Q-Andas
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
  • Qazaq
  • توتە جازۋ
Q-Andas
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
No Result
View All Result
Q-Andas
No Result
View All Result
Басты бет Арнайы жобалар Сұхбат

Ғалымның қос қанаты академик Тұрсын Сыдықовпен сұхбат

admin
2025/10/31
Сұхбат
0
Ғалымның қос қанаты академик Тұрсын Сыдықовпен сұхбат

Қазақ әдебиетінің тарихын парақтап отырсаңыз, қадау-қадау тұлғалардың сөз қадірін өрлеткен көсемдігіне тәнті боласың. Кешегі ұрпақ ұлы Мұхтар Әуезовтің эпопиясына, асқан шыншылдықпен жазылған повестері мен әңгімелеріне, мәдениет тарихы жайлы ғылыми еңбектеріне, философиялық-ақындық пьесаларына үңіліп, сұлу ойларына елітіп, содан үлгі-өнеге қабылдап, шабытына шалқар сезім ұялатса, одан кейінгі буын Зейнолла Қабдолов, Серік Қирабаевтардың әдебиеттің жілік-жілігін шағып, сөз құдіретіне шаң жуытпаған шығармаларын құныға оқыды, бағыт түзеді, бағдар тапты. Бүгінгі таңда, яғни, тәуелсіздік жылдары қазақтың сөз өнеріне белін бекеп буып, қажырын қайрап, талантын қамшылап жүргендер аз емес. Соның бірі – академик Тұрсын Сыдық.

Академик Кенжеғали Сағадиев: «Ғылыми ізденіс өте бір табандылықты талап ететін  еңбектің түрі,  ал ғалымдар ұлттың, зиялы қауымның  ерекше бір тобы.  Олар өздеріне айтылып жатқан сындарға да жауап беруге  уақыт таба алмайды  және ондай дәукес мінез ғылым төңірегінде  көп қалыптаспаған. Шынын айтсақ,  ғалымдар  эмоцияға сүйенбейді, біліміне сүйенеді. Сондай-ақ,  сөзден, шен-шекпенге, не болмаса  атақ-дәрежеге  шатақпен таласатындардан бойын аулақ ұстайтын топ.  Олардың намысы – ел намысы, Отан намысы. Билікке таласпайды, баққұмарларға,  шенқұмарларға жанаспайды», – деп дөп басып жеткізеді. Бұл айтылғандар бүгінде жетпістің белесіне қадам басқан  Тұрсын Сыдыққа арналғандай.

Десе де, ғылым мен білімге тек байлық, дәулет қуаламай, ынтасы мен жігерін сол арнаға бұра білген, өз мамандығын сүйіп, кәсіби шеберлігін жетілдіруге жауапкершілігі жоғары болып, адами құндылықтары тот баспаған жандар ғана асылдығын танытады. Турсын ағанының «Ілияс Жансүгіров және дәстүр жалғастығы» (2011)  атты жаңа кітабын парақтап отырып, осындай ойға келгенімді несін жасырайын.

Аталмыш кітап үш тараудан тұрады. «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысы» атты таруда І. Жансүгіров шығармашылығы туралы жаңаша көзқарастар жинақталады. Онда ақынның жастықтың жалынды жыршысы болғаны, Ілияс лирикаларындағы көркемдік кесте, «Күй», «Күйші» поэмалары, «Рүстем қырғыны» дастаны жайындағы тың, толғақты ойлар өріледі. Ал «Алаштың ақ уызын емгендер» деп аталатын екінші тарауда Мұқаметжан Тынышбаевтың жалпы болмысын айшықтап көрсетумен қатар, халқымызың тәуелсіздік жолындағы күресінің қазақ ромдарындағы бейнелену барысын жіліктеп береді. Сондай-ақ, Мәлік Ғабдуллин жайында беті ашылмаған шындықтың жүгесіне жетелейді. «Қаламын жанға азық, өрнек қылған…» атты үшінші тараудан Әнуар Әлімжанов (Рухани ізденіс, суреткерлік қайсарлық), Құдаш Мұқашев (Құдаш Мұқашевтің әдеби мұрасы жайлы),  Жақыпжан Нұрғожаев (Жетісу өңірінің тамыршысы һәм Жақыпжанның рухани әлемі), Әли Ысқабай, Жанат Елшібек, Ахмет Кендірбекұлы, Әміре Әрін бастаған жетісулық бүгінгі толқынның шығармашылығына жан-жақтылы баға береді.

Ақын, жазушы, зерттеушінің қаруы –қалам. Зерттейтіні, жазатыны сипаты басқа-басқа болғанымен түйіні– өмір, адам өмірі, еңбегі, оның қоғамда алатын орны. Егер ақындық, жазушылық қанға дарыған, туа бітетін қасиет екенін мойындасақ, зерттеушіліктің түп-тамыры да – еліктеуден емес, шығармашылық іздену, тынымсыз еңбекпен келетін нұрлы құбылыс. Әдетте, көптеген оқырмандар зерттеушінің тілі мен ақын немесе жазушының тілін парықты деп есептейді. Тіпті, көп жағдайда зерттеу еңбектері қатып қалған, оңайға жібімейтін тілдік нормалардан құрылады деп санайды. Мүмкін, мұның да шындыққа келетін тұстары бар шығар. Бірақ, Тұрсынның зерттеу еңбектеріндегі ең басты құндылық – оның ойының кемелділігі, талаған тақырыбын жеріне жеткізе жіліктейтін ғалымдық қасиетімен қатар, оның тілінің әуезділігі, тіркесінің орнықтылығы, сөйлемінің шымырлығымен де құнды. Расында, көркем әдебиет – оқиғалардың бір-біріне алмасқан күрделілігімен еліктіріп отырады. Кей жағдайда зерттеу еңбегінен мұндай жағдайды күтпейтініміз анық. Дей тұрғанмен, Тұрсынның тілі бұл жағынан өзге әріптестерінен дараланып тұратынын мойындаған жөн. Оның зерттеулері көркем шығармадай оқылады. Өйткені, «Өзі түзу тұрған кісінің көлеңкесі қисық болмайды». Ойды ой қуалаған тұщымды дүниелер сізді жалықтырмайтынына мен сенемін. Сонымен қатар, біз «Әдебиет – ардың ісі» дегенімізбен, бір кездері қазақ әдебиеті социалистік реализим үшін қызмет істегенін мойындаймыз. Сондықтан ол тұстағы зерттеушілер сол қалыптан шыға алмай қалғаны да анық. Ал бүгінгі Тұрсынның еңбектері тәуелсіздік таңымен бірге атып, оның бағалы құндылығымен өрілгендіктен қазіргі буын үлгі ететің құнды дүниелер болатыны бесенеден белгілі. Аталған кітап жалпы оқырманмен қатар ғылым саласына қадам басқан жастар үшін де табылмайтын бағдаршам іспетті. Ендеше, көңіліңізге көркем ой, келісті пікір түйгіңіз келсе осы кітапты бір рет оқып шығыңыз.

Осыған орай, Тұрсын ағаның түйгені мен білгенін біле жүрейік деген оймен әңгімеге тартқан едік.

            – Тұрсын аға, өз тұстастарыңыз сіздің кісілік қалпыңызды, адамгершілік ұстанымыңызды,  жұмысқа жауапкершілігіңізді біледі. Сондықтан да сый-құрметке бөленіп, жетпіс деген белеске сергек,  сезімтал қалпыңызбен жеттіңіз. Десе де, бүгінгі жастар жағы сіздің даналық, ақсақалдық, бедел биігіне көтерілген кезіңізді білсе де, сол биікке қалай жеткеніңізді біле бермейді. Бұл тұста, мені, жастардың көкейінде жүрген «Бала Тұрсын, дана Тұрсынға қалай айналды екен», –  деген сұрақ ойландырып отыр. Мұны өзіңіздің ауызыңыздан тыңдасақ?

– Адамның жан тереңдігі, ой кемелділігі, жүрегі жомарт, көкірек көзі өткір, кемшілікке төзімсіз, жақсылықты, ізгілікті сезінсе еріп, елжіреп, кісілікті көрсе, таң асқан бәйге атындай оқыранып, кісінеп тұруы – оның жасына жетпей өмірдің ащы дәмін ертерек татуына қатысты. Қажетжан, біз жұмыр жердің үштен екісін шарпыған 90 миллионнан (Англия ғалымдарының есебі бойынша) астам адамды жұтқан аждаћа – кешегі екінші дүниежүзілік соғыстың алапат ауыртпалығын бесіктен белі шықпай жатып  басынан кешкен ұрпақпыз. Мемлекет – қоғам қайраткері, үлкен ақынымыз Олжас Сүлейменов: «Менің толқыным жас пен жалынға шомылды, оның белгілері шектен шығады. Әлі біраз тыныштық болмайды, жүректер әділдік алаңында  дүрсілдейді.  Менің толқыным – жер бетіндегі тыртықтай», – деуінің астарында терең сыр жатыр. Сол жас пен жалынға шомылған,  ата-аналар мен жесірлердің жүрегіне жазылмас, «тыртығын» қалдырған өзіміз жайлы айтсақ,  ХХ ғасырдың отызыншы жылдарының екінші жартысы мен қырқыншы жылдарының  екінші жартысына дейінгі жекілдеген жас құрақтар сәбилік, балалық шағын аямай таптап, өртеп өткендерміз. Біз тез есейдік, төңірегімізге балалық көзбен емес, ағалық көзбен қарап, құлын шағында тайдың, тай шағында тарланның  қамытын киюге мәжбүр болдық. Бізді  судан-асуға асырып, қолымыздан жетелеп демейтін, қалтамызды қаражатпен  сықап білім жолына, өнер жолына т.б.  ақ батасын беріп, шығарып салатын әке майдан даласынан оралмады. Ненің азабын тартсаң, соның рахатын көресің. Олжекеңнің «толқыны» сол өздері бастан кешкен азап пен татқан запыранды қазіргі буын татпай, кешпей,  бейбітшіліктің кәусар ауасын армансыз жұтуы үшін, кеудесінде «тыртығы» бар олар, көзі жұмылғанша таққұмар, баққұмар зұлымдықтың, фашизмнің, геноцидтің адамзат қоғамын тамұққа айналдыратын зұлым ниеті, қорқау пиғылына қарсы күресті әлсіретпек емес. Жұмыр жердің бір пұшпағында  шағылған шақпақ олардың «тыртығын» сыздатып,  күрескерлік қажырын үстей түседі.  Адамзат баласының бақыты, халқының мерейі, мәңгілігі үшін күрес – олардың  өмірлік кредосы, стихиясы. Демек, гуманизмді ту еткен рухани қасиет  біздің «толқынға» – ұрпаққа өмір, қатал тағдыр уызынан дарыған. Өмірден өзін-өзі іздеген, не нәрсеге де көкірек көзімен үңілуге ауызданған, еңбекті тіршілігінің тірегі санап үйренген  біздің қатарымыз «адамның басшысы – ақыл, жетекшісі – талап, шолғыншысы – ой,  жолдасы-кәсіп,  қорғаушысы – мінез» (Саққұлақ шешен) екенін жадынан шығармай, сіздің тіліңізбен  айтқанда, «балалықтан даналыққа» жетулеріне уақыт, заманның да тигізген ықпалы аз болмаған. Еңбекті сүйген еңбек, терінен ләззат алуға дағдыланған адамға  ақыл, ой, талап, кәсіп пен мінез де жұқпай, қонбай, қанатын ұштамай тұрмайды.

«Ат жетім өрен жүйрік шабылмаса, бойынан ащы тері алынбаса» (Ақан Сері). Сол мектептен алған білім, Алланың бойымызға әдебиетке  құштарлықтың  отын жағуы, «ащы терімізді алып, өрен жүйріктер қатарына қосатын» қазақ жоғары оқу орындарының қарашаңырағы – Абай атындағы ҚазПИ-ге жетелеп келді. «Ұстаз болу – жүректің батырлығы, ұстаз болу – сезімнің ақындығы, ұстаз болу – мінездің Күн шуағы, ұстаз болу – адамның асылдығы» (Ғ.Қайырбеков). Институттан өзім таңдаған қазақ тілі,  әдебиеті мен тарих мамандығын меңгеріп, ұстаз, «адамның асылы» болуыма академиктер  Қажым Жұмалиев, Серік Қирабаев, Х.Әділгереев, Нұржамал Оралбаева, Совет Одағының Батыры, академик Мәлік Ғабдуллиндердің  сіңірген еңбегі орасан.  Талант кені мен талант құдіретін ашуда жасқа сақа, ойға кенен,  білімі кемел, кісілігі келіскен, жаратылысына ақылы жарасқан ауызы дуалы,  пәтуалы, кеудесі алтын сандық ағалар бөзден биқасапты айыра білді. Институт қабырғасында жүргенде ақын-академик Қ.Жұмалиевтің «Сәт сапар» тілеуімен «Коммунизм  таңы» («Жетісу») газетінде суретіммен бір топ өлеңім, «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» журналында да жас ақындар қатарында біраз жырларым жарық көрді. Студент кезімізде  институт  жас әдебиетшілерінің «кумирі», талантты сыншы, жазушы, аспирант – Асқар Сүлейменов «Жұлдыз»  журналына сын бөлімнің  меңгерушісі боп қызметке тұрды да бізді сын мақалалар жазуға баули бастады. Асекең менде ақындықтан гөрі сыншы, зерттеушіге тән қабілеттің басым жатқанын ескеруімді жөн көрді. Сол «тәлімгерімнің» ұсынысы бойынша жазушы Қаратай Құттыбаевтың жаңадан басылып шыққан «Сыр көктемі»  повестер жинағын сынаған «Мезгілсіз көктем» атты көлемді мақалам «Жұлдыз» журналында басылып шыққан соң, студенттер мен әдебиетшілер арасында «беделім» күрт көтерілді.  Өзім де қанаттанып, осы саланың белдеуіне атымды байладым. Туған әдебиетіміз, орыс әдебиеттану ғылымының озық үлгілерін жүйелі, табандап оқуға құлшыныс осылай оянды.

Студент болсаңыз да, бойыңыздағы  тұтанып, маздап жана бастаған  талант отын,  берілген ісіңізге барынша адал, шынайы, жан аямай еңбектеніп жүргеніңізді періште пейіл, пайғамбар іспетті ірі тұлғалар қалай назарынан тыс қалдырсын. Академик Қ.Жұмалиев мені институтты бітірер кезде аспирантураға алып қалуға біраз терін төкті. Алайда, отбасының жағдайы ұстазымның  шешімін бұздыруыма тура келіп,  мектепке ұстаз болып оралдым. Бірақ академик Қ. Жұмалиев қайтыс болып кеткенімен, оның орнына кафедра меңгерушісі боп қалған профессор Серік Қирабаев ағамыз ауылдағы бар мансабымды тастап, «өзімді өзім табуға», құдай берген таланттың отын өшірмей, аспирантураға түсіп, ғылымның шырағын жағуды талап етті. Асқар тау тізесінен, жұмыр жер жұлығынан келмейтін ағалар бойыңыздағы  отыңды өшіріп алмай, соның маздап жануына жанын жаялық етуі-«жастықта көкірегі зор, уайымы жоқ» біздерді орындалмай жүрген арманның қанатына қайта мінгізді. Тауларымыз заңғар болғанымен, даламыздың да асқақтығын мойындаған жөн. Отбасының жағдайымен институтты бітіре сап ауылға келгенде өз мамандығымды сүйіп, кәсіби шеберлігімді жетілдіруге жауапкершілігім жоғары болып, қызыл дипломмен іске кіріскендіктен бе тез қызметтен қызметке жоғарыладым. Тіпті аудандық партия комиеті аспирантураға баруға жиналып жүрген мені ұсынған қызметіне келмеді деп қысымшылық көрсеткені де жанға батты. Алайда, кісілік азайып, кісәпірлік көбейіп тұрған тоталитарлық жүйеде колхоз төрағасы Нұрболат Түшкенов,  аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Кеңес Жандыбаев ізеттілік, мейірімділік, адамгершілік құндылықтарын тот баспаған асылдығын танытты. Тақта отыру атқа отыру емес, халқының қамын жеу, суға тұншығып, өрт кешу, бәйгеге бас тіге жүріп бір күнгі есеп-амалға болашақтағы ұтысты құрбандыққа шалмайтын әулиепейілділіктерімен  есімдері жүрегімнің төрінде қалды. Егер өзі де ғылым кандидаты, текті, тәкаппар,  сырбаз, сұңғыла, мәрт Кеңес ағамыз ақ батасын беріп, Нұрболат ағамыз ұлындай еркін ұстап, отбасына жағдай жасамаса, академик Серік Қирабаев көкеміздің ұсынысы  оң шешімін таппай,  менің ғылымға жолым кесілері анық еді. Көсемдік, кемелділік қанына біткен текті ағаларымыздың бұл мінезі – бауырмалдық, аққа жақ максимализм,  адамгершіліктің берік өнегесі. Халыққа танытқан нақты іс-әрекет, ақыл-ойың, ғылыми еңбектерің ғой. «Кешегі өткен ғұламалардың көзі едің, ұлы ұстаз болса, дәл соның Зеке, өзі едің» деп Б.Жақып таңдайын суыра жыр арнайтын,  сөйлеп кетсе шешен,  қара сөзді ақ өлеңге айналдырып жіберетін Зейнолла Қабдолов  ғылымдағы әр адымымызды бағып,  жетістіктерімізге өз-өзінен айызы қанып отыратын  бұл заманның абызы еді. «Қазақтың Демосфені» атты  сол кісінің шығармашылығын талдауға  арналған мақаламды оқып: «Талай мақтау мен мадақтауды естіп едім, мен әдебиетке не бергенімді  енді аңғарғандай болдым», – деп, Сәуле апамыздың көзінше мекіреніп, «айналайын!» деп маңдайымнан иіскегені әлі күнге жадымнан өшпей,  мені тек ғылым алдындағы принципшілдік қана көсегемді көгертетінін есіме салып отырады.

Жықпылы, шатқалаңы, шиыры мол өмір жолы бұйырмаса, тайғанақ сүрлеумен ғылым асқарына өрмелеп, Күннің қатарына жету – данаға айналмасақ, құзға құлатары анық. Өзіміз артынан еріп, «ізін сүйіп», ғылымдағы мектебінен дәріс алған ұлы  ағаларымыз жайлы Қадыр Мырза Әлі: «Аға буын – өте күрделі буын. Олардың құшағы да, пышағы да дайын тұратын», – деп жазды. Иә, әділдік, ізгілік, турабиліктің  мерейі үстем жерде сапа, өсу бар. Біздің ағаларымыз таланттарды құшағына тартып,  ғылымды саудаға салғандарды кешпеген. Даналық сабағы соны ұқтырады.

– Кезінде, Алматыда,  қазақ жоғары оқу орындарының қара шаңырағы Абай атындағы ҰПУ-да ширек ғасыр еңбек етіп, ғылыми дәрежелер мен атақтарды алдыңыз. Кейіннен облыс орталығы Талдықорғандағы университетке ауысып келдіңіз. Басқалар ірі қалаларды жағалап, Алматы, Астанадан орнықты орын іздеп жүргенде сіздің осындай байламға келуіңізге не себеп болды екен.

 

– Мен Абай атындағы КазПИ-дің аспирантурасына Талдықорған облысы, Қапал ауданы «Көшкентал» орта мектебінде директор боп істеп жүргенде  кеттім. 1978 жылы кандидаттық диссертациямды қорғасымен институт ешқайда жібермей, өзінде қалдырды. Екі рет үй берді,  докторлық диссертациямды сонда жүріп қорғап, профессорлық атақты да сонда алдым.  Кеңес өкіметі құлады. Тәуелсіздігімізге қолымыз жетті. Кеңес өкіметінің үйіндісінің үстінде отырып, шаңырағы ортасына түскен, шіріген құрылыстың орнына жаңа, қуатты мемлекеттің іргетасы қаланып, Самұрық қанатын қомдап, көгілдір аспанымызға көтерілуі керек. Көреген Елбасымыз Самұрықты бойында  қазақ қаны буырқанып тұрған зиялы қауым ынтымақтаса бірігіп ұшыруды, яғни,  жас Тәуелсіз  мемлекетімізді бірлесе құру үшін, алып Отанымыздың түкпір-түкпіріне  білімді, атақ-даңқы бар, өнерлі азаматтарымыз Алматыда жайғасып отырып алмай,  сол жаққа қоныс аударып, жоқ-жітіктің  орнын толтырып,  халықтың жуан ортасына сіңіп, тіреу болуға үндеу тастады. Алғашында Ақорда қоныс тепкен Ақмола (Астана) қаласындағы педагогикалық институт негізінде  бой көтермек Л.Гумилев  атындағы Еуразия университетіне келуге шақырту алған едім. Онан көп бұрын Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік  университеті де осындай өтініш айтқан. Онда келмегенім доцент едім әрі докторлық диссертациямды қорғауға әзірленіп жүргенмін. Ойлана келе,  Еуразия университетіне – Астанаға екінің бірі барады,  ал туған жерім Талдықорғанға  көңілден шығатын кадрлар  өз қалауымен келуі екіталай. О баста Алматыға  мен өз еркіммен «орнықты орын» іздеп барғаным жоқ, ғылым іздеп бардым, керегімді алдым, тік тұрдым. Енді «жылы жақтан» өз көліме, туған жеріме  оралуым қажет деп таптым. Менің принципім: «Басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Туған жерге туың тік». Онан мен ұтпасам, ұтылғаным жоқ. Жоғары оқу орнындағы қазақ филологиясы кафедрасында  ғылыми атағы бар кадрлар көбейді,  білім сапасы артты. Облыс деңгейінде өтетін іс-шараларға кафедра мүшелері жетекшілік етуде. М.Жолдасбековтің: «Бізге қазір елдің тағдыры – өзімнің тағдырым деп қарайтын, ұлт мүддесін, мемлекет тұтастығын жоғары қоятын қайраткерлер керек», – деуі осыған меңзейді. Демек, «біз де бір кірпіш дүниеге, кетігін тауып қаланып» елімізге міндетсінбей мінсіз қызмет істеуге тиістіміз. Үлкен жазушы,  ғылымның тетігін жетік меңгерген ғалым қала таңдамайды, Л.Толстой, М. Шолохов тәрізді туған жердің бір пұшпағында отырып-ақ  ұлы дүниелерін жаза береді… Мен туған жерім Талдықорғанға  келгеніме өкінбеймін. Қайта творчестволық өрлеуді жұлдызды шағымды бастан кешіріп жүрмін. Алматыда  ғылыми дәрежелерді алу майданының  жауынгері болсақ,  мұнда жеткен биігімізден өсірген жемісімізді  ұсынып: «Өңінде тұлпар мінгендер», «Талант тағлымы», «Ізгілік сабағы», «Қазақ тарихи романының поэтикасы», «Жетісу дүлдүлдерінің дүбірі», «Ілияс Жансүгіров және дәстүр жалғастығы» атты, әрқайсысы 35-40 баспатабақтан  тұратын кітаптар жазып, елге ұсындым. «Ілиястану» ғылыми-зерттеу орталығын ашып,  осы салада ғалымдарды іске жұмылдырып жатырмын.

– Әлбетте, адам есейген сайын өмірден көрген,  білгенін екшеп, қайталай ой елегінен  өткізіп отырады. Сіз ұстаздық пен  зерттеуді тең ұстанған және оның қыры мен сырын жетік меңгерген қаламгерсіз. Осы тұрғыдан келгенде, өзіңізді қандай әдебиеттің өкілі санайсыз,  ғылымдағы ұстанған бағытыңыз жайлы айтып берсеңіз?

– Мен өзім әдебиет сыншысы ретінде қалыптастым. Ғылымға келгенде жұртқа бимәлім мәселенің тамырын қазып,  иірімін қалдырмай сүзіп,  жинап, зерттеп, қорытып,  ғылыми тұжырым жасауға міндетті болдық. Асылы,  талант,  дарын сыншыға қыранның бір қанаты тәрізді қажет болса,  ғылым, білім, мәдениет екінші қанаты. Демек, сыныңыздың өзі – ғылымның көп құралдарының бірі. В. Белинский «Сыншы таланты – сирек танант» деген де сарапшының көкірек көзі өткір, талдауы терең, талғамы нәзік,  эрудициясы бай, энциклопедиялық білімі бар,  әділ,  ізгі жүректілігін айтпақ болған. Теңіздің суын тамшыдан аңғаратынымыздай,  жазушы-ақынның бір шығармасы арқылы оның күллі суреткерлік болмысына  диагноз қоюға болады.  Менің алғашқы ғылыми зерттеу еңбегім Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен терде» трилогиясына  арналған. Онда біз романның тақырыбы, идеясы, жазылу тарихы, тарихилық принциптің жүзеге асуы, жанры, кейіпкерлер образы, ұлттық кейіпкерлерді сомдаудағы ізденістері, психологиялық талдау өнерін меңгеруі, асылы,  жан-жақты талдауы жүзеге асырдық. Кейінгі қазақ тарихи романдарына арналған монографияда жоғарыда «Қан мен тер» қаралған мәселелермен қоса, тарихи романдарды тарихи, тарихи көркем романдар деп жіктеп,  олардың бір-бірінен принципті айырмасын салыстыра, типологиялық зерттеу әдістерімен қарастырдық. Күллі көркемдік дамудың магистралдық жолы мен жол-жобасы ғылыми тұрғыда сарапталады. Жетісу өлкесіне келгеннен бері біз қазақ әдебиетінің тарихында есімі аталғанымен, шығармашылық мұрасы зерттелінбеген немесе социалистік идеология қылышының астында  соның ыңғайына бағынып, бірақ, айтар ойын астарлап жеткізген туындыларды бүгінгі оқырманға түйіншегін жазып, қабатын жайып, кір-қоқыстан тазартып,  бастапқы қалпында оқырманға ұсынуды көздеп жүрміз. Демек, ғалым ретінде көркем туындының ішкі құрылысын бүге-шүгесіне дейін ақтарып, жіктеп-жіліктеуге тер төксек, ұстаз ретінде жазушы, ақынның мұрасын насихаттап, әсемдік әлемімен жанына жылу мен сәуле  дарыту. «Кітап маған тақтан да қымбат» (В. ). Әсілі, білімгерлерді «таққа отырғызып», «теңізде жүздіру» – ғалымдық –ұстаздық борышымыз. Ғылымдағы біздің ұстанған бағытымыз.  Шығарманы жазушы, ақынның рухани мұрасы санап, дәйектілігін-алғышарты, әділқазылықты -үрдіс етіп, қызбалыққа салынбай, қазымырлыққа ұрынбай, салқындылықтан жаңылмай, қаламгерлердің жеке басына тиіспей, әзіл-оспаққа, мазаққа айналдырмай, ақиқаттың ақ жолынан жаңылмау. Бастысы,  көзбен көріп,  сүйегіне сіңген өмір шындығын қаламгер жүрегінде қорытып, көркем компоненттер көмегімен  көркем туындыға айналдыра алған ба, жоқ па соны ғылыми сарабдал талғаммен  талдап беру.

– Күн сайын алдымызға ондаған материал келіп жатады. Әжептәуір мәселе көтеріп, жан-жақтылы зерттелген тақырыбын  тілдің сұлулықпен жеткізе алмай жататыны да бар. Көзге мақтанғандық емес. Сіз қарапайым ойды қарымды тілмен құлпыртып жібересіз. Жасыратыны жоқ, мұндай ерекшелік   ғылым жолында жүрген сіздің замандастарыңызда да көп кездесе бермейді. Ендеше осындай жетістікке қалай жеттіңіз?

– Не жазсаңыз да жан-жақты зерттеп, жүрегіңізге сіңіріп барып жазу керек. Қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар  Тоқпанов ағамыз бір нәрсеге күйініп  кеткенде: «Май жалаудың да әдісі бар» дейтін. Айталық, жазушы,  ақын жайлы мақала жазуды мақсат етсеңіз, біріншіден, оның бар шығармаларын мұқият оқып, айтар ойыңызға қажетті мысалдарды  керегінше теріп алған жөн. Екіншіден,  Сізден бұрын ол жазушы,  ақын туындыларына  қатысты  жазылған зерттеу, сын еңбектерді сана сарабынан  өткізген орынды.  Үшіншіден, өзіңіз қарастырып отырған ақын-жазушы  шығармасы тақырыбына қалам тербегендердің  туындыларын  назардан өткізіп,  салыстырып, бұлар мен олардың жеткен жетістіктерін атап-атап көрсетіп,  ізденіс өрісінен әдебиет не ұтқанын тұжырымдау әдебиеттану ғылымына ырыс  боп құйылмақ.  М.Әуезов: «Қай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт бар. Ең әуелі ниет, одан соң күш керек,  одан соң тәртіп керек», – деп көкейдегі көрікті ойды жеткізуге  тілдің қауқарсыз  болуының  себебін суыртпақтап, таратып береді. Өзекті мәселені жалғыз ниетпен «иненің» көзінен өткізе алмайсыз, күш көп оқып, көп зерттеп, іштей пісіруге саяды, ал тәртіп өзіңізді иландырып, толғандырып, сүйсіндірмеген, қаныңызды қоздырмаған материалды шикідей  ұсынбауға міндеттейді. Төртіншіден, мақаланы жазар алдында өзіңіз қарастырып отырған мәселені қалай қарастырып, қайтіп қарастырып, қорытып, қалай жазатынынан тағылым аларлық  әдебиеттану ғылымы саласындағы  методологиялық әдебиеттерді  сүзіп өтіп, айтарыңызды өтімді ететін пайдалы кеңестерді басшылыққа алған жөн. Ойыңыз жүйелі дамуы үшін жоспар құрсаңыз тіптен жақсы.  Бесіншіден,  еңбегіңіз елді емірендіруі үшін  тіліңіз де шұрайлы, бояуы қою, сөз сөзге жарығын түсіріп тұратын кестелі, образды етіп киіндірудің  еш артықтығы жоқ. Демек, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафиндер не жазса да әуелі сөздік түзіп,  соны, қажетті сөз тіркестері картатекасын пайдаланған. Сонда қалың жұртқа жаңалық ретінде ұсынып отырған еңбегі философиялық, ғылыми, социологиялық, көркемдік  сипаттары үйлесіп, диалектикалық бірлігі теориялық құндылығын,  маңыздылығын арттыра түседі. Әлгі орыстың ұлы жазушысы М. Булгаков бастасы А. Толстойға: «Сендер сиямен жазсаңдар, мен қаныммен жазамын», – депті. «Ойды қарымды тілмен құлпыртып жіберу»-басқалардай компьютермен емес, қолмен,  «қанмен» жазудың нәтижесі. Ұзақ, тірнектеп жинаған материалдар қанға сіңіп,  жүректен сүзіліп шыққанда өзінің ыстық темпераменті, «жарқылдаған биоэнергетикалы аурасымен» еріксіз баурап алмақ,  тірі процесс бетті шарпуы заңды.

– Әрине, бұл сіздің өміріңіздің өлшеуіші деуге тұрарлық пікір.Десе де, қазір кейбіреулер көркем әдебиеттің  дағдарысқа ұшырағанын алға тартып, керісінше, публицистиканың алға озып кеткенін айтып жүр. Тәжірибелі ұстаз, зерделі зерттеуші, қарымды қаламгер ретінде осындай көзқарастарға айтар уәжіңіз қандай?

– Қажет, «Көркем әдебиетті дағдарысқа ұшырады»  деу әбес пікір. Рас, нарықтық заман Кеңестік кезеңдегідей бірнеше баспадан жоспар бойынша кітаптар шығарып, олар өздері халыққа таратып, жазушы, ақынға, сыншыға қаламақы төлейтін  күнмен жылап-көрісіп жүргеніміз шындық. Кімнің қалтасы қалың сол жекеменшік баспалардан қалағанынша жазғандарын шығартатын, қазаннан қақпақ кеткен заман.  Сапаны сан басып бара жатқаны да шындық. Алайда, мемлекет тарапынан, облыстық әкімдік тарапынан сыннан өткен бағалы еңбектер де шығарылып жатқаны әмбеге аян.

Негізгі әңгіме-көркем әдебиеттің дағдарысқа  ұшырағаны өтірік,  барға көз жұма қарау. Тәуелсіздік жылдары жарық көрген Б. Мұқайдың «Өмірзая» (1998), Р. Тоқтаровтың «Бақытты құлдықтың ақыры» (2005), Х. Әдібаевтың «Отырар ойраны» (2001),  М. Мағауиннің «Жармақ»,  «Мен» романдары, Т. Ахметжанның  «Сұлу мен суретші», М. Мағауиннің «Қыпшақ аруы», Т. Әбдіковтің «Парасат майданы» хикаяттары, А. Алтайдың «Казино», «Алтай балладалары» т.б. кітаптары мен Ә. Тарази, Р. Мұқанова, Д. Амантай, А. Жақсылықов, А. Кемелбаева, М. Омаровалардың  көркем туындыларына  назар аудармау сауаттылыққа жатпайды.  Керек десеңіз, осы жазушылар Тәуелсіздік жылдарындағы еркіндігін пайдаланып, қазақ әдебиетіне постмодернистік ағымда орыс және әлем мәдениетінің озық үлгілерін  меңгеріп,  жаңа әдеби-эстетикалық көзқарасты қалыптастырды. Көркемдік ассоциация байлығы ойшыл суреткер ішкі дүниенің байлығын аңғартатын құбылыс екенін дәлелдеп доц. Т. Жанұзақова докторлық диссертация қорғағанын білмеу ұят іс. Мойындау керек, Тәуелсіздік жылдары өтпелі кезең қиындығы аяздай қарыған  қара халықтың хал-ахуалын ақындарымыз  жырға қосып,  журналистер мен публицист  жазушылар толғана, жауырдың қанын шығара жазып,  елдің есесін қайтарып беруге  дабыл қақты, әлі де жыртығымыз жамалып біткен жоқ,  ол дабыл тынбайтыны ақиқат. Әйтсе де Тәуелсіздіктің көркем бітімі,  тарихи болмысын бар қырынан, халықтық, әлемдік ракруста бейнелейтін эпопея әзір тумасы  хақ, ол логикалық нүктесіне жеткенде ғана «Абай жолы» тәрізді «ХХІ  ғасырдың энциклопедиясы» жазылады. Ұлы кішірейіп, кіші үлкеймейтініне ден қойсақ,  тарих халықтың рухани және философиялық тәжірибесі» (О. ) ретінде  қорытылып, жазылып, «алтын кездік қапты жарып»  эпопея боп қолға тиетін күнге асықпайық, ағайын.

– Халқымыз «Жас өседі…» демей ме, өздеріңіздей көргені  мен түйгені көп ағалары бар бүгінгі  жастар да төселер,  жығылып жүріп жол табар.  Бірақ қалам ұстаған  адамдарға ортақ бір парыз бар. Ол – халқына қызмет ету. Осы тұрғыдан  келгенде жастардың қадірін асыратын, беделін қашыратын не нәрсе?

– Қазір жастар тәрбиесіне айрықша назар аудара бастадық. Кеңестік дәуірде қоғамдық ұйымдар: октябрят, пионер, комсомол, партия кезек-кезегімен  бірінен соң бірі қоғам мүшелерін қапысыз тәрбиелеп, қатал бақылауға алып отырды. Тәуелсіздік жылдары нарықтық талап қоғамдық ұйымдарды  таратып жібереді де, бала, жасөспірімдер тәрбиесі әлсіреді. Қазір өткеннің озық үрдісі жаңарып,  Жасқыран, Жас ұлан, партия тәрізді саяси, қоғамдық ұйымдар адам тәрбиесіндегі  қиын да абыройлы міндетті өз мойындарына артты. Біздің міндетіміз болашақты қалыптастыруды  қоғамдық ұйымдардың мойнына арта сап, өзіміз жағаны жайлауға  жібермей,  ата-ана, бала-бақша, мектеп, жоғары оқу орны боп «адам етіп әкелу – Алланың ісі,  адам болып кету – Адамның ісі» (Қ.Мырза Әлі) деген қағиданы  бекем ұстап, ұлтымыздың сенімді  болашағын  ұлтқа бас ие  бола  бола алатын  ұрпақ  етіп тәрбиелеуге  бар білімімізді, күшімізді  сарқа жұмсауымыз керек. Түрік халқының  ұлы перзенті  Ататүрік ұлттың иесі шығатын  ұлтжандылықты дәріптей келіп: «Мен үшін ең ұлы қорғаныс ұясы, ең ұлы көмек көзі – ұлтының кеудесі. Сондықтан да мен ұлтымның кеудесін ешкімге бастырмау үшін барымды саламын. Ұлтқа қожалық жасауға, қоқаңдауға болмайды! Ұлтқа тек қызмет ету керек. Ұлтқа қызмет еткен адам ғана ұлтқа бас ие бола алады», –  деп адамға ең жақыны ұлт, туған жер, туған Отан ғана екенін мойындатады. Өніп-өсіретін  де ұлты, болашақ та  тек ұлтымен жарқын. Білімді, білікті, күрескер, табанды, патриот, іскер, өнерлі, жомарт та, техника тіліне де, әлем тіліне де жетік нағыз қазаққа зәрулігіміздің  себебін Елбасымыз Н.Назарбаев: «Мына заман – жанталастың заманы. Өмір – күрес дейтін уақыт енді келді. Біз осы мемлекет үшін негізгі жауапкершілік жүгін өз мойнымызға алып отырған ұлтпыз. Біз-мемлекетті ұйымдастырушы ұлтпыз. Әр адам жедел жаңармайынша,  мемлекет жедел жаңара алмайды. Тұтас ұлт бәсекеге  қабілетті болмайынша,  мемлекет әлемдік экономика мен  қоғамдастыққа кіре алмайды», – деп соқырға таяқ ұстатқандай  басты міндеттерімізді саралап, санап берді. Ұлтымыздың бұл «жедел жаңару» формуласына  қарап, ем қонбайтын «қауіпті» жұртпыз деуге аузың бармайды. Әлемдік саясат пен дипломатияға даңғыл Елбасымыз өзгені де жетік білетіндіктен, өз халқы жайлы: «Өзге жұрттар қазаққа құрметпен қарайды. Бойы да, ойы да таза, пассионар ұлт деп қарайды», – деп  сүйсінісін жасырмайды. Президентіміздің жылы лебізіне  бөркімізді  аспанға атар шаққа жете қойған жоқпыз.  Сасяи Тәуелсіздікке қол жеткенімен,  рухани Тәуелсіздікке қол жеткізе алмай  жүргеніміз  жанға батады.  Жастарымыз шетелдің, ұлтымыз менталитетіне үлеспес әдет-қылықтарына тым еліктегіш, білім алуға да жеңіл желпі қарайды.  «Ынсап-ұят, ар-намыс, сабыр, талап, бұларды керек қылмас ешкім қалап,  терең ой, терең ғылым іздемейтін» (Абай) күйге жеткен жағымсыз жақтарымыз  құлаққа жиі естіледі,  көзіміз де оған үйрене бастады.  Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Р.Алшанов («Қазақ әдебиеті» газеті, 26.08.2011)  өкінішке орай біраз ата-аналар  балаларына диплом алып берудің  жеңіл жолын  іздейді де артынан өздері опық жеп жүргенін, білімсіз, сауатсыз маман қазір  ешкімге қажетсіздігін ащына жазады.  Талабымыз арзан,  ниетіміз «бұзық» екенін мойындау үшін Шотландиядағы Абердин қаласындағы Роберт Гордон университетінің  магистратурасын  бітірген инженер жігіт Нартай Әкімнің: «Ондағы жастардың білімге деген ынтасы  өте жоғары. Әркім өзі үшін білсем-көрсем деп тұрады. Ешкім  оқуымды бітіріп бастық болсам немесе жақсы қызметке орналассам деп талпынбайды. Әркім өз саласының мықты маманы болсам деп тырысады», – деуінен мамандық алудағы  ниетіміз «бұзықтығына»  көзіміз жетеді. Шетелдік  жастар «бастықтыққа», «жақсы қызметке» итін салмайды,  мықты маман болып шығуға бар күш-жігерін, қабілетін жұмсайды. Өйткені, мықты маман түптің-түбінде  бәріне қолы жететініне қайғырмайды.  Біздің жастарымыз ешкімнен кем емес,   бізді артқа тартатын жалқаулық, енжарлық,  өзімізге өзіміз  талап қоюға еркіміздің жоқтығы,  намысымыздың төмендігі. Осындай көзге күйік мінез-құлықтар  жастарымыздың  қадірін түсіріп, беделін әлсірететіні белгілі.  Оянатын,  сілкінетін күн туды. Өйткені, ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздігіміздің  тағдыры, болашағы сендердің қолыңда, жас өркен!

– Қазір  ұлттық сана, құндылық, тәрбие деген қағидаттар  жиі тілге алынып жүр. Мұның өзі ұлттық мәдениетімізді  нығайтатын белгілер. Ендеше, осы туралы сіздің  пайымыңыз қалай? (немесе ұлтсызданудың себептері).

–  Қазақты қазақ етіп сонау Ақ Еділден бастап Алтайға дейінгі  алып даланы ешкімге бермей  бізге жеткізген құдіретті күш, ол – ұлттық сана, ұлттық құндылық,  ұлттық тәрбие, бір сөзбен  тұжырымдасақ – ұлттық менталитет.  Ұлтсыздану – өзге– ұлттың мектебінде оқып, өзге ұлттыңа тәрбиесі  мен менталитетін қабылдап, өзін жоғалтуы. Бала бесік жырын тыңдамаса, туған халқының  ауыз әдебиетінің нәрін  жүрекке дарытпаса,  қазақ күйлері, халық әндерімен жанын суырмаса, әдеті-салты, ғұрпын көзімен көріп өспесе, әдебиетін қанына сіңірмесе-түс қазақ қайдан шығады? Қазақты  қазақ ететін-тілі, ділі,  діні. Осыларды мойындамаса, қазақтың көсегесі қайтіп  көгереді? Кешегі орыс империясы,  большевиктік жүйенің санасына құлдық психологияны сіңіріп кеткен індетінен арыла алмай жүрген орыс тілді қандастарымыз қайда барса да басқа ұлт басқа ұлт өкілін өз елінде  тайраңдатпайтынын,  тек туған жерінде ғана бақыты жанатынын білмей, сормаңдай болып жүргенін  сезсе ғой… Халықтық дәстүр ғана жастарға  ұлттық сана, ұлттық құндылық, ұлттық  тәрбиенің  уызын емізіп,   қазақты қазақ ететінін ұлы жазушымыз Ғабиден Мұстафин: «…  біз жастарымыздың азаматтық сипаты келісті болуын,  дос сүйсініп, дұшпан күйінердей болуын тілейміз. Есте болсын, адамшылық әрбір сипат биік  шың тәрізді.  Шыңды шын еткен  төбе шоқылар болса,  ұлы сипат та ұсақ сипаттардан құрылып ұлылыққа жетеді. Халықтық жақсы  дәстүрлерді  ешбір ұлы адам аттаған емес.  Әрбір жас  дәстүрді қорғаушы, орындаушы, әрі дамытушы болғай-ақ», – деп қазақтың қазақ болуы мен қазақ боп қалуының  ем боп қонар дәрісін ұсынған. «Көмекейінен небір киік құлақ серке сөздер  секіріп-секіріп шығатын» мықты ақынымыз, марқұм Есенбай  Дүйсенбайұлы: «Үйде – еркекпіз, түзде – езбіз, қатынбыз, ұмытқалы қашан ерлік атын біз, биі – жемқор,  билік – ұры, тілі – жат, қазақтықтан кетіп бара жатырмыз», – деп  бұрынғы қазақ пен отаршылдық азып-тоздырған, табанын жалаған құлы еткен, кетеуі кеткен халқымызды еттеп өтіп, сүйекке жететін ауыр сөздермен шықпыртып қамшылап, намысқа мінуге шақырады. Туған халқымыздың бойындағы барлық жарқын, жақсы қасиеттерді, даналықты, дарындылықты жүрегімізге құйып алмай,  жұтаң тарта бастаған әлсіздігімізге  күйінеді ақын. Ұлтсыздану осы әлсіздігімізде жатыр.

– Қазіргі таңда экономикалық сұраныстың  алға шығып,  рухани дүниенің кенжелеп бара жатқанын жасырмаймыз. Сондықтан, дамыған елдерде өнер саласының  майталмандары бірі-бірімен етене араласып,  қоғамдық мәселелерге  ықпал жасауға көшті. Ал бізде әр сала – әдебиет,  музыка, театр, кино өз қазанында өзі  қайнайды. Зиялы қауым ортасында бір-бірімен  қоян-қолтық араласып, қызу талқы өрістету жағдайы  жоқтың  қасы. Сіздің ойыңызша мұның себебі неде? Өңірімізде бір  тұтас рухани орта құруда жетіспей жатқаны не деп  ойлайсыз?

– Мемлекет қуатты болса, білімі, өнері де қуатты. Қуаттылық-оның жерінің байлығы, сол байлықты игеріп, халықтың әл – ауқатын күннен күнге арттырып, озық индустриялық – инновациялық технологияны игеріп, әлемнің озық елдерінің қатарына көтерілуімізден көрінеді. Демек, экономикамыз маңғұстап, жігерсіз өссе, басқа салалардың да бітеліп қалған арналары аршылып, арыққа қоң бітіп, түлері сөзсіз. Қараңызшы,  қыран қыранды  қиядан көреді демекші, Қазақстан Кеңестік құрылыстың шаңырағы ортасына түсіп, үйіндісінен феномен – феникс тәрізді пыр етіп көтеріліп еді, АҚШ, Германия , Англия, Индонезия, Сингапур, Малайзия, Жапония, Қытай тәрізді дамыған елдер қолтығынан сүйеп, шылбарынан тартып, инвестиция құя бастады. Қазір Қазақстан Самұрыққа, Орта Азияның барысына айналып, төрткүл дүниеге ішкі байлығы, рухани құндылықтарымен, саясат сахнасындағы орны, дипломатиялық алғырлығымен танылып үлгерді. Кемеңгер Елбасымыз ата – бабамыздан мұра боп қалған асты – үсті кенге, ырысқа кенен жеріміз ғана емес, соның иесі қазақ халқы басты байлығы екенін, кешегі отарлық жүйе есеңгіретіп тастаған, жартылай мәңгүртке айналдырып,  лайлана бастаған асыл қанымызды тазарту, кешегі жауынгер, батыр, өр, тәкәппар рухымызды тірілтіп, замана көшінің алдына шығару үшін әбілхаят суындай қасиетті «Мәдени мұра» бағдарламасын ұсынды. Соның нәтижесінде 100 томдық «Бабалар сөзі», жарыққа шығып, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып жатыр. «Жұлдыздар отбасы» журналының бетін ашып қалсаңыз, қаптап жүрген жаңа жұлдызды топтардың есебінен жаңыласың. Құрылып жатқан оркестрлер, ашылып жатқан театрлар-көзі ашылған бұлақтар қаншама. Қазақ өнерінің күндері Германия, Франция, АҚШ, Қытай т.б. алпауыттардың елінде өтіп, тәкәппар сахнасында сахараның саумал самалын естіргенде зал қопарыла көтеріліп, қол соғуы- ойы да, жаны да, ниеті, пиғылы, өнеріде жомарт халқымыздың құдіретті екенін мойындағаны емес пе?.. Демек, мемлекет кемелденуінің басты белгісі – демократияның берік орнығуы саналса,  «ұлттық рухсыз демократия  дегеніміз – ұлттың барып тұрған қаскөй қас жауы» (Т. Медетбеков). Рухсыз мемлекет-тұғыры әлсіз ғимарат тәрізді, сәл сілкініске шыдамай, үйіндіге айналады. Ұлттық рухтың тұғыры-сазөнері, театр, кино. Халық өте талғампаз. Олар заман талабына сай қуатты да шуақты көрермендері мен тыңдармандары, оқырмандарының кірпияз талғамынан шықпаса көзге қамшы тигендей сырт айналып, безіп кетуі, басқаның отына жылынуы ғажап емес. Уақыт талабына жауап беру үшін әдебиет, сөзөнері, өлең, кино, театр өз қазанында ғана қайнап қоймай, бірін – бірі жебеп, байытып, ортақ арнамен шіріне, толқи ағатындай күйді бастан кешсе ғана қолдан жасалған бөгет жойылып, самғау басталады. Қазір жаћандану процесін бастан кешудеміз. Рухы, өнері, экономикалық қуаты әлсіз шортандардың  көмейіне жұтылып, өзін – өзі құрдымға батырады. Сондықтан рухани байлық тұғырымызды қалаушылар өз тағдырын ұлт, мемлекет тағдырынан бөлек қарамай,  «қазақ қазақ ісіне қазақ боп кіріскенде ғана ісі оңға басады».  Шортан тұрмақ, кит те өңешіне сыйдыра алмайды. Асылы, туған халқымыздың  өткен өмірін бүгінгі күннің сезімімен, рухымен берік үйлестіре отырып, көркем бейнелер, жүрегіңізді нұрлы сәулеге бөлер саз әуендерін тудырып жатсақ, кәні! Ең бастысы, сөзөнері, театр, кино, суретөнеріне тамызық, нәр, мазмұн, серпінді қанат бітіретін әдебиет жер бауырлап, жорғалап қалмай, парлап ұшатын күнін жоғалтып алмауын тілейік. Алматы облысы бұрынғы екі облысты біріктірген халықы да көп, байлығы да, ұшан – теңіз, іске аспай жатқан резервтері мол, жер сұлуы, жер жәннаты – Жетісу. Тарихы – терең, халқы – мәрт, өнер кеніші. Жеріне екі Франция сыйып  кететіндігіне тек мерейіміз өсуі қажет. Сонда мұнда екі Францияның өнері гүлдеп, жұпарын шашып, жемісін үздіруі жөн шығар.

Қажетжан, дұрыс айтасың, жер жәннаты Жетісу – бар өнердің жәннаты да болуға мүмкіндігі асып төгіледі. Бірақ Жетісу әдебиеті, сазөнері, театр, киносын табанынан тік тұрғызып, бір – бірінен нәр алғызып, қолдатып, қоламтаны үрлеп, өршіген өртке айналдырар ұйытқы әлсіз. Ортақ өгізден оңаша бұзау артықтығын жақсы көретін, енжарлық психология үстемдік құруда. Облыстық білім басқармасы, тілдерді дамытудың облыстық басқармасы, облыстық мәдениет басқармасы, облыстық Халық шығармашылығы үйі, Жетісу телеарнасы коорпарациясы «жеке княздіктер құрып», тар арнадан аса алмай жатыр. Ал ең басты қасиетті борыш- Жетісу руханиятын бірлесіп жасап, Жетісудың атағын аспандатуға бірлескен күш әлі жұмыла қоймай отыр. Керек десеңіз, жүзге таяу Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі бар облыстық бөлімше Алматы қаласында өмір сүріп жатыр, мұнда оның шаруасы да жоқ. Санда бар, санатта жоқ. Бізше,  бөлімше облыс орталығына көшіп келіп, жазушы-ақындарды оқырмандарымен табыстырып, оларды Жетісудың томырылып жатқан бай тарихына бойлатып, бүгінгі Тәуелсіздік таңы атқаннан бергі жерлестеріміздің  әрбір күні тарих, тұңғиық болмысына үңілдіріп, облыс ақын-жазушыларының жаңа шығармасын насихаттап, Жетісу өнеріне жеті өзеніндей бұлқынта ағуына  шарапаты тиетін  қоғамдық – әдеби журнал ашатын  күн баяғыда туған.  Жетісу халқы – Хантәңірі,  Алатауға арқа тіреген таумінезді халық.  Оның қай өнерінен  де таумінезі айқын сезіліп тұрады.  Сондықтан сол тауда  туып, тауда өскен, таумінезі жұққан,  тау тұлғалы классик ақынымыз  Мұқағали Мақатаевқа жүгінсек:

Таудың мен ұнатпаймын тапалдығын,

Тапалдан талайлар-ақ татар жұғын.

Сүйем мен табиғаттың ұлылығын,

Сүйем мен табиғаттың қаталдығы, – деп ол өсиет еткендей,  Таудан жаратылған Жетісу халқы тапал болуға  моральдық қақысы жоқ.  Тек табиғаттың жасандылыққа, жартыжанды-жартыкеш, болбыр,  шалажансар  өнер туындысына қаталдығынан сабақ алып, ірілікке,  тектілікке, мәртікке құштар ұлылығынан танбайық. Ұлылық деген –  өзіңмен өзің күресу,  өзіңмен-өзің күресу-адамдық, адамгершілік, әділеттілік,  ізгілік, дарынға жомарттық,  ұлылық үшін күрес. Ол біздің арғы тамырымыздан  дарыған қасиет: «Көк түркілерді сөзіне берік, ең ақылды, жаңалық атаулыны жасаушы,  тәртіпсізді түзейтін ұлт ретінде жаратқан» (Махмұт Қашқари). Генетика ғылымы заңына жүгінсек, сол қасиеттер  Жетісулықтардың бойында бар, мәселе – соны өнер тілімен иесіне жеткізе алмай жатуымызда. Ел тұтқасы зиялы қауым осы жағын  қабырғасымен кеңескені абзал.

– «Әке көрген оқ жанар, шеше көрген тон пішер» деген бар. Отбасыңыз жайында айта кетсеңіз. Оның үстіне, «бір мықты қаламгердің  артында мықты әйел заты тұрады» деп те жүрміз. Сіздің беделді тұлға ретінде қалыптасуыңызға үйдегі жеңгеміздің көмегі болды ма?

– Қазақтың философ ақыны Жұмекен Нәжімеденов жырлайтындай, «Төбелердің көңілі үшін ғасырлық, кейде шыңның асқақтығын жасырдық». Көп жағдайда, әйелдер еркектердің көлеңкесінде қалады. Әйтсе де, қазақ емеспіз бе?  Қазақ қыз баланы, әйелді жоғары бағалап, қатты құрметтеп, бетін жауып,   ел алдына именшектеуіне, жасып, тәуелді болуын қаламаған. «Табағын көріп асын іш, шешесін көріп қызын ал» деген принципті қатал ұстанған. Шеше қызына есі кіргеннен ізетті, инабатты,  арлы,  бес саусағынан өнері тамған бесаспап, үй шаруашылығына  әмбебап,  бала тәрбиесіне сұңғыла, өр де тәкаппар, сезімге берік, қиыншылыққа тастүлек боп  қалыптасуына тер төккен.  Домалақ ана, Дәнегүл (Төле бидің келіні), Айғаным ана (Шоқанның әжесі), Ұлпан (Есеннейдің бәйбішесі), Зере (Абайдың әжесі), Ұлжан (Абайдың анасы) т.б.  сондай «шешелердің»  қалыбынан шыққан,  барған жеріне балдай батып, судай сіңген, қосылған қосағына адал,  жары,  балаларының анасы, кәртейген шағында күйеуінің  қамқоршысы, мәпелеген «анасына», тіпті,  отбасы, әулетінен ары асып,  халықтың анасына айналған жандар. Олар-қызын құрметтеген  халықтың  алдыға  тартқан  үлгісі, пірі. Жасырмаймын, 45 жылдан бері бір шаңырақтың астында, отбасымыздың  ырысы   боп  бірге  қол ұстасып келе жатқан  жұбайым-Светлана Ақышқызы,  бақытым шығар,  сондай аналардың бесігінен өрген қыз боп шықты. Қай жағынан да көңіліңнен табылып, қас- қабағыңды бағып,  өзіңмен, өміріңмен қамшының  өріміндей  өріліп кетуден болар, оған  жанын жаралайтын бір ауыз сөз айту күнәнің үлкені деп түсіндім.  Оның үстіне батыр,  жазушы, абыз ағамыз Бауыржан Момышұлы: «Әйелді қорлаған еркекті өмір өкінішсіз жібермейді. Өйткені, әйел-өмірдің анасы, ал асыл перзент анасын ешкімге қорлатпайды. Өйткені,  әйел-киелі халық. Оның киесі өзін   қорлаған еркекті  бір атпай кетпейді.  Менің көзім осыған жетті», – депті. Шаңырақ құрған жастардың  төріне жазып,  іліп қоятын-ақ даналық. Отбасында ауызбірлік, ынтымақ, ортақ қимыл, әр қатынасыңда-көсемдік,  кемелділік-қазақ жанұясының көсегесін көгертер дәру. Жұбайым мамандығы  мектеп ұстазы болғандықтан, ол Қасымның әйелі-Сақыпжамал, Ғафудың әйелі-Бәтіш, Сырбайдың қосағы-Күлжамал, Ілиястың жары-Фатима, академик Серік Қирабаев ағамыздың жары – Әлия апай, Совет Одағының Батыры, академик – жазушы Мәлік Ғабдуллиннің сыңары-Нәзия, Сәбит ағамыздың жары -Мариям апамыз т.б. жастары үлкен болғанымен, заманы бір апаларының отбасына, құдай қосқан,  сүйіп қосылған қосағына адал махаббатын берік сақтап, отбасындағы  жауапкершілігі мен  парызына қылдай қылау түсірмеген, түсірмей келе жатқан ерлігі, тектілігі мен мәрттігін өзгеге үлгі  етіп, өмірінің мәні, мазмұнына айналдырғанына шүбә келтірмеймін. Тұманбай Молдағалиев Сырбай Мәуленовтің бәйбішесі Күлжамал (А.Байтұрсыновтың қарындасы) шешеміздің мінезділігін: «Өзінің Сырбайы туралы жалғыз ауыз жақсы сөз естісе,  мәртебесі биіктеп, гүлдеп, жасарып оралады үйіне», – деп сипаттапты.  Бұл-опалы,  алтын басты әйелдердің   табиғатына тән мінез-құлық. Мен өмірімде жұбайымның екі ісіне қатты тебірендім. Бірінде,  жал құйрығымның  шолақтығынан аспирантураға бара алмай,  отбасында отырып қалған кезімде үш бала, аурулы, кәрі шешемді,  ағайын-туғаны жоқ бөтен ауылда,  өз қамқорлығына алып,  үш жыл аспирантураның күндізгі бөлімінде  оқып,   кандидаттық диссертациямды аман-есен  алаңсыз қорғап шығуыма  жағдай тудырды, қайраулы қылыш  секілді қылпыған шағымда «тізгінімді басыма түріп жіберді», қаржы жағынан да қысымшылық көрмедім.  Докторлық диссертация жазып жүргенде,  университеттегі сабақтан  қолым босамай, кітапханада отыруға мүмкіндігім жоқтығын ескеріп,  мектептегі мұғалімдігін тастап, Академияның ғылыми кітапханасына қызметке ауысып,  маған дорбалап ғылыми әдебиеттерді тасумен жүрді. Кісілік, кішіпейілділік,  әйел даналығы – қазақ қоғамына Алла сыйлаған сый ғой. Өзін-өзі  ұлықтаған кіші болар,  өзін-өзі кішіктеген ұлық болар. Ақылды қазақ әйелдері кішіктігінен ұлықтылыққа қолы жетіп жүр.

«Кәрі ақсайды ақылдан,  ер ақсайды жақыннан» (Ақтамберді жырау). Қазір егде тартқан шақта,  Құдай қосқан қосағың ұмытқаныңды еске салып,  ақылыңды нәрлендіріп,  мәпелеуін  күйшеткен тәрізді.  Біздің көп уақытымыз «оңаша отауда»,  шам жарығының астында өтетіндіктен, ерекше қамқорлыққа зәруміз.  Академик Кенжеғали Сағадиев бізге тән стихияны: «Ғылыми ізденіс өте бір табандылықты талап ететін  еңбектің түрі,  ал ғалымдар ұлттың, зиялы қауымның  ерекше бір тобы.  Олар өздеріне айтылып жатқан сындарға да жауап беруге  уақыт таба алмайды  және ондай дәукес мінез ғылым төңірегінде  көп қалыптаспаған. Шынын айтсақ,  ғалымдар  эмоцияға сүйенбейді, біліміне сүйенеді. Сондай-ақ,  сөзден, шен-шекпенге, не болмаса  атақ-дәрежеге  шатақпен таласатындардан бойын аулақ ұстайтын топ.  Олардың намысы-ел намысы, Отан намысы. Билікке таласпайды, баққұмарларға,  шенқұмарларға жанаспайды», – деп, дөп басып жеткізеді. Адамның ғұмырын қысқартатын дүниеқоңыздылық,  баққұмарлық пен шенқұмарлық жолындағы «айқастар» ғой. Заманыныда біз де шенді болдық,  бірақ шенді біз іздемедік, шен бізді іздеді, қысқасын айтқанда,  мәжбүрледі.  Ғылымға бір жолата бетбұрғанда  алтын уақытыңды жейтін, жүйкеңді жүндей түтетін мансапқа үрке қарайтын күйге түстік. Алла да, Пайғамдар да  ғылымды жоғары қойған ғой. Мұхаммед пайғамбар (ғ.с.с.): «Білімге бесігіңнен бастап, көріңе дейін талаптан. Бір сағат ілім үйрену бір түн жасаған ибадаттан артық. Ал бір күндік дәріс бір ай ұстаған оразадан абзал. Жастықта алынған білім-тасқа ойылған нақыш», – деп үмбетін білімнен қол үзбеуге үндеген. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде»  әспеттелетін: Әділет, Дәулет, Ақыл, Қанағат, Кісіліктің тұғыры – білім, ғылым.

Алла шаңырағымызға үш перзент берді. Үлкеніміз Бибігүл –  педагогика ғылымдарының кандидаты, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің доценті, «оқ жонып,  тон пішіп жүрген» сол кісі.  Екінші перзентіміз – Әнуар, ол  да-педагог,  Алматы қаласындағы колледждің  бірінде оқытушы. Үшінші перзентіміз – Мұхтар –  заңгер. «Ғылым бар жерде білім бар,  білім бар жерде тәрбие бар,  тәрбие бар жерде азаматтық бар» (Әлия Бейсенова) дегендей,  балаларым әзірге  көңілімізден шығып,  еліне шама-шарқына қарай еңбек етіп жүр. Келіндерім де текті бесіктен шыққан,  бетмоншағы  үзіліп  тұрған Айымыз бен Күніміз. Олар да шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаздар.  Балаларым әзірге бізге жеті немере сыйлады. Жүк көтетер белім, аузы дуалы серігім, әрі оққағарым –  Света екеуміз солардың қызығына тоймай, «шөберенің алақанына су құйып ішкен қарт жұмаққа барады деп  ырымдаған» күнді күтуліміз.  Оған жетерміз,  жетпесек-жасағанның әміріне құлдық. «Ат қартайса есекпен достасады, адам қартайса төсекпен достасады» деген де сөз бар.  Алладан сұрарымыз – төсекпен, есекпен достастырмай,  көзіміз жұмылғанша білімгерлерге сөз өнерінің інжуін шашып, қолымыздағы  қаламымыз бен кеудесі аққан бұлақ жақсылармен достастырсын.

Қажет АНДАС

“Q-andas” ақпараттық агенттігі. 

Дереккөз: “Жетісу” газеті, №116, сенбі, 12 қазан 2013.

P,S: Академик Тұрсын Сыдықов бүгінде Елордада тұрады.

5 1 vote
Рейтинг статьи
Қаралым 55
Еңбектегі мектепке Ермектасовтың есімі берілсе…
Сұхбат

Еңбектегі мектепке Ермектасовтың есімі берілсе…

November 5, 2025
Subscribe
Login
Notify of
guest
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
Мұқаншының Мұхиты

Мұқаншының Мұхиты

April 16, 2026

Біз үшін қастерлі есім

Біз үшін қастерлі есім

April 16, 2026

Шәкірт мақтанышына айналған

Шәкірт мақтанышына айналған

April 16, 2026

Жаркент уезі (1926 жылғы мәлімет бойынша)

Жаркент уезі (1926 жылғы мәлімет бойынша)

April 16, 2026

Елдіктің жолы

Елдіктің жолы

April 16, 2026

Ақпараттық агенттігі

Меншік иесі: “Жетісу” өлкетанушылар орталығы” қоғамдық бірлестігі
Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы “Болашақ” шағын ауданы, 12-27

Q-Andas желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2025 жылғы 19 наурызда тіркеліп, № KZ21VPY00115275 куәлігі берілген.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

Тел: 8 747 706 1382
email: andas_kazhet@mail.ru

qandas.kz © 2025. Барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.

  • Qazaq
  • توتە جازۋ
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат

© 2025 qandas.kz

wpDiscuz