Дүние ойлағанға бекер екен,
Бір күні бәрімізден өтеді екен.
Сүйлеймен пайғамбардың заманында,
Бір тауық жаман тамды қалған мекен.
Жанында ол тауықтың болмас серік,
Ол тауық жүрген емес басқаға еріп.
Бір күні түлкі мырза жортып жүріп,
Тауықты жаман тамнан кетті көріп.
Бұл түлкі бір кезде әбден ашығады,
Көп жортып тамақ таппай ашынады.
Еш нәрсе табылмасын білгеннен соң,
Сойқанды бір ой ойлап қасынады.
«Бір барып жаман тамға келмеймін бе,
Еш нәрсе қорегім жоқ көмейімде.
Ашығып айдалада жүргенімше,
Тауықты жаман тамнан жемеймін бе?»
Мұны ойлап түлкі кепті тамға жетіп,
Тауық тұр көргеннен соң есі кетіп.
Үстіне жаман тамның ұшып шықты ол,
Түлкі кеп сәлем берді құрмет етті.
ТАУЫҚТЫҢ АЙТҚАН:
Көп еді түлкі сенің ақыл-айлаң,
Бізге де жақсы болсаң тиер пайдаң.
Кенеттен осы орынға қайдан келдің,
Еститін хабар болса айтшы маған.
ТҮЛКІНІҢ АЙТҚАНЫ:
Шығартып жүректегі зардың бәрін,
Жиылған қалың топқа мен де бардым.
Сүлеймен ауылында съезд болып,
Съезге шақырыпты жанның бәрін.
Патша айтты еліңе басыңды қос,
Қас болып өмірлерің өтпесін тек.
Қаршыға мен қырғауыл, қой мен қасқыр,
Төртеуі құшақтасып болды шын дос.
Бұл сияз ойланғанға боларлық таң,
Шыны осы жоқ қой мұнда басқа бұлтаң.
Тауығым тамнан түсіп бері таман кел,
Осыны айтайын деп келдім шапшаң.
Тауық түлкінің алдап түсіріп, жеп қоятынын сезеді де:
Қараймын алды-артыма мойным созып,
Бұл күнде қатарыңнан жүрсің озып.
Қасыңда, түлкі мырза, жолдас бар ма?
Бір нәрсе келе жатыр шаңы тозып.
ТҮЛКІНІҢ АЙТҚАНЫ:
Осы ғой өмір деген дүние боқ,
Тауығым, сен тұрғанда көңілім тоқ.
Байқашы келе жатқан қандай нәрсе,
Мен өзім жалғыз жүрем жолдасым жоқ.
ТАУЫҚТЫҢ АЙТҚАНЫ:
Жіңішке түсі сары, иттен биік,
Құйрығы ұзын келеді жерге тиіп.
Салпы ауыз, салпақ құлақ көрінеді,
Бүктеліп жарап қапты белін иіп.
Қарғыса төрт-бес саржан жерге кетер,
Алды шаң, кеудесі оның жерге жетер.
Жақындап осы күнде қалды әне,
Асықпа, түлкі мырза, қазір жетер.
ТҮЛКІНІҢ АЙТҚАНЫ:
Япыр-ай бұл айтқаның немене екен,
Ізіммен мені қуып келе ме екен.
Қарғыса арқан бойы жерге жетсе,
Бәлкім ол маған тажал тазы ма екен.
ТАУЫҚТЫҢ АЙТҚАНЫ:
Айлакер түлкі болар сенің атың,
Шықпаған өміріңде жаман атың.
Ол өзі тазы болса не қылады,
Сиязға барған шығар одан жақын.
ТҮЛКІНІҢ АЙТҚАНЫ:
Өтеді қаза келсе бастан жалған,
Съезге бармағандар еткен арман.
Сүлеймен неше рет шақырса да,
Ол антұрған сиязға бармай қойған.
Барады барған сайын өңі қашып,
Бұл сөзді әрең айтты асып-сасып.
«Тауығым тазы болса айтпашы», – деп,
Қу түлкі жөнеліпті тұра қашып.
Тауықтың шалқыпты кеп көңілі тасып,
Кетіпті түлкі қашып таудан асып.
Түлкінің алдауынан амал тауып,
Құлығы бұл тауықтың кетіпті асып.
Жігіттер сақтанып жүр алға басып,
Жүрмейік қателесіп жаза басып.
Әркім-ақ сыйласқанның құлы емес пе,
Шын сырды көрсеткен жөн бірақ ашып.
Жоғарыдағы айтысты Қиясбек Берікбайұлынан жазып алып, сақтаған Андас ОМАРАҚЫНҰЛЫ
Дереккөз: Дода: (Айтыстар мен тарихи-этнографиялық жырлары) / А. Омарақын ; [құрастырған: Ә. Мажай [ж. б.] .- Талдықорған : [б. ж.]. https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657687
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі











