Орналасқан жері: Панфилов ауданы, Қоңырөлең ауылдық округіне қарасты Ынталы ауылының батыс жағында.
Зерттелуі: география ғылымдарының кандидаты, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің профессоры Еркін Тоқпанов географиялық, өлкетанушы-журналист Қажет Андас тарихи сипаттамасына зерделеу жүргізіп жүр.
Сипаттамасы: Қорым ескі және жаңа қорым болып екі топқа жатқызуға болады. Ескі қорым алдын ала болжам бойынша ХІХ ғасырдың алғашқы жылдарынан бастап орныға бастаған кесенелерден құралса, жаңа қорым бүгінгі ауылдың зираты есебінде. Мұнда 10-ға тарта орташа бүлінген кесене бар. Ал күн шалып, жауын шайып құлап қалғандары одан да көп. Көне кесенелер ХІХ ғасырдағы кесене тұрғызу, сәулет заңдылығын сақтаған. Сары топыраққа аттың қиын араластырып, ешкі майымен илеп, кейбірін төрт бұрышты формада құйып, кептіріп, кесене қабырғаларын қалап шыққан. Кесенелердің күмбезі толығымен бұзылған.
Аңыз-әңгіме: Қазірше ауыл тұрғындарынан сұрап білгенімізде бұл кесенелердің кімдерге тән екендігін толық айтып бере алатын адам кездестірмедік. Дегенмен, бұл жер тарихи және көркем фильмдер түсірілген тарихи жер ретінде қорғауға алуға әбден болады. Айталық, белгілі америкалық жазушы Эрнест Хемингуейдің «Шал мен теңіз» атты шығармасының негізінде, экшн жанрында қолға алынған .Ермек Тұрсыновтың «Шал» кинофильмі дәл осы жерде түсірілген.











