НҮПТЕБЕКТІҢ АСЫ
Іскер кәсіпкер Нүптебек Сасанұлы 1876 жылы Бұраталада туған. Ол ержетіп, атжалын тартып мінгеннен бастап, жұртты жаңа өмірге бастауға құлшынады. Сонымен Құлжа қаласындағы ірі саудагерлер Үсейінбай, Сейсеражы, Жақыпбай сияқтылармен барыс-келіс орнатып, Құлжа қаласынан тауар алып шығып, Күнес сахарасында көшпенді сауда жүргізеді. Бірте-бірте сауда көлемі артып, таситын тауарларының саны да көбейе түседі. Сонымен Талды, Телғара, Ақөзендегі Қарабұлақтың бойына ағаштан дүкендер салады. Сонымен қатар Әбдіқадыр, Сапа, Құсайын, Мұқан сияқты адамдарды көтерме (бөлшек сату) сауда үйретеді. Кезінде Нүптебектің 50-ден артық көтерме саудагері болыпты. Тауарларын ақшасы барға ақшалай, ақшасы жоққа малмен айырбас жасап отырады. Сондай-ақ, сахарадағы елдің жүн-жұрқа, тері-терсегін Құлжа қаласына апарып саудалап, елдің экономикалық жағдайын көтеруге барынша күш салады.
Сауда саласындағы істері ретке түскеннен кейін егін шаруашылығымен де айналыса бастайды. 1916 жылы Құлжа қаласындағы бай саудагерлер арқылы Қазақстаннан Ақсайс соқасын алдырып, талды жазығынан тың ашып, бидай, күріш, тары егеді. Талды өзеніне су диірмен, оның жанына астық сақтайтын қамба салдырады. Қамбаның жертөлесіне тері өнімдерін, бірінші қабатқа егін өніндерін жинап, сақтайды. 1917 жылы Бестөбе жазығынан тың ашып, Сіләмжан, Әшімақын, Иманқұл сияқты адамдармен бидай, тары, қыша егеді. Сұйық май тартатын зауыт, тары өңдейтін зауыт, сок тартатын зауыттарды орналастырып, өнімдерін Жұлдыз асырып, моңғолдарға, көрші аудандарға саудалайды. Исабек, Байбақыр сияқты адамдарға қазақ үй жасатып, оны да базарға салады.
Нүптебек Күнес өңірінде тұңғыш рет бордақылау алаңын салдырған кәсіпкер. Жыл сайын 200 өгіз, 500 қойды бордақылап отырған. Мал азығы үшін жоңышқа салдырып, арпа ектірген. Күредегі Сұлтан уәйіс мазарын жеміс ағаштарының көшетін алдырып, Күнес жазығынан жеміс бақшасын өсіреді. 40 гектар аумақты алып жатқан жеміс бақшасының айналасын үш қатар қара ағашпен қоршап, оның ішіне түрлі жеміс ағашын ретімен егіп, адамдар демалатын алаңқайлар жасайды. Бақшадағы жемістерді бірімен бірін будандастырып, жаңа сорттар шығарып отырған. Асыл тұқымды мал өсіруді де Күнес алқабында Нүптебек алғаш қолға алды десек, артық айтқандық болмайды. Ресейден Қуақан және Көк деп аталған екі айғыр алдырып, моңғол жылқысынан бірнеше айғыр әкеліп, қысырақ матаған. Сөйтіп Іле жылқысының жаңа түрін шығарады. Жылқыларды бараң және қылаң деп екіге айырып бақтырған. Тері өндеу зауытын салу ойымен Ырыскелді деген жігітті бір жыл Құлжа қаласындағы Үсейінбайдың тері зауытына жіберіп, барлық техниканың қыры мен сырын үйретіп, 1915 жылы 15 ауызды ағаш үй салып, тері өңдейтін 12 құдық салып, әр құдыққа 600 данадан тері салып, жұмыс бастайды. Тері зауытының жанына су күшімен жүретін құрылғы орнатып, оған тал, қарағай, рауғаш сияқты бояуларды салып талқандаған. Мал сүйегінің, қайыңның майын тартып, бояққа істеткен. Терінің пұшпағын, теріден қырып алынған шелдерді қайнатып, желім жасаған. Тері зауытының жанынан астық және тері өнімдерін сақтайтын қамба жасатып, теміршілікпен, ағашпен айналысатын шеберхана салған. Киім тігетін цех құрып, ол жерде түрлі киім-кешек тігілген.
Міне, осылай көшпелі тұрмысқа еті үйреніп қалған ауылдастарын біртіндеп отырықтанған өмірге бейімделуге жетелеп отырған кәсіпкер азамат 1923 жылы 47 жасында безгек ауруынан қайтыс болады. Нүптебек қайтыс болғанда інісі Еркінбек, Жайырбек үшеуінің малы 17 мың басқа, оның ішінде жылқы 7 мың, ірі қара мен қой 10 мың бастан асқан.
1924 жылдың 22 маусымында Нүптебек Сасанұлының асы өтті. Оның асын 1917 жылы өткен Төйекенің асынан асырып өткізу үшін інілері Еркінбек, Жайырбек, Мақсұттар барынша күш салды. Төйекенің асына 300 жылқы, 500 қой сойылса, Нүптебектің асына 500 жылқы, 700 қой союды жоспарлайды. Алыстан келетін қонақтарға 200 үй тігіліп, әр үйге он адамнан орналастырылады. Қонақасы үшін екі үйге бір бие, әр үйге сойысқа бірден қой, бір қадақ шай, екі бұт үн, жарым бұт күріш бөлінеді. Әр үйге үші жігіттен күтуші бекітіліп, екі үйге 20 бие байланып, сусын дайындалады. Астағы тыныштықты қорғау үшін ас өтетін Бесағаш бастауының екі жағына 20 қазақ үй тігіліп, оған Іле генералы жіберген 20 солдат орналастырылса, бұлақтың аяқ жағына 20 үй тігіліп, Торғауыт ханы жіберген 200 әскер орналастырылады.
Асқа жан-жақтан 2500-ге жуық қонақ келген екен. Оған бүкіл Қызай елімен қатар Жұлдыз торғауытының ханы шақырлады. Астың алғашқы күні құран оқи келген құда, жұрат және үзеңгілес байлар бәйгесін өздері шығарып, бірінші күні үш рет шағын ат бәйгесі оздырылған. Мұны «Оқырат шабысы» деп атаған. Бірінші ат шабыс жер ошақ майлау ат шабысы, екінші, үшінші ат шабыстар бата оқып келушілердің ат шабысы деп аталды. Торғауыттың хан-кегені әскери аты мен өнерпаздары ойын көрсетеді. Екінші күні жамбы ату мен балуан күрес болды. Ең бәсекелесті балуан күресі қазақ пен моңғол балуандары арасында болды. Шаһар моңғолдарының Бұлғын, Жігімен деген амбалдары (мансап аты) әкелген атақты «Ноқталы» палуанға батынып, ешкім майданға шықпайды. Сонда моңғолдар «»Күреспей бәйге берсін» деп дау шығарады. Сол кезде онымен қазақ балуаны Шеру Әбділда күресуге өтініш білдірді. Шеру Әбділда екі ұлт көрермені алдында қалмақтың Көкбұқасын жығып кетіп бас бәйгені алады.
Осыдан кейін жамбы ату басталады. Биіктігі 4 метр ағашқа керме керіп, керменің ортасына қара шүберекке түйілген жамбы байланады. Мергендер жамбыны 200 метр қашықтықтан ату керек. Әр мергенге 3 минут уақыт және екі мәрте атуға рұхсат беріледі. Қазақ мергендері жамбыны атып түсіре алмай, торғауыттың мергені жүлдені жеңіп алады. Оның ертесі ат бәйгесі Күнестің кең жазығы Аралтөбеде болатын болып, асқа жиналған халық Шақпыдан Күнеске келді. Бәйгеге қатысқан 140 аттың қайтатын жері Аралтөбенің төменгі жағындағы Қарағайлысу, ал тоқтайтын жері Нараттың Байынжүрегінің оң жағындағы Бәйге төбе. Жалпы ұзындығы 35 шақырым. Ат бәйгесінің тәртібі қатаң сақталды, әскерлер екіге бөлініп, бір бөлігі ат шабыстың, қалғаны елдің тыныштығын сақтады. Бас бәйгеге 100 жылқы тігіліп, Нүптебектің алаяқ аты, 2-аттың бәйгесіне 100 қой 30 былғары тігіліп, Аққозы Түсіптің торы аты, 3-аттың бәйгесіне 1000 теңге 25 былғары беріліп, Солтанкелді Қонысбай Тұрғанбайдың ала аты бәйгені ұтып алады.
Аста Дәрубай ақалақшы Тілеуберді – Қожағұл – Құттымбет Ырғынбайды сабап қойыпты. Бұны көрген Кәдірсіз болыстың баласы Жүмәділ мампаң Дәрубай ақалақшыны сабап, соның аяғынан Тәңірберді, Тілеуберді руы арасында үлкен жанжал шыға жаздап, араға кісі түсіп, әзер басыпты.
Әрине, қызай елінде естен көтеріліп, ескірген, арлы-берлі үркін-қорқын жылдарында ұмытылған дабылалы астардың көп болғаны анық. Бірақ біздің қолымызға түскен деректер осы ғана. Иә, 1880 жылдары қызайлар азып-тозып, малы жұтап, адамы қажып Ілеге ауса, жарты ғасыр өткенде осындай ірі астар беріп, алыс-жақынға өздерінің байлығын көрсетті. «Елу жылда ел жаңа» деген осы болса керек.
Дереккөз: Тарих талғарында [Мәтін] : (Тарихи зерттеулер, эссе, мақалалар) / А. Омарақын- Талдықорған : [б. ж.] , 2022.– 500 дана . – ISBN 978-601-7865-39-9 (1-т.), ISBN 978-601-7865-36-8 1-том .– 287 б., суретті .
https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657755
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі
Жалғасы бар…











