Табиғатты сүйетіндер, экстремалдар, өлкетанушылар, натуралистер, альпинистер үшін табылмайтын таңғажайып жер. Демалуға келген қонақтар Будда артефактін, Бұрқанбұлақ сарқырамасын, Әулие тасты, таңғажайып жайылымды көріп, таза табиғатта тыныстап қайтады. Осы арада керемет бір тыныштық, әсемдік пен үйлесімділік орнаған. Таулар алысқа қол созып, алып ағаштар тізіліп, даланың көк шалғыны жайқалып тұр. Мыңжылдық, тіпті одан да арыдағы табиғат сырын тамырынан жұлынып, сұлап жатқан қарт қарағайлардан ұғынасыз. Жалама жартасқа жаңғырыққан дыбыстар мен сарқырап аққан өзен гүрілінен құлағың тұнады.
Бұрқанбұлақ сарқырамасы Талдықорған қаласынан 100, Текелі қаласынан 55 шақырым жердегі Жоңғар Алатауының аса бір шұрайлы жері Қора өзенінің шатқалына орналасқан. Алайда, оған жету үшін күтпеген қиындықты бастан өткеретініңіз анық. Негізінде, Бұрқанбұлақ сарқырамасына баратын екі жол бар. Текелі қаласы арқылы өтетін күре жолмен жүрсеңіз, бойына тарих белгісін жинаған алып қара тасты көресіз. Таста бейнеленген дүниелер Будда дініне қатысты деп пайымдауға әбден болады. Археологтердің жазып қалдырған деректерінде тастағы таңба орта ғасырдан қалған жәдігер деп есептеледі. Үлкен тастың жылтыр, өзенге қараған бетінде ескіден қалған сызбалардың ізі әлі де көзге көрініп тұр. Тастың биік төбесінде су қағы тұратындай қазан шұңқыр бар. Онда үнемі су толып тұрады. Алайда, бұл бағыттың жолы жер көшкіні салдарынан бүлініп, жүруге келмей қалған.
Екінші бағыт – Қапал айналып, Қызылжар асуы арқылы баратын кедір-бұдыры көп жол. Тек жол талғамайтын көлік болмаса, асудан асу мүмкін емес. Бұрындары Көксу өзенінен өтетін көпір болмаған кезде, малшылар малды жайлауға осы асу арқылы айдаған. Жуырда өлкетанушылар мен географтар және тарихи-мәдени мұраны қорғаушылар бұл асуда 300 жыл бұрын қазақ-жоңғар арасындағы Қызылжар шайқасы болғанын анықтап, белгі қойды. Қора шатқалынан өрлей келген жауды 100 сарбаз осы жерден бір жеті өткізбей ұстап тұрыпты. Асудың жолы қорғаныстық шайқас жүргізуге қолайлы екені көрініп тұр.

Қора шатқалында талай ғалымдар мен оқымыстылар зерттеу жұмысын жүргізген. Орыстың белгілі биологі В. Шитников 1908 жылы осы жерден әлемнің еш жерінде кездеспейтін бақа балықты (тритонды) тапқан. Бұл балықтың емдік қасиеті ерекше. Оның кептірілген ұнтағы сыныққа мың да бір ем. Биологтің «Жетісудың жануарлар дүниесі» атты еңбегінде мұнда құстардың 465-470, сүтқоректілердің 115-120 түрі бар екені айтылған. Айнала сан түрлі шөпке толы, көбісі – дәрілік шөптер. Мен шайшөп, адыраспан, изен, көкпек, таңқурай, бүлдірген, таужуасы, қалақай сияқты 30-ға тарта шөпті біледі екенмін.
Қора шатқалының күнгей бетіндегі жалама жартастарды тұтас бір галерея дерсің. Қаз-қатар тізілген қарағайлы алқап пен көкорай шалғынға аунап, таза ауамен тыныс алып, сарайың ашылады. Қыстағы қар көшкіні сай тағанына түсіп, қалың мұздық қалыптастырған. Қаратал өзені мұздықтың астынан ағып шығып жатыр. Жергілікті жұрт оны «Мұз көпір» деп атайды екен. Мұз көпір шатқалдың әр тұсынан кездеседі. Тау салқын болғандықтан сірескен мұз жаз бойы ерімейді.
Қажет Андас,
«Q-Andas» ақпарат агенттігі.
Дереккөз: ӨТКЕНІ ЕРЕН, КЕЛЕШЕГІ КЕНЕН ЕРКІН/(Тарихи-танымдық кітап)
/Қ. Андас/ Талдықорған. «Офсет» баспаханасы, 2023. – 320 бет
ISBN 978-6017646-45-5











