Англия үкіметі Паулдың қанды қолдарды ұстауы өте оңай іс деп қарады. Өйткені олар сол кезде Чиң үкіметінің Шыңжаңдағы билеушілерімен бірнеше рет тілдесті. Шыңжаң билеушілері жендеттерді ұстау жөнінде жер-жерге қатынас жолдады. Сұрқиялар қалай қашса да құтыла алмайтын бір жайы – міне, бұл Англия үкіметінің бірінші негізі еді.
Мұнан да маңыздысы – Англияның Қашқардағы елшілігі жуырда ғана бір маңызды ақпарат тапсырып алды. Ақпаратта былай делінген: Датмұхаммед Далглейшті өлтіріп, қыруар қазына-мүлкін тонап әкеткен соң Қашқарда тұрақтап тұра алмай, жылыстап Ақсуға барыпты. Ол күндерін ішіп-жеп, ойнап-күлумен өткізіп жүріпті. Бір жерде байыздап тұрмайды екен, оны күндіз табу қиын, бірақ кештері көбінесе терістік жақтағы Айланба көшеге орналасқан бір жезөкше әйелдің үйіне түнейтін көрінеді. Осы бір тұрағы табылса болғаны, оны түнде торға түсіруге болатындай.
Бұл ақпаратты жеткізген адам – Ақсудан Қашқарға бұйым алуға келген бір саудагер еді. Ол Қашқардағы Англиялық саудагерлермен ұзақ жылдық қарым-қатынас жасап келген, өзара қатты сенісетін, сондықтан ол өтірік айтпайтын.
Бұл рет ол затын алып болып Ақсуға қайтпақшы болғанда, Англия елшілігі оның көмек істеуін, Паулды ешкімге білдірмей Ақсуға ала кетіп, қанды қолдың тұрағын көрсетіп беруін талап етті. Саудагер оған шын пейілімен ризалығын білдірді.
Паул да бұл жұмысты бейне өзінің бала кезінде теңіз жағасындағы мекенінде толқын қайтқан соң жағадағы қайранда қалып қалатын шабақ балықтарды жабыла ұстап ойнайтын сияқты оп-оңай санады. Жоқ, ол шабақ балық емес, адам өлтірген жендет. Оны ұстап алып еліне қайтар болса, айнала жұртқа еңбегін мақтан етеді ғой. Ол өз мемлекетінің елшілігі таныстырған ахуалды естіген соң бұл міндетті кеудесін қаға қабылдады. «Қанды қолдарды ұстай алмасам, елге әсте қайтпаймын» деп әскери адам салауатының кепілдігін де берді. Ол елшіліктен алдын ала әзірлеп қойылған Чиң үкіметінің Қашқарда тұратын үкімет орны берген тұтқындау қатынасын алып, қару-жарақ, қоржын, қолаң сияқты нәрселерін жайлап алды да, әлгі саудагердің арбасына отырып, жайдары көңілмен Ақсуға жүріп кетті.
Қанша айтқанымен, Паул қатаң тәрбие алған офицер ғой, осы бір оңай бітіре салатын іске де асқан сақтық жасады. Ақсуға барған соң ол ешбір адамға табыра етпей, әлгі саудагерге жол бастатып, алдымен Датмұхаммедтің түнде жатып жүретін тұрағын көріп алды. Осыдан соң қолындағы тұтқындау қатынасын алып, Чиң үкіметінің Ақсу аймағындағы жамбылынан өзіне жәрдемдесуге екі шерік, бір тілмаш шығарып беруін талап етті.
Түн ортасы болып, адам аяғы тиылған кезде Паул бұл үш адамды бастап, әлгі жезөкше әйелдің үйінің алдына келді. Есікке құлақ салып тыңдап еді, үй ішінен ер мен әйелдің сөйлескен дауысы естілді. Алланың өзі рақым етіп отырған таптырмас орай деген осы да! Ол есікті пәрменмен бір теуіп, үйге басып кірді. Әлгі жезөкше әйел мынау сары шаш, көк көз шетелдікті, өзіне кезеліп тұрған мылтықтың үңірейген ауызын көріп, шошынғанынан “баж” ете түсті де, өне-бойы безгек ауруы ұстаған адамша селкілдеп қоя берді.
Әйелмен ыржақтасып отырған ер адам екі қолымен басын басып алып, үстелдің астына кіріп кетіпті. Жетіп барып оң қолына мылтығын ұстап, сол қолымен әлгі ер адамның желкесінен ала түскен Паул оны бар күшімен жұлқып тартып, үстелдің астынан суырып алды. Бұл шақта үйге екі шерік пен тілмаш та кіріп, Паулдың қанды қолды байлауына жәрдемдесті. Бірақ, абайлап қараса, бұл адам осы қаладағы наубайхана ашып отырған біреу екен.
Паул да енді байқады: мынау адам жасы елулер шамасында, сары сақалды, денесі томпақ, семіз жан екен. Ал оның білуінше, қанды қол болса 38–39-дар мөлшеріндегі, қауға сақалды, әрі ірі денелі, өгіз қара күші бар атан жігіт еді.
Міне, енді албаты біреуді ұстаған болып шықты. Бұл істі қалай жиыстыру керек? Паул зерек еді, ол әлі де сескенген бейнемен нәгәнін кезеп тұрып:
– Жақсы ойын ойнап жатыр екенсіңдер! Датмұхаммедті қайда тықтыңдар? – деп ақырды.
Наубайшы оның кімді айтып тұрғанын түсіне алмай, көздері алақтап жауап бере алмады.
Әлгі жезөкше әйел:
– Ол екі күннің алдында Күшарға кетіп қалған, – деді тұтығып.
– Оның Күшарға не істегелі кеткенін білмейсің бе? Тұрағы қаланың қай жерінде? – деп сұрады Паул тақымдап.
– Оның айтуынша, кейін қайтып келемін деген. Оның онда қайда тұратындығын мен біле алмадым.
Тілмаш әйелдің сөзін жұтып, күңілжіп тұрғанын байқады да, сабырлықпен жол көрсете сөйледі:
– Сіз оған ендігәрі ғашық бола бермеңіз! Біліп қойғаныңыз жөн, ол бір шетелдікті өлтіріп отырған адам, қазір біз қуғындап жүрген қарақшы сол. Оның ендігәрі сіздің бұл жеріңізге келуі екіталай. Сонымен шатылмайын десеңіз, кеселі тиер, білетін ахуалдарыңызды бізге айтып бере салыңыз.
Мұны естіп, әйел дірілдеген дауыспен:
– Құдайым! – деп оқыс дауыстап жіберді. – Мен оның адам өлтірген қарақшы екенін рас білмейді екенмін, жүргінші байлардың бірі болар деп жүріппін. Оның айтуынша, Күшарда бір туысы бар екен, туысы Оңтүстік қақпадан әріректе дең ашатын көрінеді. Осында келіп тамашалап қайт деп сәлем айтып жіберіпті. Ол тағы бір сөзінде өзінің Қашқар жақта өштескен адамы бар екенін айтқан. Егер ол осы жерге іздеп келе қалса, дереу хабарын беруді маған тапсырған еді.
Бұл хабарды естіген Паулдың үзіліп бара жатқан үміті қайта жалғанды. Ол келесі күні Ақсудан Күшарға барды. Бара сала Оңтүстік қақпаның сыртындағы деңді тарпа бас салды. Міне, қырсық, тағы да орнын сипап қалды. Әсілінде, Чиң үкіметінің өзін ұстауға бұйрық түсіргенін естіген Датмұхаммед жеті күннің алдында қашып Шаярға барған-ды.
Сонымен, Паул оны қуалап Шаярға барғанда, ойламаған жерден тағы да жер сипап қалды. Біреулер бірнеше күннің алдында Датмұхаммедтің көшеде жүргенін, артынан Күшарға қайтып кеткенін көріпті.
Паул Шаярдан Күшарға қайтып келді. Бұл күні ол қатты жабырқаңқы болды. Істі тым оңайға балап жүргенін ол енді байқады. Шыңжаң сияқты мынау үші-қыры жоқ кең жерде бір қылмыскерді ұстау – теңіз жағасында қайрандап қалатын балық пен шаяндарды ұстау сияқты оңай жұмыс емес, қайта теңіз түбінен ине іздегендей мың бір машақат шаруа екен. Оның үстіне өзі бір шетелдік, ал мынау болса жат ел, жат жер, өңкей қаракөзділер. Онысын былай қойғанда, әлгі қылмыскерді көргені жоқ. Тиісті адам көз алдында тұрса да танымайды. Сонда қалай ұстамақ?
Паул өзінің бір мезет желпініп кеткендігіне, консулдың алдында лепіре сөйлеп, тіпті әскери адам салауаты мен кепілдік беріп алғанына өкінді. Жасырынбақ ойнаған адамша бірі қашып, бірі қуа берсе, бұл ойын қай уақытта аяқталмақ? Бір жылдық демалысқа қолының әрең жеткені өзіне белгілі. Әсілінде, Орта Азияның жер-жерін саяхаттап шықпақ болатын. Ал қазір қан жілік болып уақытының бәрі бекерден-бекер өтіп жатыр…
Ол мейманханаға келіп, жататын үй алып, қоржын-қолаңын қоя салды да, еш мақсатсыз көшеге шығып қыдырып кетті. Бұл нақ шілденің кезі болатын. Көшеге шықсаңыз, қапырық ыстық шыдатпайтын. Кенет қоңыр самал естілді де, таңылжи шыққан музыка дауысын әкелді. Құлағын салып тыңдап еді, музыка дауысы көшенің сол жағындағы өзен бойына орналасқан екі қабат ағаш үй жақтан шығып тұр екен. Бұл қала бойынша әйгілі асхана болатын.
Паул асхананың алдына барғанында түскі ас ішуге тиіс екенін білді, сонымен асханаға енді де, үстіңгі қабатқа шығып, өзен жаққа қараған бір жайлы бөлмеге кіріп отырды. Ол енді байқады: бес адамнан құралған бір шағын оркестр тамақ және арақ-шарап ішіп отырған қонақтар үшін музыка ойнап, думандатып жатыр екен. Музыкашылардың бірі күй қорап қағып, екеуі рубап шертіп, біреуі сыбызғы тартып, енді бірі қол барабан соғып, ұйғыр ұлтының байырғы бір ойнақы халық күйін ойнап жатыр. Музыкашылар күйді құйқылжытып жіберген кезде оларды алғыстаған көңілді үндер дүр етіп көтеріледі де, басылып қалады. Бұл шынында жат жердің ерекшелігін аңғартып тұр.
Мынау көңілді музыка толқыны Паулдың еңсесін басқан көңілсіздікті лезде шайып жоқ қылды. Ол Күшардың атақты тағамы – үйіткен қой етіне, майда ұннан істелген екі табақ қардай аппақ, қағаздай жұқа қаптамаға сықай тойып алды да, оның үстіне сол жерден маңдай алды шарабы – “Жасыл жүзім” арағынан бір құмыраны тастап жіберді. Тамақ пен араққа бөккен Паул теңселіп басып жатағына қайтып келді де, төсекке құлай кетті.
Төбеге қараса, төбе шыр көбелек айналады. Терезеге қараса, ол да сондай. Осы кезде есік ақырын ашылды да, әлгі ат азып, тон тоздырып таба алмай жүрген Датмұхаммед көзінен ызғар шашып кіріп келді.
– Па, қайтпекшісің? – деп шошына дауыстап жіберген Паул төсектен атып тұрды да, мастықтан кілмейген көздерін уқалап-уқалап жіберіп, мынау шақырылмаған қонаққа сақтана қарады. Шошығаннан мастығы да тарап кетті.
– Мырза, мына ескілікті кітапты сатып алмас па екенсіз? – деп әлгі адам бір қалың кітапты Паулға ұсынды. Кітаптың сырты ағаш тақтаймен қапталыпты, тақтайы қара-қоңыр түске енген, кітап тіпті атам заманнан қалғандай. Ол барынша ибалықпен әрі жасқаншақтай басып, кітабын Паулдың алдына алып келді. Емеурінінде жағатсыған күлкі білінді.
Паул енді анық байқады: бұл адам жас шамасы қырықтан асқан, өңі қара-қоңыр тартып тотыққан, иегіне шоқша сақал қойған, бой тұрқы ұзындау болғанымен, қаңылтырыдай арық біреу екен. Әлгі адам өлтірген қарақшыға титтей де ұқсамайды. Ой-бой, дұрыс, жаңа асханадан тамақ ішіп отырғанда мына адам бірдеңе айтатын кісіше өзінің қасында отыр еді-ау, сондағысы осы кітап үшін емес пе екен?
Бұл байырғы заман кітабын қолына алып қараған Паул өзін тіпті түс көріп тұрғандай сезінді. Ол мұның адам түсіндегі қиял дүниесі немесе мастық салдарынан болған ағат түсінік еместігін дәлелдеу үшін үйдің терезесін ашып жіберіп, күннің өткір нұрын үйге түсірді де…
Қолындағы көне кітапты тағы да құттай қарады. Кітап беттері ағаш қабығынан жасалыпты да, оған көлденең бұршақ өрнегі іспетті ығы-жығы жазулар жазылыпты. Бұл қандай жазу болды екен? Ол мұндай жазуды бұрын көрмеген. Алайда мына жазу Жоңго аңыздарында айтылатын «шөміш балық жазуы» емес пе екен деп жорамалдады.
– Бұл кітапты қайдан алдыңыз? – деп сұрады Паул, келген адамға ибалылық көрсетіп отырғызған соң.
– Бір көне қорғанның ішінен қазып алғанмын.
– Жарайды, бұл кітапты маған беріңіз. Және мені сол көне қорғанға ертіп апарыңыз. Мен сізге бес күміс теңге беремін, – деді Паул.
Осыны айта отырып, қалтасынан ақша алып шықты да, оның үш теңгесін келген адамға ұстатып жатып:
– Әзірше мынаны ала тұрыңыз, қалған екі теңгеңізді ертең таңертең мені сол қорғанға ертіп апарған соң беремін, – деді.
Әлгі адам кітабын берді де, ақшаны алып кетті. Келесі күні тура бір күн уақытын сарп етіп, Паулды ертіп барып, көне қорғанды астан-кестен қазды, бірақ ештеңе таба алмады. Дегенмен Паулдың көңілі тоқ еді: ол әлгі көне кітапты қоржынына салып алды да, Жоңго үкіметіне ештеңе деместен, қанды қолдарды да қумастан артына тайып берді.
1890 жылы кіші лейтенант Паул Орта Азия өңіріндегі бір жылдық демалысын көңілді өткізген соң, әлгі көне кітапты алып Үндістанның Синга қаласына келді. Ол бұл арада сабақ беріп жүрген үнділік атақты ғалым Хенриді тауып, одан бұл кітаптың қай дәуірге жататынын және қаншалықты құнды екенін айтып беруін өтінді.
Қарт ғалым кітапты мұқият қарап шыққан соң, айрықша жадыраңқы бейнеде Паулды арқасынан қағып:
– Інішек, құттықтаймын! Мынау – баға жетпес құнды кітап екен. Бұл кітапты қолға қалай түсіргеніңді айтып берші, – деді.
Паул қарт оқымыстының мұндай жылы шырай көрсетіп, өзін қастерлегеніне қатты қуанып, кітапты қолға түсіру барысын тәптіштей әңгімелеп берді.
Әңгімесін тыңдап болған қарт оқымысты тағы да жадыраңқы кейіппен:
– Сен мұның қандай кітап екенін білесің бе? Бұл – Орта Азиядағы брахми жазуымен көшірілген будда ному. Ең берісі жаңа эраның V ғасырынан қалған кітап. Қазір дүниеде мұны аудара алған бірде-бір адам жоқ. Бұл кітаптың құнын мөлшерлеу мүмкін емес! – деді.
Бұл кітап неге қарт ғалымның назарын осыншалықты аударды? Затында, сонау ертеде Шыңжаңда көптеген ұлттар қоныстаныпты. Бұл ұлттардың тілдері бөлек болғандықтан, қолданған жазулары да әртүрлі еді. Қазіргі Тұрпан, Лобнұр өңірлеріне хань жазуы тараған; ал Хотан, Ние, Чақлық өңірлерінде қарошты жазуы (ертедегі Үндістанның бір жазуы); Тұрпанның батысындағы кейбір жерлерде соғды жазуы (ертедегі Иран жазуы); қазіргі Күшар, Яңчжи өңірлерінде Орта Азияның брахми жазуы қолданылған. Бұл – Ауғанстанның солтүстігіндегі ұлы Бактрия хандығы пайдаланған жазу. Ұлы Бактрия хандығының жазуы тұхара жазуы деп те аталады.
Алайда Күшар, Яңчжи сияқты жерлерде бұл жазу қолданылғанымен, дыбысталуы айтарлықтай өзгеше болған. Сондықтан кейін келе зерттеушілер бұл өңірлердегі тұхара жазуын А және В деп екі түрге бөліп алған. Жаңа эраның IX ғасырында Хұйгурлар Шыңжаңға келіп қоныстанды да, Хұйгур жазуы бірте-бірте басқа барлық жазулардың орнын басты. Жаңа эраның XIII ғасырынан кейін Шыңжаңға ислам діні тарай бастады, сөйтіп Хұйгур жазуының орнын бірте-бірте араб жазуы басты.
Паул бұл ескі кітапты қолға түсірген кезде хұйгур жазуы «байырғы ұйғыр жазуы» деп аталып кеткен болатын. Оның өзін танитындар өте аз еді. Ал сонау ертедегі брахми жазуын танитындар тіпті жоққа тән еді. Сондықтан бұл көне кітаптың табылуы тіл ғылымы үшін орасан зор жаңалық болатын. Ғалымдарының зерттеуі үшін бір тың тақырып болады, зерттеу қызметінің тың өрісін ашты.
Әрине, кіші Лейтинант Паул қанды қолдарды ұстап әкелмегендіктен Англияның Индиядағы билеушілерінің наразылығына қалды, өте-мөте өлушінің отбасындағылар Паул уәдесін адал етпеді, жоғарының тапсырған міндетін орындамады деп заңға шағым айтты, Паулды жұртқа жеккөрінішті етті. Бірақ, ол әскери адамға тән салауатынан айырылғанмен оның есесіне “мәңгілік” атақ – абыройға ие болады. Оның Шыңжаңнан заңсыз алып кеткен ерте заман кітабы тарихшылар жағынан «Паулдың байырғы заман кітабы» деп аталып, қазіргі дүниедегі жалпы жұрт мойындаған ең байырғы кітаптардың біріне айналды, сонымен осы бір Англиялық кіші Лейтинанттың есімі де тарих бетінен орын алды.
Ұзақ өтпей әлгі адам өлтірген қылмысты Датмұхаммед Чин үкіметі жағынан қолға алынды. Ол қылмысынан қорқып түрмеде өзін-өзі өлтірді. Паулдың адамгершілігіде енді гәрі ешкім сөз қылмайтын болады, тек кейбір ұрыншақтар ғана осы бір астынан табысқа жеткен залымды адамға іштарлықпен қарап жүрді. Бірақ, сол кезде Шыңжаңда Еуропаны дүр сілкіндірген, тағы бір тың оқиға туылды. Бұл іс жұрттың Паулға аунаған назарын өзіне бұрып әкетті.
Бұл нендей тың оқиға еді?
Жалғасы бар…
Бұл кітап 1989 жылы 8-айда Шың Жаң халық баспасында Базархан Өгізбайұлының аудармасымен бірінші басылуы бойынша төтешеден аударылып дайындалды.
Қажет АНДАС
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі











