Орналасқан жері: Сарыбел округіне қарайтын Тұрпан ауылының батыс жағындағы Кесік деген жерде орналасқан.
Зерттелуі: 1). (Мақала, «Тастағы таңбалар: тылсым тарих»,
Қ. Ибрайымжанов, «Жаркент айнасы» газеті, № 43 (163), 17 қараша, 2023 жыл).
2). Ш. Жаманқараұлы «Шойнақ батыр әулие» кітапшасы, Алматы: Жоғарғы Кеңесінің баспасы, 1996ж.
Сипаттамасы:Батыр бабамыздың зираты кезінде алты немесе төрт қанатты үлкен кесене болғандығы байқалады. Биіктігі 2-3 метрдей болып үйілген топырақтың төбесінде шикі кірпіштердің қалдығы көрінеді. Сырты айнала темір қоршаумен қоршалған. Ақ мрамордан биіктігі кісі бойындай, ені бір метрге жуық үлкен белгітас қойылыпты. Онда: «Батыр, әулие. Алданұлы Шойнақ, 1800 – 1870 жыл, Руы – Суан, оның ішінде Әбсүгір. 1995 жылы Үш Арал ұжымының атынан қойылды» деген сөздер ойылып жазылған.
Іргелес өлшемі 20х20 адым болатын сырты кезінде соқпамен қоршалған бейіт тұр. Соқпа қабырға мүжіліп жермен жексен болыпты. Шығыс жағындағы 20 м жерде дәл қасындағыдай тағы екі қоршалған бейіттер шоғыры бар екен. Шамамен қоршалған қорым ішінде бір әулеттің адамдары жерленген болуы керек. Батысқа қарай 10-15 м жерде кесенеге келіп зиярат етушілерге арналған екі бөлмелі үйі бар.
Аңыз әңгіме: Батыр, әулие Шойнақ Алданұлы өнегелі өмірі мен жаужүрек батырлығы туралы аңыз әңгімелер ел аузында әлі күнге дейін бірден-бірге айтылып келеді. Мәселен, Жалпы, Шойнақ батыр туралы аңыз әңгімелерді бала кезден атам Рамазаннан, анам Күләйханнан көп естіген едім. Бірақ, әулие бабамыздың басына барып құран бағыштаудың сәті бүгін түсіпті. Өзі батыр, өзі әулие Шойнақ атамыз есімі аңызға айналған ерен тұлға ғой.
Сонау, 9-10 жасынан бастап-ақ, ат жарысқа құнанын қосып «Шойнақ!», «Шойнақ!» – деп өз есімін ұрандап бәйге алған күннен бастап ел аузына іліккен әулие адам. Албан Шормақ байдың қырғыздар барымталап әкеткен малын қайтарысқанда, қырғыздардан олжаға келген екі Сүлік қара жүйрік аттарды алып, кейін Үйсін мен Найман арасын татуластыру үшін найман досына атап тұрып:
– «Бұл қолқа сенікі емес, бүкіл Наймандардың Суанға салған қолқасы» деп білемін деп, ағайынды татулыққа, бірлікке шақырған ғибратты сөзі кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге. Кезінде Түрген қорғанын күшпен басып алып, айналасындағы қазақтарға күн көрсетпеген сібе Сарамбынының үрейін ұшырып жүз түйе, екі жүз атқа артқан мал-мүлкімен бір түнде Қорғастың өзенінен асырып жіберген батырлығы әлі де ұрпақ жадында.
Және де тосыннан ауылын шауып, өзін байлап-матап тұтқынға алып бара жатқан қытай шеріктерінен әйгілі Ұлы Жүздің сұлтаны, Тезек төрені қалай босатып алғаны туралы ғажайып ерліктері сонау ХІХ ғасырдан аңыз болып бізге жеткен айбарлы, жаужүрек батыр.
Бірде атаң даңқына қанық болған қытайдың Эжен деген ұлығы Шойнақты қонаққа шақырып құрметтеп күтіп отырып, дастархан басында:
– Өзің іштей жаратпасаң да Тезекті біздің шеріктердің тұтқынынан босатып алдың, бұныңызды қалай түсінуге болады батырым..?-деген сұрағына.
– Мен Тезекті емес, қазақтың төресін, яғни, қазақтың ар-намысын тұтқыннан босатып алдым – деп жауап қатқан екен.
Міне, қарасаңыз өзі батыр, әулие, толағай ақылдың кені, сөзге шешен және елім, жерім деп соққан жұдырықтай жүрегі бар, осындай дара тұлғаның өмірі кейінгі ұрпақ үшін мәңгі өлмес өнеге ғой, ағайын!
Ердің арысын, елдің намысын ойлап, басқыншы – қалмақ, сібе, қытай секілді басқыншы жауға тоқымдай жерді таптатпаған жаужүрек бабабаларымыз неткен сұңғыла еді..!.. (Мақала, «Тастағы таңбалар: тылсым тарих», Қ. Ибрайымжанов)
Сілтеме: 1). (Мақала, «Тастағы таңбалар: тылсым тарих»,
Қ. Ибрайымжанов, «Жаркент айнасы» газеті,
№ 43 (163), 17 қараша, 2023 жыл).
2). Ш. Жаманқараұлы «Шойнақ батыр әулие» кітапшасы,
Алматы: Жоғарғы Кеңеңсінің баспасы.











