Орналасқан жері: Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыбұлақ ауылдық округінің іргесіндегі Малайсары тауның етегінде.
Зерттелуі: «Жетісу» өлкетанушылар орталығы» қоғамдық бірлестігінің өлкетанушылары зерттеп жүр.
Сипаттамасы: Қарағаш ауылының іргесіндегі зираттың тау жақтағы жоғары тұсына қойылған. 2015 жылы орнатылған. Айналасы қоршалған кешеннің ауыл жақ тұсына екі белгі тас қойылған. Оның біреуіне: «Бұл жерде Жалайыр – Андас – Дербісәліұлы Балпық бидің тұңғышы Тіленші қазы жерленген.
Аңыз-әңгіме: Тіленші халық арасында қара қылды қақ жарған әділ қазы атанған. Үш жүздің билері мен сұлтандарыының жиындарында келелі мәселелерді шешуге үлкен үлес қосқанбеделді тұлғалардың бірі болған. Келесі біріне: «Бұл жерде Тіленші қазының немересі Байғазыұлы Оспан жерленген. Оспан тарихта белгілі Тезекбай, Сағынай, Бөжей сияқты ірі тұлғаларға берілген ас деңгейінде атасы Тіленші қазының аруағына арнап Жетісу жерінде ат шаптырып, ас берген. Осы ас туралы Мәулімбай ақын:
Ат шапты шілде өтіп, айда тамыз,
Қазыдан Оспан еді шыққан нағыз.
Бәйгеге 300 атты айдағанда,
Қазының Шұбар аты келді жалғыз, – деп жырлаған еді» деген жазу ойып жазылған.
Осы тұста мынадай бір ақиқатты да айта кету керек. Жоғарыдағы ескерткіш Тіленші қазы ұрпақтары мен ауыл азаматтарының қатысуымен бой көтерді. Дегенмен, өткенге құрмет, ұрпаққа өнеге, болашаққа бағдар беретін ескерткіштің орнауына Сарыбұлақ ауылының тұмасы, мүсінші Ербол Жақиевтің идеясы мен азаматтық бастамасы себеп болғанын ескере жүрген дұрыс.
Q-Andas ақпарат.











