Жайнақ батыр Темірбектен, Темірбек Садбанна, Садбан Мырзадан туды. Жасындай қайрат көрсетіп, Жалайырдың жас Жайнағы атанған. Бақай батырдың досы, серігі, ағасы. Қалібек Кашке батырдың қамқоры, ұстазы. Сол жас Жайнақ батыр шағын топпен барып Бексұлтан төренің шет ауылдарынан өз малдарын қайтарып алып қайтады (Кезінде Бексұлтан төре Үшаралды жайлаған. Алғаш орыстарды іштартып, жер берген. Сол орыстар бау-бақша егіп, көбейіп, елді мекен Үшаралдан, кейін Сарқанды шырмауықша шырмаған. Бұл өзі жеке аңыз).
- Сұмдық екен, шақ келтірмеді. Сойылмен ұрды да түсірді. Қолы көп емес, – деп қайтады сойылға жығылған Бексұлтан жігіттері.
- Бексұлтан төре күйіп-пісіп:
- Аз болса қарумен көп болып қуыңдар. А, құдай, мені жан деп жаратқаның рас болса, ұзатпа, – деп тік тұрған бестісін шалып жіберіпті.
Тілеуін берді ме, ыңғайы сол ма… Жайнақтың астындағы қара арғымағы ақсап:
- Жау қуса мен арттамын. Қарамаңдар! Малды қуып, ұзаңдар, қарамаңдар! – депті.
Қалың жігіт қуып жетіп, күш бермей жалғыз, жаяу Жайнақты ұстап алып қалыпты. Бексұлтан төре разы, Батырлық жақсы. Батырдың басына іс түсу үшін болатын бітісің бар екен. Атыңның аяғы жазылғанша демал, – деп бөлек үй тіктіріп, тай сойыпты. Дәу қырлы астаумен етті әкелдіреді. Жас батыр ашыққан, қазаншы басқанға деп дәу бір қазыны ғана қалдырып, қалғанын түгел соғып таң етіпті.
Бір күні Бексұлтан төре Жайнақтың ер-тұрманын реттеп жатқанын көріп, «Ә, атыңның аяғы жазылған екен. Ойыңда қайтар бар, – деп елін жиып, – Батыр, ықыласым түсті. Куыс емессің, туыс бол. Өз қызым бар, нөкерімнің қызы бар. Бірін қабыл ал. Ел арасы кіріксін. Жер арасы біріксін. Қол үзбелік, қалауың болсын, – депті.
Нөкерінің қызы ажарлы екен. Сонда да жас Жайнақ Бексұлтанның өз қызына ықылас білдіріпті.
– Халық қадіріне, достығына өз қызы лайық, – депті.
Сөйтіп, жөнімен, хошымен шекара жоңнан аса және бір көш келе жатыр. Жөн сұраса:
– Жас батыр Жайнақтың қалыңдығы еді. Атастырған, аманатын өткізгелі бара жатқан ұзату, аманат көші, – депті.
Бексұлтан төренің бәйбішесі:
- Тарт, – деп алдыға түсіп, – менің қызым бәйбішесі болады, – депті.
Сөйтіп жөнге ешкім таласпапты.
Осы деректегі Бексұлтан кім? Іздеу, байқау барысында Әсет пен Кәрібай айтысындағы мына жолдардан кезіктім:
Мұрынның ақсақалы Бекенші нар,
Билеуші Тілебалды, Жапабай бар.
Асылбек, Қыдырмолда, би Бексұлтан,
Омар Шерекеңнің өңшең дегдар. (Әсет Найманбаев 133-бет).
Бексұлтан Нұржекеевтің «Өзендер өрнектеген өлкесінде» (102-бет) «Бексұлтан Бөгенбайдың батыр інілерінің бірі» делінеді. Ал осындағы Бөгенбай кім? Арғын тайпасының ішіндегі Қанжығалы руынан шыққан. Қазақ жауынгерлерінің ең үлкен атасы саналып, «Қанжығалы Бөгенбай» атанып кеткен. Үлкен әскербасы болған, қазақ-қалмақ, қазақ-қытай соғысында ерлігімен көзге түскен. Түркістан, Сауран жеріндегі жоңғарларды асыра қууда үлкен үлесі бар. 1756-58 жылдарда Талқы соғысында қытай әскерін күйрете жеңіп, оларды Үрімжіден асыра қуған. 1761 жылы ол Қытайға елшілікке де барған (Бұл да сонда). Желілей берсең туған жер тарихы осылай парақталады да отырады. Осы деректе үш Бексұлтан бар, бір адам ба, жоқ үш адам ба? Бұл зерттеу құдіреті бар зиялының ісі. Әйтеуір сыртпен де, елімен де үлкенді-кішілі шабысып, тұрғаны анық Бақтыбай ақын да: «Сіздің ел мен біздің ел талай-талай шабысқанда», – дейді Қыпшақбай (108-бет) деген Үшаралдық Бексұлтан төреге тіреледі. Себебі, соңғы Бексұлтан да Жайнақтан бір ғасырға жуық ерте өткен.
«Бақтыбай ақында»:
Сәлем ал Тәнекенің Есімбегі,
Жоңғардың шығысындай төсіндегі.
Жоғалған ат ізімен келіп қалдым,
Өлеңмен біраз айтып көсілгелі, – деген жолдар бар (23-бет).
Міне, осы Тәнекеде Жайнақ батырмен тұстас.
Жайнақ батыр шекарада жүрсе сауытты төрт батыр сау ете түсіпті.
- Кімсің?
- Мен Жайнақпын.
- Бізде Жайнақты іздеп жүрміз.
Жайнақ жалғыз, қарулы бір төбе. Олар төртеу. Сонда Жайнақ ебін тауып, бірінің найзасын тартып алып, қалғандарының найзасын қағып-қағып ұшырып жіберіпті. «Күш атасын танымас» дегендей, сол кезде төрт батырдың ішіндегі бас болып жүрген біреуі:
– Жайнақ атың жай шықпаған екен, қағысқанды қойып, достасайық. Дастарқан жайыңдар, – деп серіктеріне бұйырыпты.
Бұл Тәнеке батыр еді. Әдейі шекарада сынасып, достаспақ пейілде екен. Тәнеке мен Жайнақтың тұсында шеп бұзылмапты.
– Тәнеке мен Жайнақтың достығын сұрап анау жылдары бір жазушы келді. Дәу Уәзипаға жібердім, – дейді Жақсыбек қария. Дәу Уәзипа апа да көз алдымызда өтті. Өте кең, ақылды, сабаз кісі еді. Тәнеке ауылының қызы екен. Аса дәу, қадірлі кісі еді. Ұрпағы бар. Осы Сарыбұлақ ауылында, «Ақын Сарада»: «Тәнеке – Есімбектер Маман Тұрысбектің жақын туыстары. Есімбек Қапал уезіне қарайтын елдің бір тобын бөліп алып, өз алдына әкімшілік болыс құрғызды. Оған әкесінің атын қойып, «Тәнеке болысы» деп атайды да, Есімбектің өзі болыс сайланады», – делінеді. Бұдан Жайнақ руының, найманның белді, беделді руымен достық, құдалық қатынаста болғанын көреміз. Екі рудың арасындағы береке-бірлік үшін аз еңбек сіңірмегені көрінеді.
«Қасабай, Жайнақ, Солтанбай,
Жібермеген намысты», – делінеді. Иә, намыс екен. Жайнақтар ел намысын, жер шекарасын бейбіт бекіткен. Осы іс орыс патшалығында да мақтау, қолдау тауып, ұзақ уақыт тату көршілік орнатты.
Сол үшін Жайнақ батырға куәлік беріліп, шен-шекпен жабылып, жарлық етіпті.
Біздің қарт (Дәмбосын Дүзелұлы) Бақтыбай мен Қыпшақбайдың айтысында:
«Кешегі Қасабай – Жайнағымың заманында,
Мақашың әлі күнге кеткен құнсыз», – деген сөздер де бар сияқты еді делінетін. Бірақ мен бұл жолдарды айтыстан таппадым.
Жайнақтың атқосшысы – Малмақ. Жайнаққа осы күнгі «Қызыл таста» жолығып қайтады. Жайнақ: «Бір жақсы ат ала кел» деуді ұмытыпты. Көш кеткен соң таң бозара айғайлапты. Сонда Малман «Шыбындыдан ары шығып бара жатып естідім» деген екен.
Бақалының түстігіндегі көлдің тұсындағы сұлу шоқы «Жайнақтың шоқысы». Ол кезде көл жоқ. Кейін арнайы бөгелген. Жалғыз ағаш белгі бар.
Аз рулар ол кезде көп жапа шеккен көрінеді. «Қырық үй Жайнақтың қол астына кіріп, ажары кірген» деген сөз бар.
Жақсыбек қарттың әңгімесіне қарағанда Ақ патшаның тон-шені бар адамдар Жайнақ батырдың алдында құлша жорғалайды екен. Жайлауы – Шажа. Жол-жөнекей орыстар Жайнаққа қауып-қарбызын, жемісін тықпалап, әкеп беретін. Алдынан жел соққанда аппақ сақалы екі айырылып, екі иығын жабады. Бір жолы Жайнақ батыр түйесін мініп Шажаның дәу дөңіне шықты. Қарсы беттен көтерілген ақбоз аты бар кісі ол да қарсы дөңге түсті. Сосын біріне бірі анталай жүгірді. Зәрем ұшты. Соғысады екен дедім. Бірақ олай болмады. Құшақтасып қатты да қалды. Естігенім: «Ой, шіркін-ай, сені Жалайырдың жас Жайнағы деп кім айтады. Қауға қарт болыпсың. Мені Балпықтың – Қарымбайдың Назары деп кім айтады?» (Міне, осы Назар атамызды әлі де анықтау керек).
Жайнақ атадан жауап ала алмайсың. Түсі суық, өзі жылып айтпаса. Ертеңінде: «Ей, сен кешегі кісіні біл. Ол Балпекеңнің Назары еді. Ерсең жолың болмай қалмайды», – деген еді. Сонда әкем 10-11 жаста екен. 1934 жылы 47 жасында қайтыс болды. Мен есептеп, қарт Жайнақ пен бала Қалдыбайдың Шажада Жайлау төбеде кездесуін 1887 жылға шамаладым. Сонда батыр қарт Жайнақ 1800 жылы туса керек.
Ел тарихында болған Жайнақ батырдың бүкіл өмірі ел қорғау, достыққа тірейді. Әрі орыс жұртына, Ақ патша өкіліне беделі танымал болған.
Жетісудағы патшаның уәкіліне жиынға Жайнақ тайлақ мініп келсе керек. Қартайған шағы. Ел жақсылары әркім өзінше ерекшеленіп, өзін көрсетіп, қожыраған қарт Жайнақтан аулақ жүреді.
«Көрмейсің бе, Жайнақты,
Мініп алыпты тайлақты», – деп күңкілдеп күлген болыпты. Патшаның өкіліне өздері ерте, бөлек барыпты. Патшаның өкілі Ерентал бұлардың барлығын да көзіне ілмей, Жайнақты іздепті. Жайнақ келген соң елді тастап, оқшауланып, бөліп әкетіпті. Қартқа бұрыннан жүрегі жылы уәкіл: «Жайнақ шын таза, батыр қазақсың. Орыстар сені шын жақсы көреді. Қазақтың көсемі сияқтысың. Бірақ кедейсіңдер, – деп қалтасынан бір уыс ақша суырып беріп: «Ал, алдымен ешкі сатып ал, тез өседі», – деп қамқорлығын жасады деген де сөз бар.
Жайнақ Бақай батырмен сыйлы дос, аға-інідей екен.
Жалайыр, Жалайырдан Мырза (К. С Энциклопедиясында бар), Мырзадан Әтіке, Бәйбіше, Аман. Осы Аманнан Садбен, Садбеннің бәйбішесі Алтынай анадан – Темірбек, Қайыр, Өтеген, екінші әйелі Мапа анадан Бекен, Толымбек, Малбике анадан – Баба. Барлығы жеті ұл. Садбен 110 жасқа келіпті. Атамыздың сүйегі Шүбарайғыр – Жауырда» Шу жақта делінеді. Ал ұрпағы Өтеген, Қабан (Қабылиса), Ескелді, Балпық, Орақты, Қоғыл батыр, би, ел қамқорлары. Іле, Қараталға дейін көшіріп алып орналастырған. Өтеген батыр энциклопедияға енген. Жамбылдағы «Өтеген батыр» дастанындағы Райымбек батырдың туысы, досы.
Осы Садбен атаның үлкені Темірбектен тарайтын Жайнақ туады. Ұрпағының бірі. Қаратал ауданының Абай қой кеңшары, Сарыбұлақ ауылында тұрады. Сол атаның ұрпағы Тәттібаев Әбдірасыл ақсақал: «Жайнақ атаның баласы Әсімді, оның баласы Тастанды да көрдім» деуші еді.
– Мен 1909 жылы туғанмын. Әсімді 10 жас шамасында көрдім. Үлкен қарт кісі екен. Ал Тастан ашаршылық жылдары өліпті. Онда мен жігітпін. Жайнақ атаның қабірі Еңбектің қасы, Тұрлымбетпен қатар жатыр.
Жайнақ пен Тұрлымбет моласына қарай қазылған карьер қазбаны аталасы Оспан қария кезінде «Қазақстанға» дейін қуып тоқтаттырған екен. Ең өкініштісі, барлық аты аталғандарға үкімет белгісі қойылған жоқ. Ескерткіш те тұрғызылған жоқ.
Бұл дерек «Коммунизм жолы» газетіне басылған Жақсыбай Қалдыбаевтың жазбасынан алынды.
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі











