқ. Бірақ «Жанмырзаның асында Төреге қол тигізген Сармықтың бес қасқасы» деген аңыз бүгінге дейін үлкендер арқылы бізге жетіп отыр. Қазірде ел Сармық бидің ауылын Бес қасқа ауылы деп атайды.
Істің жайы былай болған:
Жанмырзаның асында қызайдың атақты адамдарына арнап тігілген үйге асқа келген Абылай, Әбілмәмбет ханның балалалры түседі де, қызай төресі Нұрасыл мен Тәңірбердінің игі-жақсылары жай үйлерге орналастырылады. Күтім жағынан бірдей болғанымен, орын жағынан қораш көрініп қалады. Асқа сойылған малға Құран оқылып, бата жасалғаннан кейін Жанмырзаның немересі бір ақсарбас қойды жетелеп келіп Сармық биден:
– Сармық ата, «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ел көгереді» деуші еді. Өзіңіздей дуалы ауызды шешен, шешімді азамат болуды армандап жүруші едім. Сіз шын ықыласпен батаңызды беріңіз, – деп бата сұрайды.
Сонда Сармық би қасында отырғандарға қарамай қолын жайып:
Ауылыңның ардағы бол,
Халқыңның арланы бол.
Мәртебең биіктегі,
Заманның тарланы бол.
Еліңнің еркесі бол,
Жорықтың серкесі бол.
Жетім мен жесірдің,
Басындағы күркесі бол.
Абыройың аса берсін,
Бақ-дәулетің таса берсін.
Егескенің құм құшып,
Жауыңның құты қаша берсін.
Ұрыспайтын ұлың болсын,
Керіспейтін келінің болсын.
Қызыр дарып шаңырағыңа,
Малың өрісті болсын, Аллаһуәкпар!, – дейді.
Қызай төресі Нұрасылды бастап келген Тәңірберді жағы арнайы үйге түсе алмағанынан наразы болып тұрғанда, Сармық бидің ақ сарбасқа бата жасауы одан ары құсаландырады. Тәңірберді жағы Сармықты кекете: «Төре тұрғанда қараға жол қайда, неге төреден жол сұрамай бата жасайды», – деп шу көтереді.
Сол кезде Сармық би:
Барлығын қылып күшінің,
Орынсыз істі, бұзған ит.
Өзі болған кісінің,
Ататегін қуған ит, – деп салады.
Сонда Нұрасыл төренің жанында отырған Тәңірбердінің бір әңгүдіктеу ікісісі: «Не деп оттап отырсың, итің кім?», – деп Сармықты қамшымен салып қалады. Сол-ақ екен есік жақта отырған Сармықтың Қойлыбай, Қойшыбай, Арызбай, Ажыбай, Майтбай сынды бес ұлы атылып шығып, жанжал басталады. Осы кезде араға түскен Қарағай батыр дауды тоқтатып, екі жақты татуластырады. Ас дабыралы өтеді. Астың соңында төреге қол көтерген Сармықтың бес баласына айып тартып, ас тарайды.
Әсілінде, Қызайдың Сама төресі дүние салар алдында билікті үшінші ұлы Нұрасылға береді. Бірақ ол билікті дұрыс жүргізе алмағандықтан 1800 жылдары Қызай билері кеңес ашып, Нұрасылдағы төрелік билікті Саманың үлкен ұлы Әбілпейізге алып береді. Әбілпейіз қызайларды 1800 – 1840 жылға дейін 40 жыл билейді.
Сармық бидің тәрбиесінде ержеткен Шөңке Тілеуберді, Тілеуқабыл руларын билеп, Тәңірбердігі Ермек, Бегімбет, Дербісті сармық билеп, үш би Әбілпейіз төреге тікелей бағынған.
Дереккөз: Тарих талғарында [Мәтін] : (Тарихи зерттеулер, эссе, мақалалар) / А. Омарақын- Талдықорған : [б. ж.] , 2022.– 500 дана . – ISBN 978-601-7865-39-9 (1-т.), ISBN 978-601-7865-36-8 1-том .– 287 б., суретті .
https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657755
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі
Жалғасы бар…











