Q-Andas
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
kz Қазақ qz Qazaq tj توتە جازۋ ru Русский en English
Q-Andas
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
No Result
View All Result
Q-Andas
No Result
View All Result
Басты бет Өлкетану Тұлғатану

Жарқын жүзің жадымызда…

Уақыт аққан сумен тең. Міне, кеше ғана көктем еді аунап түсіп жаз болды. Әне, өткен жылы осы уақытта «Шырын шындық пен шырыл» кітабын қолтығына қысып, кабинеттің есігін еппен ашып кіріп келе жатқан Айтмұхамбет атамыздың да мәңгілік мекеніне аттанғанына бір жылдың жүзі болыпты. Уақыт өткені болмаса сол баяғы кірпияз қалпы, жеңіл жүрісі, аңқылдақ асыл бейнесі көз алдымызда тұр. Селт етіп, сергіп барып, атамыздың арамызда жоқ екенін ескеріп, алдымызда тізіліп жатқан кітаптарын еппен қолыма алдым. Көңіл көк дөнені алай-дүлей құйын ойдың иірімін бір малтып алды да, ары қарай ата мұрасына үңілді.

admin
2025/10/07
Тұлғатану
0
Жарқын жүзің жадымызда…

Әлі есімде, сексеннің сеңгіріне шыққан Айтмұхамбет қарияның үйінде бір қабырға түгел иін тірескен кітап. Сөренің екінші қабаты қарияның қолтаңбасын танытатын туындылар мен соған қатысты кітаптарға толысқан. Міне, сарғыш тартып көнерген бір кітап «Керуен» аталыпты. Көз алдыма тоқтамайтын өмір көші келе қалды. Жинақтың алғашқы бетінен-ақ сағыныш сазы ойнап сала берді. Ақ парақтың маңдайшасында: «Репрессия қырғынының құрбаны болған әкем – Есімжанға, сол қасіреттен 29 жасында көз жұмған шешем – Рәзияға арнаймын. Автор», – деген бірауыз сөз тұр. Енді маған бәрі де алақандағыдай аян. Жазықсыз жалаға ұшырап, оққа ұшқан зұлматты жылдардың қанды парағы көз алдыма келіп, жүрегім сыздап қоя берді. Менің осы көңіл күйімді сезсе керек:

«Менің ата-бабамның қадір-қасиетін білгің келсе, «Туыс» атты дастанымды оқы», – деді жаймен ғана.

Айтмұхамбет атаның басынан сан түрлі қиындық өтті. Екі жарым жасында әкесі, төрт жасында шешесі саяси қуғынның құрбаны болды. Бүкіл әулеттен құдайдың құдіретімен жалғыз өзі тірі қалды. Нағашы әжесі Мәрия Ырысалдықызы сәби кезінен бауырына басып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Алайда ол заман өте қиын еді. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қара жұмыстың соңында жүрді. Бірде аш, бірде тоқ күнұзаққа шөмеле тасып, түнімен масаға таланды. Ауыр, азапты күндер жетім баланың желкесінен басып, жүрегін жегідей жеді.

–Көктерек деген жерде туып-өстім, – деп еді атамызбен болған әңгімеде қасіретті жылдарды ой елегінен тағы бір мәрте өткізіп.

– Арғы аталарым мұсылманшылықты жүрегіне құйған діндарлар еді. Мамажан атам Қазанда діни білім алып келген. Атамыз татардың қызымен танысып, үйленген. Жасы 82-ге келіп өмірден өтті. Апам ақылды, шешен, сөзге шебер адам. Бес келіні болыпты. Ауылға келген қонақтар апамның әңгімесін тыңдаймыз деп жиналады екен. Атамның қасиеті сол, жаз жайлауға көшерде, шаянның аузын байлап тастайды екен. Яғни, көштен бұрын өзі барып, зиянды жәндіктердің аузын дұғамен байлап шығады. Көш қыстауға қайтқанда қайтадан жәндіктердің аузын ашады. Мамажаннан Кәкіш, Тышқанбай, Хасен, Ахмет, Есімжан тарайды. Кеңес өкіметінің сайқал саясаты оларды және балалары Омарғали, Құрманғали, Қалидың мал-мүлкін түгел тәркілеп, «халық жауы» деп ату жазасына кеседі. Ол кезде мен екі жарым жаста едім. Бүкіл әулетте он еркек кіндіктен тек мен ғана қалдым.

Иә, Айтмұхамбет Есімжанұлы бұрынғы Бөрлітөбе ауданы, Көктерек ауылында өмірге келген кезден тұрмыстың қиыншылығына тап болады. Бабаларынан дарыған күйшілік, көріпкелдік, шешендік, ақындық сынды ізгі қасиеттер Айтмұхамбеттің де бойынан шығып, өлең жазуға әуестенеді. Мектеп қабырғасында жетімдіктің ащы запыранын татып өскен бала еңбекке ерте жасынан шыңдалады. Қара сирақ бала кезінде шөп басында ауыр жұмысқа жегіліп, азаптың құрсауында есейеді.

Қария қырық жылға жуық ұстаздық еткен уақытын өмірінің ең жарқын сәттеріне балайды. Ол заманда мұғалім болу – екінің бірі қолы жеткізе бермейтін әрі жауапкершілігі үлкен қастерлі мамандық. Тіпті, Айтмұхамбет бастаған ауылдың бір топ шуылдақтары қонақтардың қолына су құю үшін шекісіп қалып жүреді. Себебі, келген мейман су құйып болған соң, міндетті түрде: «Рахмет, балам! Мұғалім бол!» – деп бата береді екен. Осы бір ауыз қасиетті батаны алғысы келген балалар ұстаздықты төбесіне құрметтеп өсті.

Айтмұхамбет Есімжанұлы аңсаған арманына жетеді. Ол ауыр азапқа толы балалық шағымен қоштасып, Семей қаласына оқуға аттанады. Бүтін әулеттің жалғыз ұрпағы қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі атанып, бес жылдан кейін ұстаздық қызметке кірісіп кетеді. Сүйіп істеген қызмет әрқашан абырой әкеледі. Жас маман аз уақытта оқу ісінде үздіктер қатарынан көрініп, жаппай алғысқа бөленеді. Аудандық, облыстық және республикалық мұғалімдердің оқыту біліктіліктерін шыңдайтын жарыстарда үнемі алдыңғы орындардан көрінді. Проблемалық оқытудың жаңа жүйесін қалыптастырып, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытты. Әрине, әдебиеттің сыйқыр күші бар. Бірақ әркімнің бұл жолға келуі сан алуан. Айтмұхамбет Есімжанов өмірінің денін ұстаздық қызметке арнап, содан бақыт тапты. Озат ұстаздық мектептегі қазақ тілі мен әдебиетін оқытудағы озық үлгісі облыстық, республикалық педагогикалық оқуларда үнемі ескеріліп, тәжірибесі таныстырылып отырды. Ал әдебиетті проблемалық жүйеде оқытуға байланысты ұсынысы «Мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті», «Сәт-сапар жас ұстаз» кітаптарына енгізілген. Осындай еңбектің арқасында бүгінде елге тұлға болып жүрген бір топ азаматтарды оқытты. Айталық, Мұхтар Арын, Тұрсын Сыдықов, Тілеуқажы Есімжанов, Әбдіғали Садықов, Құсайын Тілеубековтардың қоғамға, ғылымға, әдебиет, мәдениетке қосып жүрген үлестерінің басында ұстазы Айтмұхамбет Есімжановтың тұрғанын ешкім терістей алмайды.

Ұстаздықтың ауыр жүгін арқалай жүріп, қадірменді қария шығармашылықтың да биік шыңына көтерілді. Мен атаның барлық кітабын оқып шықтым. «Керуен», «Жүрек сөзі», «Ой көзі», «Өмір өзі», «Жас пен наз», «Ғасыр үні», «Уақыт таңбасы», «Кезген көңілде», «Күз мәредегі сөз» атты кітаптарын оқып шықтым, салмақтап ой түйдім. «Елім деп соққан жүрегім» атты кітабына салмақты ой өрбіткенім бар. Ал автордың «Ой көзі»  кітабының ішкі бетінде ақынның шежіресі шер аралас жыр жолары өрнектеліп, ақ қағазға түскен өлең тармақтары небәрі тоғыз-ақ жылда топырақ жамылған пәк әпкесі Бибануды жоқтаған жырлармен толып тұр. «Жүрек сөзі» «Өмір өзімен» жалғасып, кейінгі заманға «Ғасыр үнімен» үндеу тастайды. Сан жылдар санасында сәулеленіп келген «Уақыт таңбасын» «Көзден көңілге» бекітеді. Қолындағы қаламымен «Шырын шындықпен шырылдап» үн қатады. Жас ұрпаққа «Күз мәредегі сөзімен» өнеге қалдырып, ой тамшыларын, даналық сөздерін «Шіркін, дүние, тым ыстық!» кітабына тоғытады. Қарт қаламгер жастық өмірде көрген азабын, жүріп өткен өнегелі жолын, ұстаздық қызметін түгел осы кітаптарға жинақтай салған.

Айтмұхамбет Есімжановтың «Шырын шындық пен шырыл» атты кітап оқырманын өзгеше ойға, тылсым әлемге жетелейтін құдіретімен құнды. Расында, көлемі бес жүз бет тұратын салмақты туындының қамтитын мазмұны одан бірнеше есеге көп деуге болады. Себебі, кітаптың алғашқы бетін парақтағаннан бастап, соңына дейін түйірдей қателік, оғаш ұғым, жағынып жағатсу немесе жақсы көріну үшін ойлап тапқан бүркеншік ойларды кездестірмейсіз. Аты айтып тұрғандай, шырылдаған шындықтан сыр аулаған, көңіліндегі пікірін дәл басқан шынайы болмысты аңғарасыз. Иә, осындайда ойыңа : «Шындық» деген не? – дейтін сұрақ келеді. Мүмкін, оны әркім әртүрлі қабылдайтын шығар. Ал Айтмұхамбет Есімжанов іздеген шындық қайсы? Өмірдің өгейлігі ме? Тірліктің теперіші ме? Кісіліктің кішіреюі, адалдықтың арзандауы ма? Жоқ, әлде, безбүйрек бетсіздік, арсыз ұят па? Санаң сан-саққа жүгіріп, салып ұрып ақиқат іздейсің. Айналып келіп, кітапқа үңілесің де іздегеніңді тауып, бір тыныстап аласың.

Адам өмірі сан тарау. Сол тараудың бірі кәрілік. Бірақ, кәріліктің екі түрі бар: бірі – жан, енді бірі тәннің қартаюы. Осындайда қайсы бір ақынның: «Осы күнде келініне келін боп, ұлына құл болған кемпір-шал аз ба?» деген өлең жолы оралады көз алдыңа. Расында, сексен деген белесті бағындырып үлгерген Айтмұхамбет атаның айтып отырғаны осы. Тәні қартайса да, жаны қартаймаған адамдық болмыстың ащы ақиқатын алға тарқаны. Солай емей не? Сексенге келдік деп селкілдеп отырғандар жетеді арамызда. Бірақ, сексен жасында кеше мен бүгінді салмақтап, еліме игілігі, ұрпағыма үлгісі қалсын деп бес жастағы баланың белі бүкірейіп көтеретін салмағы бар кітапты жазу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Кітаптағы айтпақшы болған шындық осы.

Иә, Айтмұхамбет поэзиясын талдау керек болса мұнанда көп түйіндерді тарқатуға болады. Бұл жолы біз бұны мақсат етпедік, ойымыз оның поэзиясы арқылы кісілік болмысын көрсету. Әсіресе,  «Қазақ әдебиетіндегі күй жанры» атты зерттеуін әдебиет танудағы ерен еңбегі ретінде бағалауға болады. Күймен құлақ құрышын қандырмайтын қазақ баласы кемде-кем. Бірақ, осы «күй» деген жалғыз ұғымның астарына терең үңілген қазақ баласы аз-ақ, тіпті, күй өнерін зерттеп жүрген зерттеушілердің де ауқымының таяздығын осы зерттеу еңбегін оқып көрсеңіз түсінеріңіз хақ. Бұл еңбек осыдан жиырма қанша жылдың алдында жазылған екен. Ол кезде Айтмұхамбет Есімжанов Ақсу ауданының, Қызылағаш ауылындағы мектепте мұғалім болып жүрген кезі. Тіпті, сол тұста бұл еңбекпен танысқан қазақтың белгілі қаламгері Мұхтар Мағауиннің өзі таңданысып жасырмапты. Қарап отырсаңыз, ұлттық кітапхана сияқты көне мұралар қатталған мәдени орталық жоқ, бар болғаны мектептің азын-аулақ кітаптары жинақталған кішкентай ауылда тұрып, осындай дәуір бұзған игі дүниені жазу екінің-бірінің ғана қолынан келетінін несіне жасырайық.

Ол шығармашылық пен өмірді қос бұрымдай қатар өрді. Шабытын өмірдің өзінен алды. Ақынның кітаптары қазақ тарихының жыртығын жамайтын құнды дерек іспетті. Қолынан қаламы түспеген қария бірде сері бабасы Қапсалаңды, енді бірде сопы атасы Мамажанды өлеңге қосып, бабаларын бір аунатып түсіреді. Кейде қоса ағарып отырған қосағы Нұрбижамалға бас иіп, өлеңмен сыйластық танытады. Ал қарияның немерелеріне деген тәтті сезімі «Ғасыр үні» кітабында жырланады. Айтмұхамбет Есімжановтың бүкіл өмірі кітаптарында көрініс тапқан. Ол өзгенің өмірін қаламына арқау етіп, шарқ ұрып кейіпкер іздеген емес. Өмірдің өзі оны кейіпкер жасады. Тағдырдың бұралаң жолынан сүрінбей өтті. Басына түскен сынаққа сабырмен қарап, ақиқатты басты нысан етіп алды. Қария өзі бастан өткерген жетімдік тақсыретін «Жетім жиен» повесінде кеңінен толғайды. Артық сөз қоспай жазып шыққан әдеби туынды қарапайым өмірді сәтті бейнелейді. Оқырманын үлкен ойға қалдырады.

Қоғамның алға басуы мен өмір сүрген ортасындағы толғақты мәселеге араласып, ел жүгін жеңілдету жолындағы қажырлы еңбектері де аз емес еді.  Өмірінің 33 жылында Сарқан өңіріндегі маман басшыларға саяси сабақ беріп, барлық жылда озат насихатшы деген мақтау мен марапаттары жайлы жазылған дүниелер сол кездегі сарғайған басылым беттерінде сайрап тұр. Жергілікті кеңестің ұдайы депутаты, бірнеше рет аудандық партия конференциясының депутаты, республикалық конференцияға да қатысып, талай орамды ұсыныстарымен көпшілікті мойындатқан шешен. Облыстық білім жетілдіру институтының шаттан тыс лекторы ретінде қаншама жас маманның көңіліне болашаққа деген сәуле сепкенін есептей алмаймыз. Облыстық мұғалімдердің білімін аттестациялауға да мүше болып, бірнеше жыл белсенділік танытты. Бірнеше жыл мектеп бітірушілердің алтын, «күміс медальға» ұсынған шығармаларын тексеру комиссия мүшелігінде болып, шын жүйріктің тасада қалып қоймауы үшін жанын салып еңбек етті. Ескелді ауданының онамастикалық комиссияның мүшесі ретінде тарихи елді мекен атауларын қайта қайтару мәселесінде өзінің бар ақыл-парасаты мен білетінін жасырып қалған жоқ. Аудандық ардагерлер алқасы төрағасының орынбасары қызметін атқарып, көне көз қариялардың өңір дамуына қосар үлесін жүйелеп отырды.

Дей тұрғанмен, бұл еңбектерде де атаусыз қалған жоқ. Жұрт көрді, ел сүйсінді, көпшілік қолдады. Соның арқасында екінің-бірі жете бермейтін үлкен марапаттарға ие болды. Бұл ретте оның бәрін жазып отырудың қажеті шамалы. Бірақ, әдебиетті проблемалық жүйеде оқыту, балаларды шығармашылыққа үйрету бағытындағы ұстаздық тәжірибесінің республикаға таратылғанын қалай айтпай кетесің. Республикалық, бүкілодақтық педагогикалық оқуларда бірнеше жыл қатарынан жүлдегер болған Қазақстандағы жалғыз адам екенін біреу білсе біреу білмейді. «Еңбек Қызыл Ту» ордені, «Еңбектегі ерлігі үшін»,  «Екпінді озат» медалі, Қазақ ССР оқу министрінің грамотасы, халық ағарту қызметкерлерінің озаты сияқты марапттарды атамыздың құрдастарының бәрі ала алған жоқ. Осы тұста Кеңес одағы кезінде белгілі бір марапатқа жетудің үлкен таңдауды талап екенін ескерсек, осындай биікке Айтмұхамбет атамыз адал терімен, адам еңбегімен, адал ісінің арқасында жетіп отыр.

Қазақта «Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» деген нақыл сөз бар. Әрине, ол орын қаламгердің көңіл көкжиегінен тиіп жатса одан өткен мәртебе болған ба?! Айтмұхамет атамыздың да кісілік келбеті, азаматтың бітімі бүгінде өлкеміздеің тарихына айналған талай кітапта жазылып, қаламгерлердің еңбегінде көрініс тауып келді. Ендеше солардың бірқатарына ғана тоқталайық. Осындай елеулі істері Ескелді ауданының «Атақоныс күт мекен» атты тарихи кітабында, «Саялы менің Сарқаным» атты аудан тарихы туралы кітапта да, Ақсу ауданының 80 жылдығына орай құрастырылған «Абыз Ақсу, аңыз Ақсу, нағыз Ақсу» тарихи-естелік кітап-альбомда тамыздың суреті мен қысқаша өмір тарихы таныстырылып, тарихқа таңбаланып қалды. 2014 жылы облыс әкімінің қолдауымен «Жерұйық мекен, Алматы облысының мәдениеті мен өнері» атты кітап-альбом шықты. Оған елге танымал Жетісу өлкесінің белгілі өнер, галым, ақын-жазушылары енгізілген. Сол қатарда Айтмұхамбет Емісжанов атамыздың да суреті тұр.    Қаламгер, ақын атамыздың шығармалары да аймағымызға танымал ағалардың кітабына еніп, сол кітаптардың құнын асырып, салмағын арттыра түскенінің де куәсі болып жүрміз. Айталық, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ахмет Кендірбекұлының «Жылдар сөйлейді» кітабында «Өмірдің өзін жырлаған» деген макалассы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әміре Әріннің «Томирис» кітабында «Шаттандым жырын оқып Әміренің», «Іңкәр жинақ» өлеңдері, «Бойды билер бір өлең» мақаласы басылыпты. Бірқатар автордың еңбегіне жазған алғысөздерінің өзі неге тұрады. Тіпті, атамыздың өмірі мен ерен еңбегі жайлы жазылып, республикалық, облыстық баспасөздерде жарық көрген еңбектеріде аз емес. Сол қатарда философия ғылымдарының кандидаты, Ақтөбе университетінің ректоры болган М. Арын туралы жазылған «Нар қазақ» атты кітапта ғалымның ұстазы Айтмұхамбет Есімжановтан алған үлгі-өнегесі туралы көлемді лебізі берілген. 2005 жылы 21 мамырдағы «Жетісу» газетінің №55 санында филология ғылымдарының докторы, академик Тұрсын Сыдықов ұстазы Айтмұхамбет Есімжанов туралы ауқымды мақала жариялап, кішілік танытты. «Жақсылық кешігіп жетеді» деген тақырыпта қалам тербеген Кенжехан Рақыштың облыстық «Алатау» газетінде шыққан мақаласы Айтмұхамбет Есімжановтың кісілік келбетін бір көтеріп тастаған керемет мақала ретінде оқырмандардың жылы қабылдағанына куә болғанбыз. Ал «Егемен Қазақстан» газетінің 2009 жылғы 3 қазандағы нөмірінде белгілі ақын Әділбек Алпысбаев Айтмұхамбет Есімжанов шығармашылығы туралы жазған  «Өмір базарындағы ақсақал» атты мақаласы республика аумағына таралып, атамыздың беделін биіктетті. Атамыздың кісілік келбетін асыратын мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады. Бірақ, мұнда бір ғана нәрсені ескеруіміз керек. Дүниеде бәрін ақшаға сатып алуға болады. Алайда, адамдардың ықыласы мен пейілін сатып ала алмайсың. Біз жоғарыда келтірілген санаулы ақпарат тек замандастарының, шәкірттерінің, оқырмандарының, жерлестерінің Айтмұхамбет атаға деген шынайы ықыласы. Сол ықыластан туындаған ізгі ниеті. Осындай ізгілікке жол ашқан атамыз ортамызда болмағанымен сол еңбектер ол кісінің рухын мәңгі биіктетіп жүре береді.

Атамыз өзінің бір естелігінде:

«Жеті жастан бастап сексен үш жасқа жеткенше ғұмыр бойы түрлі дерттер иектеп-ақ келді. Талант-дарын көзін ашып, кененді кең, табанды шабыт құшағында толғанып дүние туғызу қайдан болсын. Тек көңіл көкжиегінің бірде жылт еткен нәтижесі ғана. Сөйтсе де бірер дүние бітірдім деймін. Бұл ұлы бабамнан (Құдайменде) басталған асқан күйші әкеме дейінгі тектіліктің үзілмей, мені де шарпыған киеліктің жұрнағы болар. Ұлттық намыс пен ата-баба, атамекен бәрінен биік, нысаналы мүдде ғой. Намыс пен тектілікті тектілер ғана құдіреттер. Осын-ау ұрпағыма жан жүректен өзіне де, жалғастарына мәңгілік аманат боп жалғаса берсін демекпін. Адам хайуанша қарын тойғызып, күйсеп жата беру емес, із қалдыру, еліне, қоғамға аянбай үлес қосу», – деп жазыпты. Құдайға тәубе, атамыздың мұратын жалғастыратын шәкірттері, ізін басар ұл-қыздары бар. Айта кетсек, атамыздың жаратқан нәсіп еткен үш баласының бірі – математик, бірі – құқық қорғау саласында жауапты қызметкер, бірі – ауылшаруашылық саласының маманы. Олардан өрбіген немере-шөберелер қазір  қадірлі қарияның болашағының тірегі.

Түйін

 Расында, әр заманның өз кейіпкері, өз тұлғасы, таным-талғам таразысы болатыны анық. Ал пешенесіне жазылған тағдыры елдің өрлігімен, ерлігімен, ерінбей еңбек етуімен тұспа-тұс келіп жатса – сынақтың үлкені осы. Одан ерік-жігері мықты, табанды өзіндік көзқарасы бар таным-талғамы тұрақты, ең бастысы, өз басын алдымен өзі сыйлайтын адам ғана ізгілік ізінен адаспай өтетіні хақ. Сонда оның ел-жұрт алдында жүзі жарқын, жүрегі ақ, беделі жоғары болады. Айтмұхамбет атамыз осындай мағыналы өмір сүрген ел қалаулысы, жұрт мақтанышы.

Халқымызда: «Өлі риза болмай,  тірі байымайды» деген сөз бар. Айтмұхамбет атамыз қайтыс болғалы  жыл өтсе де Нұрбижамал апамыз жұма сайын жеті нанын пісіріп, мешітке барып дұға бағыштатудан танған емес. Бұл да болса тәрбиелі әулеттің ұлағатты ісі деп білген жөн. Ал ұрпақтарының ұлылығы атамыздың ризалығына бөленіп жатқан шығар. Олардың жетістігінің бір ұшы осында жатыр.

Ал ата жасымыз қанша парықта болса да тірлікте шын түсініп, шынайы сыйласып өтіп едік. Күлсек көмекейіміз көрініп, пікіріміз қашан да бір бағытта өрбитін. Бүгін сіз арғы жақта, біз бергі жақта жүрсек те тағы да ниетіміз бір екен. Осы жазған азырақ естелігімді рухыңызға деген сүйінішім ретінде қабыл аларсыз.

Қажет Андас,

«Q-andas» ақпараттық агенттігі.

 

 

  

5 1 vote
Рейтинг статьи
Қаралым 43
«Аққу ағай» атанған ұлағатты ұстаз
Тұлғатану

«Аққу ағай» атанған ұлағатты ұстаз

August 24, 2026
Төккен тердің қадірі
Тұлғатану

Төккен тердің қадірі

August 31, 2026
Ұстаз ананың хаты
Тұлғатану

Ұстаз ананың хаты

August 31, 2026
Бегзат өмір
Тұлғатану

Бегзат өмір

August 31, 2026
Қайырымдылықтың қайыры мол
Тұлғатану

Қайырымдылықтың қайыры мол

August 31, 2026
Ырысы тасыған әулет
Тұлғатану

Ырысы тасыған әулет

August 31, 2026
Subscribe
Login
Notify of
guest
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІН СӨЙЛЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІН СӨЙЛЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

November 9, 2026

«Бекзат өмір»: өнерге арналған еңбек

«Бекзат өмір»: өнерге арналған еңбек

November 7, 2026

Өлке тарихы ұрпаққа аманат

Өлке тарихы ұрпаққа аманат

October 23, 2026

ЖАҢА ҚАҒИДА?  «Әлеуметтік кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндірілді»

ЖАҢА ҚАҒИДА? «Әлеуметтік кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндірілді»

October 13, 2026

Жұмыспен қамту тәртібінде не өзгерді?

Жұмыспен қамту тәртібінде не өзгерді?

October 12, 2026

Ақпараттық агенттігі

Меншік иесі: “Жетісу” өлкетанушылар орталығы” қоғамдық бірлестігі
Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы “Болашақ” шағын ауданы, 12-27

Q-Andas желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2025 жылғы 19 наурызда тіркеліп, № KZ21VPY00115275 куәлігі берілген.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

Тел: 8 747 706 1382
email: andas_kazhet@mail.ru

qandas.kz © 2026. Барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.

  • kzҚазақ
    • kz Қазақ
    • qz Qazaq
    • tj توتە جازۋ
    • ru Русский
    • en English
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат

© 2025 qandas.kz

wpDiscuz