Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнды сүйсең менше сүй, – дейді ұлы ғұлама ақын Абай.
Қараңыздаршы, қандай дөп басып дәл айтылған, жүрекке жіпселеп кіріп, жанды жадыратып, бойды балқытатын жақсы ән мен тәтті күйдің құдіретін әрқандай бір сезім иесі жұмырбасты пенде осылай сезінері хақ. Пәни дүниенің ащы азабын тартып, аш-аруақ бейнелі арып-ашып жүргендер болсын, болмаса басына келген бақ, дәулеттің арқасында бақыт шәрбатын шарасынан асыра төгіп-шашып Алакөл бақайынан келмей, барлық дариясын толарсақтан кешіп, байлық пен мансапқа мастанып жүргендер болсын, бәрі-бәрінің де түсінбейтіні, жақсы ән мен тәтті күйге тәнті болмайтыны, ала бортып жадырамайтыны жоқ шығар-ау. Әне сондай жұрт жүрегін жылытып ырғақты ән, сыршыл сезім, сырлы әуенімен ел көгінде қалықтап, туған жерін жыр мен дуға бөлеп өткеннің бірі – аты Алашқа танымал, аяулы лирик ақынымыз Әбілхайыр Асқарбекұлы болатын. Ол кетпеннің сабындай келте ғана ақындық ғұмырында аз күн болса да саналы күйі мен сазға толы тал домбырасын ала келіп, жазба әдебиет бетіне жарқ етіп шығып алау нұрын алапқа шашқан ақын.
… Кеңсуым түгел орман ала майың,
Самырсын бітік өскен қарағайың.
Бұйра тал, қара мойыл, сары шаңкыш,
Жамылған қалы кілем тау мен сайың… («Үш өзен»). Өзі айтқандай, қалы кілем жамылып, орманымен көмкерілген Жерұйығы Күнес ауданының Кеңсу деген жерінде:
… – Иә, халқым, қасиетіңді ұққан ұлың,
Ең алғашқы іңгәлап шыққан үнім.
Мың тоғыз жүз жиырма төртінші жыл,
Қазанның жиырма тоғызы жұлдызы туған күнім.
Әке-шешем ерекше қуаныпты,
Көргенде қыздан кейін алғашқы ұлын, – деп жазғандай жұпыны ғана қоңыр шаңырақта көрікті Кеңсу қойнауында дүниеге келген, таудың қоңыр самалы кекілін желпіп, тау табиғаты сезімін серпіп, жұпар атқан тәтті ауасы қан боп тарап, Кеңсудың шипалы мөлдір суы жанын нәрлендірген ақын қаршадайынан-ақ тетік, өжет болып өсті. Ол қолы қысқалығынан мектеп табалдырығын аттап әліппе бетін аша алмаса да, сезімтал, өршіл алғырлығымен іздену арқылы толық сауаттанады. Құрбы-құрдас, замандас қыз-келіншектерге хат жазып, әзіл-эфиграммалар арнай жүріп, жазып-сызуға да төселіп алады.

… Әкем сопы, қолы да ісмер еді,
Беретін айыл өріп, қамшы саптап.
Өлеңнен шешем маған енші берген,
Ән, өлеңге сол кісі қылды тақтақ… (өмір сиы) дегендей, Әбілқайырдың әкесі Асқарбек дін жолын қуған, біртоға, тақуалығы болғанымен, қоңыр мінезді қолы ісмер, айыл-тұрман жасап, қамшы саптап, өмілдірік өретін шәкене шеберлігі бар, өз ісіне құнтты адам еді. Ал шешесі Оқтау анамыз аңқылдаған ақкөңіл, әңгіменің майын тамызатын шежіре, өрелі өлеңші, шешен, думаншыл адам болған деседі. Отбасылық тұрмыстары жұпыны, қоңыр қалта болғанымен керегесінен домбыра үзілмейтін, от бастары жаз күніндей жылы, май айындай шуақты, ашық-жарқын көңілді өтуші еді. Анасы қайдағы қызғылықты әңгімелерді, күлдіргі, жаңылтпаш, ойнақы әзіл-қалжыңдарды айтып беретін. Ән, өлең үйрететін, әңіз-ертегілермен қоса, «Қыз Жыбек пен Төлеген», «Қалқаман-Мамыр» сияқты қазақтың ғашықтық жыр-дастандарын, Әсет пен Ырысжанның, Біржан мен Сараның айтысы қатарлы айтыстарды жатқа айтып, жаттататын, сөйтіп, аңғарлы әз ана кішкентай балапанын жөргегінен баулып, халық қазынасын бала жүрегіне емшек сүтімен бірге ұйытып, ән-жірмен тұсауын кесіп, өлеңмен өнер биігіне жетелеп, жебеп өсіреді.
«Ат болатын құлын мүшесінен, адам болар бала кісесінен белгілі» дегендей, талаптың тайына ер салған талапкер, талғампаз, зерделі бала 6-7 жасынан бастап-ақ үйренген ән, өлең айтыстарын, жыр-дастандарын ел жиналған орында, той топта домбыраға қосып, тамылжыта шырқап тыңдағанды тамсандырып, таңдай қақтыратын, өзі жанынан өлең құрап, тақпақ шығарып қосып айтатын еді. Осы жүріспен аядай болса да қызығы мен қызуы мол от басында ойнақтап жүріп, 1931 жылға дейін ата-ана тәрбиесінде болады. Дәл жеті жасқа шыққан жылы отбасымен нағашысы, ақылды бардам адам Бакежан деген кісінің қасына көшіп барады. Әбылхайыр ауылдың қозысын бағып, отбасы тіршілігіне араласып, бірнеше жылды өткізеді. 1940 жылы ат жалын тартып мініп азамат қатарына іліне бергенде:
– Мырзалық еткенім жоқ тоқтығымнан,
Болған іс расында жоқтығымнан.
Әйтеуір далбас қылып, сақшы болғам,
Басқан соң қу кедейлік шоқтығымнан…(«Жалаңаштық»), – дегендей, қызу тірлікке таласып кете барады. Әбілхайырды тетік, өжет, ер көңілді болған соң бір іске жарар, кемтар күн көріске септігі тиер деген оймен кедейшілік керіп, жоқшылық желкесіне мінген әкесі Аралтөбе сақшы басқармасына жұмысқа орналастырады. Үлкендердің айтуынша, сақшы бөлімшесінің бастығы гомендаңшыл Хумочаңның қанқұйлылығы соншалық жылаған бала уанып, түкірік жерге жетпей қататын ызғарлы еді десетін. Тіпті ол тұсынан атпен желіп өткен қазақтарды ұстатып, жүресінен отырғызып, есінен тандыра дүрелеп, артынан абақтыға жауып, ат-шапан айып тартқызады екен. Әбілхайыр жалындаған 16 жас кезінде сол жалмауыз Хусожаңның қарамағына сақшы болып қатал қармағына ілігіпті. Жүрегінен өлең бұрқырап, аузынан әсем әні төгіліп тұрған жас ақынға әркім әуес қой, оның үстіне сақшылығы тағы бар, сондықтан ауылдағы ағайындары бір күні қонаққа шақырады. Мұны естіген қатыгез Ху сожаң (сақшы бастығы):
Ху сожаң ұрды келіп шапалақтап,
Боқтайды қытайшалап ақараттап.
Сыпырып штанды да шешіп алды,
Жалаңаш ыстық күнге қойды қақтап.
Одан соң казармадан шығарды айдап,
Кек оты жалындады қаным қайнап.
Көшеге жап-жалаңаш қуып салды,
Ұяттан кете бердім сорым қайнап… («Жалаңаштық») дегендей, үстіндегі бар киімін, керек десеңіз ақ бөз штанын да қоймай сыпырып алып, ұрып-соғып, ыстық күнге қақтап, казармадан тыр жалаңаш қуып тастайды. Осы бетпен көшеге шыққан оны жалаңаш жынды адам көргендей, балалар мазақтап, тас лақтырады, ит қоса абалатып ауылдан ұзатады, ақыры күндіз жүру мүмкін болмай қалады.
… Байқадым көк ерменнің бар алабын,
Сорғандай шөп, гүлінен ара балын.
Құрттаған қызыл иттей шыбын қуған,
Таптым да қалың жерін паналадым, – дейді… («Жалаңаштық»).
Осылайша бір түп көк ерменді паналап, ыстық күнге күйіп, ұзақ сарылып жатады. Ақыры көк ішегі көгергенде әреңге кеш батып, қас қараяды. Ымыртты жамылып, жарым түнде үйіне жетеді. Ояу жатқан әке дыбырды естіп, үйге кір дейді, бырақ ол:
– Ой, әке, кіре алмаспын, жалаңашпын,
Ашуға ергеншекті жарамаспын.
Бұтымда қыл аяғы ыштаным жоқ,
Жалаңаш, жалаңаяқ, жалаңбаспын…
Бұл жайды көріп әкем күңіренді,
Басқандай қайғы бұлты бүгін енді.
Жаудырып гомендаңға нәлет қарғыс,
Төрт аунап төсегінен түрегелді… («Жалаңаштық»), – дейді.
Бұндай жөнсіз зорлық ақын жүрегіне қанжар болып қадалып, жанына удай ашты жара салып қатты ашындырады. Сондықтан ол өз еркімен жауынгер қосынның қатарынан табылып, ел азаттығы үшін күреске аттанып, 1945 жылы Үш аймақ төңкерісіне қатысады.

Елі үшін басын бәйгеге тігуге дайын төңкерісшіл ақын күрес майданындағы бес жылдық жауынгерлік өмірін мағыналы да табысты тамамдап, 1950 жылы туған ауылына ашық, жарқын мақтанышпен оралады. Шат заман арайына шомған ауылы азат болыпты. Ху сожаңның да қарасы өшіпті. Ел қабағы да көтеріңкі екен. Бұл көңілді күйді көзімен көрген ақын аштының дәмін бірге татысқан кедей бауырластарымен бірге жаңа өмірді жаңаша құру ісіне жалындаған жас тасқынды қайратпен білек сыбанып құлшына кірісіп кетеді. Оған халқы қадірлеп жауапкершілігі күшті болған Кеңсу ауылдық үкіметтің хатшылық міндетін жүктейді. Бұл міндетті 1956 жылға дейін атқарып 1957 жылы жоғарының ұйғарымы бойынша Күнес аудандық орман мекемесіне кадр болып ауысады.
«Ақынның тілі ашты» дейді халық. Бұл жалпылама шындық емес, ақын да адам емес пе? «Ашынған тілді, ашыққан ұры болады» деген халық сөзі бар. Алайда ақын көреген, қоғамды, адамдарды күзете біледі, сол жайлы кесімін бүкпесіз айта алады. Кейде ашына қалғанда ауыздан сөзсіз ашынышты сөз төгіліп, удай ащы шындықты әшкерелейді. Кейбір теріс азу жондылар Әбілхайырды сары ән айттың, жыр жырладың, қара өлең сапырдың деп сұғын қадайды. Қайда барса тектеліп, «Отырса опақ, тұрса сопақ» дегендей, ызыңдап мазалай береді. Шаужайына жармасып, тізгінін қағады. Ақыры олар дегеніне жетті. 1962 жылы 4 айда жұмыстан себепсіз қысқартылып, ауылға қайтарылады. Бұл рухани соққы оны жасыта алмайды. Қайта шыңдап, шыңайта түседі. Жоғарыға арызданып ізденіс те жасайды, аудандық халық үкіметі оның жазықсыз жәбірленгендігін анықтап, 1963 жылы қаңтарда қайтадан қызметін қалпына келтіреді.
«Жалтаңдағы жалғыз ағаш жел өтінен құтылмас» дегендей, 1966 жылы елге апат әкелген мәдениет зор төңкерісінің қаптаған қара бораны жалтаңдағы жалғыз ағаштай Әбілхайырды тағы да сұрапыл соққылайды. Оны қайдағы бір «Ухан-Дыңтоның сойыл соғары, Яншандағы түнгі сөздің адал атқарып ақтаушысы, «шетелдің радиосын тыңдаған, дело аударушы, ұлы партиямызға, ұлы көсеміміз Мау жушиге тіл тигізуші, сары ән-жырдың қамбасы, шетке табынған екі жүрек, кері төңкерісші, қара жіп» деген түрлі жаламен қаралап, шетке тұрғызады. Кеште күреске алып, күндіз қызыл ереуілшілердің (төңкерісшілердің) бақылауында еңбекпен өзгертуге салады. Мұнымен біткен жоқ, «Қуырдақтың әкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, оның бұл күні көп болғандай 1969 жылға келгенде «бірге соққы беріп, үшке қарсы тұру» күресінде найза ұшына тағы түйреліп, көргіліктің көкесін көреді. «Ұшына шыққан нақ кері төңкерісшіл элемент» делініп күндіз-түні күреске алынып, ұрылып-соғылып қатты қинау көреді.

1970 жылы мамырда «Нағыз кері төңкерісшіл элемент» деген шойыннан ауыр қара қалпақ кигізіліп, сол жылы тамызда Күнес ауданы Кеңсу ауылы, Көктөбе қыстағына еңбекпен өзгертуге жер аударылады. Еңбегі еш болып, мал-мүлкі талан-таражға ұшырайды. Киер киім, ішер астан қағылып ақтабан, шұбырынды күйге түсіп, қылмыс атты ажырғыны арқалайды. Міне, дәл осындай тепкі астында үш жарым жылдық сүреңсіз ауыр күндерді зорға ұзатып, 1973 жылы қарашада ақталып, саяси құқығы қалпына келеді. Алайда, «Бұзауында қорыққан бұқасында да қорқады» дегендей, Күнес орман майданындағы көзаясы тар, көре алмас күндестері әлі де оның май өкшесіне біз қадамақшы болады. Сес көрсетіп, көз алартады, әбден су шәйлі болған ет жүрек бұл еркіндікке толық сеніп кетпейді де ауылға қайтып, отбасында, бала-шағасының қасында алаңсыз, тыныш тұрмыс кешіруді ойлайды. Сөйтіп, 1974 жылы ақпанда Кеңсу ауылына келіп, қоныс тебеді. Штаты, 7 адамдық қала напосынан айырылып, ауылдың қатардағы жұмыскері болып шыға келеді де, егіншілікпен айналысады. Әнін айтып, күйін шертіп бір қалыпты күндерді ауыл арасында өткізе береді. 1992 жылы 3 тамызда аяулы ардагер, лирик ақынымыз өзін қоршаған жырсүйер қалың қауым ортасында ән шырқап отырғанда кенет қан қысымы қатты жоғарылап емдеу өнім бермей Кеңсуда дүние салып, туған жерінің торқа топырағына жерленді.
***************************
Әбілхайыр Асқарбекұлы көп уақытын өнерсүйер, қадырын ұғар думаншыл халқы ортасында, өлең-тойларда, жиын-топта сорғалаған сұлу, сазды да ырғақты әндерін тамылжыта жүріп, тыңдарманның айызын қандырып, қаздай қалқытып, үйректей жүзіп өткізген еді. «Әбекең келіпті» деген сөз шықты болды ентелеген жұрт айналасына лезде топталып, өздері ат қойып әлпештеген ақынын қоршап алатын. «Жақсының жаттығы жоқ» деген емес пе, жүрегі жұмсақ Әбекең де жыр құмар қауымның қымбатты ілтипатын қиып кетпей, қиын істерінде қайырып тастап, қанжығасындағы домбырасын дереу шешіп, көк тепсеңге малдасын құрып отыра салып, шырқата жіберетін. Нақышыты, ырғақты ән әуені көтерілгенде шаттана қол соққан жұрт бір жырғап қалушы еді. Тіпті жібермей бірнеше күн ерулетіп аттандыратын. Сөйтіп, сүйікті халқының жылы жүрегінің терең түкпірінен орын алған аяулы ақын айларды аттатып, жылдарды жылжытып алаңсыз жүре беретін ақеділ қамсыз адам еді. Сүйікті зайыбы, ақ сәулесі Қорымхан да құдайы қалап қосқан, ол кісінің барлық жарқын табиғатына тан үйлесіп, жаралған жан Әбілхайырды қалай жүрдің, қалай тұрдың деп тектемейтін. Қайта балаларын бағып, үйінің барлық ауыртпалығын өзі арқалап, отбасы істерін алаңсыз етіп, көп үшін көптеп тер төгуге биіктен биікке көтеріле беруін тілеп, жебеп, қол үшін беріп отыратын асыл қасиетті, ардақты жан. Ақынның аяулы жар серігі аумаған:
Сенсің менің сүйгенім,
Есіктен төрге сүйредің.
Суға түсіп мен үшін,
Отқа да жанып, күйгенің, – дегендей еді. («Ақ сауле»).
Әбілхайыр бала шағынан-ақ жоқшылықтың, жетісіпеушіліктің тақсыретін мықтап тартса, ес кіріп, етек жиып, ат жалын тартып азамат болғанында қуғын-сүргін көріп бір мезгіл өмірінің жалынды, өнерінің дарынды, қайратының қарымды шағын өткізіп алды. Солай да «Ештен кеш жақсы» дегендей, бұрын түйе боталағандай сирек жазып келген болса, жазба әдебиетпен шұқшия шұғылданып, молдап жазып-сызуға кіріскені тек 1978 жылдан кейін ғана болды.
Бардамға жас күнімнен пенде бөлдім,
Ішіп-жем киінуден кенде болдым.
Қатардан қашан болса қалып қалам,
Қалайша ерте туып, кенже қалдым.
Жалдандым, ұйғыр, орыс, қазаққа да,
Шелділер айналдырды мазаққа да.
Жетіден жеткенімше он сегізге,
Түскенім ұмытылмас мазаққа да, – деп бейнелеген. «Бай болып көргенім жоқ, кедей болып өлгенім жоқ» дейді ақын өзінің бір сөзінде. Айтса айтқандай, Абай сияқты ұлы ақындардан өнеге қабылдап, Біржан сал, Әсеттердің өнеріне еліктеп, Тәттімбеттің күйлерін толғап, Таңжарықтың өлең, айтыстарын шырқап, арқайсысынан өнеге, үлгі өзіне тән тәлім қабылдап, осындай ізденістердің арқасында қысқа өмірін мағыналы өткізеді.
Жетім, кедей болғанымен, оның дарыны мен ән-жыры сүтті ұйытып, мұзды жібітіп, қыз, боз жігіттердің сілекейін шұбыртып, үлкендердің таңдайын тамсандырып, тойда, топта кебенек ішінен танылып отырды. Ескі малақайдың астында, жыртық тон, шалбардың ішінде жүріп-ақ төрден орын алды, қадір-құрметке ие болды. Ақын осы неше жылдық қысқа ғана өлең жазу тарихында баспа бетінде жарық көргені, жарияланбағаны болып «Ел ағасы Естемес», «Әжының қазасы», «Естеместің нәзірі», «Естекемнің екі ұлы», «Естекемнің кенжесі», «Таптық күрес қақпағы», «Үш өзен», «Құрдастарыма», «Әкбар батыр», «Азаматтың аты өшпейді», «Жақсыбек туралы», «Әскерлік» қатарлы 19 дастан, Отанға, туған жерге, оның көркем табиғатына болған ыстық махаббат сезімін бейнелейтін, жастарға ақылиялық нәр берсе, қоғамдағы кейбір келеңсіз қылықтарды шенеу қатарлы толып жатқан тақырыпта 80-нен артық қысқа өлең, «Қазағымыз осындай», «Ризамын еліме» қатарлы үш терме, «Облыс бастығы Диярға», «Мұғалімдар мерекесіне», «Кеңсу ауылдық халық өкілдері құрылтайына» қатарлы он неше арнау өлең, «Тұрдыбек ажы қазасына», «Қуаныш имам қазасына», «Әлімбектің баласы Сатай қазасына» қатарлы оннан аса жоқтауды, бірнеше бет ашарды, тойға шашу, жұмбақ өлеңдері бар. Ақын тағы да сорғалаған сұлу сезімді, сыршыл сазды, орындау шеберлігі дара әнші еді.
Ол туралы тарлан ақын Тілеуқабыл Әбілғазыұлы:»
Әнге шебер арғымақ,
Жарыста жүлде алады.
Ел-жұртына жағымды,
Жақындатқан араны.
Көмейден ән төккенде,
Таңырқап халық қалады.
Халқы сүйген әнші еді,
Әсетке жақын барады, – дейді. Ақынның өзі ән сөзін жазып, әуенін шығарып, өзі орындаған жеті әні ҚХР орталық халық радиосында, өлкелік (Үрімші) халық радиосында орындалып, ел аузында жатталып шырқалып жүр. Композитор Әбең жазумен, әнмен қоса домбыра тілін игере білген кісі. Ол тарлан домбырашылардың күйлерін тамаша жеттік орындаудың сыртында «Дәрмен», «Қоршалмалы жайылым» қатарлы даралық стилі бар күйлер шығарып, күй мұрасына да өзіндік бет қосады. Демек, Әбілхайыр Асқарбек қазақ халқының өткен ғасырдың соңғы жартысындағы әдебиет-көркемөнерлік қазынасына өз деңгейінде үлесін қосқан композитор, лирик, бес аспап ақындарымыздың бірі деуге әбден толымды. Автономиялы райондық, автономиялы облыстық фольклоршылар қоғамының құрметті мүшесі. Халық мұраларын жию, топтау, қайта жаңғырту жақтарында да айта қалсын нәтижелі жұмыстар істеді. Айталық автономиалы райондық «Мұра» журналына көптеген құнды тарихи материал жиып берудің сыртында халық фольклорының Күнес ауданы шығарған 4 топтама кітабына қыруар аңыз-ертегі, қисса-дастан, өлең-жыр, мақал-мәтелдер жинап беріп, бірнеше рет марапат төрінен көрінді.

Әбілқайыр Асқарбекұлы ХХ ғасырда жасап, түрлі әлеуметтік оқиғаларды бастан өткізіп, кедейліктің, жоқшылықтың, жетімдіктің тақсіретін ерте тартқан ақын, мұны «Арман» атты өлеңінде:
Шыңшысай тахқа отырды, болды күшті,
Аяғын сатқындықтың бұл да құшты.
Алты ұран саясаты күшін жойып,
Сенімсіз айтқандары болды екі ұшты.
Жүргізді жоқ пәлені ішті-тысты,
Халықтың наразылығы болды күшті.
Опасыз мүттәйімнің қылығынан,
Ауыртып жан денеге қадалды үскі, – («Шың шысайге») деп Шыңшысайдың сөзі мен әрекеті бір жерден шықпайтын екібеткей, суайт, пәле қорлығы мен қанішерлігіне қандауыр қадайды. Бұл хал сол тұстағы езілген еңбекшіл қауымның басындағы ортақ бақытсыздық еді.
Ақын азаттық аңсаған адамдармен үндес болады. Езгіге қарсы от алып, кек семсерін сілтеген Үш аймақ төңкерісін қызу жырлады.
Мың тоғыз жүз қырық төрт тоғызыншы ай,
Уақыты ақ сабанның дүние сай.
Бұрқ етті Үш аймақтың төңкерісі,
Көтеріп әділет туын мазмұны бай.
Бастады Әкбар, Сейіт қосын құрып,
Тастады жаудың жолын тосылдырып.
Басілген, Абыралы аңғарында,
Ағызды жаудың қанын жосылдырып…(«Әкбар батыр»), – деп Әкбар, Сейіт бастаған халық қаһармандарының езілгендерді ұйымдастырып, ата жаудың атау кересін асатып, қанын судай шашқанын мақтаныш етумен:
Бірікті Үш аймақтың батырлары,
Тоғысты бір арнаға ақылдары.
Дайын тұр күресуге жеңіс ұшын,
Ақырып арыстандай атылғалы… («Әкбар батыр»), – деп Үш аймақтан ұйысқан сайыпқырандардың күрес жеңісінің ақырғы жемісін қолға келтіру үшін арыстандай ақырып атылуға дайын тұрған қаһарлы қайратын өр дауыспен баян етеді.
Ақын Үш аймақ төңкерісін қаламмен жырлап қана қоймай, қолына қару алып төңкерістік қосынға қатысып, қайнаған күрес майданында болады.
Оны:
Әскерлік өтейін деп борышымды,
Бастадым азаматтық зор ісімді.
Гомендаң ата жаудан кек алуға,
Ұсындым ұлтымыз үшін қол ұшымды, – деп бейнелейді. Сөйтіп, ел намысын қорғау, ұлт азаттығын қолға келтіру, езілгендерге есе теңдік алып беру үшін қолына қару алып, қан майданға азаматтық, жастық өмірін арнап, әрі-сәрі болмай шынайы аттанғандығын мақтаныш етеді.
Тағы да:
Қоздырған жалаңаштық өштігімді,
Қыздырған күнге қақтап төстігімді.
Кегімді Ху сожаңнан алайын деп,
Жинадым ертеменен кештігімді. («Жалаңаштық»), – дейді.
Бұл тек жалғыз ғана Аралтөбедегі «шаш ал десе бас алатын» гомендаң сақшы бастығы Ху сожаң үшін атылған кек фонтаны болмастан, бейуаз халықтың төбесіне тобыршық ойнатқан тағы сол сяқты озбыр, алаяқ ұяласы Ху сожаңдар үшін атылған ажал оғы, сілтенген кек семсері еді.
Ақын өзінің осы төңкерістік қосынның құшағында бір кісілік еселі іс іздерін былай бейнелейді:
Тебініп қамшы бастым күрең атқа,
Ынтықтым бақыт тілеп жақын, жатқа.
Нүсіпқан польковниктың әскері боп,
Ілестім қадірменді азаматқа («Әскерлік»).
Тағы да:
Оспанның бұзып шығып тас қамалын,
Жануар жау қолына тастамадың.
Кедергі, көлденеңдер кезігерде,
Күреңім көтермейтін қас-қабағын.
Ажалдан жануарым алып шықтың,
Самсаған сары қолды жарып шықтың, – дейді («Әскерлік»).
Біздің қазақ атты ер қанатына балап, ерекше бағалайды. Әбілхайыр алғаш әскерге аттанарында аруақты ауылы таңдап мінгізген жан серігі сынды күрең атының самсыған жау, қан сасыған майданнан оқ жетпес шапшандығымен алып шығып, ажалдан арашалап қалғанын сүйіне толғайды. Арттағы тілеулес ел-жұртына борыштарлық білдіреді.
Тағы бірде ақын:
Қандасын Оспан сатқын бауыздады,
Қылмысы құйыршықтың ауырлады.
Рушыл, жікшілдіктің кесірінен,
Түлкі алды ірімшікті ауыздағы.
Баймолда, Әбдуап мен есіл Омар,
Тұрсынбек, Аяпберген шіркін олар.
Жақыпбек, Сыдықбек пен Жақанайлар,
Қиылып қыршынынан кетті солар.
Бәрі де боздақ еді-әу ауыз толар…(«Әскерлік»), – деп, «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» дегендей, алауыздықтың ұлтымызға сіңген мерез екендігін ашына айыптап, рушыл, жікшіл құйыршықтардың кесірінен бейуаз халықтың қырылып, есіл боздақтардың қыршыннан қиылғанына қатты қынжылумен гомендаң кертатпашыларының қарғаның аузындағы ірімшікті алдап қымқырған түлкідей ортадан олжа тапқандығына опынады. Бұл ойын тағы да «Өмір сыры» деген өлеңінде:
Ер батқанда арқасына қайқы қазақ,
Соры бар маңдайының тайқы қазақ.
Айырмай дос-дұшпанды, алыс-жақын,
Болдың ғой бәріне де сайқымазақ, – деп түйіндейді. Сөйтіп гомендаң кертатпашылары аз ғана қазақты өзара қырқыстырып, жұмсақ құрттай таусап жеп жатса, онымен ісі болмаған жерлік феодалдардың мансап үшін өмешегі үзіліп, бәрін шешіп берумен қоса, ел халқына қара шығын қаптатып, туралатқандығын, «Жау жағадан алғанда бөрі етектен» дегендей, шаруашылығы кенже тау сағалаған көшпенді халықтың табиғаттың да сайқы мазағына ұшырап, жұт апатына жем болып, «Аспаннан былғары жауса да, қолға оқшантай тимейді» дегеннің керіне жолығып отыратын ауыр қаліне қайғырады.
Оны:
Жұт, мансап шығынменен ағайынды,
Тақырлап бір-ақ жұтты талайыңды.
Көк шолақтың мойнына ері кетті,
Мықтап тарта алмадық шап айылды, – деген шумақтарынан көруге болады. Сонымен бірге, ақын көшпенді күйкі тұрмыс тәсілі билеген ұлтының төрт маусым шыр көрмей мал соңында салпақтап, оқу, өнер, ғылымнан кенже қалып, басқаларға мазақ болып келгендігіне:
Қазақта байлық бар ма малдан басқа,
Мал жұтаса шара жоқ жалданбасқа.
Оқу, өнер, ғылымнан дәнеңе жоқ,
Мазақ болып қайтесің алданбасқа («Өмір сыры»), – деп ашынумен халқын оқу, өнер үйренуге талпын деп үгіттейді.
Сауатсыздық белгісі надандықтың,
Оқу-білім белгісі адамдықтың.
Оқы, жастар, көзіңді аш, білім ұйрен,
Ғылым ғана дүниені алар мықтың…(«Өмір сыры»), – деп жастарға ғылымның қымбатын ұғындырып, оқу оқып, ғылым игеріп болашақта көзі ашық азамат болып, қараңғылық пен надандықтан серпіліп, адамдықтың жолына түсуге үндейді.

Қысқасы, ол көне қоғамның барлық мерезіне қатты кекпен қарап, отты жырларымен шаншып отырған алғыр ойлы, сергек сезімді, жаңаға жаны құштар, көпшіл ақын еді. Жаңалықты тез қабылдап, дәуір талабына ісімен де, сөзімен де тез үйлесетін. Қоғамдық өмірге етене араласып, шынайы адал еңбегін арнады. Нұрлы болашаққа қалтқысыз сенді, елін, Отанын қызу сүйіп, көсіле жырлады.
Отаным, ардақтаймын өз елімді,
Терсем де бақыт маған тезегіңді.
Өзіңе керек десе, еш өкінбей,
Келеді жұлып бергім өзегімді, – дейді («Үш өзен»). Отанға арналған ыстық махаббат, азаматтық лирика.
Тағы бірде ақын:
Мекенім туған жерім Мысыр шәрі,
Риза саған құмар жанның бәрі.
Суың ток, тасың алтын, ағашың жез,
Сауға қуат, науқасқа ем шөбің дәрі («Үш өзен»), – деп толғайды көрікті мекені Кеңсу туралы.
Әрине, осындай көрікті орта, бақытты тұрмыс, барлық адам, барлық ұлт арасындағы ұлы бірлік, берік ынтымақтан келеді. Сондықтан бірлік, ынтымақты күшейте беруіміз керек деп түйіндейді.
Айталық:
Туысым, барлық ұлт Отандасым,
Алдаға жүргізді елдің от арбасын.
Арада күшті болса берекеміз,
Кім бізге сырттан келіп қоқаңдасын («Байлық»). Қараңыз, ақын айтқандай, береке-бірлігіміз күшті болса, ешкім де бізге шекірейе қарап, шенімізге шендеп алмақ емес қой.
Қысқасы, Әбілқайыр Асқарбекұлы қалың қазақ халқының талантты сөз шеберлері қалыптастырған көркем тіл мен сөздік қорынан дұрыс пайдаланған. Оның поэзиясы, тілі тартымды, сөзі қисынды, сөйлем құрылымы берік, ойы толғамды, кең көлемді көтерген тақырыбы тың, көңілге қонымды, оқырманға түснікті. Жазған әрбір өлеңі, айтқан әрбір сазды әні, термелері туған халқының ыстық жүрегіне терең ұялаған. Сондықтан оның ардақты аты халқының жүрегінде мәңгі сақталмақ.
«Q-andas» ақпараттық агенттігі.











