Жетісуда ерекше қажеттіліктері бар спортшылар арасында үстел теннисінен облыс чемпионаты аяқталды
Жетісу облысында тірек-қимыл қозғалыс аппараты және есту мүшесі зақымдалған ересектер, сондай-ақ тірек-қимыл қозғалыс аппараты зақымдалған 2004 жылы туған және одан кіші жас спортшылар арасында үстел теннисінен облыс чемпионаты өз мәресіне жетті.
Бұл жарыстың басты мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар спортшылар арасында үстел теннисін дамыту, олардың шеберлігін шыңдау, салауатты өмір салтын насихаттау және қоғамдық белсенділігін арттыру. Дода барысында қатысушылар өз мүмкіндіктерін айқын көрсетіп, табандылық пен төзімділіктің, жігер мен қайсарлықтың жарқын үлгісін танытты.
Чемпионат қорытындысы бойынша командалық есепте Талдықорған қаласы І, Көксу ауданы ІІ, Текелі қаласы ІІІ орынды иеленді.

Айта кетерлігі, осы жарыста Q-andas.kz сайтының редакторы Ақжол Менлибай Талдықорған қаласының намысын қорғап, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Ол жеке сайыста жүлделі ІІ орынды жеңіп алып, Талдықорған қаласының топтық бәсекеде алдыңғы орыннан көрінуіне өзіндік сүбелі үлесін қосты. Бұл – тек жеке жетістік емес, сонымен қатар, ортақ жеңіске қосылған маңызды үлес.
Мұндай жарыстар ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың спорт арқылы шыңдалып қана қоймай, қоғам өміріне белсене араласуына, өз күшіне деген сенімін нығайтуына жол ашады. Спорт – жігерді жанитын, мүмкіндікті танытатын үлкен алаң екені бұл жолы да анық аңғарылды.
Қажет Андас,
«Q-andas» ақпарат агенттігі
Фото: https://www.instagram.com/p/DVneTKBDA57/?igsh=MWczd28wemQxZjBlNg==









