Олар халықтың осы асыл қазыналарын әр дәуірдің қилы-қилы, аумалы-төкпелі, аласапыран жылдарынан, жан түршігерлік алапат күндерінен аман сақтап, қалпын бұзбай бізге жеткізді.
Осындай бабаларымыздың көрнекті өкілдерінің бірі – халық композиторы, халық қазынасының мұрагері, шертпе күйдің асқан шебері, біздің ұстазымыз Әшім Дұңшыұлы еді.
Ұстаз Әшім 1896 жылы Күнес сахарасында дүниеге келіп, ержеткен. Әкесі Дұңшы өрімшілік, ағашшылық өнерімен шұғылданып, әсіресе домбыра жасауды кәсіп етіп, ел қажетіне жаратып келген.
Жастайынан зерек те қағылез, ұстамды болып өскен Әшім 13–14 жасқа келгенде-ақ әкесінен ағашшылық өнерін үйреніп, домбыра жасай білетін болады. Домбыра жасай жүріп, бірлі-жарым күй де орындап жүрген.
Бір күні Әшім ауыл өнерпаздарынан үйренген бір күйді шертіп отырады. Күйге құмар әкесі баласының домбырадан тамылжытқан тәтті әуенін ұйып тыңдайды. Күй аяқталған соң әкесі:
– Балам, домбыраға талантың бар сияқты. Домбырашы болғың келе ме? – дейді.
Әшім:
– Әке, мен өмірді құралақан өткізіп, босқа жүре бергім келмейді. Домбырашы болғым келеді. Ел ішінде домбыраны жақсы шертетіндер бар ма? – деп сұрайды.
Баласының домбыраға деген ынтасына дән риза болған әкесі:
– Домбырашы көп. Солардың ішінде Қоңқай молда деген домбырашы ақсақал бар. Мен сені сол кісіге шәкірттікке берейін, – деп баласын ертіп барып, Қоңқай молдаға шәкірттікке тапсырады.
Талантты жас Әшім Қоңқай молданы ұстаз тұтып, күй шертудің жалпы қағидаларын игере бастайды. Ұстазының «Қоңқайдың қоңыры», «Арман-ай» деген күйлерін нақышына келтіріп орындайтын болады.
Шәкіртінің күй тартудағы қабілетіне көңілі толған ұстазы бір күні Әшімге былай дейді:
– Балам, өнер атаулы адамзатпен бірге жаратылған. Күй де солай – ол халқымыздың сарқылмас асыл қазынасы. Өнерпаз бар жерде тыңдарман болады. Тыңдарман бар жерде, әрине, өнерпаз да болады. Екеуі бір-бірінен ажырай алмайды. Сен домбыра шертудің қыр-сырын жақсы меңгердің. Енді қайнаған өмір ортасына барып, өріс аш, өнерің үстем болсын, – деп бата береді.
Міне, осыдан бастап ұстаз Әшім шынайы өнер жолына түседі. Жиырма жасқа толғанда ауыл ақсақалдарымен бірге ел аралап, домбырашы өнерпаздармен танысады. Топ ортасында тартымды күйлерін орындап, ел алғысына бөлене береді. «Ел құлағы – елу» дегендей, көп ұзамай Әшімнің аты ауданнан асып, бүкіл Іле өңіріне тарай бастайды.
Бұл кезде Әшім күй тарту өнеріне едәуір жетілген болса да, бұған қанағаттанбайды. Ол «Өнердің қайнар бұлағы – халық» деген ұғымды санасына мықтап түйіп, бүкіл Іле өңірін екі рет аралап шығады. Сол сапарында Моңғолкүреде домбырашы Мазақ ақалақшы, Текесте қырғыз қобызшысы Асанәлі, Тоғызтарауда домбырашы Мыстың баласы Әкбар ақалақшы, Көкқамырда атағы шыққан домбырашы Әуелбек сынды өнерпаздармен кездесіп, олардың күйлерін үйренеді, күй тарту шеберлігін шыңдайды.
Әшімді көргендердің, оның күйін өз құлағымен тыңдағандардың бәрі:
«Әшім пейілі түсіп, шынайы күй шерткенде, күй күмбірі бірде көкке өрлеп шарықтап, енді бірде қалықтап қайта оралып, тыңдарманды баурап алатын. Киіз үйдің төрінде отырып күй шерткен ол, малдасын құрған бойда от басына келгенін өзі де сезбей қалатын. Күй дауысына қоса, желқобыздың үніндей тамағынан гуілдеген дыбыс естіліп тұратын» – десетін.
Әшімнің тәтті күйлерін естігендер оны «алтын бармақ» деп атап кеткен Ұстаз Әшім күй тартудың алдында көбіне орындайтын күйі жайлы аңыз-әңгімелерін айтып, тыңдарманын барынша баурап алатын. Оның аңыздары мен күйлерін тыңдай отырып талай қарт аналар мен ақсақалды қариялар көз жасын сығып алатын.
Енді ұстаз Әшімнің қанша күй тартқаны, оның күйлері қай топқа жататыны туралы тоқталайық.
1930 жылдары Әшім қасында бірқатар ақындармен Шапқыдағы адуын жайлауда отырады. Ақындар өлең айтып, күйшілер күй тартып, думандатып отырған шақта, 1928 жылы Қазақстанның Талдықорған өңірінен ауып келіп, Наратқа қоныстанған Әуесбек деген ақын әрі әнші де келіп қалады. Ақынды төрге отырғызып, қымыз ұсынады.
Осы кезде біреу:
– Ақын ата, өзіңіздің әніңізді естісек, – деп ұсыныс білдіреді.
Көпшілік қолдаған соң Әуесбек ақын:
– Жарайды, шырақтарым, «Шақырсам әнім келер ме» деген әнімді айтып берейін, – деп әнін бастайды:
Шақырсам әнім келер ме,
Жүйріктей жортып желер ме.
Тағы бір сайра, қызыл тіл,
Мен де отымын белеңде.
Іргесі бүтін ел екенсің,
Разы болдым сендерге.
Қарсы алмасаң қадірлеп,
Шақырсаң да келем бе…
Ән аяқталғанда тағы біреу:
– Ақынға Әшім күймен жауап қайырсын, – деп ұсыныс жасайды.
Сол-ақ екен, Әшім домбырасын қолына алып, «Күй шақыру» деген күйді тартады. Күй біткен соң Әуесбек ақын:
– Рақмет, шырағым! Өнерің үстем болсын! Әніме күймен жауап қайырдың. «Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл» деген. Бұл жігіттің аты кім? – деп сұрайды.
Сонда қарт ақын Тілеуқабыл:
«Күй шақыру күмбірлейді сырды ашқандай,
Естушімен тіл қатып сырласқандай.
Сұрасаң бұл жігітті Әшім дейміз,
360 күй шерткен жыр-дастандай» – деп таныстырады.
Әшім Қоңқай молдаға шәкірт болғаннан бастап, өмірінің соңына дейін домбыра шертіп, күй шығарумен шұғылданған. Әшімнің күйлері негізінен шертпе күйге жатады. Төкпе күй мен терме күйлерді де орындаған. Дегенмен оның шертпе күйдегі дара стилі ерекше еді. Оны шертпе күйдің «пірі» деуге болады.
Әшім күй тартумен қатар, ел арасындағы күй аңыздарын көп жинаған. Осыдан болар, оның күйлерінің көпшілігі өзі куә болған оқиғаларға арналып шығарылған.
Мысалы, 1910 жылдары Күнестің Үшбұлақ бөктерінде рулы елге Шақпақшының жасаған шабындысына қатысты оқиғаға куә болған қариялардың айтуынша: Шақпақшының қарулы қолы елді «алман-салық төлемеді» деп кінәлап, өрістегі малын тартып әкетеді. Қарсы шыққан ер-азаматтарды сабап, жәбірлейді. Жесір әйелдерді зорлап, қыздарды тоқалдыққа сатып, қалыңмалын да айдап кеткен. Мұның салдарынан елдің бір бөлігі мекенін тастап, Моңғолкүре, Қорғас, Құлжа, Нарат жақтарға бытырап кетеді.
Осы ауыр оқиғаға куә болған Әшім ел ақсақалдарымен бірге хал сұрап барып, жәбір көрген елдің қайғысына ортақтасады. Сол кезде ол «Қарыз қайтарғанда», «Ана зары», «Мұңлы қыз», «Кедей зары» атты күйлерін шығарып, шерткен. Бұл күйлерді тыңдаған талай адамның көз жасы көл болған.
Сол сияқты, Шың Шысайдың жендеттері ардагер ақын Таңжарықты тұтқындап әкеткенде, Әшім «Ботам» деген күйін шығарып, жоқтау ретінде орындаған. Ал «Мақсұтқа арнау» атты күйінде халықтың мұң-зарын, белгілі адамдардың бейнесін күй арқылы жеткізген.
Әшім қоғамдық өзгерістерге де жіті назар аударып, күйлеріне жаңа мазмұндар енгізіп отырған. Ол 1916 жылы «Сунь Ятсенге арнау» күйін шығарса, Жапонға қарсы соғыс кезінде қызыл армия арасында кең тараған «Мамырдағы қызыл гүл» әнін күйге айналдырып орындаған.
Үш аймақ төңкерісі бұрқ ете түскенде «Жаңа тебін», «Армия жүрісі», «Қуаныш» атты күйлерін шығарып, халық арасында кең таратқан. Ал жастарға зор сенім артып, «Жастар салтанаты», «Жас тілек» күйлерін шығарған. Ол:
«Жастар – болашақтың иелері. Ат тұяғын тай басар дегендей, біз орындай алмай кеткен күй өнерін сол жастар жалғастырады. Сондықтан оларды тәрбиелеу – біздің бұлтартпас борышымыз» – деуші еді.
Міне, осыдан-ақ Әшімнің күйлері ешқашан қарапайым, мақсатсыз шығарылмағанын көреміз. Оның күйлері – аңызы бар, тарихы бар күйлер.
Жоғарыда ұстаз Әшімнің шертпе күйдің пірі екені, оның дара стилі өз алдына бір төбе екенін айттық. Бұл – асыра мақтау емес, нақты шындық.
1953 жылы өлкелік мәдениет басқармасы арнаулы мамандарды ұйымдастырып, Әшімге 95 күйін тартқызып, оларды таспаға жазып алған. 1956 жылдың күзі мен 1957 жылдың қысы аралығында Іле облыстық көркемөнер үйірмесі Әшімге 96 күйін тартқызып, нотаға түсірген. Сондай-ақ, оның бірнеше күйі патефон пластинкасына жазылып, қоғам мен өнер сүйер қауымға кеңінен тараған.
Мен өзім Әшім Дұңшыұлының шәкірті болғандықтан, оның күйлерін, күй аңыздарын, күй шығару жайлы айтқан талай сөздерін өз құлағыммен естідім. Сондықтан ұстаздың мұрасын зерттеу, реттеу, кейінгі ұрпаққа жеткізу – парызым деп білдім. Бірақ бір кезеңде қудалауға түсіп, айдауда жүрген кездерім де болды. Соған қарамастан, ұстаздың күйлерін ұмытпай, жадымда сақтап, жазып жүрдім.
1978 жылы өткен ҚКП 11-кезекті орталық комитетінің үшінші жалпы мәжілісінде бұрынырақ кеткен қателіктер түзетіліп, халық күдіктен арылды. Көркемөнер саласында «барлық гүл шешек атсын, жарыса үн қатсын» деген бағыт алға шықты. Осы кезеңде мамандар серпіліп, өз үлестерін қоса бастады.
Мен де осы кезде ұстаз Әшімнің күйлерін, күй аңыздарын зерттеп, реттеп, халыққа таныстыруға кірістім. Соның нәтижесінде:
1981 жылы «Әшім күйлері» атты 32 күй енгізілген кітап,
1989 жылы «Күй күмбірі» атты 50 күй енгізілген кітап жарық көрді.
Осыдан бөлек, қолдарыңыздағы «Күй пірі» атты бұл жинаққа ұстаздың 20 күйі енгізілді.
Сонымен қатар радио мен теледидар да Әшім күйлерін халыққа жеткізуде үлкен рөл атқарды. 1982 жылы орталық халық радиосына 57 күйін шертіп беріп, таспаға түсірттім. Шыңжаң халық радиосына 44 күйін орындап жаздырдым. Іле халық радиосы аңыз-әңгімелерімен қоса 34 күйін жазып алды. Осы таспалар әлі күнге дейін эфир арқылы елге тарап келеді.
Ал Іле қазақ автономиялы облыстық ән-би үйірмесі заман талабына сай, ұлттық аспаптар оркестріне Әшімнің «Жастар салтанаты», «Ақ толқын», «Кеңес», «Ботам» секілді күйлерін өңдеп орындады.
Әшімнің құлақтан кіріп, бойды алатын тәтті күйлері радио толқыны арқылы бүкіл әлемге тарай бастады. Соның нәтижесінде ұстаз Әшімді Қазақстан мемлекеттік радиосы екі рет арнайы таныстырды. Оның есімі Қазақстан энциклопедиясына енгізілді.
Қазақстандық зерттеуші Дархан ұстаз жайында мақала жазып, Әшім мен мені бірге таныстырды. Бұл мақала 2005 жылғы «Жұлдыз» журналының 6-санында жарық көрді. Өзім де Әшім туралы 7–8 мақала жазып, газет-журналдарда күй аңыздарын жарияладым. Бұл еңбектеріме ел арасында жақсы пікір айтылды.
Ардагер ақын Таңжарық Жолдыұлының жақын досы Әлекен ақын Әшім туралы мынадай өлең жазған:
Жарылған Әшім күйші асыл тектен,
Халқына үлгісін ол шашып кеткен.
Ол шерткен қызыл өрік домбырада,
Ізі бар алтын саусақтың басып кеткен.
Демек, алтын саусағымен күй шерткен Әшімнің күйлерін және күй аңыздарын біз түгел жинап, толық реттедік деуге әлі ерте. Мен ол кісімен 1951 жылдан бастап танысып, қызметтес болдым. Сол кезден бастап үйренген күй-аңыздарын аман сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат еттім. Өз еңбектерімнің бастамасы ғана жасалды деп есептеймін.
Сондықтан да бүгінгі жастар, әсіресе өнер саласындағы дарынды азаматтар біздің істей алмай кеткен істерімізді жалғастырып, халық арасында әлі де көміліп жатқан Әшім күйлерін қаз-қалпында жинауға атсалысады деп сенемін.
Ұстаз Әшім 1942 жылы Іле аймақтық қазақ-қырғыз мәдениет, оқу-ағарту ұйымының шақыруымен көркемөнерпаздар байқауына қатысып, жүлде алады. Осы ұйымға қарасты көркемөнер тобына мүше болып, жастарды тәрбиелеу ісімен айналысады. Ол Асанәлі, Әділжан сынды өнерпаздармен сырлас дос болады.
1943 жылдың соңына қарай қазақ-қырғыз ұйымын Гоминьдан тыңшылары бақылауға ала бастайды. Әлденеден күдіктенген ұйым басшысы Ысқақбек қызметкерлерін дереу жинап:
– Жағдай қиындап барады. Құлжадан көзге түспей кетейік. Қолға түссеңдер, ешқашан бір-бірлеріңе опасыздық жасамаңдар, – деп тапсырады. Өзі сол түні ғайып болады. Ысқақбекті ұстай алмаған тыңшылар елді қатты қыспаққа алады.
Осы кезде Әшімді қазақтың зиялысы Әуесбек жасырын түрде Нылқыға аман жеткізеді. Кейін ол Нүсіпқан ақсақалдың ауылында болады. 1944 жылы Күнес аудандық қазақ-қырғыз ұйымы Әшімді арнайы шақырып, онға жуық жастарды тәрбиелеуді тапсырады. Оның шәкірттері Имаш, Нұрталып, Әбуқали, Толғаубек, Зейіпқан, Жәлелдер «Жастар салтанаты», «Жас тілек», «Күй басы» секілді күйлерді шағын оркестр құрамында орындай бастайды.
Көп ұзамай Гоминьдан үкіметі «адамдар топтасып әрекет етпесін» деген жарлық шығарып, оқушыларды таратып жібереді. Әшім ауылына қайтады.
1944 жылы тамызда Үш аймақ төңкерісі бұрқ етіп, 1945 жылы азаттық орнайды. Қиын кезеңдерді бастан кешкен ұстаз Әшім енді домбыра оркестрін қайта ұйымдастырады. Үш аймақ үкіметінің одақ ұйымына мүше болып, салық жинау қызметін де атқарады.
1953 жылы ол Шыңжаң өлкелік халық өнерпаздары үйірмесінің мүшесі ретінде Синьхай мен Ганьсу өлкелеріне сапар шегіп, қандастардың хал-жағдайын сұрап, өнер көрсетіп қайтады.
1955 жылы Іле қазақ автономиялы облыстық ән-би үйірмесіне қабылданып, домбырашыларға ұстаздық етеді. 1957 жылы Бейжіңде өткен халық өнерпаздарының байқауына қатысып, жүлде алып қайтады. 1959 жылы жасына байланысты зейнетке шығады.
Халықтың сүйікті өнерпазы Әшім 1962 жылдың тамызында қатты науқастанып, тамақ іше алмай қалады. Сонда ол домбырасын қолына алып:
– Е, домбырам! Елу жыл серігім болдың. Енді мен кетемін, сен қаласың. Арман-ай, бір күй шертейінші, ұрпақтарға қалсын, – деп «Арман-ай» күйін орындайды.
Мейірімсіз ажал дарынды күйші, халық қазынасының мұрагері, шертпе күйдің шебері, ойшыл ұстаз Әшімді арамыздан алып кеткеніне (1962 жылдан) бері талай жыл өтті. Бірақ оның бейнесі мен қазақ өнеріне қосқан үлесі ешқашан өшпейді. Ұстаздық өнегесі ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді.
Камал МАҚАЙ,
Әшім күйшінің шәкірті.
Төтешеден аударып, реттеген “Q-Andas” ақпарат агенттігі.











