Q-Andas
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
kz Қазақ qz Qazaq tj توتە جازۋ ru Русский en English
Q-Andas
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
No Result
View All Result
Q-Andas
No Result
View All Result
Басты бет Өлкетану Халық жады

Мезгілсіз сөнген жұлдыздар

admin
2026/08/30
Халық жады
0
Мезгілсіз сөнген жұлдыздар

Басы:

Кеңестік биліктің 30-40-шы жылдарында және 50-ші жылдардың басында, дәлірек айтқанда, И. Сталиннің көзі тірісінде қауырт жүргізілген қуғын-сүргін Жетісу жерінің де озық ойлы, адал жүректі, елім деп еміренген, халқым деп тебіренген азаматтарының тағдырын тәлкек етіп, болашағын боршалады.

Бұл кезеңнің тарихқа «Сталиндік қызыл қырғын» деп езгілегені тегін емес. Дүние жүзі пролетариатының көсемі В.Лениннің қайтыс болуының жылдығына байланысты И.Сталиннің «Рабочая газета» редакциясына хаты («Рабочая газета», №17.1925 жылғы 21 қантар) жарыққа шықты. Осы хаттағы: «ішкі және  сыртқы жаулармен күресте Ильичше жеңіске жетейік!», деген қағидаға ерекге екпін түсірілді.

Оның «Социализм жаулары партияны лениндік жолдан адастыруды, сөйтіп елімізді  қайтадан капитализм езгісіне алып келуді мақсат етеді» деген сөзі ұранға айналып, ел ішіндегі жіне халық арасындағы «ішкі және сыртқы жауларды» іздеп тауып, батыл айыптап, «халық жауларын» ортадан аластау қажет деп табылды.

1926 жылдың басында И. Сталиннің «Ленинизм мәселелер туралы» кітабы жарыққа шығып, зиновьевшілердің жойымпаздың-сатқындық әрекеттерін ымырасыздықпен әшкерелеуге мән берілді, 1928 – 1929 жылдары Бухарин, Рыков, Томский, т.б. айыпталып, олардың көзқарастары партияға қатысты шабуыл деп есептелді. Сондай-ақ, БК/б/-нің 1928 жылғы қазан және 1929 жылғы сәуір пленумдары ленинизмді ішкі және сыртқы жаулардан көздің қарашығындай сақтауға шақырды.

1930 жылдың бесінші қаңтарында Орталық Комитет «Коллективтендіру ісінің қарқыны және колхоз құрылысына мемлекеттік көмек шаралары туралы» қаулы қабылдады. Мұнан соң 3 наурызда И. Сталиннің «Табыстан бас айналу» атты мақаласы жарыққа шықты. Мұндағы мақсат – партия саясатының жүзеге асырылуына астыртын қырсығын тигізіп жүрген сілімтіктерді ауыздықтау, ішкі және сыртқы жауларды олармен ауыз жаласқан империализм агенттерін түбірімен жою үшін күш біріктіру еді. Ал осындай іс-әрекеттердің  барысында ұлы көсем тарапынан халықтың саяси өресі, білімі мен тұрмысы, жаңа қоғам орнатудағы дәрменсіздігі  есепке алынбады. Сөйтіп, ақ патшаның езгісіндегі бейшара халық қызылдардың семсерінің астында қалтыраған күй кешті. Дәл осы кезде Қазақстан БК/б/П өлкелік  комитетін басқару, яғни 1925 – 1933 жылдарда Ф. Голощекинге жүктелді. Қанқайұлы функционер қазақтарға қасірет болып жабысты. Ол: «қазақ ауылын Қазан революциясының сыпырғышымен ұшықтаймыз» деген кесір салды және онысы белсене жүзеге асырып отырды. Соның салдарынан қазақтың бетке ұстар азаматтары лек-легімен, топ-тобымен «халық жауының» қалпағын киді. Олардың санының жедел көбейгені сондай, естіген құлақ тұнып, жан түршікті.

Арада жылдар өткен соң ақиқаттың ақ туы көтеріліп, елін сүйген, оның келешегі үшін жанын берген азаматтарымыз «халық жауы» деген нақақ жаладан арылып, «сүттен ақ, судан таза» келбетімен ортамызға оралды. Олар өз ұлтының шын мәніндегі мақтанышына айналды. Сонау 1990 жылдың бірінші қаңтарына дейін бұрынғы Талдықорған облысының прокуратурасы мен соты 2,5 мыңға жуық азаматты іс-әрекеттерінде қылмыстық белгілер болмауы себепті жазықсыз деп танып, оларды толық ақтау жөнінде шешім қабылдады. Соның ішінде коммунистердің партияға мүшелігі де қалпына келтірілді.

Қара үңгірдің ішінде, көзден тасада оққа ұшқандар есімдері қайсарлық пен ұлтжандылықтың үлгісі ретінде танылып, Қиыр Шығысқа, итжеккенге айдалғандардың жаны амандары туған жердің төсінде ағайын-туысқандарымен қайтадан қауышып, жылап көрісті. Солардың бірі – Ақсу ауданының сүйікті ақсақалы Мұхаметқали Дәуренбеков болатын. Бұл атаның осыдан жиырма жылдай кейіндегі сұхбат-әңгімесі әлі есімде. Қария сол уақытында сексен бес жаста болатын.

  • Мен сендерге қалай «халық жауы” болғанымды айтып берейін,- деген еді Мұхаң жарықтық. – Ақсу аупаткомының хатшысымын, 1942 жылдың қараша айында ойда-жоқта ұлтшыл-контрреволюцияшыл топтың мүшесі болып шыға келдім. НКВД төтенше мәжілісінің шешімімен он жылды арқалап, партия мүшелігінен де шеттетілдім. Мұнан соңғы өмірім Коми АКСР жеріндегі көмір кенішінде жалғасты. Содан 1960 жылы туған жеріме, Ақсу бойына қайта оралдым. Айдауда жүрген жылдарда ауылдағы ағайындарға хат-хабар жолдауға,  басқа да байланыс жасауға тыйым салынды.

Сонда аупартком хатшысы М. Дәуренбековтың істі болуының себебі, 1937 жылы қазақ тілі басшыларының бірі Ұзақбай Құлымбетов Ақсу ауданына қызмет бабымен келіп, кедей шаруалар тұрмысымен танысып, Алматыға келісімен ол да «халық жауы» ретінде, тұтқынға алынды. Ендігі жерде осы адаммен бірге юболғандар, оның сөзін тыңдағандар «халық жауы» болуы тиіс. Ұзақбай Құлымбетов осыларды өзінің сенімді жақтастары етіп ықпалына көндіріп алыпты-мыс. Өзара ауыз жаласып кеңестік құрылысқа тілдерін тигізген депті.

Сонымен Ақсу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жайлау Алдабергенов, хатшылары Сатыбалды Хамитов, Мұхаметқали Дәуренбеков, омсомол ұйымының хатшысы Сайлаубай Дәулетов, оқу бөлімінің меңгерушісі Әбдікәрім Төтенов, колхоз басшылары Тұрысбек Еркенов, Орысбай Кененбаев, Байқожа Аманбае және басқалар әртүрлі жазаға тартылды. Айыпталғандардың ішінде 1924 жылы В.Ленин қайтыс болған соң партия қатарынан саналы саяси күрескерлермен толықтыру үшін қабылданған коммунистер де болды.

Ақсу өңірінің тамаша азаматтарының бірі – Жақып Майлин атты акыл мұғалімі болатын. Ол 1938 жылдың басында «колхозшы-шаруаларды кеңес үкіметіне қарсы үгіттеді» деп айыпталып, НКВД «үштігінің» шешімі 19 ақпанда үкім орындалды, оған ату жазасы берілді. Істің соншалықты жедел жүргізіліп, үкімнің де жедел орындлуы себебі Жақып Майлин Біләл Сүлееевтің, қазақтың тұңғыш халық ағарту комиссарының туысы екендігінде. Расында Біләлдің әкесі Сүлей мен Майлы туыстар.  Біләл Сүлееев 1937  жылы ұсталып, ол да «халық жауы» деп табылған-ды. Мұның сыртында Біләл Сүлееев, Ілияс Жансүгіров пен Жақып Майлин есімдері туған жерінде ғана емес, Жетісуда, тіпті қазақ арасында беделге ие болып келе жатқан-ды.

Тек Ақсу ауданынан ғана «халық жауы» деп айыпталып, кейіннен ақталып, ортамызға оралғандардың кейбіреулерінің аты-жөндерін қолдағы деректерге сүйеніп, елге таныстыруды парыз деп білеміз.

Олар: Жазыбай Байболов, Дүйсенқұл Дүйсебаев, Мұрын Бабашев, Ағадай Жамбынов, Петр Куликов, Бейсенқұл Смайылов, Жәнібек Биялаев, Сүлеймен Бәкеев, Есенаман Балабеков, Нөкербек ЕЛУБАЕВ, Әйткерім Еркетанов, Қайырбек Қарынов, Қаупен Қашымбеков, Құндақбай Күнтуев, Тілеу Көмекбаев, Сейсембек Тайпылов, Құрмаш Толқынбеков, Рысбай Түлкібаев және басқалар. Осы аталғандардың бүгінде бірде-бірі арамызда жоқ. Сондықтан оларды еске алып, мақтаныш етеміз, здерін болмаса да соңында тұқым-тұқияндарының барын білеміз.

Сарқан ауданында ғұмыр кешкен Беймұхамет Қуатбаев (белгілі компазитор Күнсайын Қуатбаевтың әкесі) ақсақал 1942 жылдың мамыр айында «Ораз Жандосов, Ораз Исаев, Ұзақбай Құлымбетов және басұа қазақ ұлтшылдарының сыбайласы» деп айыпталды. Осынау ел басшылары Сарқан ауданында болғанда  аупартком нұсқаушысы Баймұхамет Қуатбаев  олармен екі-үш күн дәмдес болып қалыпты. Оның ұзақ жылға сотталуына осының өзі «бұлтатпас» дәлел болыпты. Тосыннан жабысқан «халық жауы» қарғысынан 1954 жылдың 22 қарага айында ғана құтылды.

Жан түршігерлік азапта тас қоршаудың ішінде он жылын өткізген Баймұхамет Қуатбаев сарғайған қойын дәптерінен зұлмат заман туралы мына өлең жолдарын оқып берген еді. Соның бңр үзігін қаз-қалпында келтірейін:

Алдымен жауап алды Абузаров,

Ақырады дауысы жерді жарып.

Отыр едім кеудемнен тепті келіп,

Жығылып үнім шықпай қалдым талып.

Сонан соң сұрақ алды Васюк деген,

Ойы жоқ обал ғой деп есептеген.

Пистолетпен бір ұрды маңдайымнан,

Ісі жоқ мен сорлыға көрсетпеген.

Сұм тағдыр жендеттермен алыстырды,

Аш қамап бүйірімді қабыстырды.

Жауапта отыр едім біреу келді –

Замнарком Сәкенов деп таныстырды.

Мына сұм әлі жөнге келмеді деп,

Тергеуші мені оған шағыстырды.

Осынау «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген сұмдық заманда Баймұхамет Қуатбаевпен  іргелес темір торда қамауда отырған Сарқан аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Тілеубек Молдахметовтен тергеушілер ол турасында қаралап мінездеме беруді сұрайды. Ол өзінің партиялас және қызметтес жолдасы туралы жалалы ниеттен бас тартатынын мәлімдеді. Осы кезде тергеуші ашуға булығып, айғайғаи басып, онсыз да сырқатты асқазанынан ауырып жүрген Тілеубекті ішінен теуіп, ұзынынан түсіреді. Осыларды көзімен көрген Баймұамет Қуатбаев Тілеубек Молдахметовтың келіншегі Жәмилаға және екі ұлына айтып береді.

Қазақ арасын жайлаған «қызыл нәубет» Панфилоф (бұрынғы Жаркент) ауданынан ауналып өткен жоқ-ты. Аудандағы педогогика курсының директоры Бейсенғали Тоғызьаев, «Труд пахталық» колхозы төрағасы Насыр Ушурбакиев, Төгерек ауылдық кеңесінің төреайымы Сарқыт Тілеубаева, Ленин атындағы колхоз төреағасы Ғиса Сейтов аудандық жер бөлімі бастығы Ибраһим Розиев, аудандық газет редакторы Сағымбек Қожабергенов,  «Сталин-бірлік» колхозының төреағалары Джамал Ивесов пен Имяр Зулбпукаров, партия ұымының хатшысы Акрам Азизов, «Еңбекші» колхозының төрағасы Садықжан Ғаппаров, Көктал ауылының уақытша жұмыссыз шаруасы Сәтімбай Бердәулетов, аудандық жер бөлімінің бастығы Курбан Гаитов, ауыл шаруашылығы банкінің аға инспекторы Насыр Илиев, «Ильтыз» колхозы төрағасы Ибраһим Мусьяров, аудандық оқу бөлімінің меңгерушілері Абубакир Мусаев пен Молот Ниязов, «Елтау» колхозының төрағасы Имир Ходжошев, тұрғын үй шаруашылығының бастығының орынбасары Насыр Садиров, ауыл шаруашылығы техникумы директоры Камардин Саттыров, Киров атындағы Колхоз төрағасы Авахри Гайтов, Қорғас ауылдық кеңесінің төрағасы Поха Баеиев, сақшы Халық Бүркітбаев және басқаларға қиыннан қиыстырылып тағылған пәле-жаланың бәрі бір сарынды, қысқарта айтқанда, олар кеңестік жүйені іштен шірітіп, құлатуға әрекеттенген-міс.

Қаратал ауданының бірнеші қайсар азаматына да құрғын-сүргіннің сойылы бата тиді. Темір тордың ішінде тарығып, тепкіленгендер қатарында аупарткомның хатшысы Жұмағұл Қарымсақов пен ауатком төрағасы Құсайын Ақжанов, темір жолшы Роман Галич, Бірінші май колхозы төрағасы Ереш Көшербае, «Үштөбе» кәсіби артелінің төрағасы Гирман Цой, тағы басқа да азматтар болы. Осылардың қай-қайсысы болсын, социализмнің келешегіне сеніп, бейбіт еңбекті нәсіп еткен, алғашқы бем жылдықтың  алғы легіндегі социалистік жарыстың ұйытқылары мен озаттары еді, бірақ, олардың айналып келгенде, еңбегі еш, тұзы мор болып, ауыр жазаланды.

Сол бір кесапатта, Жетісу жерін мекендеген «Сталиндік қызыл қырғында» жоғарыда аттары аталған және азаматтардың жеке басын жоқ ету үшін небәрі бір екі оқ атылса, сонымен нақақ көз жұмса, олардың соңындағы жұбайлары мен ұрпақтарының еңірегенде етегі толды. Олардың көкірегі шерлі, жан дүниесі зарлы еді. Олар ұзақ жыл бойы төменшіктеп өмір сүрді. Олардың әйелдері «халық жауының жесірі», бала-шағалары – ішкі жаудың «жұрнақтары» деп кемсітілді. Сөйтіп, өз ұлтының қатарынан қалды, өз замандастарымен қол ұстасып, қолтықтасып жүре алмады.

Сонда да болса, қыс соңында көктем лебінің, жаз шуағының сәуле шашуы қандай заңдылық болса, ақ ниет, адал жүректің кірлемейтіні де сондай ақиқат екенін тарих тағы да дәлелдеп берді. Озбыр саясаттағы зорлық пен зомбылық пәле мен жаланың бет-пердесі қарс айрылып, кештеу болса да, талай ұлылардан көз жазып қалсақ та, саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алып, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай, көңіліміз өсіп, келешегіміз көркейіп, ғасырлар бойы күткен және армандаған тәуелсіздікке ұласты. Халқымыздың даңқты перзенті Бауыржан Момышұлы: «Ерліктің атаусыз қалуы – халықтың кесапаты» деген екен. Біздің еліміз жыл сайын мамырдың соңғы күнінде саси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуды ұлы дәстүрге айналдырды. Демек, еліміз аға ұрпақ ерлігіне адал, халқымыз да бақытты. Сталиндік зұлмат құрбандары бізбен бірге, ұрпақтар санасында.

 

Болат Бисұлтанұлы,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Жарияланды. -Талдықорған: “Жетісу” газеті. №61.2009. -5 б.

Жалғасы бар…

0 0 votes
Рейтинг статьи
Қаралым 45
Ақиқат айтылмай қалды
Халық жады

Ақиқат айтылмай қалды

August 31, 2026
Байырша Абылайхановтың беймәлім тағдыры
Халық жады

Байырша Абылайхановтың беймәлім тағдыры

August 31, 2026
Айбат
Халық жады

Айбат

August 31, 2026
Келмеске кетсін сол зұлмат…
Халық жады

Келмеске кетсін сол зұлмат…

August 31, 2026
ЖАРКЕНТ ӨҢІРІНДЕГІ «АЛЖИР»
Халық жады

ЖАРКЕНТ ӨҢІРІНДЕГІ «АЛЖИР»

August 31, 2026
Екпемен елін сақтаған…
Халық жады

Екпемен елін сақтаған…

August 31, 2026
Subscribe
Login
Notify of
guest
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІН СӨЙЛЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІН СӨЙЛЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

November 9, 2026

«Бекзат өмір»: өнерге арналған еңбек

«Бекзат өмір»: өнерге арналған еңбек

November 7, 2026

Өлке тарихы ұрпаққа аманат

Өлке тарихы ұрпаққа аманат

October 23, 2026

ЖАҢА ҚАҒИДА?  «Әлеуметтік кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндірілді»

ЖАҢА ҚАҒИДА? «Әлеуметтік кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндірілді»

October 13, 2026

Жұмыспен қамту тәртібінде не өзгерді?

Жұмыспен қамту тәртібінде не өзгерді?

October 12, 2026

Ақпараттық агенттігі

Меншік иесі: “Жетісу” өлкетанушылар орталығы” қоғамдық бірлестігі
Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы “Болашақ” шағын ауданы, 12-27

Q-Andas желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2025 жылғы 19 наурызда тіркеліп, № KZ21VPY00115275 куәлігі берілген.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

Тел: 8 747 706 1382
email: andas_kazhet@mail.ru

qandas.kz © 2026. Барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.

  • kzҚазақ
    • kz Қазақ
    • qz Qazaq
    • tj توتە جازۋ
    • ru Русский
    • en English
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат

© 2025 qandas.kz

wpDiscuz