Қазақ халқының басынан талай-талай ауыртпалықтар өткені белгілі. Көптеген азаматтар заман қыспағына ілініп ауыр мехнат шекті, небір азапты басынан кешірді. Не бір ықылым заманда елдігі бұзылмай, ерлігі аңызға айналған қазақтардың келе-келе көрген күні күн болмай, берекесі кетті, қабырғасы сөгіліп, іргесі ыдырады. Жоңғар шапқыншылығына ұшырады, ақ патшаның қаһарына ілікті. Қала берді «бастарына бақыт құсын қондырамын» деген Кеңес өкіметі әміршілдік-әкімшілдік жүйесін нығайта отырып, жер-жерге «шаш ал десе, бас алатын» өз өкілдерін жіберді. Солардың солақай тірлігінен халқымыз 1930-31 жылдары аштыққа ұщырады, жазықсыз қырылды. Әсіресе Қазақстанға Голощекин келіп «Кіші Октябрь» орнатты, елім деп еңіреген азаматтардың жазықсыз көзін жоюға, халықтың жаппай аштан өлуіне «аянбай еңбек» сіңірді. Не істерін білмеген қарапайым халық қатты сасып, жан сауғалайтын жер іздеді. Біразы көршілес Қытайға қашып кетті.
Осындай көзі қарақты азаматтың бірі Тасыр еді. Ол Кеген ауданы Таушелек ауылында 1890 жылы дүниеге келген. Патшаның әмірі жүріп тұрған кезде Тасыр «Старшын» деген атқа ие болып, өз ауылында салық жинаушы болады. Өзі тілге шешен, мінезі алғыр Тасыр елден салық жинай жүріп, көп жағдайды көзімен көріп, жасалып жатқан зорлық-зомбылыққа шыдай алмайды. Ауқатты адамдар алым-салықты төлегенімен, кедей-кепшіктер оны төлей алмайды. Төленбеген алым-салықты қолма-қол өндіру үшін арнайы келген сары ала шенді жандарм (патша өкілі) халыққа бүйідей тиіп, бермегендердің жалғыз атын тартып алады. Бірде жесір әйелдің сиырын тартып алып, жанындағыларға алып кетуге бұйрық бергенде Тасыр араға түседі.
– Мен халықпен ақылдасайын, ел емеспіз бе, көпшілік болып жинап, кейін құяйын, бірнеше күн мәулет бер, тақсыр!- дейді.
Сонда жандарм: «Сен не оттап тұрсың, ол қалай күн көрсе олай күн көрсін, маған десе өліп қалсын! Мен сенің салықты неғып жинамай жүргеніңді білдім, ақымақ»,- деп айқайға басып, қылышын қынабынан суыра бергенде Тасыр да қарап тұрмай мылтығын жандармға кезеніп:
– Ал ендеше, салықты өзің жинап ал, маған жақындасаң өлесің, атып жіберемін,- дейді. Бұл сөзді тілмаш оған аударып бергенше Тасыр атына қарғып мініп, тайып тұрады. Олар оны қанша қуса да жете алмай, Тасырдан көз жазып қалады.
Маған «мылтық кезелді» деп жандарм қанша іздегенмен ол табылмайды. «Тасырды тауып бермедіңдер» деп оған туыс екі-үш адамды қамап қояды. Солардың бірі Қашаған деген кісіні бес ай бойы қамайды, кейін ол босанып келгенде, үйіне бірнеше қария хал сұрауға барады. Сонда Мошалақ деген кісі былай депті:
Ау, келдің бе, аман-есен, Қашағаным,
Түрмеден қанша болды босағаның.
Тасыр жүр ақ патшадан қашқын болып,
Соған қуат бере көр, жасағаным!
Ақыры тыным бермей, тағы бір туысын қамаған соң Жаркентке Тасыр өзі келіп қолға түскен. Сонда қайтыс болған. Ал оның баласы Маманды да тағдыр тәлкегіне түсірушілер болды. Маман молдадан дәріс алған, арабша жаза білетін сауатты әрі ақын болған. Қазақ жерінде Кеңес өкіметі орнап «Барлық билік Кеңестерге берілсін» атты ұран көтерілген кезде Кеңес өкіметінің нығаюына өз үлесін қосқан. Алайда Маманға сол кездің өзінде туған-туыстарының Қытайға кеткенін кінә етіп, қысым көрсетілген. «Байдың, жуанның тұқымысың, сыртқа көшіп жатқан елге тыйым сала алмадың» деп орынсыз жала жапқан. Осыдан кейін Маман күн көре алмасын сезіп, көрші Қытай еліне өтіп кетеді де 1955 жылы туған жерге қайта оралады. Елін, жерін, ағайын-туыстарын сағынып көп өлеңдер жазады.
– Көкпектен бұрылып, Айырлының кезеңіне шығып, әкем ауылды көзбен шолды. Сонда екі көзінен жас парлап ағып тұрып дауыстап былай өлеңдеткені әлі есімде,- деп еске алады ұлы Жұмай. Сол өлең міне былай басталады екен:
Таушелек, аманбысың, туған жерім,
Кіндік кесіп, кірімді жуған жерім.
Асыр сап, бала кезде күліп ойнап,
Жейде шешіп, көбелек қуған жерім.
«Өлмеген бір көреді» деген рас,
Дәм айдап көп жылдан соң қайта келдім.
Аманбысың, қайран ел, өскен жерім,
Кір жуып, кіндігімді кескен жерім,
Бір күнгідей болмайды, міне бүгін
Басымнан қайғы-қасірет кешкендерім.
Бүгін өлсем бәрібір арманым жоқ
Тірілгендей боп тұрмын өшкендерім!
Шын сағыныш махаббатынан туған жыр маржандары үлкен ақындық талантты аңғартады.
Жұмаймен әкесі жайлы, оның ақындығы жайлы біраз әңгімелестік. Ол әкесінің еліне елеулі, халқына қадірлі адам екенін, елге көшіп келгенде туған-туыстары түгел жиналып, құшақ жая қарсы алғанын, бастарына баспана, күн көріске жетерлік мал жинап бергенін сыр етіп айтты. Осыдан соң «Әкемнен қалған ескерткіш мына бір дүниелер еді» деп қолымызға бір топ қағаз ұстатты. Бұл ел аузынан жазылып алынған Маман ақынның өлеңдері екен. Ақынның өзінің өмірі жайлы, басынан өткен тағдыры жайлы толғаныстары өмірдің таршылық тауқыметін көрген адам тағдырын көз алдымызға елестеткендей болады. Тұла бойыңды шымырлатып шыққан маржан жырларды тот баспапты, ел аузында жатталып, сақталып қалыпты.
Маманды білетін, оның өлеңдерін жаттап алған адамдар Кеген өңірінде бар деп білеміз. Өйткені қолға түскен осы бір шағын өлеңдер болмаса қалған дүниелері әлі де белгісіз. Демек, ақын жырын білетін адамдар ақынның ұлы Жұмай Тасыровқа (Алматы, Жандосов көшесі 29 үй, 7 пәтер) немесе редакцияға хабарласады деп сенеміз. Төменде Тасырдың бір топ өлеңдерін жариялап отырмыз.
Ш. Сайдықанұлы,
Қазақстан журналистер одағының мүшесі.
Кеген ауданы, Таушелек ауылы.
Жарияланды. “Жетісу” газеті. №27.1992. -3б.











