Ұлы Абай: «Бірі ішсем, жесем, өмірден өтсемнің өмірі. Енді бірі – нағыз өмір», – деп адам баласының өмірін екіге жіктейді. Әрине, өткенді таразылап көрсек, еңбегін бұлдап, қадірін асырмай-ақ қарапайым тұлғасымен үлкен-кішінің құрметіне бөленіп өткен жандар баршылық. Осы тұста тағы да бір ой қияннан қылаң беріп, санаңды үлкен жетістікке жетелейтіні бар. Ол – ел мен жер үшін елеулі еңбек еткен, «Шашы ұзын, ақылы қысқа» десек те, сол айтылған ойға басқаша қырымен жауап қайтарған қыздарымыздың тарихымызға шұғылалы із қалдырғаны. Оның бастауын Тұмар ханымнан таратсақ, кешегі Айша бибі, Домалақ ана, Айғаным, Зере әжелерімізбен жалғасын тапқан ұлы көш бүгінгі асыл текті аналарымыздың жұртына істеген елеулі еңбектерімен ұласып жатқаны анық. Осы көштің шалқар айдынында Кішім апаның есімі де мақтанышпен аталып жүретінін жиі естіп келеміз. Иә, бүгінгі жас буын аты ардақталған апамыздың кім болғанын көп біле бермейді десек те, оның өміріне терең бойлаған жандар өшпестей өнеге алатынын жасырмаймыз. Расында, Көксу ауданының Еңбекшіқазақ ауылына бара қалсаңыз, ондағы тұрғындардың аузынан: «Біздің Кішім апамыз…», – деп басталатын жылы естеліктер мен көңіл толқытар әңгімелерге құлағың қанығып, көңілің марқайып қалады. «Бәсе, солай екен-ау», – деп ойыңды орнықтырасың.
Әлбетте, жақсылық та, жамандық та, ізгілік те тел өркендейтін күрделі тіршілікте әркімнің артынан түрлі естелік өріледі. Расында, қолында барында қонышымен басып, мақтан биігіне көтерілген тағдыр да жетерлік арамызда. Бірақ, уақыт өте келе адамдар олар жайлы әділ бағасын беріп, көңіл терезесінен тысқа лақтырып тастайтынын да көріп жүрміз. Ал енді тіршілігін жылы пейіл, таза адамгершілік, үлкен мақсатпен өріп, жұрт жүрегінен терең орын алып, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болатын іс-әрекетімен дараланып тұратын жандарға сүйсіне қарайтынымыз жасырын емес. Бұл – Абай айтқан нағыз өмір сүрген жандар. Осы тұрғыдан келгенде, Кішім апамыздың болмысы нағыз өмір сүрген жандардың жарқын үлгісі деп бағаласақ қателеспейміз.
Кішім – Қали атамыз бен Жарқынбала апамыздың жалғыз қызы. Одан бұрын 14 құрсақ көтерген Жарқынбала апамыздың балалары кішкене күнінде шетінеп кете берген көрінеді. Он бесінші болып өмірге келген сәбиді көрші ауылдағы ағайындарының біріне беріп, кейін бір арқа отынға сатып алыпты. Бұл – қазақ халқының салт-дәстүрінде бар ырым. Содан кейін сәбиге Кішім деген есім беріпті. Бірақ ата-анасы баланың кішісі болса да, осы қыздарының бүкіл елдің сенім артар үлкен жүректі азаматшасы болатынын ол кезде білмеген шығар.
Бала кезінен ауылдың қарапайым тіршілігімен тыныстап өскен Кішім өсе келе бойындағы ізгі қасиеттерін байқата бастайды. Әсіресе, елді бір ниетке, мақсатқа ұйыстырудағы алғырлығы үлкендер жағынан жақсы бағаланады. Сондықтан болар, 1932 жылғы ұжымдастыру тұсында Көксу өзенінің бойындағы шашырай қоныстанған бірнеше үйдің басын қосып, алғаш іргетасы қаланған «Еңбекшіқазақ» кеңшарына Қауыс Кәрімов бастық болса, Кішім апамыз бригадирлікке ұсынылады. Сонымен қатар, Шұбар ауылындағы техникумға жіберіліп, шеберлігін шыңдап, білімін жетілдіріп қайтады.
Ол тұста ерлердің орны әйелдерден бір саты жоғары тұратынын ескерсек, осындай жауапты міндеттің апамызға жүктелуі – оған деген елдің сенімі десек, артық айтқандық болмайды.
Расында, жері құт, түгін тартса майы шығатын құнарлы өлке еңбеккерлердің төккен терін текке жібермеді. 1933 жылы жаңадан құрылған ұжымшар еңбеккерлері бір жағынан қант қызылшасын егумен айналысса, екіншіден, соқамен жер жыртып, кетпенмен арық қазып егін салып, мал шаруашылығын қосымша кәсіп етеді.
Мүмкін, жердің қасиеті немесе елдің береке-бірлігінің арқасы шығар, ауыл еңбеккерлерінің төккен тері өтеліп, қант қызылшасынан гектарына 100 центнерден өнім алады. Бұл табыс басқа ұжымшарларға үлгі болады. Тіпті, аудан, облыс жағынан мақтауға ие бола бастайды.
Сол тұста, яғни 1934 жылы Мәскеуден Сергей Киров арнайы келіп, қазіргі Көксудағы қант зауытын ашады. Қазіргі Балпық би кентінде үлкен жиын өтіп, сол жиналыста Сергей Миронович Киров Еңбекшіқазақ ұжымшарының қант қызылшасын өсіруде жеткен жетістігін жоғары бағалап, Кішім апаға велосипед табыс етеді. Бұл – сол тұстағы ең құнды сыйлықтардың бірі еді.
Сол жылы Кішім апаны Талапты, Құрақты, Еңбек, Ерназар, Еңбекшіқазақ, Лабасы ұжымшарларының бірігуімен құрылған ауылдық кеңестің төрайымы етіп сайлайды. Ал Еңбекшіқазақ ұжымшарын басқару Мұқаш Бабашевқа тапсырылады. Әрине, аз үйлі ұжымшарды басқаруға қарағанда ауылдық кеңесті басқарудың салмағы ауыр болатыны анық.
Бірақ, күндіз-түні ат үстінен түспей, ерлердің қолынан келе бермейтін табандылықпен жұмыс істеген Кішім апа бұл міндетті де абыройлы атқара бастайды. Сол еңбектің нәтижесінде Василий Чернышов деген шеберді шақырып, ауылға канал тартып, диірмен салады. Дайнико Егор, Трофимдерді алдырып, ұстахана ашып, елдің тұрмыстық қажеттілігін шешуге жол салды.
Ауылда мектеп ғимараты бой көтеріп, ауылдық клуб ашылады. Бұл – сол тұстағы ауылдың мәдени және рухани өмірін байытуға қосқан үлкен үлес еді. Сондай-ақ, жұмыс бабында өміріндегі ең бір бақытты да қастерлі кезеңдерді бастан өткереді.
Айтпақшы, сол кезде Талаптыда балалар үйі болған екен. Алайда, балалар үйінің барлық жұмысы ауылдық кеңестің басшылығында болады да, Кішім апа Еңбекшіқазақтан Талаптыға жұмыс бабымен жиі барып тұрады. Сонда ол балалар үйінде тәрбиеленіп жүрген 3–4 жастағы бір қыз балаға көңілі ауып, оны бағып алу бекіміне келеді.
Бірақ, оны Нұрахмет деген секретары алып кеткен екен. Ақыры Нұрахметтен сұрап жүріп, әлгі баланы асырап алып, заты орыс болса да, сыртқа теппей, Райхан деп ат қойып, өз қызындай тәрбиелеп өсіреді. Райхан кейін Намазбай атамызға тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болып, өмірден өтеді.
Тағы бірде үсті-басы жара, көзі шүңірейген, киімі жұпыны бір баланың күнде көше бойын кезіп, кезіккен жерде ұйықтап, тапқанын талғажау етіп жүргенін көреді. Ауыл тұрғындарының бірі де оған мән бермейді. Ақыры Кішім апа сол баланы жайлаудағы үйіне алып келеді де, өзіне бала етіп алады.
Басында туыстары баланың болмысына күдікпен қарап, Кішім апаны ескертеді. Бірақ, жүрегі жұмсақ, жоқ-жітікке шын пейілімен қарайтын апамыз елдің сөзін елемей, қаңғыбас баланы бауырына басып, Серік деп атайды. Оның ұлты ұйғыр болғандықтан, басқалар оны Сергей деп атап кетеді.
Кішім апа Сергейді соғыстан мүгедек болып оралған қайнысы Дүйсебайға қосып, еңбекке баули бастайды. Кейін Сергей ержетіп, Омарбек атты қойшының қызына үйленіп, бала-шағалы болып, бақытты өмір сүреді.
Ал 1955–56 жылдары Қытайдан келген Нұрлыбай атты жігітті бауырына басып, панасыз жігітке пана болғаны қалай дәріптесең де жарасатын іс емес пе?
Расында, отызыншы жылдардағы ашаршылық кесірінен ел күйзеліп, балапан басына болып тұрған қиын шақта өзгенің баласын бауырына басып, тәрбиелеп өсіру, елуінші жылдардағы шеттен келген ағайынға қамқор болу – екінің-бірінің қолынан келмейтін ерлік еді. Бұл – апамыздың ауыл арасындағы беделін биіктете түседі.
Алайда, мәртебе өскен сайын қызғаныштың қызыл иті де қоса үрмей ме?! Кішім апамыздың ел арасындағы беделінің өскені кейбір ағайынның ішін жылытпады. Түрлі сылтау іздеп, аяқтан шалудың сан түрлі жолын қарастырғандар да болды. Бірақ діңкесі құрып, ойлағаны болмай жүрді.
«Айналдырған жау алмай қоймайды» дегендей, 1937 жылдың қиын шақтарында Кішім апаның үстінен: «Туыстары Қытай асқан, бай-манаптың баласы» деген арыз түсіп, алуан түрлі тексерістер мазасын ала береді.
Осы тұста Мұқаш Бабашев атамыз Кішім апаға ауылдық кеңестегі жұмысын тастап, мал шаруашылығын басқаруға ауысуын ұсынады. Өйткені жаз жайлауда, қыс қыстауда жүрсе, елдің сұмпайы сөзінен, қызғанышынан алыста болады деген ой еді. Мұны құп көрген Ағыбай ата мен Кішім апа мал шаруашылығына ауысып, атамыз жылқы бақса, апамыз малшы қауымды басқару жұмысына кіріседі.
Мұнда да Кішім апа өзінің талаптылығы мен іске бейімділігін дәлелдеп шығады. Ауылдағы мал санының өсіп, малшылардың тұрмысы жақсара түскенін айтпағанның өзінде, аудан, облыста өтетін түрлі шараларға белсене атсалысады.
Оған дәлел ретінде Талдықорған қаласында өткен Қалқа Жапсарбайұлы мен Қуат Терлікбаевтың айтысында, сондай-ақ Қанабек және Күлаш Байсейітовтер облыс тұрғындарымен кездескен үлкен жиында Кішім апа өзінің ақбоз үйін тігіп, шараның сәтті өтуіне бір кісідей үлес қосқанын айтуға болады.
Осындай жайма-шуақ өмір орнығып, берекелі тірлік өз ретіне түскен тұста соғыс деген сұмдық сөз ел арасын дүрліктіріп әкетеді. Ендігі мақсаттың бәрі «Майдан үшін» деген ұранмен әспеттеле бастайды. Сол тұста Мұқаш Бабашев сырқаттанып емханаға түсіп қалады да, ауылдастары Еңбекшіқазақ ұжымшарының тізгінін Кішім апаға қайта ұстатады.
Әрине, от пен оққа оранған соғыс жүріп жатқан шақта елдегі еңбектің бүкіл ауыртпалығы еңкейген кәрі мен әйелдерге, буыны бекімеген балаларға түскені анық. Алайда сол қиындығы мен қиналысы басым тұста ауыл тұрғындарын бір ниетке жұмылдырып, қиыншылық қыспағынан алып шығу ел басқарған азаматтардың мойнына жүктелген сын еді.
Десе де, Кішім апаның басқаруындағы ауыл тұрғындары таңды таңға жалғап еңбек етіп, өздері тойып тамақ ішпесе де, аузындағысын жырып, бар тапқанын майданға аттандырады. Оның бәрін теріп жазудың қажеті жоқ шығар. Ең бастысы — соғыс жылдары Еңбекшіқазақ ауылы миллион пұт астық өткізіп, Одақты дүр сілкіндіреді.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындарын ұйымдастырып, танк сатып алуға қаржы жинай бастайды. Ақшасы бары ақшасын, ақшасы жоғы малын сатып, бұл бастамаға қолдау танытып, жиналған қаржыны майданға жібереді. Кейін сол қаржыға танк сатып алынып, соғысқа жіберілгені туралы танкі зауытынан хат-хабар алады.
Бұл бастама сол тұстағы «Сталиншіл» атты газетте жарияланып, бүкіл Одаққа танылған болатын. Әрине, бұл сол кезеңнің өлшемімен қарағанда аз қаржы емес. Бірақ ең бастысы — елдің ынтымағының, Кішім апаның ұйымдастырушылық қабілетінің қандай болғанын көрсететін айрықша мысал.
Ол кезде осындай үлес қосқан ауыл Одақ көлемінде сирек еді. Бұл жетістік ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегінің жемісі десек те, шағын ауылды осындай биікке көтерген тұлға — Кішім апа екенін атап өтпеу әділетсіз болар еді.
Иә, өткенді таразылай берсек, айтылар әңгіме, шертілер сыр жеткілікті. Сондай естеліктің бір парасы былай өріледі: соғыс жылдарының бірінде Мұқаш деген қойшының қорасына қасқыр түсіп, қойларын қырып кетеді. Әрине, ол кезде бұл өте ауыр қылмыс саналатын. Тіпті, соның кесірінен итжеккенге айдалып кетуі де әбден мүмкін еді.
Жанын қоярға жер таппаған Мұқаш жылап-еңіреп Кішім апаның алдына келіп, жағдайды баяндайды. Әрине, талқысы ауыр жағдай апаның басын қатты қатырады. Белгіленген тәртіпке бағынса, ауылдың бір азаматының өмірі ойран болғалы тұр.
Жасырып қалуға сұқтанған сұқ көздер жан-жағынан анталап жол бермейді. Ақыры ауылдағы малшыларды бір жерге жинаған Кішім апа әрбір шопанға келген шығымды бөліп береді де, Мұқашты жазадан аман алып қалады.
Иә, өмірде қарақан басының қамын ойламайтын адамдар болады. Бірақ олар оны жеке басының бақыты үшін істемейді, қайта қауымның берекесін сақтап қалу үшін қолға алады. Бұл – Кішім апамыздың елге қамқор болған ұлылығының бір ғана көрінісі.
Сол шағын ауылда Кішім апаның тәрбиесін көріп өскендер кейін өз еліне сыйлы азаматтар болып шықты. Сол қатарда ауылдастарының мақтанышы болған, елге танымал Серік Әбдымәлінов, Ерболған Қарысбаев, Оқас Секенов, Қалтай Тоққұлов, Қантай Әбдікәрімова, Дүбек Дүйсенов, Әлімбай Исламжанов, Әлімғазы Райымбеков, Оразбек Ахметов, Досымбек Жақсылықов, Әмірбай Рысқұлов және тағы басқа азаматтардың есімдерін мақтанышпен атауға болады.
Олардың біразы өмірде жоқ. Десе де, апамызды елі мен жұрты, қамқорлығын көрген жандардың ұрпақтары мәңгі есінен шығармайды.
Әлбетте, әр адамның қоғамда, өзі еңбек еткен ұжымда белгілі бір рөлі болады. Ол рөл – оның әлеуметтік қызметі. Ұжымда мейлі бригадир, не инженер, ұста, не ұстаз, басшы, не бұқара болсын — өз рөлін басқалар сүйсінетіндей етіп орындағанда ғана елдің құрметіне бөленеді.
Расында, өмірде қолына азырақ билік тисе, жер-суға симай кететін адамдар болады. Бірақ, Кішім апа қолындағы билігін өзінің жеке басының қажеттілігіне жұмсамаған жан.
Осы тұста апамыздың қызы Сара Адамбекованың естелік сөзі еріксіз ойландырады:
– Бала күнімде апаммен бірге қонаққа баратынмын. Баламын ғой. Мен басшылардың, жағдайы жақсы, ауқатты отбасыларының үйіне баруға қызығатынмын. Бірақ апам ауылдағы тұрмысы нашар, жоқ-жітік үйлерге жиі баратын. Олардың дастарханы жұтаң, жағдайы нашар болатындықтан көл-көсір дастарқан жаюға шамалары келмейтін. Бір қызығы – апам сол барған үйіне бір жақсылық жасап қайтушы еді. Қазір ойласам, апам қонаққа емес, жағдайы нашар үйлердің белгілі бір қажеттілігін шешіп беру үшін сол отбасыларға әдейілеп барады екен-ау, – дейді ол сөзін түйіндеп.
Рас, бұл бүгінгі қадір мен қасиетті материалдық жағдаймен өлшейтіндерге үлгі болар ұлылық емес пе?!
Бұл айтылғандардың бәрі Кішім апа өмірінен жиып-терген естеліктер. Ол өткен күннің еншісінде қалса да, бүгінгі ұрпақтың саналы түрде қабылдауына татитын ұлы қасиеттер.
Оны жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан да апаның есімі бүгін де құрметпен аталып, жұртқа үлгі болып келеді.
Оның дәлелі ретінде Еңбекшіқазақ ауылындағы ауылдастарды ынтымаққа, жастарды имандылыққа бағыттаудың белгісі саналатын «Кішім апа мешіті» мен өткен-кеткеннің көңіліне көп ой салатын Кішім апа атындағы көше бар екенін айтуға болады.
Мешітке келген жамағат қасиетті үйден көкейіне адалдықты, адамдықты, ізгілікті түйіп аттанса, апа атындағы көшені кесіп өткендер аруағына тәу етіп, әйел-аналарымыздың ерлік-жігеріне тәнті болады.
Осы тұста айта кету керек шығар: Кішім апа мешітінің бой көтеруінің де қызықты тарихы бар. Бұл үй кезінде Кішім апаның қара шаңырағы болған. Алайда оны тұрғызған апаның күйеу баласы, Жетісу өңіріндегі баспасөздің өркендеуіне бір кісідей еңбек сіңірген Еділ Түкенов ағамыз екендігін біреу білсе, біреу біле бермейді.
Қазақ салтында күйеу баланың орны бөлек десек те, Кішім апаның ұлындай болған Еділ ағамыз өзінің анасына деген азаматтық борышын осылай орындаған жан.
Алайда, Кішім апа қайтыс боларында ауыл басшыларына:
«Осы үйді жағдайы нашар, қиыншылығы бар адамдарға беріңдер», – деп өсиет етеді.
Апа өсиеті бойынша олар Кішім апаның үйін Отан соғысынан мүгедек болып оралған ауылдастардың біріне береді.
Алайда, тоқсаныншы жылдардың басындағы қиын-қыстау шақта бұл үй әлдекімдерге 500 долларға сатылып кетеді.
Мұны естіген апа аруағын ұлықтаған немерелері — Еділ мен Сараның ұлдары Андрян мен Еркін үйді сатып алған кәсіпкерге сұрағанын беріп, қайта қайтарып алады. Кейін үйді күрделі жөндеуден өткізіп, мешітке айналдырады.
Мешіт құрылысына бүкіл ауыл азаматтары өз еркімен еңбек етті. Осының өзі-ақ апамызға деген ауылдастарының құрметі еді.
Сол жұмыстар барысында Еділ ағамыздың үлкен қызы Мұңсыз бір ай бойы жұмысшылардың тамағын жасап, басқа жұмыстарға қолғабыс етіп, көп еңбек етсе, сол қатарда келіні Роза, қызы Ботагөз, күйеу баласы Нұрлан да ынта-ықыласымен Алла үйінің қаз тұруына тер төкті.
Ауылдастардың ұсынысы бойынша мешітке апамыздың аты беріледі. Бұл Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының да қолдауына ие болады.
Бір қызығы, елімізде аналарымыздың атындағы мешіт санаулы ғана. Олар — Айша бибі апамыз сияқты тарихқа белгілі аналарымыздың құрметіне берілген мешіттер.
Десе де, сол қатарда Кішім апа атына мешіт берілуі ол кісінің сол қасиетті аналардың жалғасы болғанын білдірсе керек. Сондай-ақ, ауылдастардың қолдауымен ауылдағы орталық көшелердің бірі Кішім апа атын еншіледі. Ел құрметі деген осы. Адам баласы үшін бұдан өткен бақыт бар ма?
Әрине, бүгінде қолда барында қалтасындағы қаржысын суша сапырып, атасын әулие етіп жүргендер жоқ емес. Бірақ бәрібір жұрт мойындамаған шындықтың ғұмыры ұзақ болмайды екен.
Керісінше, Кішім апамызды ықыласын сезінген жұрт, көмегін көрген көпшілік ол кісіні жоқ-жітікке пана болған кеңпейілділігімен, қарапайым ауылды айдай әлемге танытқан еңбекқорлығымен, бір қауым елдің төмендетіп айтсақ — тізгін ұстар үлкені, асырып айтсақ – сөз ұстар биі болған даналығымен жиі еске алады.
2013 жылы 110 жасқа толған апамыздың бірге өскен құрбы-құрдастары, тіпті тірі болмаса да, олардың балалары мен немерелері апа даңқын асқақтатып отырғаны – осы ойымызды дәлелдей түседі. Соның бірі – өткенде Еңбекшіқазақ ауылындағы орта мектепте өткен Кішім апаның 110 жылдығына арналған кездесу.
Үнегелі шараны сол мектептің мұғалімі Жұмай Орынбаева көп қажырмен ұйымдастырған еді. Сол күнгі кездесуге ауыл тұрғындарының тайлы-таяғы қалмай жиналды.
Сол қатарда апамыздың көзін көріп, тәрбиесін алған Әлімғазы Райымбеков, ардагер журналист Әлі Сқабаев, аудан мен ауыл ақсақалдары апамыздың өмірі мен ерлігі жайлы естеліктер айтты.
Мектеп оқушылары әннен шашу шашып, би билеп, апа даңқын асқақтатты. Бұл – апамыздың 110 жылдық мерейтойының беташары іспетті игі шара болды.
Алдағы уақытта ауыл тұрғындары апамыздың атынан спорттық сайыстар, түрлі мәдени-рухани шаралар, мектеп ұжымы тәрбие сағаттары мен кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. Елін сүйген адамды елінің ардақтауы осындай-ақ болар.
Түйін
Елдіктің ерен белгісі ретінде біз желтоқсаншыларды – ерліктің, Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысының ардагерлерін – батырлықтың белгісі ретінде дәріптеуді дәстүрге айналдырдық. Бұған қарсылығым жоқ: ерлік – мадақталуы, батырлық – дәріптелуі керек.
Бірақ еліміздің тәуелсіздігі жолында Қазақстан жерінде тіршілік еткен әрбір адамның үлесі болғанын қалайша естен шығарамыз?
Айталық, малшы – малын бағып, жұмысшы – техника меңгеріп, мұғалім – бала оқытып дегендей, әр сала мамандары да тәуелсіздік үшін тер төгіп, еңбек етпеді ме?
Иә, әділдік жолы – хақтық.
Жаратушы Ие әр пендесін ерекше мейіріммен жаратып, оған өзін-өзі танудың жолын нұсқаған. Осы тұрғыдан келгенде, Кішім апамызға тағдыр елдің жүрегіне жол тартатын батылдық пен қайсарлықты, бауырмалдық пен жылы пейілді сыйлапты.
Соны көтере алған, көңіліне сыйдыра білген апамыз бүгін де туған елінің, өскен ортасының құрметіне бөленуде.
Қажет Андас
“Q-andas” ақпараттық агенттігі.
Дереккөз: “Жетісу” газеті, 2013, №11, бейс











