Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытында қыруар жұмыс атқарылды. Арнайы бағдарламалар қабылданып, қаржы бөлінді, білім беру жүйесінде қазақ тілінің үлесі артты. Дегенмен, тілдің қоғамдағы қолданысы әлі де күткен деңгейге жетті деу қиын. Қазақ тілі тәй-тәй басқан сәби секілді, алға жылжып келе жатқанымен, кей тұста сүрініп қалып жатады.
Рухани әлсіреу бір күнде пайда болатын құбылыс емес. Ол біртіндеп, байқалмай басталып, қоғамның ішкі өзегін босатады. Сол рухани мүгедектіктің ең алғашқы белгісі – ана тілінен алыстау. Тілге немқұрайды қарау – ұлтқа немқұрайды қараумен тең.
Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды. Заңдар қабылданып, бағдарламалар жүзеге асты, қаржы бөлінді. Қазақ тілі ресми түрде мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілді. Алайда қағаз жүзіндегі мәртебе мен күнделікті өмірдегі қолданыс әрдайым қабыса бермейтіні жасырын емес.
Қазақ тілінің дамуына кедергі болып отырған басты себеп – тілдің әлсіздігі емес, оған деген көзқарас. Ана тілін меңгермеуді сыртқы факторлармен, өткен жүйемен немесе орта жағдайымен ақтау жиі кездеседі. Бірақ түптеп келгенде, тілге деген талап әр адамның өзінен басталады.
Өзге мемлекеттерде өмір сүру үшін сол елдің тілін білу – қалыпты талап. Бұл – ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіптің бір бөлігі. Ал өз елінде тұрып, мемлекеттік тілді қажетсіз көру – рухани дағдарыстың айқын көрінісі.
Ана тіліне деген сүйіспеншілік балабақша мен мектептен қалыптасады. Соңғы жылдары қазақ тілінде білім алатын оқушылар саны артқанымен, аралас тілдік орта өз әсерін тигізбей қоймайды. Сабақта қазақша сөйлеп, үзілісте басқа тілге көшетін мұғалім мен орта баланың санасында қайшылық тудырады.
Тіл – тек пән емес, күнделікті қарым-қатынас құралы. Егер ол өмірдің барлық саласында қолданылмаса, оқулықтағы білім деңгейінде ғана қалып қояды.
Қазақ тілін білу деңгейін тек тест арқылы анықтау – мәселені үстірт бағалау. Қысқа сұрақтар мен жаттанды жауаптар шынайы тілдік құзыретті көрсете алмайды. Тілді меңгеру – ойды ауызша да, жазбаша да еркін жеткізе алу қабілетімен өлшенуі тиіс.
Мемлекеттік тілде сөйлей алмай тұрып, оны білдім деу – тілге де, қоғамға да жасалған құрметсіздік.
Бүгінгі ақпараттық қоғамда тіл мәселесі тек мәдени емес, қауіпсіздік мәселесіне де айналып отыр. Ақпаратты көбіне өзге тілдегі ресурстардан алу – ұлттық дүниетанымға әсер етеді. Ана тіліндегі сапалы контенттің аздығы жастарды сыртқы идеологияға тәуелді етеді.
Тілдің әлсіреуімен бірге ұлттық тәрбие, құндылық, рухани тұтастық та әлсірейді. Бұл ұзақ мерзімді әлеуметтік мәселелерге алып келуі мүмкін.
Тіл – ұлттың жаны. Ол ұрпақтан-ұрпаққа тек сөз арқылы емес, тәрбие, әдет-ғұрып, дүниетаным арқылы беріледі. Ана тілінде бесік жырын естімеген, ертегі тыңдамаған, ұлттық ортада өспеген баланың рухани іргесі әлсіз болады.
Отбасы, мектеп, қоғам – бәрі бірігіп тілдік ортаны қалыптастырғанда ғана нәтиже болады. Тілді сақтау – өткенге байланып қалу емес, болашақты сақтап қалу.
Тілді сақтау – міндет емес, жауапкершілік. Ал ол жауапкершілік әр азаматтың өзінен, өз отбасынан, өз ортасынан басталады. Ана тіліне құрмет – өз болашағына құрмет.
Қазіргі ақпараттық кеңістікте өзге тілдегі контенттің басымдығы жасырын емес. Бұл жағдай әсіресе жастардың санасына әсер етуде. Егер қазақ тілінде қызықты, заманауи, өміршең ақпарат жеткілікті болса, мемлекеттік тілге деген сұраныс та арта түсер еді.
Қазақ тілін насихаттау – құры ұран емес, рухани тәуелсіздікті нығайтудың нақты жолы. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тілдің өміршеңдігін, оның қоғамдық санадағы орнын күшейту – бүгінгі күннің маңызды міндеті. Мемлекеттік тілге деген құрмет тек заңмен емес, жүрекпен орныққанда ғана нәтиже береді.
Мемлекеттік тілді насихаттау тек тіл үйретумен шектелмеуі тиіс. Қазақ тілі – рухани тәуелсіздіктің тірегі. Ол арқылы халықтың дүниетанымы, мәдениеті, салт-дәстүрі, ұлттық құндылықтары ұрпақтан ұрпаққа жетеді. Ана тілінен қол үзген қоғам рухани әлсірейді, ал рухы әлсіреген ел сыртқы ықпалға тез бой алдырады. Сондықтан тіл мәселесі – тек мәдени емес, стратегиялық мәселе.
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Бұл – Ата Заңмен бекітілген мәртебе. Алайда тілдің заң жүзінде мойындалуы мен оның қоғамдағы нақты қолданысы әрдайым сәйкес келе бермейді. Мемлекеттік тілдің шынайы өміршеңдігі күнделікті тұрмыста, қоғамдық ортада, ақпарат кеңістігінде қаншалықты қажет екенімен өлшенеді. Осы орайда бұқаралық ақпарат құралдарының атқарар рөлі айрықша.
Газет, телеарна, радио, интернет басылымдары – қоғам санасын қалыптастыратын басты тетіктердің бірі. Ақпарат қай тілде ұсынылса, сол тіл қоғамдық сұранысқа ие болады. Сондықтан қазақ тіліндегі сапалы, мазмұнды, ойлы материалдардың көбеюі мемлекеттік тілдің беделін арттырып қана қоймай, оған деген қажеттілікті де күшейтеді. Қазақ тілінде жазылған әрбір мақала, әрбір талдау – ұлттық сананы оятуға қосылған үлес.
Ажар АНДАС,
SDU университетінің 3-курс студенті











