


Орналасқан жері: Жетісу облысы, Панфилов ауданы, Қоңырөлең ауылдық округі қарасты Қайшының белі аталатын жерде.
Зерттелуі: өлкетанушы қали Ибрайымжанов зерртеп жүр.
Сипаттамасы: Есігі шығысқа қараған кесененің алдыңғы қас бетінің ұзындығы шамамен 10 м, ал, ені 8-9 м құрайды екен. Биіктігі қазіргі қираған күйіндегі қалпында 8-9 метрдей, құлаған күмбезімен қоса есептегенде жалпы биіктігі 12-13 метрдей болады-ау шамасы. Іргетасының қалыңдығы 1 м жуық, қабырға қалыңдығы 0,70 см болады. Уақыт тезіне шыдамай қатты бүлінгеніне байланысты сыртқы қасбеттің өрнегінің қандай болғандыы белгісіз. Ал, ішкі жағы ұшы жоғары қараған жүрекше секілді күйдірілген қызыл кірпішпен біртегіс әсемделіп өріліпті. Қолданылған құрылыс заттарына келсек: ағаш, топырақ, кірпіш арасында біріктіруші лай орнына ақ сұр алебастрға ұқсас белгісіз қоспа және күйдірілген қызыл кірпіштер жатады. Ақ сұр қоспа алебастрға ұқсас болғанымен салмағы жеңіл және беріктік қасиеті әлі де мықты сақталыпты. Күйдірілген қызыл кірпіштің көлемдері әртүрлі болып келген екі түрі пайдаланылыпты:
1). 0,27 х 0, 14 см, қалыңдығы – 0,07 см;
2). 0,25 х 0,25 см, қалыңдығы – 0,05 см;
Аңыз-әңгіме
ӘРУАҚ СЫЙЛАУ – АТА ДӘСТҮР
Жуырда ғана ұзақ жылдар Алматы облысы әкімшілігінде басшылық қызметте болған, ел басқару ісінің тәжірибелі білгірі және 1993-1995 жылдары Жоғарғы Кеңес төрағасы Әбіш Кекілбаев ағамыздың сенімді серігі болып, «Іс басқарушы» лауазымын атқарған білікті маман, қазіргі таңда аймаққа танымал кәсіпкер Амантай Көдеков ағамыз нағашы жұрты – Шыны би, Өтеген, Үсен болыс аталарының басын көтеріп, күмбезін қоршап, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық сауапты іс жасады. Бір қауым ел-жұртты жинап Ақжазық ауылы мешітінің қатымханасында әруақтарға арнап үлкен ас берді.
Қыркүйек айының екінші сенбісі. Аты күз демесең жанға жайлы ауа райы, шуағын төккен күн нұрымен астасып тамылжып-ақ тұр. Қоңыр салқын самал жел жаныңды жадыратады. Әріптесім Молот аға екеуміз қаламыздағы еңселі мейрамхана «Медеттің» алдында жолығып, жеңіл көліктерімізді сол жерге шегердік. Одан әріге аудандағы айтулы кәсіпкер Әкімжан Мұқатайұлының жол талғамайтын «Джип» көлігіне ауысып мініп, Көкталдың айналма жолына келдік. Бұл жерде Амантай Көдеков ағамыз бастаған, Қазақстанның Халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлы қоштаған алаштың ардақтылары – Кәдірбек Сегізбаев, Иген Манасов, Байтұрсын Өмірбеков, академик Айбын Төреханов, аудан әкімінің орынбасары Қанат Досмаилов, тағы басқа кілең аймаңдай жақсылар күтіп тұрған топқа келіп қосылып, амандық-саулық сұрасып, мәре-сәре болдық.
Бас-аяғы жарты сағаттан аса уақыт аралығында тағы келіп қосылған қонақтармен жиналып, түгенделген соң жиырмаға жуық жеңіл мәшинелер керуені солтүстіктегі Қайшының Беліне бет түзедік. Негізгі мақсат Амантай ағамыздың нағашылары – Суанның Солтанғұл руынан шыққан Өтеген, Шыны би, Үсен болыс аталары мен бірқауым туғандары жерленген Қоскүмбезге барып әруақтарға арнап құран бағыштау.
Дәл осы жерде таным-түсінігі жан-жақты терең, өнерден де құр алақан емес ауданымыздың айтулы азаматы Болатжан Қожахметов ағамыз біздің көлікке ауысып мініп, қызу әңгіме басталды. Ақжазықтан шығып Қойбынға дейінгі аралықта тау жақты қолымен нұсқап, жер-су аттарын тізіп шықты. Одан әріге тауға велосипедпен барғаны және бала кезіндегі қой бағып келе жатқан атасының алдынан шыққандағы керемет сағынышты сәттерді еске алды. Және бір жиналыста атасының Хрущевті «Ол тазды неменеге қайта-қайта айта бересіңдер!» деп тілдеп, істі бола жаздағаны туралы да айтып өтті. Молот аға да қалысар емес, Кеңес дәуіріндегі билік пен халық арасында белең алған небір келеңсіздіктер туралы нақты дәлелдермен, айы, күні жылына дейін тәптіштеп айтуда. Біздер, рульдегі Әкімжан аға екеуіміз әңгіме тыңдаушы.
Қойбын шатқалы бітіп, Қоңырөлеңге барар жолдан оң қапталға бұрылып тауға қарай тура тарттық. Болатжан аға тағы таныстыруға көшті:
– Сол жағымыздағы мынау «Аты жоқ таудың» анау етегінде қуыста базы бар, сол жерде балбал тас бар, – деген хабарламасына іштей қуанып қалдым. Әрине, өлкетанушы болған соң біздер үшін ол дегеніңіз үлкен жаңалық қой…
– Ал, мына оң жағымызда Іргетау, арғы жағы Долаңқара, алдымызда суы ағып жатқан Қостал, осыдан әрмен қарай Қайшының Беліне кетіп барамыз. Ондағы барар жеріміз жергілікті қазақтар Қоскүмбез атайтын, бүгінгі бәріміздің басымызды қосып отырған Амантайдың арғы-бергі нағашы аталары болып келетін Суан ішіндегі Солтанғұлдың Тайлағынан шыққан Өтеген ата, Шыны би мен Үсен болыстар жерленген жер. Ол күмбездерді кезінде Үсен болыс салдырған екен, – деді біздерге қиялай көз қиығын тастап…
– Жалпы Солтанғұлдан – Тайлақ, Түгел, Ұзақ, Назар деген төрт бала тарайды, – деп ағамыз енді шежіреге көшті. – Сол Назардың бір баласы Құттыбайдың ұрпақтары ауылда тұрады, біздер Тәттібайдан тараймыз, ол кісі менің бесінші атам болады. Және бір қызығы анау Лесновканың (қазіргі Талды ауылы) басында Қожбамбет бидің кесенесі, одан бергі осы Қоскүмбез, осы жерден батысқа қарай біздің Тәттібай бабамыздың жақын сыйлас досы болған Қараменде Малдыбай би мен Қоңырөлеңнің бергі жағындағы Албанның Қоңырбөрігінің атақты адамының зираты, бәрі ойша жобалап қарасаңыз бір сызықтың бойында жатқанын біреу білсе, біреулер білмейді, – деп маңғаздана жауап қатты.
Сөйтті де Бөкең жан-жағына шаттана көз тастап, қанатын қомдағандай болды, шамасы шабыты оянды-ау деймін:
– Ех, домбыра болса ғой, домбырамен жақсы келеді, – деп алды да, жырлай жөнелді.
«Шабдар атты шал қазақ,
Малымды алсаң, ал қазақ!
Жанымды қой қу қазақ,
Шабдар атты шал қазақ!
Ұзын мұрт Ұзақ батыр бабамыздың кезінде қалмақты қазақтар шаппай ма, сондағы бір қалмақтың өзінің домбырасымен батыр қазаққа айтқан назы екен», – деді дауысын екпіндете әндетіп. Одан әріге:
«Мені қалмақ демесең,
Оууу мінім бар ма?
Былғарыдан жанымда қыным бар да
Ай, Оқайлым-ау, Оқайлым», – деп қалмақ жігіттің қазақ қызға ғашық болғандағы шығарған әні екен-ді айтып, бар ашық дауыспен тағы бір әндетті ағамыз. «Әлгі қазақ жігіті Дударайға ғашық болған орыс қыздың махаббаты сияқты ән ғой. Әуені де, сөзі де әдемі еді, әттең ұмытып қалыппын, бар есімде қалғаны осы екен» – деді әнді аяқтаған ағамыз өкінішті кейіппен. «Бұндағы «Оқайлым» сөзі өзінің қалмақтың тіліне келтіріп, еркелетіп ат қойғаны болуы керек» – деді қысқаша түсінік беріп.
Одан әріге де ағамыздың айналамен таныстыру шарасы өз жалғасын тауып жатты ретімен:
– Оң жағымызда елдер «түрлі ауруларға шипалық қасиеті бар» деп ішіп жүрген әйгілі емдік судың бастауы. Енді алдымызда кездесетіні Алматының Есігіндегі обаларға ұқсас төбелер жиынтығы, одан әріге Ырғайлы, қасында Көкбастау деген жер бар. Және мынау оң жағымызда Кеңес дәуірінде «Көктал қой совхозы» болып дүрілдеп тұрған кезде жаздың күні отар-отар қой қырқатын «пункт» бар еді, қатарында қойды «күпкіге» салатын жері болған. Шамамен, жүзге жуық адам жұмыс жасайтын. Әне, соның қираған жұрнағы ғана қалыпты ғой, – деді Бөкең алдыңғы жаққа қолын нұсқап. – Енді осы маңнан тура Көкталға түсіп кетуге болады, – дегенді қосып айтты. Содан қайта түзеліп отырды да:
– Алдымызда, – деді бетін солтүстік-шығысқа бұрып, тау жақты нұсқаған қалпы: – Анау тұрған Аққайқы, енді одан әріге ең шеттегі көрініп тұрған екі тау – Үлкен Баркөрнеу және Кіші Баркөрнеу, – деп таныстырды. Мен Ырғайлы сайдағы құпия жазуларды айтып едім, Молот аға Найзатапқан арасанының аңызы туралы әңгімесін жіберді.
Сөйтіп әңгіменің қызығында отырып Қоскүмбезге де қалай жеткенімізді білмей қалдық. Аралап көрдік, қайта қалпына келтіру, қоршау жұмысы өте сапалы жасалыпты. Кіре берістегі төбесі жабылған, құран бағыштауға келген кісілер дем басып отыратын арнайы орындыққа абыз ақсақалдарымыз жайғасты. Алаштың ардақты ұлдарының бірі Иген ағамыз әруақтарға арнап құран оқыды. Көпшілік бет сипап, бата жасалды. Есіктің оң жағына үстелге қойылған жеті шелпектен ауыз тиіп, балқымызбен шөлімізді бастық.
Арадағы үзілісті пайдаланып көпшіліктен бөлініп шыққан біздер Болатжан аға бастап, Молот, Әкімжан ағалар мен біршама жастар қоштап, шығысқа қарай 2-3 шақырымдай жердегі ағаның бесінші атасы болып келетін Тәттібай бабасының басына барып, ол кісіге де құран бағыштадық. Қайтар жолда Бөкең бабалары туралы естеліктер тиегін ағытты….
Әне-міне дегенше Ақжазық ауылына да келіп жеттік. Ауыл мешіті жанындағы қатымханада арнайы жайылған ас дастарханынан дәм таттық.
Бексұлтан аға бастаған, Байтұрсын, Кәдірбек, Иген, Молот, Айбын, Қанат ағалар мен ауыл ақсақалдары және Атырау, Астана, Семей, Екібастұз, Тараз, Алматыдан келген құдалар да сөз сөйлеп, шежіре естеліктер молынан айтылды. Осы асты ұйымдастырушы Амантай аға мен тәтеміз қолдау көрсетіп, көмек жасаған ағайындары мен іні-келіндерін құрметтеп әрқайсысына шапан жауып, сый-сияпат жасады.
Ас қайырылып, бата жасалған соң көпшілік, ағайын туыстар тысқа шығып естелік суреттерге түсіп жатты. Мен осы бір оңтайлы сәтті пайдаланып, бүкіл қазақтың абыз ақсақалы атанған Бексұлтан ағадан бүгінгі игі шара мен Үсен болыс туралы сұхбат алуға ұмтылдым. Қойылған сұрақты мұқият тыңдағаннан кейінгі абыз ақсақалымыз шешіле сөйледі.
– Суан Солтанғұл Үсен болыс болып 1912 жылы 22 маусымда Үйгентастың Беліндегі сайлауда сайланған. Ауыл ақсақалдары «Үсен болыс, Үсен болыс» дейді, «Сол болыстығы рас па?» деп мұрағаттан қарадым. Тауып алдым. Өзі ол кезде 40 жаста екен, жазулы тұр. Шыныиев Үсен болыс болған, қасында қанша адам болған, бәрі. Мынау Үйгентастың Белінде өткен сайлау – Белжайлауда. Содан сол Үйгентастың Белінен сонау Орбұлаққа қарай үлкен саз бар. Өзі біздің Белжайлауда үш саз бар: Үлкен саз, Стамшалдың сазы, Аяқ саз.
Осы Үлкен сазды «Үсен саз» дейді. Себебі, ол кісінің жылқы байлап отыратыны сол Үлкен саз болған. Сол Үйгентастың белінде, сол жердің шөбінде бір кілем сияқты ерекшелік бар және былқылдап тұрады. Биік болып өспейтін аюжүн шөбі, жайып қойған кілем сияқты құлпыратыны және бар. Сонда Үсен болыс үйін, ордасын тігіп отырады екен. Әкесі Шыны би, атасы Өтеген деген кісілер болған. Бізбен аталас, бәріміз Солтанғұлдың Тайлақ атасының ұрпағымыз.
Біздің бала күнімізде Ақкүмбез еді, қазір Қоскүмбез аталатын Өтеген мен Шыны би аталарымыздың күмбезін осы Үсен болыс атамыз салдырған екен. Үсен болыс атамыз 1921 жылы ауырып қайтыс болған. Ол кезде Кеңес үкіметінің кезі. Атам айтып отыратын, күмбездің басында айшығы болатын деп. Кейін Кеңестік комсомолдар мылтықпен атқылап, сындырып, ішіндегі баспалдағын алып тастап мал қора жасап, берекесін кетірген заман болған.
Енді құдайға шүкір Амантай айналасын жаңалап, қоршауын жөндетіп, қайта қалпына келтірген соң аталарымыздың әруағы риза болсын деп келген жайымыз бар, – деп сөзін бір түйіндеп алған Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржекеұлы лебізін әрі қалай жалғады.
– Әскерилер картасында бұл жер «Усен» деп белгіленген екен. Бірақ, олар оны білмейді, түсінбейді де. Көптеген сұрау салса да еш жауап таба алмаған ғой. Себебі, осы Қоскүмбездің оңтүстігіндегі Ақжазық ауылының желкесінде әскери полигон бар емес пе. Жақында Амантайлар қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатса, карталарын алып әскерилер келіпті:
– Аға мына «Усен» деген сөз нені білдіреді, түсіндіріңізші, – деп.
Оларға Амантай:
– Ой, ол біздің атамыз! Үсен болыс атамыз осы жерге жерленген, – деп жауабын беріпті.
– Ой, жақсы болды ғой, «Үсен» деп айтады, бірақ ешкім ештеңе түсіндіре алмайды, – деп әскерилер мәз болып қуаныпты.
Бастарын қатырған бірауыз сөздің мән-мағынасына қанығып, нақты жауабын алған әскерилер де разы болып аттаныпты.
Енді кезінде атақты адам болған ғой. Үсен болыс атамыздың ең ерекше қасиеті – өте байсалды адам болған екен. Сол кезеңде біздің руда өзара бір жанжал шығып, арада бала өлімі болып, жақын ағайындар бір-бірін көрместей болған. Сонда сол ағайындарды біріктіріп, татуластырған осы кісі болыпты. Содан әділдігімен, білімділігімен және сөзге жүйрік шешендік қасиетімен бірге ата дәстүрге беріктігімен аты шыққан. Осындай жақсы қасиеттерін мойындаған халқы сыйлап, құрметтеп, кейін болыс сайлаған.
Дәл осындай сегіз бұрышты күмбез мынау көршілес Кербұлақ ауданында да бар екен. Осы күмбездер менің ойымша бір шебердің қолынан шыққан сияқты, – деген болжалды кейпімен абыз ағамыз сөзін аяқтады.

Ендігі сөз кезегі нағашы аталарының күмбезінің басын көтеріп, қоршауларын қалпына келтіріп, әруақтарға арнап ас беріп жатқан ел азаматы, танымал кәсіпкер Амантай Көдеков ағамызға келген еді. Қойылған сұрақты мұқият тыңдаған ағамыз сәл ойланып алып әңгімесін бастап кетті.
– Аталарымыз жоғарыда Бексұлтан аға айтып кеткендей Солтанғұлдан тараған төрт ағайынның ішіндегі Тайлақтан – Доржы, Өтеген. Ал, шежіре бойынша айтар болсақ Өтегеннен жеті бала бар. Нағашыларым Доржының ұрпақтары және де неге екенін қайдам, күмбез Өтеген мен Шыны би аталарымызға тұрғызылған. Соған қарағанда Өтеген бабамыз мықты кісі болған көрінеді. Өтегеннен Шыны би шығады, енді ол баласы ма, ағайыны ма ол жағын анық білмеймін. Одан бұрын Солтанғұлда Досқара деген кісі би болған деседі. Қазір осында бізбен бірге жүрген, жеке тері илейтін зауыты бар кәсіпкер ініміз Нүптекеев Нұрман Батталғазыұлының аталары.
Сол Досқара би атамыз өзінен кейін Шыныны би сайлап кеткен екен. Ал, Нұрмандар Шыныдан тарамайды. Шыныдан – Асан, Үсен деген егіздер және Қасен, Қасымжан. Осылардың ішінде Үсені 1912 жылы болыс болып сайланғаны да жоғарыда жазылды. Арада 5 жыл өтер-өтпестен Кеңес үкіметі билікке келді емес пе?! Сөйтіп, болыс атамыз тәркілеуге ілігіп, большевиктер бар малды тартып алады. Қарсы шықса итжеккенге айдайды.
Содан не керек мынау Қайшының Белі ежелден Солтанғұлдардың қыстауы, ал, анау арғы жағындағы Аққайқы, Баркөрнеу жайлаулары. Сол маңда «Үсен сай» деген сай бар, сонда «Көрмегенім Совет өкіметі болсын» деп қуғында жүріп, 49 жасында ауырып қайтыс болады. Яғни, 1921 жылы, сөйтіп Үсен болыс атамызды осы Қоскүмбездегі Өтеген, Шыны би аталарының қасына жерлейді.
Үсеннен – Әбіләкім, Әбдібек, Алтын деген қыз және Анарбек. Болыс атамыз балаларының бәрін оқытыпты, әуелі Әбдібекті орыс мектебіне беріп сауат ашқызған. Тағы бір қызығы балаларының бәрі коммунистке өткен ғой. Әбіләкім әкеміз осы өңірге келген алғашқы темір доңғалақты трактордың мықты маманы, озаты болыпты, сол үшін броньмен соғысқа жіберілмеген. Әбдібек атамыз Қоғалыда комсомол комитетінің бірінші секретары болған. «Заманына қарай адамы» дегендей, сол бірге жүрген таныстары, жақындары түрткілеп «Байдың тұқымы!», «Әкесі болыс болған!» деп шағым түсіреді. Одан жиналыс болып «Әкеңнің болыс болғанын жасырғаның үшін» деп қатаң сөгіс беріп, комсомолдан шығарады.
Осынау бір жайсыз жағдайдан кейін жақындарынан қатты көңілі қалған Әбдібек әкеміз үй-ішімен Нарынқол жақтағы нағашыларына көшіп кетеді. Себебі, шешеміз де Албанның бір атақты байының қызы еді. Сол жаққа барып «Заготконтордың» директоры болып қызмет жасайды. Сонда жүріп Фин соғысына алынады да, Буденныйдың кавалериясы қатарында майор шенінде соғысқа кіріп, содан қайтпаған.
Ал, Үсен болыстың үшінші баласы болып келетін қызы – Алтын, менің әкем Суан ішіндегі Қошқар атасының ұрпағы Үмбетбек Көдековке тұрмысқа шыққан. Әкем колхоз төрағаларын дайындайтын арнайы жеделдетілген курсты бітірген. Келген соң алғашқы қызметін Үшарал колхозының председательі болып бастаған. Содан – Ақжазық, Сәтжол, Еңбекші ауылдарында басшылық қызметте болып, кейін өзінің Қошқарларының ауылы Әулиеағашқа төраға болып тағайындалған. Сөйтіп, атақоныста үй-жәй салып тұрақтап қалады.
Үсен болыстың кенже баласы Анарбекке келсек, ол кісі де ер-азаматтар қатарында Ұлы Отан соғысына аттанған. Сталинград шайқасына қатысқаны туралы архив құжаттары мен орден, медальдары сақталған. Аталмыш Сталинград түбіндегі қанды шайқастың бірінде ауыр жараланып, денсаулығы жарамсыз деп танылып елге қайтарылады. Жолай Шапыраштының Маржан атты қызымен танысып, үйленіп, шешемізді ауылға алып келеді. Маржан шешеміз Ораз Жандосовтың Сұлтан, Сыдық есімді жақын ағайындарының қызы еді. Сұлтан мен Сыдық соғысқа кетеді да, Ораз Жандосов «Халық жауы» болып ұсталып кеткен соң, бұл әулет те қызылдар үкіметінің қуғынына ұшыраған ғой.
Естеріңізде болса анау жылдары Алматы облысын басқарған Аңсар Мұсаханов деген әкім бар еді ғой, ол да біздің Маржан шешеміздің жақын аталас туысы болып келеді. Оның аталары Кеңестік қуғын-сүргінде қырғыз асып кеткен екен. Сол жақта қырғыздың қызына үйленіп, жанұялы болып қайтып оралады. Ал, олардың етжақыны республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде он неше жыл редактордың орынбасары болған, бар қазаққа танымал тұлға Балғабек Қыдырбекұлы ағамыз. Бұлардың бәрі Шапыраштының ішінде – Асыл, одан беріге Әжіке атасынан тарайды.
Анарбек әкеміз өзі қолынан өнер тамған, музыка аспаптары болсын, небір заттарды қолдан келістіріп жасайтын өте шебер адам болған екен, – деді ойлы жанарын бір нүктеге қадаған Амантай ағамыз. – Ықылым заманнан бері ата-баба әруағына тәу етіп, құрметтеп өскен ұлттың ұрпағы болғандықтан, ата дәстүрімізге сай нағашы жұртымызға арнап ас беріп жатқан жайымыз бар інім, – дегенді қосып сөзін аяқтады.
«Үйдің жақсы болмағы – ағашынан, жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» деп халық даналығында айтылғандай, Амантай ағамыз сөзден гөрі іске бейім, ұқыптылығында шек жоқ, алдыға қойған мақсатына жетпей қоймайтын жігерлі жан. Бұған дейін де Үсен болыстың әйелі Тайша әжесінің де басын көтеріп, мазарын салды. «Баталы ер – арымас» деп қазақ атам айтқандай ас беріп, үлкендердің батасын алды. Сондай-ақ, Әулиеағаштағы қарашаңырақ болған көне үйді бұзғызып, заманауи жеті бөлмелі әдемі үй салып, ағайынның да құрметіне бөленгені және бар. Мінекей, қарап отырсаңыз әрбір ісі кейінгі өскелең ұрпаққа, ағайынға өнеге болып жатқан абзал әке, ел азаматы Амантай Көдеков ағамызға осындай игі істері үшін мың алғыс!
Бабалар рухына бағышталған алқалы ас бітіп, ағайынмен қоштасқан қонақтармен бірге Жаркент қаласына апаратын қара жолға түстік. Кешкі қонақасы дастарханы қаламыздағы Әкімжан ағамыздың «Медет» мейрамханасында өз жалғасын тапты.
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Q-Andas ақпарат.











