Q-Andas
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
kz Қазақ qz Qazaq tj توتە جازۋ ru Русский en English
Q-Andas
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
No Result
View All Result
Q-Andas
No Result
View All Result
Басты бет Өлкетану Тұлғатану

Ел қорғаны – Есберлі

admin
2026/08/30
Тұлғатану
0
Ел қорғаны – Есберлі

Астанадан көтерілген әуе лайнері етпісірім уақыттан кейін Талдықорғанға жете төмендеп, қаланың солтүстік-шығысында қозыкөш жерде орналасқан әуежайға қону үшін кейде оны оң қапталдап, кейде сол қапталдап айналып барып Жер-ананы құшады. Оң қапталдаса – Жартастының төбе-шоқыларынан өтіп, Дауылбайға жете бұрылады, сол қапталдаса – Көкталдан өтіп Ешкіөлместің етегімен Екіашаны бауырлай бұрылады. Әдетте ұшақтың әуе жолы сол күнгі желдің өтіне байланысты, ал мен үшін екеуі де таңсық. Сағынып жеткен туған жердің әр тал-тасына, бұлақ-суына иллюминатордан тесіле қараймын.

Әуе лайнері қалаға жеткенде гүрілдеп, доңғалақтарын шығарып, кілт төмендейді. Күн санап құлпырып келе жатқан жас қала көшелері ап-анық көрініп, жаңа құрылыстар менмұндалайды. Жартастыны жапсарласа ел ырзығы егінжайдың маңайы көктемде көкпеңбек болып жайқалып тұрғанын, күзге қарай сарғайып толып піскенін тамашалайсың. Ал тау басынан басталатын Көктал өзенінің сай-саласы, Атшабар, Екіаша мен Ешкіөлместің етегі ертегідей ғажап сурет.

Бала көңілде жатталып қалған жер атауы мен әлде соған дәлме-дәл келген сәйкестіктен бе, ұшақ қос қанатын бірде төмен, бірде жоғары қағып-қағып келіп Есберлі қонысына қонады. Кішкене ғана жылғалап ағатын Сарыбұлақтың жағасына орналасқан тақтайдай жап-жазық атшаптырым бұл үлкен алаңқайды көнекөз қариялар «Ел қорғаған Есберлі батыр қонысы» деп атайтын.

Аңырақай екі сайды қосып жатқан бұл мекенді ертеректе Есберлі бабамыз қоныс етсе керек. Шығысқа қарай ашылатын алаң – Ақсу, Аягөз, Семейге кетеді. Ал одан төменірек батысқа қарай бұрылған алаң – Дауылбай мен Жартастының арасын алып Арқаға қарай бастайды. Оңтүстік-шығысы Алатаудың етегі болып келетін осынау жерден басқа өңірлерге шығатын жол-сай жоқ. Сондықтан да жаугершілік заманда нағыз жау өті осы орын болса керек-ті.

Бұл өңір жайында аңыздар көп. Тіпті бертінгі тарихтан да аты белгілі. Жетісу жерін жаудан тазартпақ болған атақты Абылай қолы осы жерден өтсе, Қанжығалы Қабанбай батыр осы жерден бастап жауды тысқырта қуып, Тарбағатай асырған. Тарихта жазылған белгілі «Қаратал қырғыны» осы жерде болған. Ол жайында белгілі қоғам қайраткері, білгір өлкетанушы Қылышбаев Наурыз ағамыз өзінің «Қаратал қырғыны» деген еңбегінде былай жазады: «Абылай қолы Қаратал бойындағы Дауылбай сазында ойсырай жеңілгенімен қазақ батырлары тынышталмады… Араға бір жыл салып қайта тұтанған «Қазақ-Қалмақ» соғысы өр Қараталда жалғасты.

…Шопабай, Төке бірігіп жауды қуып Қызқұлағаннан Табанға түсер шоқыға шыққанда қалжыраған қалмақтар Көксу өзенінен өтіп, Сарытөрден әрең асып, Қытай жеріне ілінді. Дауылбай сазында өткен соғыстың бір жылдан кейін Қаратал, Көксу аралығындағы жазықта жалғасып, Қызылауыз асуы, Қойтас, Жамбас, Қарағайлы жайлауында өткен соғыс деректерін ел есінен өшіру мүмкін де емес. Бүгінде Ойсаз жайлауы Шопабай сазы, Қарағайлының Шымылдық қарағай аталуы соның айғағы. Заман алға жылжып, ел, ру, тайпа аттары өзгергенімен жер-су аттарының өзгермеуі, арда ұлдарының атымен аталуының мәні – ұлт құндылығын сақтап, елдің елдігін асқақтату…».

Бұл еңбекте аты аталған Дауылбай өңірі, міне, осы жер. Қазақтың бір жеңіліп, бір жеңген нағыз қанды қырғын болған орны.

Есберлі бабамыз қаптағай денелі, ірі адам болыпты. «Уа, Жаратқан ием, ұрпағыма, еліме, ес бере көр» – деп бабалары да атын тегін қоймаса керек. Өсе келе сан түрлі жауынгерлік айла-тәсілдерді меңгерген нағыз жаужүрек батыр атаныпты. Қоластына арнайы дайындықтан өткен сайыпқыран сарбаздарын жинап, осы өңірді мекен етіп, осы жерге қоныс тепкен. Елін, жерін қорғап, 40 жыл бойы аттан түспеген.

– Есберлінің ақ шағаладай ауылы менмұндалап жаудың алыстан зәресін алады екен. Ал сайыпқыран серіктері атойлап атқа қонғанда қандай жау болмасын жер жастанып, қалғандары тырақайлап қашыпты, – деп әңгімелейтін көнекөз ауыл қариялары Иманғазы мен Қабжан ақсақалдар. – Бабамыз ел басқарудың да кемеңгер тұлғасы болса керек. Өзі осы жау өтінде отырса, 4 ұлы Байназар, Бабаназар, Ерназар, Есназарды Көктал өзенін бойлай 4 жерге отырғызып, сол өңірді иеленіп, шаруашылыққа да бейім болуға баулыпты. Малшылары қыс қыстауы Молалы, Балқашқа қарай көшіп, көктем шыға жаз жайлаулары Дегерес, Ақтасты, Шұңқырсай, Мыңбұлақ, Төлектінің төріне дейін жетеді екен. Ал негізінен көктем-күзде Есберлі ұрпағы Атшабар, Шеңгел сай, Шүмек сай, Алмалы, Қызылжиде, Дауылбай, Жартасты, Сарыбұлақ, Көк өзен, Батпақтыны мекендепті.

Есберлі бабамыз туралы аңыз-әңгімелер көп. Ол кісінің ержүрек батырлығы, жекпе-жек шайқастары туралы таңнан таңға айтылатын қиссалардың көбі есімде қалмапты. Тек мына бір жолдарды айтып берейін, – деп әңгімесін аяқтайтын Иманғазы қария.

«Аққан жұлдыз ізі мәңгі сөнбейтін,

Аты қалды ерлік ісі өлмейтін

Асыл арман жетелеген Есберлі,

Аттан түспей қорғағаны – ел шеті.

 

Батыр баба – 40 жыл ат үстінде,

Бастаған қол, ерлігі ел есінде!

Бағасы бар жыр-дастанда Есберлі,

Басты тұлға Көктал туған жерінде!..».

Қариялардың тағы бір әңгімесінде бауырлары Қожаназар мен Артық малмен, жермен өздері айналысып, оның қолын босатып, таза ел мүддесінде жүруіне мүмкіндік жасапты. Жоңғарлар алғаш Жетісу жеріне солтүстіктен кіре бастаған тұста қасқая қарсы тұрған жаужүрек тұлға болса керек. Қалмақтар арасында: «Жетісуға кіре бергендеріңде жолбарыс қазақ батырынан сақтаныңдар, болмаса тау асып айналып өтіңдер» деген сөздері қалыпты. Ал ол кезде жоңғарларды қазақ жерінен біржола қуып шыққан Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбайлардың бала кезі немесе әлі өмірге келмеген тұсы.

…Ертеректе біз Сарыбұлақта тұрдық. Әлі есімде, әкем күн ашық болған жұма күндері сары биесін ерттеп, мені алдына алып, аруақтарды еске алуға шығатынбыз. Алдымен ауыл маңындағы төбеге көтерілетінбіз. Аттан түсіп ескі қорымнан топырақ алып, Құран бағыштайтын.

–          Қасиетіңнен айналайын бұл жерде болашақты болжағыштығымен және көріпкелдігімен аты шыққан Қоғыл әулие жатыр, – деп әңгімелейтін. – Жарықтық қайтыс боларының алдында балаларына: «Мен өлген соң түйеге артып, соңынан жүріп отырыңдар, қай жерге барып шөксе, сол жерге қойындар» – деп өсиет айтқан екен. Сонда түйе Қараталдың арғы жағасынан келіп, осы жерге шөгіпті. Бабамыздың әулиелігін қарашы, мына жерден айналадағының бәрі көрінеді ғой.

Әкем Құранын бітіп, дұға жасағаннан кейін орнымыздан тұрып, айналаға көз салатынбыз. Ол кезде қазіргі әуежайдың орны бос.

–            Әне, ана бір тегіс алаңды көремісің. Ол біздің батыр Есберлі бабамыздың ескі жұрты, бұрынғы қоныс орны. Сонау екі жақтан келіп жатқан екі сайдың аузын алып, елін, жұртын жаудан қорғап отырады екен. Мына айнала қоныс елді мекен сол кісінің өсіп-өнген ұрпақтары. Біз де Есберлі бабаңның Бабаназарынан тараймыз. Бабаназардан Айтқұл, Айтқұлдан Кененбай, Кененбайдан Суанбай, ал Суанбайдан кім? – деп маған бажайлап қарайды.

  • Мен, – деймін бойымды тіктеп, басымды көтеріп дауыстап. Бұл әңгімені ара-тұра естіп жүргендіктен жаңылмаймын. Әрі дұрыс жауап бергеніме массаттанып, әке алдында марқайып қаламын.

–          Иә, сенсің, балам, – дейді әкем маңдайымнан сипап. – Жеті атасын білмеген жетесіз деген. Жеті атаңды біліп жүргенің дұрыс. Ал Есберлінің әкесі Аман, Аманнан Жапарберлі, Жапарберліден ары Мырза. Біз осы он екі ата Жалайырдың ішінде Мырза руынан боламыз.

Мұнан кейін Көкталдан өтіп, үлкен ескі қорымға келеміз.

–        Бұл бейіттерді «Есберлі қорымы» дейді. Ал батырдың нақты қай жерде жатқанын анық білмедім. Үлкендерден естігенім бар, әйтеуір әкемнің осында екенін білем, өйткені жас кезімде өзі көрсеткен.

Қорымға жетпей аттан түсіп, сол жердегі барша аруақтарға бағыштап Құран оқиды, содан кейін әкесінің бейітінің қасына барып ұзақ отырады.

Бүгінде бұл қорымды мен де қастерлеп келем. Ол жерді қазір әкем, бауырым, анам мәңгілік мекен еткен. Балаларды да ертіп келіп тұрамын. Мал аяғы тимесін деп айналасын қоршап қойдым.

Сол күні әкей ерекше күй кешеді. Терең ой құшағында жүреді. Ал кешкі астан кейін «Ертегі, жыр айтыңызшы» деп қолқаласақ, көңілімізді қайтармайды. Өйткені әкей өлең, жыр, қиссаларды көп білетін, жатқа айтатын. Ол кісінің аузынан батырлар жырын, «Еңлік-Кебек», «Мұңлық-Зарлықты» тыңдап, таңды атыратынбыз.

Бұл жолы әкем батырлар туралы ұзағынан толғайды. Әдеттегідей Қарақасқа атты Қобыланды, Керқұла атты Ер Тарғын жайында емес, бізге түсініксіз жаудың басып кіргені, елін, жерін қорғап, оған қарсы шыққан батырлар туралы айтады.

«Теріскей Алатауды қалмақ алды,

Найман мен Қоңыратты қуып салды.

Қайран жер жау иелігіне көшкеннен соң,

Жоңғардың Алатауы деп аталды…

 

Шыңдарын Алатаудың бұлт басты,

Кез болып, қысаңшылық қазақ састы.

Жау қалмақ шегірткеше қаптап кетті,

Қайран ел есі шығып, көше қашты», – деп басталатын ұзақ жыр мағынасы шерлі де зарлы болатын. Есейе келе, ес білген соң әкемнің сол айтқандарын әдебиеттерден салыстыра қарасам, атақты батыр жырау Қожабергеннің «Елім-ай» дастанынан екен.

Әкей жанынан өзі де қосатын болу керек, не сондай дастан-жыр болды ма, әйтеуір қалмаққа қарсы соғыста Есберлі батырдың да есімі жүретін.

Оның ержүрек батыр бейнесі көз алдыңа келетін. Қалмаққа қарсы шайқаста тайсалмай, алға ұмтылып, елі, жері үшін отқа да, суға да түскен сәттері, жекпе-жекте талай қалмақтың басын алған тұстары қуанышты да қорқынышты болатын. Біз ініміз екеуміз бір-бірімізге тығылып, сол үреймен ұйқыға кететінбіз. Сонда мен түнімен түс көріп шығушы едім. Түсімде Есберлі бабам қынабынан қылышын суырып, қара қалмақтарға қарсы қасқая шауып жүретін…

…Ауылға кейінгі бір келгенімде осы оқиғаны замандас-дос Тортайға айтып едім, қуана-құптап шыға келмесі бар ма?…

– Ол рас, Ыреке! Есберлі бабамыз туралы жыр-дастандардың бар екеніне мен де куәмін. Бала кезімізде Қабжан ақсақалдың үйіне көп жиналатынбыз. Кәдімгі Қабжан Батыров деген шежіре-қариямыз болды ғой. Көрген де, білетін де шығарсың. Бұл өңірдің тарихын ол кісіден артық ешкім жақсы білмейтін. Сол атамыз Есберлі батыр туралы әңгіме, дастандарды көп айтатын. Әттең, жас болдық, кезінде жазып ала алмадық, бүгінде соған қатты өкінемін…

– Онда мені де ойландырып жүрген мынадай жайт бар. Қазақ жерін жаудан қорғап, ерен ерліктер көрсеткен бірегей батырлардың бірі – Орақты батыр. Орақтының асқан ерліктерін асқақтататын қиса-жырлар көп. Оның қалмақтың Ақұрық, Қарауық батырлармен жекпе-жекке шығып, Ақұрықтың басын кесіп, Жәнібектің алдына алып келгендігі жайында ел ішінде кең тарап кеткен ұзақ толғау-аңыз бар. Орақ батыр жайында халық ақындары да көп жырлаған, бірнеше дастандар жазған. Бір қызығы, осы жыр-дастандардың бәрінде Орақты батырдың қасында Ескелді батыр жүреді. Ескелді Жылкелдіұлы бертінде Абылайдың тұсында өмір сүрді емес пе! Ал Орақты батырды Әбілқайыр хан өзінің жасағының қолбасшысы етіп тағайындаған, Керей ханның да қолбасшысы болды деген дерек бар. Мұның бәрін тізіп айтып отырған себебім – сол Орақтының қасында жүрген Есберлі батыр емес пе екен деген ой келеді.

– Болса болар, қисыны бар. Оны ғалымдар зерттеулері керек қой…

– Біз де зерттеуіміз керек. Абылай ханның туының астында бабамыздың ұрпақтары Дәулет, Отар, Шылым болған. Ал өзінің өмір сүрген кезі одан әріректе. Осы Есберлі бабаның елін қорғаған батырлық тұсы – Жетісу жеріне Тарбағатай жақтан қалмақтардың ене бастаған тарихта белгілі 1627 жылға келмесін. Жергілікті архивтерде Есберлі батыр жайында көп дүниелер болуы мүмкін, – деп түйіндедім мен өз ойымды.

Тортай Ізбасқанов – ауылдағы ақсақалдар алқасының төрағасы. Тұнып тұрған шежірешіл жан. Ел, жер тарихын жақсы білетін құймақұлақ адам. Өз қатарластарының басын қосып, бос жатпай, ауылдың өркендеп, өсуіне елеулі үлесін қосып жүрген азаматтардың бірі. Оның қатарластары Темірхан, Қорабай, Дүйсенбек, Амантай, Арыстан, Шаяхмет, Шәймерден, Ермектер кейінгі өсіп келе жатқан жас буынға ақыл-кеңестерін айтып, дұрыс бағыт-бағдар беріп отыруды өздерінің адами борышы деп санайды.

– Одан бергі мынадай бір оқиғаны айтайын, – деп еске алады Тортай бауырым. – Бірде түс кезі болатын. Біздің үйге Иманғазы, Абай, Қажым қариялар келе қалды. Шешем: «Қайнағалар келді шай қояйын», – деп жүгіріп жүргені есімде қалыпты. Иманғазы қария қаттылау сөйлейтін кісі болатын. Содан шай ішіп отырғанымызда: «Әй, Қампит» деп дауысын көтере сөйледі. «Тайтұяқ қайда?», – деді. «Ойбу, қайнаға, оны Қытайға көшіп-қашып жүргенде жоғалтып алдым» – деді анам. Онда «Айдаһардың басы қайда?», – деді. «Айдаһардың басын да жоғалтып алдық, қайда қалғанын білмеймін», – деді. «Ендеше, Есберлінің шұнақ қазаны қайда?», – деді. «Үйде, үйде» деді де анау күні «тығып қойшы» деген қазанды «алып кел» деп мені жұмсады. Бетінде қақпағы бар, ірі-ірі қолдан жасалған шегемен шегеленген қазанды алып келдім.

«Иә, иә, Есберлінің қазаны осы. Үлкен үй, үлкен үй» – деді күбірлеп Иманғазы қария. Сонда анам маған: «Үлкен үй – сенде. Осы жердегі мырзалардың үлкен үйі. Қазанға ие бол», – деп тапсырып еді. Сол қазаннан мен айырылып қалдым. Қақпағы ғана қалды, қазанның өзі жоқ. Оны жеңгем шешемнен сұрап алған болатын. Кейін жеңгемнен сұрасам, жоқ деп не жоғалтқанын айтпады. Жас болғандықтан аса мән бермеп едім. Сөйтсем қазанның өз тарихы бар екен ғой. Қазанның ішінде «Ас ішкен Есберлінің қазаны» деген жазуы болыпты. Иманғазы сұрап жүрген Есберлінің қазаны сол екен. Бірақ қатты ағаштан жасалған қақпағы әлі бар. Мұның жорық қазаны екені анық көрініп тұр. Ол кезде аталарымыз ен далада жүріп-ақ ұшқан құс, жүгірген аңды қорек етіп, тамақтарын өздері жасап ішкен ғой. Сонда өздерінің құрал-саймандарымен бірге алып жүретін ең керек заттарының бірі қазан болған шығар.

Сол күні Тортай екеуміз Қоғыл әулиенің басына бір тоқтап, Сарыбұлақтың сағасына бардық. Баяғы біз тұрған үйлердің орны да жоқ, бәрі егістікке айналып кеткен. Ертеректе бұл мекен кәдімгідей ауыл болды дегенге кім сенеді.

– Бұл өңірдің жері құнарлы ғой, – дейді Тортай. – Жартастының бір жағында 80, екінші жағында 70 гектардай егістік жер бар. Қуаңшылық жылдарының өзінде мұнда егін бітік шығады. «Қуаңшылық» демекші, ел аузында мынадай әңгіме бар.

Соғыс жылдарында, осы «Сарыбұлақ» колхозында, өзің білетін Төлегеннің әкесі Есжан Берліғожанов ағамыз бастық болыпты. Жарықтық күн-түн дегенмен санаспайтын, колхоз шаруашылығы ісіне әбден берілген адам, бір жеті жаңбыр жаумай қалса Сарыбұлақтың бойына бүкіл ауыл адамдарын шығарып, тасаттық бергізеді екен. Сонда өзі ақбоз атына мініп алып, шауып жүріп, аспандағы бұлтқа қалпағын бұлғап «бері қайт, бері қайт» деп шақырса, бала мінезді ақкөңіл ағаның пейіліне ме, кім білсін, бұлттар қоюланып келіп жаңбыр жауатын көрінеді.

Сол жылдары ұжымшар мол өнім алып, Жетісу өңіріндегі мақтаулы шаруашылықтардың бірі атаныпты. Есжан ағамыз болса өз қаражатынан соғысқа ұшақ сыйлаған, Сталиннің жолдаған Алғыс хатын алыпты. Бүгінде ауылдағы мектеп пен бір көше сол кісінің есімімен аталады.

– Соғыс жылдарын айтасың, соғыстан кейінгі кезеңдегі ауыл адамдарының жанқиярлық еңбегінің өзі көз алдымда, – деймін мен сонау еміс-еміс есте қалған естеліктерімді екшеп.

– Ауылда бригадир болған Күмісбек ағаны айтсаңшы! Шешелеріміз ол кісіні «Шолақ Күмісбек» деп атайтын. Бір иығынан қолы жоқ болса да екінші қолымен таң атпай терезені тықылдатып тұрып алатын. Шешелерімізді қамшымен қуып, жұмысқа алып кететін. Ал Айтбай Омаров  аға нағыз еңбек майданының қаһарманы болатын. Екі аяғы жоқ болса да колхоз жұмысынан қалмайтын. Арбаға секіріп мініп, секіріп түсіп жататыны, өзгелермен қатар тұра қалып, шалғымен шөп шабатыны, айырмен шөп шөмелеп, арбаға тиеп, енді бірде оны жаймалап жататыны – менің бала түйсігімнің шеңберіне сыймайтын. Неткен жанкешті жандар еді деп таңғалатынмын.

– Иә, біздің ауылдан соғысқа кеткен 191 адамның 81-і ғана елге оралды. Онда да бірі қолынан, бірі аяғынан айырылып келді. Менің әкем де бір аяқсыз келсе де өмір бойына «Рақымбек охран» аталып кетті. Мына бізді алып келген шопыр бала Асланның да атасы «Ақсақ Уәли» атанды. Ол кісілердің жөні бөлек, өз ісіне, елге, жерге сондай берілген жандар еді ғой…

– Қазіргі жастарды қамшымен қуып, жұмысқа шығара алмайсың деп жатамыз. Бүгінгі ұрпақ арасында ауылда өз ісін дөңгелетіп отырған жастар бар ма?!

– Неге болмасын, бар. Шойбек ағаңды білесің ғой, соның Асқарбек есімді баласы бар. Кезінде бір тосын апаттан белден айырылып, екі аяғы бірдей істемей қалды, арбада отырады. Соған қарамастан Семейден, Өскеменнен мал алғызып, осы жерден жылқы өсіріп сатады.

– Нағыз азамат!

– Шойбек ағаның барлық баласы кәсіпкер болды. Біреуі дүкен ашты, біреуі малмен айналысады.

– Кәсіпкерлік ыңғайға қарай емес, тіпті, қанға бітетін сияқты. Шойбек ағаның өзі мықты, епті, қарулы кісі еді ғой жарықтық. Машинамен келе жатып, отар қойға жақындағанда есікті ашады да, қасынан өтіп бара жатқан қойды іліп алып, кабинаға тығып жіберетін, ешкім білмей де қалатын сонда. Ол кісіден неше бала қалды артында?

– Сегіз баласы бар. Сегізі де кәсіппен айналысады. Әлгінде айтқанымдай, кәсіпкерлік те әкеден балаға даритын сияқты. Шойбек аға Кеңес өкіметі тұсында да малтапқыш кісі болатын. Қиын-қыстау заманда 8 баланы асырап, өсіріп жеткізу оңай болған жоқ. Малтапқыш болғанда да жөнсіз іске бармайтын, сырттан әкелмейтін, алатын, сататын, айырбастайтын, әйтеуір кәсіпкерлікке икемді болады. Үлкені Асқарбек арбаға таңылса да азамматтығы биік, еңбекқорлығы он екі мүшесі сау, денсаулығы мықты жанға бергісіз. Екі баласы бар. Оның тұрған үйін көрсең, сыртын жайнатып қойғаны, еккен гүлдері, көзің тоймайды! Інісі Болатбек те кәсіпкер. Тағы бір інісі болса малмен айналысады, ал Рүстембектің дүкені бар. Бауырлар бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста. Үлкені, Асқарбекті қатты сыйлайды, оның айтқанын екі етпейді.

– Ауылдағы өзің риза болып, атқарған істеріне көңілің толатын, ел ырзығын еселеп жүрген тағы қандай азаматтарды айта алар едің?

– Айта берсең көп қой. Сол көптің ішіндегі атап айтарлары да бар. Соның біреуі – Ақажанның Темірболаты. Қалалық мәслихаттың депутаты, құрылыс саласында жеке кәсібі бар. Ауыл десе жанын беруге даяр азамат. Еркін ауылы үшін көп еңбек сіңірді. Үлкен мешіт салып берді. Мешіттің түбінде 4,5 гектар бос жатқан жерді демалыс аумағына айналдыру үшін тегін бере салды. Ол жерді сататын болса қаншама ақша алатын еді, алайда ондай іске барған жоқ. Ауылымның көркеюі үшін деп тегін берді. Біз қариялар кейінгі жастарға үлгі болатын ондай азаматтар көп болса екен дейміз.

Кейінгі жылдары салынған Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған мемориалды ескерткіштің жерін де берген осы – Темірболат. Ол да әжептәуір жер. Ата-бабамнан ештеңені аямаймын дейді. Мұның барлығын Өсербаев Мұрат деген азамат екеуі салдыртты. Сондай-ақ, кәсіптің көзін тапқан Нұрмұқан  Биғайланов деген бауырымыз бар, Кемеращыда мал саласымен айналысады. Әскерилерді етпен қамтамасыз етеді, бізге де көмектесіп тұрады. Отбасы нашар, жағдайы төмен адамдарға көмегін аямайды.

Бағана Сарыбұлақтың орны жоқ деп өкіндің, оныңды айтпасаң да қабағыңнан байқадым. Ал енді сол бос қалған жерлердің бәрін егістікке айналдырып, жыл сайын мол өнім алып отырған Абай деген жігіт бар. Ауылдың қаншама азаматы соның шаруашылығында істеп, отбасын асырап отыр. Сырттан адам алмайды. Бұған қалай разы болмассың!..

– Иә, мұның орынды. Көңілімді қайта көтеріп тастадың ғой! Тіпті жерлестерім туралы бойыма мақтаныш сезім ұялаттың.

– Неге мақтанбасқа! Біз – Есберлі батыр бабаның ұрпағымыз ғой! Бабалар аманатына лайық болу – әрқайсымыздың парызымыз. Мына бейбіт өмірде қаншама қан төгіп аталарымыз сақтап қалған туған жерді түлетіп, оның гүлденуіне, ел ынтымағы мен бірлігі жолында аянбай еңбек ету, лайықты үлес қосу, үлкен демей, кіші демей бәріміздің азаматтық борышымыз, парасатты міндетіміз.

Тортай айтса айтқандай, мақтанса мақтанғандай, бүгінде Еркін ауылдық округінде шамамен халықтың саны он бес мыңдай болса, оның екі мыңға жуығы зейнеткер. Мұндай елді мекенге жалғыз білім ошағы аздық еткендіктен, мемлекет бағдарламасы бойынша 300 орынды жаңа мектеп және 100 орынды балабақша салынды.

Сол секілді Көктал ауылында да жағымды жаңалық бар. Мұнда демалыс саябағы ашылды. Жеті гектар аумақты алып жатқан саябақтың ішінде мерекелік іс-шараға арналып үлкен сахнаның іргесі қаланған. Сонымен қатар ол жерде ойын алаңдары мен демалыс орындары бар. Қысқасы, серуендейтін тұрғындар үшін барлығы да қолайлы, электр жарығы да толық тартылып, ауыл көркіне шырай қосып тұрғандай. Енді осындай әдемі дүниені қаз-қалпында сақтап, өздерінің игілігіне пайдалану – тікелей тұрғындарға байланысты. Айта кетейік, бұл мәселені де ақсақалдар төрағасы Тортай Ізбасқанов пен Еркін ауылдық округінен сайланған қалалық мәслихат депутаты Темірболат Ахажандар көтеріп, әкімдікке ұсыныс жасаған. Ауыл жастарының да беталысы жақсы. Аға буындардың ұйымдастыруымен мерекелік күндері спорттық ойындардан түрлі турнирлер өткізу дәстүрге айналған. Бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында футбол ойнап, салауатты өмір салтын ұстанады. Көктал мешітінің имамы Аманжол Шаймұратовтан ілім алып, имандылық жолында тәрбие алуды да қалыс қалдырған емес. Нәтижесінде өзгеге үлгі болған елді мекеннің жастары үлкенді сыйлау, кішіге қалай ізет көрсетуді біледі. Осылайша бұл ауылда ұрпақ сабақтастығының уығы берік қаланып отыр.

…Қайтар жолда Қоғыл асуына көтерілдік. Айнала алақандағыдай. Көктал өзені сағасын жағалай қоныстанған Есберлі ұрпақтарының ізі сайрап жатыр. Бұрынғы «Сарыбұлақ», «Қазақстан», «Кемеращы» колхоздарының орнына шаруа қожалықтары орналасқан. Қайда көзің түспесін, бүгінгі тірлікпен шұғылданып шапқылап жүрген жас ұрпақ.

Сарыбұлақ сағасында жарқырап-жайнап әуежай қалашығы тұр. Қалашық дейтініміз, әуежай маңына ұшақтардың әскери базасы орналасқан. Онда су жаңа тікұшақтар мен әскери истребительдер сап түзейді. Жаттығу кезінде үйшіктерінен атылып шығып, жолақ із қалдырып дем сәтте қайта оралады. Елімізге кеңінен танымал бұл әскери бөлімше қорғаныс саласындағы халықаралық жаттығуларға, Астанадағы мерекелік шерулерге қатысып, әскери сапта жақсы жетістіктерін көрсетіп жүр. Қазақ елінің қаһарманы, космонавт-ұшқыш Айдын Айымбетов осы әскери бөлімнің түлегі. Осы өңірде туып-өскен, Есберлі бабасының бір ұрпағы.

Осы сәт кешегі Есберлі қонысын мекендеген әскери бөлімшенің жауынгерлерін батыр бабаның қазіргі күнгі сарбаздарына ұқсатқандай күй кештім.

Олар заман талабына сай ескі жұртты қайта жаңартып, бабалар аманатын орындап, ел қорғаны болып тұр. Бейбіт ел қорғаны!

 Ырым КЕНЕНБАЙ,

жазушы-баспагер, «Құрмет» және

«Парасат» ордендерінің иегері.

Дереккөз: «Өткені ерен, келешегі кенен ЕРКІН» кітабынан алынды. Талдықорған. «Офсет» баспаханасы, 2023 жыл.

0 0 votes
Рейтинг статьи
Қаралым 40
«Аққу ағай» атанған ұлағатты ұстаз
Тұлғатану

«Аққу ағай» атанған ұлағатты ұстаз

August 24, 2026
Төккен тердің қадірі
Тұлғатану

Төккен тердің қадірі

August 31, 2026
Ұстаз ананың хаты
Тұлғатану

Ұстаз ананың хаты

August 31, 2026
Бегзат өмір
Тұлғатану

Бегзат өмір

August 31, 2026
Қайырымдылықтың қайыры мол
Тұлғатану

Қайырымдылықтың қайыры мол

August 31, 2026
Ырысы тасыған әулет
Тұлғатану

Ырысы тасыған әулет

August 31, 2026
Subscribe
Login
Notify of
guest
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІН СӨЙЛЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІН СӨЙЛЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

November 9, 2026

«Бекзат өмір»: өнерге арналған еңбек

«Бекзат өмір»: өнерге арналған еңбек

November 7, 2026

Өлке тарихы ұрпаққа аманат

Өлке тарихы ұрпаққа аманат

October 23, 2026

ЖАҢА ҚАҒИДА?  «Әлеуметтік кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндірілді»

ЖАҢА ҚАҒИДА? «Әлеуметтік кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндірілді»

October 13, 2026

Жұмыспен қамту тәртібінде не өзгерді?

Жұмыспен қамту тәртібінде не өзгерді?

October 12, 2026

Ақпараттық агенттігі

Меншік иесі: “Жетісу” өлкетанушылар орталығы” қоғамдық бірлестігі
Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы “Болашақ” шағын ауданы, 12-27

Q-Andas желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2025 жылғы 19 наурызда тіркеліп, № KZ21VPY00115275 куәлігі берілген.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

Тел: 8 747 706 1382
email: andas_kazhet@mail.ru

qandas.kz © 2026. Барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.

  • kzҚазақ
    • kz Қазақ
    • qz Qazaq
    • tj توتە جازۋ
    • ru Русский
    • en English
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат

© 2025 qandas.kz

wpDiscuz