– Ең алдымен, өзіңізді таныстырып өтсеңіз.
– Менің аты-жөнім Сванкулов Ермек Көпжасарұлы. Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыбұлақ ауылында дүниеге келдім. Қазіргі мекен-жайымда Сарыбұлақ ауылдық округінің Қарағаш ауылы.
– Ұжымдастыру, тәркілеу кезеңі туралы не білесіз?
– Бұл қазақ халқына қарсы әдейі ұйымдастырылған саяси қастандық болды. Тәркілеу салдарынан халық малынан айырылып, ашаршылыққа ұшырады. Көпшілік жан-жаққа босып кетті.
– Атаңыз Сыбанқұл молда қалай қуғындалды?
– Сыбанқұл молда Тілеубердіұлы Қапал өңірінде тұрған, елге сыйлы, ауқатты, діни сауатты адам болған. 1932 жылы жазда НКВД адамдары келіп, түнде ұстап әкеткен. Содан кейін хабарсыз кеткен. Атылған деген дерек бар, бірақ нақты орны белгісіз.
Оның айыптары қандай болды?
– Үлкендер айтуынша, атам «ірі бай» және «дін қызметшісі» ретінде қудаланған.
– Отбасы қалай аман қалды?
– Атамның екі әйелі болған. Айтбаладан – Көпшілбай (Көпен), Ағипадан – Көпжасар туған. Қуғын-сүргін кезінде Көпжасарды көтерген Ағипа апам Сарқан жаққа қашып паналап, кейін Қытайға өтіп кеткен. Көпен де қуғындалып, 16–17 жасында Қытайға қашып аман қалған.
– Қытайдағы өмірі туралы не білесіз?
– Ағайынды екеуі 1955 жылға дейін Құлжа өңірінде тұрған. Көпен сот қызметкері болған. Әкем Көпжасар жас кезінде қозы бағып, кейін егіншілікпен айналысқан. 1955 жылы екеуі туған жерге қайта оралды.
– Тәркіленген мүлік туралы қандай дерек бар?
Жылқы, сиыр, қой — бәрін түгел алған. Сарқан жақтағы тау бөктеріндегі бағы тәркіленіп, кейін балалар үйіне берілген.
– Сыбанқұл молданың ұсталып әкетілгені туралы не айтылатын?
– 1932 жылы жазда түнде НКВД келіп белгісіз себеппен әкеткен. Тергеу де, сот та болмаған. Жерленген орны белгісіз.
– Балаларының кейінгі өмірі қалай өрбіді?
– Көпжасар мен Көпшілбай 1955 жылдары елге оралып, Кербұлақ ауданының Сарыбұлақ ауылына қоныстанған. Әкем шопан болып, ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген.
– Архивтік құжаттар сақталған ба?
– Өкінішке қарай жоқ. Біз де іздеп көрдік, бірақ ешқандай ресми дерек таппадық.
– Отбасының қазіргі ұрпақтары қайда тұрады?
– Негізгі ұрпақтары Қазақстанда, арғы бетте қалғандары да бар. Бірақ байланыс үзілген.
– Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы пікіріңіз қандай?
– Бұл тарихи әділеттілік үшін қажет. Әр өңірде мұражайлар ашылуы керек. Аналардың ерлігіне үлкен ескерткіш қойылса деймін. Мектептерде осы тақырыпты оқыту маңызды.
Сұхбаттасқан Қажет Андас,
«Q–andas» ақпараттық агенттігі.











