ЖІГІТ:
Көнбедің олай айтсам, бұлайыма,
Болайын қияметтік жұбайыңа.
Ақ сөзі шариғаты пайғамбардың,
Шүкірлік, тәубе етем құдайыма.
ҚЫЗ:
Бұл сөзді тауып айттың құда бала,
Қарасам нәсілің артық, сөзің дана.
Алдыңа ақын болсаң сала айтайын,
Әуелі не жаратқан хақ тағала.
ЖІГІТ:
Болғанда ғылым дария, ақыл теңіз,
Білмесек бұны біздің адам неміз.
Құдайым нұрды бұрын жаратыпты,
Моллалардың аузынан естігенбіз.
ҚЫЗ:
Жаратқан бәрімізді құдай деймін,
Жеңілсем қалай сізге үндемейін.
Қанеки, білсең тағы айтып берші,
Құдайым не жаратқан нұрдан кейін?
ЖІГІТ:
Құдайым әуел баста нұр жаратқан,
Түбінде Ніл дарияның мың жыл жатқан.
Сілкініп дариядан шыққаннан соң,
Ай, одан кейін Күн жаратқан.
ҚЫЗ:
- Айтысар той болғанда жігіт пен қыз,
Бұл сөзді көп жамағат тыңдасаңыз.
Алдыңа ақын болсаң сала айтайын,
Кім екен Пайғамбардан бергі атамыз?
ЖІГІТ:
Айтайын өлеңімді енді саған,
Сиынған жаратқанға барша ғалам.
Кем ақыл сен білмесең мен айтайын,
Тарадық Әніс деген сахабадан.
ҚЫЗ:
Меккеге шамаң жетсе қылғын тауап,
Болады қиямет күн жанға сауап.
Қанеки, ақын болсаң тоқтамастан,
Дүниеде қанша жұп бар айтшы қарақ?
ЖІГІТ:
Наданға ақыл айтсаң ұқпас тіпті,
Жалған сөз ауызымнан шықпас тіпті.
Жан-жануар, адамзат болсын мейлі,
Бір құдайдан басқаның бәрі жұпты.
ҚЫЗ:
Мінемін ел көшкенде көк биемді,
Шұбыртып жетелеймін көп түйемді.
Жауап бер ақын болсаң бір құдайым,
Жаратқан бастап қай күн дүниені?
ЖІГІТ:
Төскейде борсық, түлкі қазады ін,
Жақсының тал бойында болмайды мін.
Құдайым дүниені жаратарда,
Бастаған білмейсің бе жексенбі күн.
ҚЫЗ:
Әріптесім өзіме жарасыпты,
Құрбысының көңілімен санасыпты.
Ақын болсаң айтып бер Жаратушым,
Неше күнде дүниені жаратыпты?
ЖІГІТ:
Өлеңменен әріптес дара шықты,
Құрбысының көңіліне қарасыпты.
Он сегіз мың әлемді сұрасаңыз,
Алты күнде Құдайым жаратыпты.
ҚЫЗ:
Намазды күнде неге бес оқимыз,
Бесінде ерте, құтпанды кеш оқимыз.
Ақын болсаң алдыңа сала айтайын,
Он екі айда намазды неше оқимыз?
ЖІГІТ:
Болмайды былтырғыдай биылғы күз,
Уазиқа жеңе алмайсың күдеріңді үз.
Кем ақыл сен білмесең мен айтайын,
Оқимыз намаз он екі айда мың сегіз жүз.
ҚЫЗ:
Қоймайды тауда түлкі қара құмай,
Сөзімді түсініп ал бұдан былай.
Алдыңа ақын болсаң сала айтайын,
Келеді он екі айда қанша жұма-ай.
ЖІГІТ:
Болады су аяғы көл мен теңіз,
Жігіттер жатсаң-тұрсаң Алла деңіз.
Айтайын ұғынып ал құрбыларым,
Он екі айда жұма бар қырық сегіз.
ҚЫЗ:
Байқаймын бала екенсің ақылың бар,
Болады қысылғанда жақының жар.
Бұрынғы өтіп кеткен замандағы,
Барлығы қанша екен пайғамбарлар.
ЖІГІТ:
Сұрадың пайғамбардың санын бізден,
Айтайын болмасам да хатқа тізген.
Пайғамбар жүз жиырма төрт мың деп естиміз,
Кезек бер мен сұрайын енді сізден.
ҚЫЗ:
Сарыағаш кесілген соң қу болады,
Ақынның жүрген жері ду болады.
Алайын әбден сұрап пайғамбардың,
Айтып бер ең абзалы кім болады?
ЖІГІТ:
Ең абзалы солардың Мұхаммедім,
Жасынан анасы өліп қалған жетім.
Адам, Нұх, Ыбырайым Қалиолла,
Қолдайды ахретте біз үмбетін.
ҚЫЗ:
Үлкеннің ықыласты ал батасын,
Пендеңнің кешіп Алла көп қатесін.
Адамға соны білмек уәжіп екен,
Айтып бер пайғамбардың төрт атасын.
ЖІГІТ:
Уәзиқа сұрауыңа айтам жауап,
Бай адам мекен барып табар сауап.
Абдолла, Әбіләшім, Әбдімұтәліп,
Бұлардың арғы атасы Әбдіманап.
ҚЫЗ:
Басы еді өлеңімнің зым ұстаған,
Бір құс бар сол орында жыл қыстаған.
Секесен тіл, сегіз сипат бір құс болса,
Келетін елшілікке ол Жебірейіл.
ҚЫЗ:
Аспанда бір жұлдыз бар жымыңдаған,
Жақсыға жақсы емес пе жуықтаған.
Жауап бер ақын болсаң, әріптесім,
Сүйегін ақ пайғамбар кім ұстаған?
ЖІГІТ:
Ғали мен Батиманы құдай қосқан,
Арада не демейді адам дұшпан.
Сүйегін Омар ұстап, Оспан жуған,
Құманмен Ібін Әбіс суын құйған.
ҚЫЗ:
Көп жылқым түсте жатыр көкалалы,
Еншіні еңбек еткен көп алады.
Жауап бер ақын болсаң, әріптесім,
Жанды мен жансызда үлкен не болады?
ЖІГІТ:
Шығады сыбызғымен дауысың тең,
Ұғып ал сұрағыңның мәнісін сен.
Кім ақын сен білмесең мен айтайын,
Жандыда балық, жансызда қамыс үлкен.
ҚЫЗ:
Қу бала құтың қағып тойға келдің,
Өзіңмен кездесуді ойлап едім.
Айтып бер түсіндіріп жөніменен,
Балықтың үлкендігін қайдан көрдің.
ЖІГІТ:
Ұлықпан бізден бұрын хакім өткен,
Сүйегін пайғамбардың нұрдан еккен.
Балықтың үлкендігін естуші едім,
Көгаршын үш ай ұшып әрең жеткен.
ҚЫЗ:
Қу бала құтың қағып тойға келдің,
Әртүрлі осы тойда ойға келдің.
Айтып бер түсіндіріп анығырақ,
Қамыстың үлкендігін қайдан көрдің?
ЖІГІТ:
Ұлықпан бізден бұрын хакім өткен,
Сүйегін пайғамбардың нұрдан еккен.
Қамыстың үлкендігін естуші едім,
Бір тайпа ел үш ай көшіп әрең өткен.
ҚЫЗ:
Өседі өз еркімен суда балық,
Ойнайды еркін жүзіп, асыр салып.
Алдыңа ақын болсаң сала айтайын,
Бар екен суда балық неше табақ?
ЖІГІТ:
Қолында молдалардың Құран кітап,
Қалады су тартылса балық жұтап.
Кем ақын сен білмесең мен айтайын,
Бар екен суда балық он екі тап.
ҚЫЗ:
Базардан алып келген ақша мата,
Алабер үлкендерден ылғи бата.
Алдыңа ақын болсаң сала айтайын,
Балықтың он екі тап атын ата.
ЖІГІТ:
Болады кімге опа пәни жалған,
Бұл дүние өткендерден бізге қалған.
Балықты он екі тап кім білмейді,
Соны да сұраймысың Уәзиқа жан.
Жоғарыдағы айтыстарды Тұрдыбек Сәрсеұлынан жазып алып, сақтаған Андас ОМАРАҚЫНҰЛЫ
Дереккөз: Дода: (Айтыстар мен тарихи-этнографиялық жырлары) / А. Омарақын ; [құрастырған: Ә. Мажай [ж. б.] .- Талдықорған : [б. ж.]. https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657687
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі











