Тарихтан мәлім, Базарбай Мәметов – қазақтың алғашқы заңгерлерінің бірі, Алашорда үкіметінің белді мүшесі, Жетісу жеріндегі Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері. Әлемдік өркениетке жаппай ұмтылған ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ қоғамы «рухани сілкініс» дәуірін бастан кешірді. Замана келбеті мың құбылып, билік жүйесіне өзгерістер енгізілді. Осындай аласапыран уақытта қазақ оқығандары бодандықтың бұғауынан босап шығып, азаттыққа жылдам қол жеткізуді ойластырып бақты. Қалың елдің қарайған сауатын ашып, еркіндіктің етегінен мықтап ұстауға ұмтылған қазақ зиялылары жаппай жаңа үкімет құрудың жоспарын жасады. Нәтижесінде Алашорда үкіметі өмірге келді. Мұнда ұлтын шынайы сүйген Алаш арыстары қызмет етті. Жаңа кітапта авторлар көпшілікке беймәлім болып келген Базарбай Мәметовтің кейбір қайраткерлік қырын Алаш арыстарымен біте қайнастырып, тұщымды зерттеулер жүргізеді. Сонымен бірге, оның өмір жолын халыққа айшықтап, кең түрде насихаттап көрсету үшін қос автор еліміздің мұрағаттарында шаң басып жатқан тарихи, ғылыми және әдеби деректерді молынан пайдаланады. Базарбайдың ұстазы Мұхамеджан Тынышбаев салып кеткен сара жол да жаңа кітаптың басты арқауына айналған. Зерттеушілер сиясы кеппеген жаңа кітабында Жетісу топырағында туған Алаш арыстарының өмірін тізбектеумен шектеліп қалмай, кейінгі кезде топ жарып шыққан әйгілі тұлғаларды да келтіріп өтеді. Кітап ішінде ел үшін туған асылдардың тағдырына атүсті қарамайтын ағайын үшін құнды деректер өте мол.
Кітаптың басты зерттеу нысанына айналған Базарбай Мәметов 1888 жылы жер жаннаты Жетісуда, асау Лепсі өзенінің бойында, қазіргі Сарқан ауданында туған. Бала кезінен білімге құштар болып өскен ол көшпелі қазақ мәдениетіне қанығып өседі. Базарбай он екі жасында Алматыдағы Верный ерлер гимназиясына оқуға қабылданады. Гимназияның қабырғасында білімін шыңдаған оқушы баланың ендігі арманы Мәскеу қаласындағы Алексеев әскери училищесіне оқуға түсу болды. Бірақ та жас жігіттің жолы Қазан университетінің заң факультетімен қиылысады. Іргелі оқу орнынан заңгерлік мамандықты игеріп шыққан Базарбай студент кезінен-ақ ұлт мүддесін ойлай бастайды. Ұзақ жыл халықтың табанын тіліп, қанын сорған әділетсіз патша билігінің аяғы аспаннан келген 1917 жылы Базарбай да оқуын аяқтап, заңгерлік мамандықты игеріп шығады.
Жаңа кітаптың алғашқы бетінде: «Бүгін 84 жасқа толып отырған Сәуле Базарбайқызы 1946 жылы өлген әкесін 63 жылдан кейін қайта іздеп отыр. Журналистерді, жазушыларды, ғалымдарды таңдап тауып алып, әке жолын хатқа түсірмек екен. Соны сезгендей Өкітай Ахметов пен Ермек Үндегенов өздері іздеп Сәулені табады. Жаратқанның өзі табыстырып тұр ғой. Пейілі, пиғылы түзу, ниеті оң екі ер Алаш жолымен Сәулені іздейді. Екеуін де ешкім міндеттеп отырған жоқ. Патриоттық сезім, ұлттық намыс, азаматтық борыш екеуін де алдыға салып итермелеп әкелген. Екеуі де осы міндеттің өздеріне бұйырғанына мәз. Оның үстіне Сәуледей абыз ананың естелігі, көрегендігі шабытқа шабыт қосып отыр», – деген сөйлем көзге бірден жылы ұшырайды. Кітап авторларының бірі Өкітай Ахметовтің ізденіс жолындағы ынтасының қаншалықты екенін осы бірауыз сөз айғақтап тұрғандай. Ол өзі жинастырып, тыңғылықты зерттеп, баспаға ұсынған жаңа кітабында Базарбай Мәметовтің жарқын ғұмырынан бастап, қоғам үшін атқарған абыройлы қызметіне дейін терең үңіліп, сараптама жасайды.
Кітаптағы деректерге көз жүгіртсек, Базарбай Мәметовтің есімі аспаннан алынбаған. Ол туралы белгілі жүйрік ақын, танымал қаламгер Сәкен Сейфуллин құнды дерек қалдырып кеткен. Әйгілі «Тар жол, тайғақ кешу» тарихи романында автор «Сарыарқа» газетінде 1918 жылы Жалпықазақ съезінің қаулысы басылғандығын айтып өтеді. Романда жиналыс қаулысының Орынборда болғандығы, оған сегіз облыстан арнайы өкілдер келгендігі айтылады. Солардың ішінде Алашорда үкіметіне әр аймақтан басшылыққа сайланғандардың тізімінде Базарбай Мәметов те аталады. Кітапта авторлар Базарбай туралы басылым бетінде жарық көрген мақалаларды топтастырып, тұлғалық қасиетін кеңінен аша түседі. Жаңа еңбек Лепсі кентіндегі зиратын анықтау, құлпытас орнату жұмыстарын да назардан тысқары қалдырмаған. Сонымен бірге, кітаптағы Сәуле Базарбайқызының әкесі туралы толғанған естелігі өте құнды мәліметтерді бірі екендігін атап өткіміз келеді.
«Базарбай Махетұлы алғашқы сауатын ауыл молдасынан ашқан. Бастапқыда Мәскеудегі әскери училищеге түссем деп армандап, өзіне қолдаушы ретінде Мұхамеджан Тынышбаевты Ташкентке іздеп барып, көмек сұрайды. Ол оқимын деп тұрған жас жігіттің көңілін жықпай, 1911 жылы Қазан университетіне оқуға қабылдануына себепкер болады, – дейді Сәуле Базарбайқызы. – Адмирал Колчактың қазақ ауылдарына жасаған айуандық істерін, ондағы Отыншы Әлжановтың ерлікке толы өлімін Семей халқына алғашқы жеткізген және оны «Абай» журналына Ыбырайым Жайнақов пен Базарбай Мәметов бастырған болатын». Сәуле Базарбайқызы бұдан ары қарай әкесінің Кеңес өкіметі тұсында тұтқындалған сәттерін әңгімелейді. Базарбай 1929 жылы үш жылға Саратовқа айдалады. Соңынан жары Зейнеп Ниязова екі баласымен бірге келеді. Орыстың екі бөлмелі пәтерін жалдап, цемент зауытына қарапайым жұмысшы болып орналасады. Жер аударылған Базарбай елге тек 1935 жылы ғана қайтады.
Студенттік жылдарында-ақ саяси сауат жинап, білім бұлағынан сусынын қандыра ішкен Базарбай қараңғылықтың құшағында жатқан туған халқын азаттыққа бастаудың қамына кіріседі. Елім, жұртым деген қазақ оқығандарының қасына бірігеді. Қазақ халқының тұтастығын, шекарасының беріктігін, рухани дербестігін ойлаған ол 1916 жылы атышулы «Маусым жарлығы» шығып, қазақтың өрімдей ұлдарын оқ пен оттың ортасындағы қара жұмысқа айдаған кезде зығырданы қайнап, ашуға булығады. Астыртын билікке қарсы әрекеттерге көшеді. Намысқа тырысқан Базарбай қасындағы замандас студенттермен бірге тыл жұмысына бара жатқан қазақ бауырларына қол ұшын созады. Орыс тілін меңгермеген, саяси сауаты жоқ, бұрын-соңды қару ұстап көрмеген боздақтарға көмектеседі. Үгіт-насихат жүргізіп, білім береді. Сол кездегі «Қазақ» газеті арқылы қара жұмысқа аттанған бауырластарына рух беріп, үндеу жолдайды. Университет қабырғасында бір топ студенттермен бірігіп осындай тың бастама көтерген Базарбайды ендігі кезекте ешкім де тоқтата алмас еді. Жастық жігермен лүпілдеп соққан жас жүрегі тек халықтың мүддесін ғана ойлап тұрды.
Қазан университетін аяқтаған Базарбай бірден Алаш қозғалысының қоғамдық жұмыстарына белсене араласып кетеді. 1917 жылдың шілде айында Жалпықазақ съезі өтіп, сол басқосуда Базарбай Мәметов Жетісу облысынан бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа ұсынылады. Сонымен бірге, мұсылмандар кеңесіне өкіл болып тағайындалады. Ел ішінде абыройы тасқындап, үлкен беделге ие болған Жетісудың перзенті азамат соғысы жылдарында екі оттың ортасында қалған қазақ жұртын қорғау мақсатында Алаш полкін жасақтауға ат салысады. Семей қаласында қолға алынған игі бастаманың нәтижесінде Алаш сарбаздары жазықсыз жапа шеккен қазақ отбасыларын қаңғыған оқтан қорғайды. Жабайы патша әскері мен қызылдар өкіметінің қандықол жендеттеріне жем болған тұрғындардың мүддесі үшін жан аямай күрес жүргізеді. Азамат соғысы мен жаңа биліктің орнығуы салдарынан жайылған аштыққа да Базарбай бей-жай қарай алмайды. Жетісу жерінде өзек жалғайтын талшық таппай, шарасыз күй кешкен отбасыларына арнап көмек комитетін ұйымдастырады.
Базарбай Мәметов 1918 жылдың тамыз айында Лепсіде өткен Алашорданың Жетісу облыстық екінші съезіне қатысып, кеңес мүшелігіне алынады. Сан түрлі биліктің құрсауында қалған қазақ елі Колчак пен Дутовтың, уақытша өкімет пен большевиктердің талан-таражына түсті. Қаруы мықты, қарымы кең биліктің қайсысы күшті, сол қазақ халқына қоқан-лоққы жасап бақты. Олардың қатарында қазақтың қарапайым еңбек адамдары ғана емес, оқыған зиялылары да қатты зардап шекті. Сондай жазықсыз жаланың бір ұшы ел мүддесі жолында көзге түсіп жүрген Базарбай Мәметовке тиеді. Колчактың жандайшаптары Алаштың арысын қызылдар билігімен астыртын байланысы бар деп айыптап, темірдің тордың ар жағына тоғытады. Халыққа деген жанашырлық жас жүректі абақтымен де мойыта қоймайды. Көп ұзамай соңынан ерген інісіне әйгілі тарихшы, ұлт зиялысы Мұхамеджан Тынышбаев ара түсіп, босатып алады. Есіл ер бұдан кейін де Кеңес өкіметі тарапынан қуғын-сүргіннің қанды шеңгеліне ілігеді. Ақыр соңында отбасымен бірге Саратов маңына қатаң бақылауда жер аударылады. Қоғамның кемшін тұсына кірпіш болып қаланып, жұрты үшін жан аямай еңбек етуді ойлаған Базарбай ұзақ жылдар бойы Таразда, Талдықорғанда, Қарақалпақстан мен Саратов жерінде әр түрлі шаруашылықтарда жұмыс істейді.
Базарбай қуғын-сүргіннен көз ашпай, ақырында Лепсі бекетінде 1946 жылы небәрі тоғыз күн ауырып аяқасты қайтыс болады. «Әкемнің қойылған жерін қамыспен қоршап, топырақ кірпішпен ұстатқан көрінеді. Сол уақытта өзімнің үш балам болды да, қу тіршілікпен әкемнің басына жаңалап белгі қоя алмадым. Кейін әкемнің қабірін таппай қалдым», – дейді Сәуле Базарбайқызы. Кейіннен әке алдындағы борышын өтеуге асыққан аяулы қыз Лепсідегі қорымның таза жеріне мәрмәр тастан ескерткіш орнатады.
Қуаныш Тұңғатар.
Жарияланды. -Талдықорған: «Жетісу» газеті.№94.2013. -4 б.











