Белгілі бір уақыт кезеңінде ғұмыр кешіп, тарих қойнауына енген сайын, артында қалдырған мұралары жарқырай түсетін тұлғалар бар. Күн өткен сайын олардың қайраткерлігімен бірге адам баласының өркенін өсіріп, оның болашағына үлес қосатын рухани игілігінің қадір-қасиеті де арта түседі. Осы тұрғыдан келгенде Егеуек Далбағаевтың рухани және адамгершілік қасиетін әріптестері, жерлестері, аралас-құралас өткен жандар жоғары бағалайтыны белгілі. Сан түрлі қоғамдық жұмыс, мемлекеттік қызмет, халқымыздың кешегі асылдарын ұлықтау, ел ертеңі жолындағы елеулі бастамаларды жүзеге асыру барысында Егеубек ағамен сан рет әріптес болдым. Ағалық ақылын тыңдап, әріптестік пікіріміз бір жерден шығып, бірқатар игілікті істі істедік. Бүгінде сол кісінің шұғылалы ізі қалған Алматы облыстық ардагерлер кеңесін басқарып, даңғыл жолды жалғастырып келе жатқанымды болашаққа салынған үлген қадам деп есептеймін. Егеубек ағаны еске алсам, ол кісінің бірнеше ізгі қасиеті көңіліме оралады.
Егеубек аға ең алдымен қазақ халқының асыл қасиетін бойына жиған, үлкенмен сыйласып, кішімен сырласып, әріптестерімен тіл табысып, Жетісу өңірінің мәдениеті мен өнерінің дамуына өлшеусіз еңбегі сіңген адам. Әрине, өмір өткенімен қызықты, нәтижелі. Десек те, ол ағын су сияқты өтеді, өзгереді. Алайда, сол өзгерістің астарында анықтап қарамасаң жете түсіне алмайтын ақиқаттар жатады. Бүгінде қазақ халқының мәдениеті мен өнері бүгінгі әлемдік өркениетке ықпал ете алатын деңгейге шықты. Бұл айтуға жеңіл болғанымен, осы жолда қаншама адам түн ұйқысын төрт бөліп, тынымсыз еңбек еткенін дәл қазір санап бере алмаймын. Дей тұрғанмен, өткен күннің сарғайған естеліктерін парақтап отырып, көп ойды көңілге түйемін. Түйемін де сол жандарға еріксіз басымызды иемін. Олардың тағдыр талайы бір-біріне ұқсас болмаса да, мақсаты, мұраты, арманы бір арнаға тоғысып жатқанын аңғарамын. Сол қатардан Егеубек ағаны көретінім анық.
«Әркімнің туған жері мысыр шаћары» демекші, адам баласына кіндік қаны тамып, кіндік бауы кесілген жердің ыстық болатыны анық. Егеубек аға 1931 жылы 19 қыркүйекте Ақсу ауданының Кеңқарын ауылынла туды. Кезіндегі қазақ зиялыларының тағдыр-талайына жол ашқан сол бір кішкентай ауыл Егеубек Даданбекұлының келешектегі өмір жолына ерекше нұр құйды. Бала күнінде қатарластарымен бірге тайынша-торақ, қозы-лақ бағып жүріп, еңбекке шыңдалды. Алғаш мектеп табалдырын аттағаннан-ақ білімге құштар, оқуға ынталы болғанын замандастарының аузынан талай рет естідім. Сол ынта жігерімен Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына түсті. Институт өмірі мәдениеттің мәйегін үйреніп, біліктіліктің негізін қалауға ықпал етті. Қазақстанның жан-жағынан жиналған ынталы жастармен бірге ару Алматының алақанында әлпештелді. Кейін Алматы жоғары партия мектебін үздік дипломмен бітірді. Жасыратыны жоқ, ол тұста аталған оқу орнына түсудің өзі де сан сынақты талап ететін. Оның үстіне болашақ білікті мамандарды даярлайтын оқу орнын үздік дипломмен бітіру де жалықпай іздену, жан-жақтылы талпынумен қолға келетінін жақсы білемін. Алғырлығы мен ізденгіштігі, жұртпен тіл табысып, тырысып нәтижеге жаратуға деген құлшынысының жас кезінен-ақ өмірлік қағидасына айналғаның белгісі. Сондықтан да кейінгі сан түрлі қызмет баспалдағын да сол оқу орнынан алған тәрбиесі мен тәжірибесі, білімі мен үйренген үлгісінің арқасында үлкен жетістіктерге жетіп отырды деуге болады.
Иә, «Өмірдің жолы сан тарау», – деп халықұ даналығында айтылғандай, оның биігіне тек қажыры мен қайраты бекем, жолай келген қиындыққа моймайтын бір беткей жандар ғана шыға алатынын өмір сан мәрте дәлелдеп берді. Оны Егеубек ағаның өмір жолынан да көруге болады. Алматыдағы ең әйдік оқу орнын бітіргенімен Егеубек аға еңбек жолын 1953 жылы Қаратал ауданының Тастөбе ауылындағы Жамбыл орта мектебінен бастады. Осы ауданда 18 жыл мұғалім, аудандық партия комитетінің жауапты қызметкері, оқу бөлімінің меңгерушісі, кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары болып еңбек етті.
Ауыл – адамды шыңдайтын, шынықтыратын орта. Одан әркім өзіне керекті адамгершілікті, кеңпейілділікті, сүйіспеншілікті, үлкенге ізет, кішіге қайырымдылықты үйренеді. Сол тұста Егеубек Даданбекұлы партиялық жұмысқа тартылған маман ретінде емес, аймақтың жалпы жағдайын, ондағы тұрғындардың хал-ақуалын, әсіресе, облыстың мәдениет, өнер салдасындағы кемшіліктерін түзетіп, жақсылықтарын арттыруға барынша белсене кірісті. Оның жаңашылдығы, ауыл, ауданда атқарған жұмыстары басшылардың жоғары бағасына ие болды. Нәтижесінде, 1971 жылдан 1980 жылдар аралығында Көксу аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Талдықорған облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары қатарлы маңызды қызметтерді атқарды.
Біз кейде: «Қызмет қолдың кірі сияқты», – деп жатамыз. Бұл сол міндетті жете түсінбей кірлетіп алатындарға қаратылса керек. Әлбетте, кеше де бүгінде қызметті мәртебенің биіктігі емес, халықтың сенімі деп қабылдап, оған шаң жуытпай, қайта басқаларға сәулесін шашып келген тұлғалар жеткілікті. Егеубек аға, міне, осындай таза да кіршіксіз қалпымен айналасындағылардың жүрегіне терең ұялаған адам. Сондықтан оның кісілік, азаматтық тұлғасын тебірене тұрып айтатын әріптестері жетерлік. Ағамыздың ұйымдастыру қабілетінің жоғарылығы, тазалығы, асып-таспайтын мінезі жауапты жұмыстар атқаруға ықпал етті. Осындай қасиеттерінің арқасында 1980 жылдан зейнетке шыққан 1992 жылға дейінгі аралықта Талдықорған облыстық мәдениет басқармасын басқарды.
Егеубек Даданбекұлы Талдықорған облыстық мәдениет басқармасын басқарып тұрған кезде аймақтың мәдениетін мәйектету үшін бірқатар тыңғылықты жұмыс істеді. Ең алдымен ағамыз мәдениет саласына шынайы берілген жас кадрларды таңдап істетуде басқаларға үлгі болды. Әрине, ол тұста мамандарды таңдау, оларға салмақты жауапкершілік жүктеу, сатылап өсіру ісі өте қатаң атқарылатын. Аудандық мәдениет бөлімінің басшысы емес, ауылдық клубтың меңгерушілігіне осы салада біраз жыл жұмыс істеген, тәжірибесі мол, әбден піскен адамдар тағайындалатын. Бірақ Егеубек аға облыстық мәдениет басқармасын басқарған тұста басшылық орындарға болашақта осы саланың тізгінін ұстап, жұрт үшін жақсы жұмыс атқарады деген жастарды таңдап қойып, олардың біліктілігін жетілдіруге, тәжірибесін молайтуға ағалық қамқорлығын аямады. Сол шәкірттерінің бірі бүгінде Алматы облыстық ішкі сасыт басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов еді. Сонау 1981 жылы жаңадан институтты бітіріп келген жас жігітті Ескелді ауданына клуб меңгерушісі етіп тағайындап, кейін Алматы облыстық мәдениет басқармасының басшысына көтерілгенге дейін ақылын аямаған адам. Тізбектей берсек мұндай қамқорлықтың қатары көп. Сондай-ақ, аймақтағы музей ісінің дамуына үлкен үлесі сіңді. Әсіресе, облыстағы барлық аудан-ауылдағы мәденитет клубтардың арт-артынан бой көтеруіне елеулі еңбегі сіңсе, Сарқан ауданы Мұқан Төлебаев ауылындағы Мұқан Төлебаев атындағы музейдің, Ақсу ауданы Ақсу ауылындағы Ілияс Жансүгіров музейінің, Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіровтың әдеби музейінің бүгінгідей кемелденуіне барынша еңбек етті. Тіпті, зейнеткерлікке шыққаннан өмірінің соңына дейін Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіровтың әдеби музейінің директоры ретінде көп жұмыс істеді. Сондай-ақ, Құлагер ақын Ілияс Жансүгіровтың 10 томдығын құрастырып, 100, 120 жылдық мерейтойын өткізіп Мұқан Төлебаевтың 100, 120 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО көлемінде тойлауына мұрындық болды. 1992 жылы батыр бабалар мен би-шешендерді ұлықтау жылында облыстағы көптеген ескерткіштің ашылуына құлшына кірісті. Елдіктің белгісін білдіріп, қаламыздың салтанатын асырып тұрған ескерткіштердің қаз тұруына септігі тиді. Бүгінде олар ұлт ұрпақтарын тарих арқылы тәрбиелеудің үлгісіне айналды.
Халқымызда: «Көп естігеннен сұрама, көпті көргеннен сұра» деген дана сөз бар. Біздің тарихымыз бен ұлттық құндылығымыз осылай өріледі. Осы ретте тәуелсіздіктің 30 жылында жеткен жетістіктерімізді де ұлттық құндылықтың жалғастығынан іздестіруге болады. Әлбетте, бәрімізге мәлім, саусақпен санарлықтай жыл ішінде барлық салада үлкен табыстарға жеттік. Тіпті, өзге елдерді таңғалдырған бастамаларымыз да аз болмады. Әрине, мұны мемлекеттік маңызы бар іргелі жобалардан қарастыруға болады. Сол бағыттардың жүзеге асуында қарапайым адамдардың да қосқан үлесі жетерлік. Әсіресе, өскелең ұрпаққа саналы, салиқалы тәрбие беруде облыстық ардагерлер кеңесінің атқарған кешенді шаралары көңіл қуантады. Сол игіліктердің де басы-қасында Егеубек Даданбекұлы болды.
Біздің жеткен биігіміз, жинаған абырой-атағымыз бір нәрсеге өскелең ұрпақты салт-дәстүр, әдет-ғұрпын сақтайтын, «Адал еңбек етуді, еңбекпен тапқан қара нан, еңбексіз тапқан жал-жая, қазы-қартадан артықтығын» (Базар жырау) санасына сіңірген ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуге бағытталады. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ қазақ болғалы қаймағы бұзылмай, таза, мөлдір, кіршіксіз қалпымен жібін үзбей келе жатқан жас ұрпақ тәрбиесінің орны ерекше. Жалпы, Алматы облысында осындай жолда игілікті із қалдырғанның бірі де Егеубек Даданбекұлы еді.
Егеубек аға 1992 жылы зейнетке шыққан тұста Талдықорған облыстық ақсақалдар кеңесі құрылып, оның төрағасы болып сайланды. Ол кісінің бастамасымен “Шежіре” отауы құрылып, Жетісу өңірінің тарихын түгендеп, мәдениетін мәйектетіп, өнерін өркендету жолында көп жұмыс атқарылды. Сол тұста облыстық ақсақалдар кеңесінің басшылығымен “Чайка” кинотеатры негізінде “Жетісу” ақ мешіті ашылды. Мешіт жанына “Неке залы” ашылды. Осылай елді имандылыққа, жастарды ұлттық тәрбиеге баулудың алғашқы негізі салынды. Жұма күндері мешітке мыңдаған адам жиналып, намазға жығылатын жағдай жасалды. 1997 жылы талдықорған облысы таратылып, Алматы облысының құрамына енген тұста Талдықорған аймақтық ардагерлер кеңесін басқарды. Сол бір қиын жылдары аймақтағы ардагерлерді айналасына жинап, күйреген экономиканы, қираған қаланы оңалту үшін жан-тәнімен еңбек етті. Сондай-ақ, облыс орталығын Талдықорған қаласына қайта көшіру туралы бастамалардың басы-қасында болып, өзінің белсенділігін барынша танытты.
Сол тұстағы ел азаматтары мен ардагерлердің біраз жылдық талпынысының нәтижесінде Талдықорған қаласы Алматы облысының орталығы болып, қайтадан түрлене бастады. Облыстық ардагерлер кеңесінің де қызметіне қан жүгірді. Ағамыз Алматы облыстық ақсақалдар кеңесін басқарған тұста Жетісу өңірінің дамуы мен өркендеуіне үлесі сіңген қайраткерлердің өмірі мен тағылымын зерделеген “Жетісу жайсаңдары” атты кітапты құрастыру үшін облыстағы аудан, қалаларды аралап, ел ағаларының өмір тарихын жинап, болашақ ұрпаққа ескерткіш болар кітапты басып шығарды.
Жалпы, Егеубек Даданбекұлы облыстық ардагерлер кеңесін басқарып тұрған тұста “Ардагерлер үйінің” салынғанын айта кеткен жөн. Өйткені ардагерлердің жұмысын жүйелеп, қарттар мен жастардың ортасындағы сабақтастықты жалғастыратын қарашаңырақ “Ардагерлер үйі” тұңғыш рет Талдықорған қаласында бой көтеріп, басқа аймақтарға үлгі болғаны да қуана жеткізер жаңалықтың бірі. Сонымен қатар, облыс орталығынан зейнеткерлерге арналған “Ардагер” атты емхананы ашып, жұмыс жүргізуіне мұрындық болды. Содан бері аталған емхана зейнеткерлердің денсаулығын сақтап, қолжетімді бағада ем алуына әлі де көмек көрсетіп келеді. Осы емханадан ем алып, сырқатынан айыққан қаншама ардагердің дуалы аузынан шыққан алғыстар Егеубек ағаның да аруағына аспандатып келеді. Сол тұста ардагерлерді қоғамдық жұмысқа қатыстыру үшін зейнеркерлердің 580-нен аса бастауыш ұйымы құрылды. Олар облыстағы соғыс және еңбек ардагерлерінің басын қосып, қазыналы қарттардың жастарды патриоттық пен отансүйгіштікке тәрбиелеудің ұйытқысы болды.
Айта кетерлігі, зейнеткерлердің бастауыш ұйымы олардың кәсіби мамандықтары бойынша да құрылды. Сол қатарда облыстағы медицина саласы ардагерлерінің комитеті мен “Әжелер ансамблін” ерекше атай кеткен жөн. Аталған ансамбль көп өтпей халықтық деген атақты жеңіп алып, облыстағы өнерпаз әжелердің даңқын асырды. Осыдан кейін әжелер ансамблі аудан, қалаларда құрылып, жұрттың ықыласына бөленіп келеді. Бүгінде қай өңірде өткен мәдени шаралар әжелер ансамбілінсіз өтпейді.
Ардагерлердің еліміздегі танымал емдеу-сауықтыру орталықтарына барып, ем алып, демалып қайтуына да жағдай жасалды. Сонымен қатар, Егеубек Даданбекұлы облыстық ардагерлер кеңесін басқарып тұрған кезде “Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа анамат” атты ауқымды шара бастау алып, бүгінде облыстағы қарттар мен жастардың даналық тағылымын сабақтастыруға, тарихын танып, әдет-ғұрпын үйренуге, өткеннен өнеге алып, болашаққа батыл қадам жасауға ықпал етуде. Қазір аталған шара облыс аумағындағы барлық елді мекенде жыл сайын жоғары деңгейде өтеді. Демек, осындай игілікті істер ел келешегінің кемел болуына өзіндік ықпал етуде.
Далбағаев Егеубек Даданбекұлы – тыл ардагері,республикалық дәрежедегі зейнеткер, «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» ордендері мен 4 медаль, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған, КСРО мәдениеті мен халық ағарту жүйесінің үздігі және ТМД елдері халықаралық ардагерлер кеңесінің құрмет белгісінің иегері, Алматы облысының құрметті азаматы атақтарына ие болды.
Егеубек Даданбекұлы қоғамдық жұмыстардың майталманы болып қалмастан, отбасының да ұйытқысы бола білді. Зағипа апайымыз да кең пейілді жан. Кейінгі жылдары облыстық мәслихаттың хатшысы болып тұрғанда Егеубек ағамен жиі араласып тұрдық. Жұмыс барысында әріптес ретінде қоғамдық мәселелерді талқыласақ, басқа уақыттарда аға-іні сияқты сыйластық. Егеубек Даданбекұлы мен Зағипа Бақытқызы төрт бала өсіріп, тәрбиеледі. Балалары да әке мұратын жалғастырған, ана тәрбиесін ұлықтаған перзент болып өсті. Бәрі өздері таңдаған мамандықтары бойынша елдің ертеңі үшін аянбай еңбектеніп келеді. Немерелері мен шөберелері де атасының апсыл қасиетін тұмардай тағынып өседі деген сенімдемін.
Иә, қашанда жұртқа мінезімен, пейілімен әсер қалдырған адам ғана олардың есінде сақталады. Көзі болмаса да көңілімен дуғасын жасап, «Жатқан жерің жайлы болсын», – деп Алладан жеңілдік тілеп жүреді. «Батамен ел көгереді» демеуші ме еді. Егеубек аға өмірден өтсе де оның ізгілігіне сүйсінген адамдардың батасы қабыл болып, артында қалған ұрпақтары үмітін ақтап, әке беделін асқақтатып келеді.
Қажет Андас,
«Q-andas» ақпарат агенттігі











