– Атам осылай Қостанайдан Алматыға тартып тұрады. Алматыға көшіп келгенде отбасылы үлкен қызы өмірге келген екен. Үлкен қызы деп отырғаным 1932 жылы туған менің шешем Бижан. Ол кезде шешем 4 жаста екен. Алматы қаласындағы Абай көшесі №4 үйге тұрақтайды. Атам үкімет қызметіне орналасып, жағдайлары да жақсы болыпты. Ол кезде Алматы Қызылордадан жаңадан ауысып, астана салынып жатқан тұсы еді. Әкемнің іскерлігі мен біліктілігін көрген басшылық ол кісіні көп өтпей Талдықорған облысының орман шаруашылығы мекемесіне басшылыққа жібереді. Ол кісінің басты жұмысы – Алматы қаласын салуға керекті ағаш материалдарымен қамтамасыз ету болған. Кесілген ағашты Қоғалыға жинап, Көксу өзені арқылы ағызып, Мұқырыдан тосып алып, көлікке тиеп, Алматыға жөнелтіп тұрған. Мұқырыдан Алматыға қарай жүретін кезіндегі көне жол сол тұста ағаш материалдарын тасу мақсатында салынған.
Апамның айтуынша, атам сол жұмыстағы кезінде бір күні жолдастарымен бірге кешкі асты Қоғалыдағы кафден ішпек болады. Сол күні әлде бір көңілді іс болса керек атам Шампан ашамын деп әрекеттенгенде оның қақпағы ұшып кетіп, келесі үстелде отырған біреудің бетіне тиеді. Олар жаңжал шығарып, әкемді милиция ұстап әкетеді. Осыдан бастап атамның жұмысы тексеріле бастайды. Есептің бәрі дұрыс бірақ төлем төлеген бір құжаты табылмай Байқал облысына сүргінделеді. Арада атамнан айдалып барған жерінен үш рет хат келеді де 1939 жылдан бастап хабарсыз кетеді.
Кейін 1976 жылы мен де сол жерге әскери міндетімді өтеуге бардым. Шешеме барған жерімнің пошта мекенжайын жіберіп, хат жазып тұруын тапсырдым. Бір қызығы, шешем маған хат жолдауға поштаға барып, жіберетін мекен жайын жазғанда атамның хаты есіне түседі де мекен жайын салыстырып жіберген де екеуі де бір жер болып шығады. Бұл да сәйкестік шығар. Сол кезде атамның жер аударылған жерін, қамалған қабырғалары қаусап тұрған лагерін, кескен ағаштарының түбірін, салған темір жолын көріп, таңғалдым. Қызығы, бірде бір ағаш арамен кесілмеген, бәрін балтамен шапқан. Айналада ауыл да, елді мекенде жоқ. Ит тұмсығы өтпейтін орман, бұта-бүрген, арқырап аққан өзендер, адам бойы көрінбейтін шөп.
Осылай зерделей жүріп, атамның ұсталуының кейбір құпиясын білгендей болдым. Өйткені сол жылдары Байқалдан Амурға дейінгі темір жол құрылысы салынып жатқан. Кейінгілер оны БАМ (Байқал-Амур магистралы) деп атап кеткен. Жол қалың орманның арасынан өтеді. Бұл жол 1937 жылдары басталып, соғыс басталғанша құрылысы жүреді де соғыс жылдары құрылыс жұмысы тоқтайды. Кейін 1970 жылдары теміржол құрылысы қайта жанданып, салынып бітеді. Магистрал алғаш басталған тұста теміржол құрылысына жұмысқа барғандар ауа райына төзбей, қашып кетіп отырған. Ол жақтың ауа райының жағдайын білетіндер өз еркімен бара қоймайды. Барған күнде де көп тұрақтамайды. Сондықтан атам сияқты мамандарды жалған жаламен ғана сол жерге жеткізіп, күшпен ұстап отырған. 1970 жылдары кезінде тоқтап қалған теміржолды әскери міндетін өтеуге барғандар мен комсомолдық жолдамамен барғандар салып бітірді. Ол қатарда мен де автоэлектрик болып, тоққа байланысты жұмыстар атқардым. Осылай жазықсыз жала жабылып, жер аударылған атам бастаған теміржолды мен салып бітірдім деуге де болады. Егер соғыс басталмағанда қазақтың тағы да қаншама білікті ұлдары осы теміржол үшін жалған жаламен сотталып, өмірін өксітіп өткізер еді. Былайша айтқанда, Саяси қуғын-сүргіннің басталуының бір себебі – «БАМ»-ды салу үшін де ұйымдастырылған сияқты.
Байқал облысының ауарайы бұл жақтан мүлде бөлек. Қысты күндері ауа темпратурасы минус 60 градусқа дейін болады. Біз материалдық тұрғыда қамтамасыз етілген жағдайдың өзінде сіңірімізге ілініп жүріп, асқан шыдамдылықпен жұмыс істедік. Соны ойласам, мүлде нашар жағдайда жұмыс істеген атамның көрген азабы мен тозағын ойлап, денем түршігіп кететін.
Шын мәнәнде, атамның алашордашылармен де қатысы болған. Себебі, атамды соттаған үкімде: «Кеңес одағының құрылуына қарсы үгір жүргізген» деген сөз бар. Былай ойласақ, Әлихан Бөкейханов та, атам да орман шаруашылығы мамандығын бітірген. Кәсіби тұрғыда бір топтың адам деуге болады. Ал екінші бір жағынан, атамды Алматыға әкелген туысы Алаш ордамен қатысы болғандықтан 1936 жылы атылған.
Атам ұсталып кеткен соң шешесіне, бала-шағасына тыныштық бермепті. Қакима апам 1942 жылы Какима апам қайтыс болып, шешем 12 жасында жетім қалады. Бекмұқамет атамның шешесінің қолында ержетеді. Әжемді 4 жасымда көргенмін, есімде бар. Кейін шешем орта мектепті, жоғары оқу орнын бітіріп, Талдықорған қаласындағы Учински атындағы орта мектепте пионер жетекшісі болып жұмыс істеді, – деп сөзін аяқтады.
Еліміз егемендік алғаннан кейін Хұсайын аға нағашы атасының дерегін іздеп, көптеген құзырлы мекмеге хат жолдайды. Солардың бірінен төмендегідей жауап алады.

Бір қызығы, бұл хатта Оспанов Бекмұхамт «Тұтқыннан босатылды» деп көрсетілген. Алайда, Құсайын аға атасының дерегін әлі күнге дейін іздеп таба алмай жүргенін айтады. Апасы да әкесінің өлі-тірісін білмей өтіпті. Сондай-ақ, бұл жауапта: «Оспанов Бекмұхамет ақталуға жатады» деген де ұсыныс айтылған. Ал Бекмұхамет Оспанов ақталғандардың тізімінде жоқ.
Сұхбат берген: Хұсайын Мұстафа
Жазып алған: Қажет Андас.
Талдықорған қаласы. 10 қазан 2023 жыл











