Орналасқан жері: Алакөл ауданы, Жыланды ауылдық округіне қарасты Көкжар ауылында.
Зерттелуі: өлкетанушы-журналист Қажет Андас зерттеп жүр
Сипаттамасы: Ауылдағы бүтін сақталған тек Алакөл аудандық білім бөліміне қарасты Көкжар ауылдық мектебінің ғимараты. Оны жұрт «Ағаш мектеп» деп атайды. Мектептің құжатында бекітілген уақыты деген жерде «1895, 1932 жылы» деген екі түрлі цифр тұр. Бұл ағаш үй 1895 жылы салынып, 1932 жылы мектеп ретінде пайдалануға берілген дегенді білдірсе керек.
Аңыз-әңгіме: Көңілді құлазытатын жағдайлар да жоқ емес. Ауылдың өткен тарихын білетіндердің көбі өмірден өтіп кетіпті. Сондықтан ауылдағы ағаш үйлердің дәл қай жылдары бой көтергенін дөп басып айтып беретіндер табылмады. «ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бері тағаны қалана бастаған» деп мөлшерледік. Бірақ бұл жердің тарихы одан да ертеректен өріледі.
– Көкжар ауылының айналасында Құрман жайлауы, Көктұғыл, Қараалма деген жер атаулары бар. Ол бүгінгі күннің емес ертеден келе жатқан жер атаулары. Аталарымыздың аталары осылай атаған. Демек, осы жер атаулары осы өңір кімнің құтты қонысы болғанын айғақтайды. Ал өткен ғасырда бұл маңда орыс ұлтының өкілдері тығыз қоныстанды. Біз ес біле бастаған кезде осы ауылда Абдырайымов, Мырзагелдинов, Әбжанов, Стамғазинов, Дүйсенбеков, Базылжанов, Тұрғанбаевтар әулеті тұрып, малшы, омарташы, тракторшы болып жұмыс істеді. Ол кезде ауылдағы ағаш мектепте 160-қа жуық бала оқыдық. Сабақ орыс тілінде жүретіндіктен менің замандастарым өзге тілде білім алды, – дейді ауыл тұрғыны Мұрат Әбжанов.
– Мен 1950 жылдардың соңында осы мектепте оқыдым. Апамда осында білім алдым деп жүретін. Ол кісі 1990 жылдары сексеннің сеңгіріне келіп қайтыс болды. Біздің кезімізде ауылда 700-ден астам үй болды. Қазақтар аз еді. Екінші дүниежүзілік соғысқа ауылдан 200-ге жуық адам аттаныпты. Мектептегі сабақ орыс тілінде жүретін, – дейді ауыл тұрғыны Василий Мырзагелдинов.
Тәуелсіздіктен кейін ауылдағы өзге ұлт өкілдері өз елдеріне көшіп, қазақтар қоныстана бастапты.
– 1997 жылы осы мектепке математика пәнінің мұғалімі болып келдім. Ол кезде мектепте 65 бала оқитын, – дейді ұстаз Гүлмира Әбжанова.
Ішкі құрылымы 10 бөлмеден тұратын нысанда ауылдың бір ғасырлық тарихы мен білім беру саласының табан ізі жатыр. Бүгінде мектепалды даярлығымен қоса 1-9-сынып аралығында 20 шақты бала оқиды. Оларға 16 мұғалім сабақ береді.
Мектеп құрылысы кейінгі жылдары жаңғыртылғаны болмаса, сыртқы келбеті сол қалпында сақталған. Ауылда интернет желісі болмағандықтан мектептің кіреберісі мен үлкен бөлмесіне орнатылған бейнебақылау камерасы жұмыс істемейді. Ұстаздар сыртқы әлеммен жұмыс телефон арқылы байланысады. Ауылдағы ағайынға алғашқы көмек көрсететін медбике бар. «Жедел жәрдем» Жыланды ауылының орталығы немесе алыстағы Қабанбай ауылынан келеді. Сондықтан бұл ауылда ауруға төзімді адамдар тұрады.
Көкжар ауылына бізбен бірге барған Жыланды ауылдық округінің әкімі Мақсұт Асқарбекұлы ауылда интернет желісінің болмағаны ауыл тұрғындарының санының аздығымен байланысты екенін айтып:
– Қазір ауыл іргесінен сегнал тарататын қондырғы орнатылып жатыр. Алдағы уақытта бұл қиындық шешіледі, – деген еді бізге. Одан бері біраз уақыт өтті. Ауылдағылар интернетке қосылып, мәре-сәре болып жатқан шығар?!
Айта берсек, «Ағаш мектептің» біразға созылатын хикаясы бар. Мақсатымыз – тырнақ астынан кір іздеп, келеңсіздікті табу емес. Бір байқағаным – ғасырмен құрдас, тіпті одан да ұзақ тарихтан сыр шертетін осы бір сәулет ескерткішінің (солай атауға болады) тарихи мұраны қорғау мекемелерінің назарына ілінбей келе жатқандығы. Біз Әділетті Қазақстан құрамыз десек, онда әр дәуірдің тарихы мен мәдениетіне әділеттілік тұрғысынан қарауға үйренуіміз керек. Сондықтан бұл мектепті тарихи сәулет ескерткіштері қатарына қосып, мемлекет тарапынан қорғалатын нысандар тізіміне енгізуге сұрау салу қажет.
Сілтеме: https://7-su.kz/news/cat-12/19032/
https://aikyn.kz/258369/alakoldegi-ag-ash-mektep
Q-Andas ақпарат.











