Q-Andas
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
kz Қазақ qz Qazaq tj توتە جازۋ ru Русский en English
Q-Andas
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
No Result
View All Result
Q-Andas
No Result
View All Result
Басты бет Өлкетану Елтану

Жібек жолындағы мәдени мұралардың ұрлануы 8 бөлім

ЛУ ЯН

admin
2025/10/08
Елтану
0
Жібек жолындағы мәдени мұралардың ұрлануы 8 бөлім

Россияның құлпытасты бұлап Памирды жаулап алуы

Қашқардағы бір мейманханада жатқан ерлі-зайыпты Литтерлер кофе қайнатып, көңіл-күйлері қобалжып, Дутлейрді әңгіме етіп отырған. “Тақ, тақ” еткізіп есік қаққан дауысы естілді. Қытайдың мынау шекара өңір қаласында олардың таныс ешкімі жоқ болатын, міне енді өздерін біреу іздеп келіп тұр; бұған екеуі де сасып қалды. Есікті ашып қарағанда Литтер келген қонақты таңдана бас салып:
– Туысқан, сіз бұл жерге қалай келіп қалдыңыз? Дутлейрдің өлгенін әлі білген жоқсыз ба? – деп сұрады.
– Білгенмін, баяғыда. Әсілінде Франция үкіметі Шыңжаң билеушілеріне қанды қолдарын ұстатып, зиянды төлетпек болған, бірақ Дутлейр өлімінің анық-қанығына көздері жеткен соң олар байбалам сала алмай қалды. Дутлейрдің қылықтары да шектен шығып кеткен, заңсыздарды мәжбүрлеуден не жақсы нәтиже шығары еді? Ашты сабақ деген міне осы. Жабайыларға ылғи аяқ жұмсай бермей, біраз алдарқатып қойған да жөн, – деп келген қонақ Литтермен аман-сәлемдескен соң осы бір өрелі пікірін жариялады.

Бұл адамның “тағыларды” бойсұндыруда кейбір тәсілдері бар екен. Ол осыдан бұрын Иранға археологиялық тексеру жұмысына барып, бірқатар елеулі мақала жазып, өзінше жазушы танылған екен. Жас шамасы қырыққа жетпесе де белі бүкіре-еңкіреп қалыпты; бұл шамасы бойының артықша ұзындығының, оның үстіне кітап көп оқып, көп жазғандықтың салдары болса керек.
– Свен Хедин мырза, сіздің айтып отырған алдарқатуыңыз не нәрсе? – деп әуестене сұрайды Литтер, Иранда жүргенінде таныс болған бұл көне досынан.
– Бұған не десем болар екен? Мөрті келгенде бірнеше доллар ақша беріп қойыңыз, кейде арзан күлкімен алдаңыз, ал кейде өтірік кішіпейілсіп қойыңыз; тоқ етер жерін айтқанда – адамына қарай іс істеп, ептілікпен қимыл жасап отырсаңыз болғаны. Бірақ сіздің шығарған шығыныңыз шамалы, қолға түскені мол болуы керек. Бұл археология жұмысының бір құпиялығы, бұл менің Иранда жүргенде пайдаланған әдісім.
– Ха-ха! Табылған ақыл! Бірнеше теңге бодау беріп, бір арба інжу-маржан қолға келтіру! Оқымыстылармен ойнауға болмайды деген тегін емес екен ғой!

Свен Хедин сөзін жалғап күле сөйледі:
– Бұлай демеңіз, біз шведтер мұндай артық дәме болып көрген емеспіз. Менің осы рет Шыңжаңға келіп саяхат жүргізудегі ойым – бұл ерен жаратылған үңгірден бірнеше гауһар тасқа ие болу ғана. Бірақ ресейліктер мәдени бұйымдар іздеу дегенді сылтау етіп, мәдени бұйым сақталған жерлерді иемденіп алды.
– Сіздің айтып отырғаныңыз қандай іс? Олар Шыңжаңнан ырғаң олжаға батқан болды ғой.
– Менің айтып отырғаным осыдан үш жыл бұрын (1891 жылы) ресейлік полковник Яннов Памирдағы Чан-лун патшаның шарапаты жазылған құлпытасты ұрлап әкеткен оқиға.

Қонаққа кофе демдеп беріп жатқан Литтер жаным шыдай алмай сөзге қыстырыла кетті:
– Мұндай болғанда ресейлік бұл офицер де сіз сияқты кездесе кеткен мәдени мұраларды құтқармайтын археолог болды ғой.
– Ол археологиядан немене біледі дейсіз? Және ол құлпытас ертедегі Жібек жолындағы бір мәдени мұра болып есептелгенімен де дәуірі қысқа, сондықтан ол қандай да бір археологиялық құнға ие бола алмайды, – деп Свен Хедин кофеден ұрттап қойып, мәдени мұралардың ұрлануына байланысты осы бір оқиғаны әңгімелеп кетті.

Затында “Памир” деген сөз “жайпақ төбелі үй” деген мағынадағы парсыша сөз екен. Бұл сөз осы өңірдің жер тұрқының ерекшелігін өте образды түрде тұжырымдап береді. Памирді Азиядағы сансыз таулардың түпкі төркіні дегеннен гөрі дүниенің жотасы деп атаған жөн. Жер аумағы 20 мың шаршы км-ден астам бұл астыртын тау қойнауларынан жап-жасыл орман, шалғын шөп, қайнаған тіршілік көрінісін көресіз. Қытайдың ерте замандағы аңыздарында айтылатын Бужоушан тауы – міне осы Памир. Бұл араның тау аңғарларында жабайы сарымсақ қалың өсетіндіктен, оны “сарымсақты тау” деп те атайды. Памирді осыдан екі мың жыл бұрын елге алғаш рет Жаң Чян дерек еткен, ол ертедегі Жібек жолындағы маңызды өткел болып саналады.

Цин хандығының Чянлуңның 23-жылы (жаңа эраның 1758 жылы) келгенде ислам діні Ақтау мазхабының атаманы Бұрфанидің Қожа және оның інісі Қожажапан Ресейдің желіктіруі және қолдауымен өздерін “текті әулет” қожа деп атап, бұқараға жар салып, жасақ басшы болуға ұмтылды. Бүкіл Шыңжаңды басып алып, өз алдына дербес мемлекет құру ниетіне салынды. Ойламаған жерден олар жасақ бастап шыққан кезде-ақ Шыңжаңдағы әр ұлт халықтың қарсылығына тап болды, тіпті өздерінің туған-туыстары да әскер шығарып оларға шабуыл жасайды. Бұл кезде орда генералы Жау Хойды жасақ бастап барып, “ағалы-інілі қожалардың” бүлігін тыныштандыруға жібереді. Ол осы бір топ бүлікшіні тықсыра отырып Памирге қуып барады, ең соңында Памирдың Ишілкөл (Жасыл көл) деген жерінде шешуші шайқас жүргізіп, отанды бөлшектеген осы бір топ кері тартпашыларды тып-типыл жояды. Соғыс аяқтаған соң орда бұйрық түсіріп, осы жерге бір құлпытас орнағызып, оған соғыс барысын егжей-тегжейлі жаздырады. Сол жылы Ченлуңның 24-жылы (жаңа эраның 1759 жылы) болғандықтан бұл құлпытас “Чянлуң шарапатының ескерткіші” деп те аталады. Сол жердің тұрғындары да ертедегі осы соғыс майданын “Суман таш”, яғни құлпытас орнатылған жер деп атаған. Кейін Цин үкіметі Памирдың жер жағдайына қарай отырып 20 мың шаршы шақырымнан астам осы үңгірді сегіз аймаққа бөліп “Сегіз Памир” деп атайды, әрі бұл аймақтарға айырым-айырым әскер орналастырады.

Ертеде Памир Қоқан хандығымен тұтасып жататын, сол себепті ол ара ұзақ жылдар тыныш өткен. Ресей Қоқан хандығын өзіне қосып, атын өзгертіп Ресейдің Ферғана өлкесі етіп алғаннан кейін екі жақ арасында жайсыз оқиғалар туындайды. Кей кездері Ресей әскери бөлімдері шекарадан өтіп, мал талайды. Кейде шекараға баса-көктеп кіріп, маневр өткізеді. Қытайдың қарауылшы әскер офицерлері бұл жағдайларға сұрау салса, олар беттерін бүлк етпестен “ағаттық болыпты, ағаттық кетіріппіз” деп мүнтекеседі.

1891 жылы жазда полковник Баннов (Яннов) тағы да бір батальон әскер бастап, Суман таштың солтүстігіне келіп маневр өткізеді. Бұл Ресей әскери бөлімдерінің бірнеше жылдан бері дағдыға айналған әрекеті еді, сондықтан Қытайдың шекара қарауылындағы әскерлері олардың маневрлеріне сұрау салмайды. Алайда олардың бұл жолғы маневрі қалыптан тыс болды: топ-топқа бөлінген Ресей әскерлері Қытайдың қорғаныс аймағына айқайлап, озандап лап қояды, қарша бораған оқ Цин әскерлерінің басынан ысқырып өтіп жатады.

Осы өңірде тұратын Цин армиясының гуандайы жағдайдың асқынып бара жатқанын көріп, әскерлерге бекініске кіріп, соғысуға сақадай сай тұруды шұғыл бұйырады. Өзінің адамы аз, оның үстіне қару-жарақтарының нашар екенін білетін ол дереу жоғары ұлықтан көмек сұрап, қосын жіберуін өтініп, дереу екі әскерді атты адаммен жөнелтеді. Бірақ жағдай олардың меңзегеніндей қауіпті болмай шығады. Ресей әскерлері шабуылдап, шекара жағасына дейін келіп, аздан соң артқа бұрылып, айқай салып қайтып кетеді.

Бұл жағдай бірнеше күнге жалғасып, Цин патшалығының әскерін қатты састырады. Шекара қарауылының гуандайы ахуалды жоғарыға екі рет мәлімдейді. Бірақ қарсы жақ соқтықпаған соң жоғарыдан сөгіс естиді. Осыдан кейін Қытайдың шекара қарауылындағы әскерлері де босаңси бастайды.

Бір күні Яннов әскерлерін бастап тағы да шабуыл жасайды. Қытай бекінісіндегі қарауылшы әскерлер қарсы жақтың әрекетін нұсқап, бақылап тұрады. Әскерлердің біреуі тұрып:
– Қарай гөр, бұл түкті бетттердің тағы да ауланып шыққанын, бейне бір топ қораз, жер жарған айқайы бар, бірақ тапқан жұмыртқасы жоқ, – дейді.
– Оларға жұмыртқа тапқызғың келсе, оп-оңай, сен олар жаққа қарай жалғыз оқ шығарсаң болғаны, олардың оғы сені өлген доңыздай теңкейтіп тастайды, – дейді екіншісі.
Бір естік бастығы көрегендікпен:
– Осыны да білмей тұрсыңдар ма? Мынау ресейліктердің шырғалаң тәсілі. Олар бізге оқ шығартып, қайтарма соққы бергізбекші! Сен оқ шығарсаң болғаны – олардың өзіне қарсы тап беруіне сылтау табылады. Сондықтан жоғары орын алдыңғы күні біздің жөнсіз қимыл жасауымызға тыйым салып, егер бұйрыққа бойсұнбаушылар болса басын кесіп іліп қою жөнінде қатал бұйрық түсіріп отыр, – деді де қолымен бас кесу ишарасын көрсетіп, басқаларды ду күлдірді.

Ресейліктер бұл жолы ойламаған жерден тасқын судай лап қойды да шекара сызығынан өтіп, алдыңғы бекіністе жаңа ғана күлісіп, әзілдесіп жатқан Цин әскерлерін бір демде-ақ қарусыздандырды. Осыдан соң олар тағы Қытайдың қарауыл орнына тап береді.

Цин армиясының әлгі гуандайы оқиға туындаса, жоғарыға мәлімдеу үшін бірнеше күннен бері жүйрік аттарды дайындатып қойған болатын. Бұл жолы жағдайдың тағы да жаманға айналып бара жатқанын көрген ол қарауылшы әскерден екеуін атқа мінгізіп, казармаға көмек сұрауға шаптырды. Ол соғысуға батылдық етпеді, қайтарма соққы бере қоятындай күші де жоқ еді. Сондықтан жағдайды түсіндіріп, насихат айтып, Ресей әскерлерін шегіндірмек болды.

Ол бірнеше қарауылшы әскер және бір тілмашты ертіп, қарауыл алдына қару-жарақсыз шыққан кезде Ресейдің бір тобы келіп, Қытайдың осы бір төмен дәрежелі әскери басшысын қоршап алды…

Бірақ Яннов қаруын тапсырған осы бір топ Қытай әскерлерін артықша қинамады. Ол бұл қытайлықтарды уақыт ұтуға адам қалдырды да, өзі бір топ Ресей әскерін бастап барып, Чен-лун жылдары орнатылған әлгі құлпытасты қаздырып алды. Бұл құнды құлпытасты патшаға апарып берсе, патшаның өзіне мол еңбек жазатынын Яннов жақсы білетін.

Яннов құлпытасты бұлап алып кеткеннен кейін көп ұзамай Памирды қорғап тұрған казармадағы Цин армиясы асығыс жетеді. Құлпытастың орнын көріп, кек кернеген олар:
– Қарақшы! Қарақшы! – деп айғайлады. Ұзақ жылдар бойы мемлекет шекарасының белгісі болып келген құлпытас жоғалса, бұдан былай Ресей әскерлері қалағанынша баса-көктеп кіретіндігі Цин әскерлеріне айдан анық еді. Империалистер Қытай территориясына шапқыншылық жасағанда оларды осы бір кесек құлпытас қана бөгеп тұрған ба еді? Цин әскерлері мұны ойлап көрмеген.

Бұл оқиғадан хабар тапқан Шыңжаңның әміршісі табанда бүкіл пошта арқылы ордаға хабар жібереді, сонымен бір уақытта Ресейдің Ташкенттегі губернаторына наразылық білдіреді. Бастапта бұл губернатор жалтаруға тырысып:
– Яннов полковник өз кәсібін ғана білетін түз офицер, мәдени бұйымдарды, көне заттарды жинап әуре болмайды, ал бір құлпытасқа тіпті де қызықпайды, – деген сияқты сөздер айтады.
Кейін жалтаруға еш амалы қалмай, мойындауға мәжбүр болғанда ғана көмекейі босаңсып:
– Бұл ұғыспастықпен болған іс екен. Яннов ол құлпытастың мемлекет шекарасына қойылған белгі екенін білмей қалыпты, – дейді.
Сонымен құлпытастың дерегін сұрастырған кезде Ресей жағы сиыр құймышақтатып, құлпытасты қайтарып бермей қояды.

Шыңжаң билеушілері де бұл құлпытасқа ерекше назар аударған еді. Құлпытас ұрланғаннан кейін көп өтпей олар адам жіберіп, бұрынғы құлпытасқа жазылған жазуларды көшіріп, қайтадан бір құлпытас жасатады да, оны апарып бұрынғы құлпытастың орнына орнатады. Сондай-ақ екі жағынан қорған салып, тарихи аймақ етеді.

Міне, осыдан Ресейге “сылтау” табылады. Олар:
– Қытай әлі анық ажыратылмаған шекарада заңсыз әрекет жасады, – дейді де, 1892 жылы Памирға жалпы беттік әскер шығарады. Қарулы күш арқылы қысым жасап, әуелі Қытайдан 20 мың шаршы км жерді бөлгізіп алады, сонан соң келіссөз өткізеді.
Англия Ресейдің бұл аумақта жерді басып алғанын, өзі билеп-төстеп отырған Үндістанға қатер төндіретінін біледі. Сондықтан “территория қауіпсіздігін қорғау” деген желеумен Қытайдың Кіші Памирін жаулап алады.

Свен Хедин Қашқарға келген кезде Ресей мен Англия сынды екі империя “Памир шекара комитеті” дегенді құрып, Қытайдың батыстағы осы бір байырғы қаласында Памирды қалай бөлісу мәселесі үстінде қызыл кеңіртек болып айтысып жатқан еді. Бұлардың ішінде Қытай уәкілі де болған, бірақ оның құқығы тек қол қою ғана еді.
Әңгімесін аяқтаған Свен Хедин күрсініп:
– Қазір белді елдер Қытайды бөлісіп жатқан шақ, ал біздің шведтер сонау Солтүстік Еуропада тұрып, елдің қызығын тамашалаумен ғана болып жатыр, – деді.
– Сіз де қапысын жібермей қармай қалатын кезіңіз бар емес пе еді? Егер біздің Ұлы Британия империясы Қытай қақпасын қарулы күшпен ашпаған болса, осы жерде дидарласамыз деген кімнің ойына келген! – деп Литтер бабтана сөйледі.

Қажет АНДАС

“Q-Andas” ақпараттық агенттігі

Басы: https://qandas.kz/zhibek-zholynda%d2%93y-m%d3%99deni-m%d2%b1ralardy%d2%a3-%d2%b1rlanuy-7-b%d3%a9lim-4574/

Жалғасы бар…

 

5 1 vote
Рейтинг статьи
Қаралым 37
Әбу Насыр әл-Фараби мен Конфуций философиясындағы ел билеу тәсілі
Елтану

Әбу Насыр әл-Фараби мен Конфуций философиясындағы ел билеу тәсілі

August 31, 2026
Мемлекет тұтастығын нығайтқан Чао Цо
Елтану

Мемлекет тұтастығын нығайтқан Чао Цо

August 31, 2026
Жяй ілімі
Елтану

Жяй ілімі

August 31, 2026
Жиңди тағылымы
Елтану

Жиңди тағылымы

August 31, 2026
Хан әулетінің негізін қалаушы – Лю Бан
Елтану

Хан әулетінің негізін қалаушы – Лю Бан

August 31, 2026
ЛИ СЫ Қытайды біріктіру идеологиясының сәулетшісі
Елтану

ЛИ СЫ Қытайды біріктіру идеологиясының сәулетшісі

August 30, 2026
Subscribe
Login
Notify of
guest
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІН СӨЙЛЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

ӨЛКЕ ШЕЖІРЕСІН СӨЙЛЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

November 9, 2026

«Бекзат өмір»: өнерге арналған еңбек

«Бекзат өмір»: өнерге арналған еңбек

November 7, 2026

Өлке тарихы ұрпаққа аманат

Өлке тарихы ұрпаққа аманат

October 23, 2026

ЖАҢА ҚАҒИДА?  «Әлеуметтік кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндірілді»

ЖАҢА ҚАҒИДА? «Әлеуметтік кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндірілді»

October 13, 2026

Жұмыспен қамту тәртібінде не өзгерді?

Жұмыспен қамту тәртібінде не өзгерді?

October 12, 2026

Ақпараттық агенттігі

Меншік иесі: “Жетісу” өлкетанушылар орталығы” қоғамдық бірлестігі
Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы “Болашақ” шағын ауданы, 12-27

Q-Andas желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2025 жылғы 19 наурызда тіркеліп, № KZ21VPY00115275 куәлігі берілген.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

Тел: 8 747 706 1382
email: andas_kazhet@mail.ru

qandas.kz © 2026. Барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.

  • kzҚазақ
    • kz Қазақ
    • qz Qazaq
    • tj توتە جازۋ
    • ru Русский
    • en English
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қажет дерек
    • Қажет кітап
    • Қасиетті жерлер
    • Қажет ақпарат
    • Халық жады
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Андас Омарақын ізімен
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тұлғатану
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат

© 2025 qandas.kz

wpDiscuz