«Жетісу» өлкетанушылар орталығы Қоғамдық Бірлестігінің» Жаркент жеріндегі зерттеушісі Қали Тұрдығазыұлы мен осы бірлестіктің белсенді мүшелері – Базархан Жекебаев (Атамаекен ауылы), Сатыбалдиев Тоқтасын (Сарыбел), Рауан Нұрдаулетұлы – Талды (Лесновка) ауылынан. Көктемнің алабұлтты ауа райына қарамастан, жолға керекті құралдарымыз бен шағын азық-түлігімізді алып Атамекен ауылынан солтүстікке қарай, көгілдір көк зеңгір болып мұнартқан Жетісу Алатауына қарай жолға шықтық.
Рауанның жол талғамайтын «Джип» көлігі көне сүрлеудің ойлы-шұңқырын елемей-ақ құйғытып келеді. Алдымызда жағалауы жарқабақтанып ұзақтан-ұзаққа көлденеңдеп жатқан, аңқасы кеуіп құрғаған бірнеше өзен ардаларынан да еш қиналмастан өте шықтық. Жол-жөнекей әңгіме тізгінін ағытқан Базекеңнің қызықты әңгімесі жолымызды қысқартты.
Ағамыздың айтуы бойынша: «…Кеңес заманы жылдарындағы осы Атамекен ауылынан оңтүстігіндегі құм арасынан төңкерілген қазанға жолығып, оны ашқан кезде астынан жылан шығып қалай қорыққанын, одан әріге сол жерден киізге оралған сары түсті алтынға ұқсас табақтар мен көне қытай ақшасын тауып алған ауылдасының хикаясын» тамылжытып айтып берді.
Көлік терезесінен ескен ерте көктемнің салқын ауасы жаныңды жадыратса, сырттағы айнала қоршаған тамаша табиғаттың жасыл ала жамылғысының сарғалдақ гүлдермен әдемі астасқан көрінісі де көз сүйсінтеді.
Беталысымыз осы Атамекен ауылынан тауға қарай шамамен 20-30 шақырымдай жердегі «Күпкі» деген жер. Кеңес өкіметі кезде Калинин ұжымшарының (колхоз) отар-отар қойларын күпкіге түсіретін орны болған екен. Шатырлары жоқ, қабырғасы мүжілген аралары онша алыс емес салынған қой қоралары мен аңғай-даңғайы шыққан ескі үйі бар көне қыстау. Бұл жердің атауын Желді сай мен Рай сайдың ортасы-деп атапты ауыл жұрты. Кезінде сарқырап аққан тау өзенінің жағасына орналасып, таудың таза ауасы мен айнала әсем табиғатқа бай, ата-бабаларымыздың өте бір жанға да, малға да жәйлі жұмақ мекені болғаны көрер көзге көрініп-ақ тұр.
Арданың екі жағы шығысқа қарай биіктей беретін шағын тепсеңді жазық. Арғы беткейдегі жазық тау етегіндегі биік төбелерге ұласып жатыр. Ал, бергі оңтүстік жағы керісінше екі жақтан келіп үйіскен тау етегінің сілемдерімен еңістеп барып ортадағы атшаптырым өзек арқылы сай табанындағы Атамекен ауылы орналасқан жазықпен жалғасады. Екі жақта да арда бойын жағалай батыстан шығысқа қарай созыла орналасқан көне обалар.
Обалардың көлемдеріне келсек, шамамаен диаметрі 7-8, 8-10 метрді құрайтын сырты тегіс майда тастармен ені 1 метрдей шеңбер жасай көмкерілген. Ал, дәл ортасында шағын болып үйілген ірі белгі тастары (мүмкін кезінде балбал тастары қойылған да шығар) жоғарыдан қараған жанға жердегі күннің бейнесін, яғни, дөңгелек ішіндегі қара ноқатты елестетін көне қорымдар.
Мұнда келу себебіміз, осында сол Кеңестік кезеңде шамамен өткен ХХ ғасырдың 80-90 жылдары аралығы болса керек. Колхоздың қойына үлкен қора салмақ болып, сол «Күпкінің» шығыс жағындағы биіктеу тепсеңнің үстінен жер белгілейді ғой. Бірақ, айнала толған көне дәуір обалары екендігі ешкімнің де қаперіне кірмеген.
Содан трактормен бір обаның дәл төбесіндегі ірі тастарды алып қазу жұмысын бастайды. Жұмысшылар жарты метрдей қазған соң үлкен жалпақ тас шығады. Сырт пошымы балбал тасқа ұқсас. Бетінде жазу, шимайы бар. Жұмыс бірден тоқтатылып ұжымшар бастығына хабарланады. Олар келіп көреді де, әруақты жердегі жұмысты бірден үзілді-кесілді тоқтатады.
— «Содан не керек сол тас әлі күнге сонда жатыр, сурет пен жазуды ешкім оқи алмады. Біздің кириллицаға, латынға да, арабшаға да келмейді екен…» – деп, Базархан аға айтқасын менің көңілім бірден ауды. Көкейімнен кетпей қойғасын, телефон соғып:
— Мен көлік табайын сол жерге бастап барсаңыз – деп, ағаға қолқа салған едім.
Базекең:
— Жарайды, апарайын – деп, келісе кетті.
Сөйтіп, ел мен жердің өткен тарихы мен шежіресіне деген таным-түсініктері терең, ата дәстүр мен ұлтқа деген жанашырлық, сүйіспеншіліктері жоғары Тоқтасын мен Рауанды тарттым. Олар да бірден келісе кетті. Сөйтіп, туған жер төсінде өлкетану бағытында тарихи ескерткіштерге саяхат жасап келген шағын командамыздың құрамы осылай.
Алғашқыда саяхаттың, көне ескерткіштер мен заттарға қатысты әңгіменің қызуымен арданың арғы бетіне өтіп кетіп «Бірліктің базысының» қасындағы жазыққа бірақ тоқтадық. Айнала бір шақырымға жуық аумақтан «жазуы бар тасты» іздеп екі сағаттай жүріп қалдық. Еш нәтиже жоқ, ұнжырғамыз түсіп кетті. Базархан аға:
— Осы маңда болу керек. Дәл қай жер екенін мен де анық білмеймін – дегенде, не дерімізді білмей үнсіз қалдық.
Күн болса бұлттанып тау аңғарынан салқын самал уілдей соғып, айналаны қалың тұман басты. Шығыс жақтағы тау етегінен айналып, еңістей келе батысымыздағы арданың жар қабағына келіп бірақ тірелдік. Сол маңда тұман арасынан мал қайырып жүрген малшы жігітті шақырып жөн сұрап едік. Ол:
— Бұл маңнан ондай жазуы бар тас көрмегенін айтты.
Тіптен көңіл-күйіміз нашарлап кетті, ауа райы болса мынау, Шамалыдан соң сіркіреп жауын жауа бастады. Ағамызда да үн жоқ, темекіні бірінен соң бірін тұтатады…
— Бұл қалай болғаны, ағасы – деп, айтуға именген бізде де тіл жоқ.
Сөйткеше болмай, жердегі күн шеңберіндей болып тізілген оба тастарынан 10 метрдей тұрған менің де аяқ астымда 3-4 қатар тізілген тастарға көзім түсті. Міне қызық, бұл тастар шеңбер емес, үйдің іргетесы секілді түп-түзу қаланыпты. Мен дәл бұрышында тұр екенмін. Дереу Тоқабайды шақырдым да:
— Құда, бұған дейінгі мен көрген обалардың бәрінде шеңбер болып менгир тастармен қоршалушы еді. Мұндағы оба тастарының сыртқы қоршауы төртбұрышты болып тізіліпті. Бірінші рет көруім, қанеки қанша метр екенін санап жіберейік дедім. Екеуіміз екі бағытта адымдап санай жөнелдік. Мен келесі бұрышқа дейін санағанымда 33м болды, одан Тоқаңнан сұрасам ол да 33 адым деп тұр.
Міне, қызық! Демек, диаметрі 8-10 м болатын обаның сырты 33х33 метр болатын тік төртбұрышта, 3-4 қатар болып сырты тегіс майда тастармен қоршалыпты. Бұл тосын жаңалық мен үшін бір қуанышты жағдай болды. Жақсылап жадыма ойша түйіп қойдым.
Қой түскі шәйімізді ішейік деп көлікке беттедік. Бағымызға қарай ұялы телефон байланысы жақсы ұстайды екен. Шәй үстінде, ауылға хабарласып, жазуы бар тастың жобалап болса қайда жатқаны туралы хабар алдық. Алыс та емес, тура біз түстеніп отырған жердегі арданың қарама-қарсы беткейіндегі тепсеңнің үсті екендігін біліп, кішкене болса да көңілімізге үміт оты ұялағандай болды.
Әлденіп алып, келген жағымызға қайта қайтып ардадан өттік те, көне базының қасына көлікті тоқтатып, жаяу іздеуге кірістік. Жауын да күшейіп, сіркіреген қалпы шелектеп құйып тұр. Базархан ағаның айтуы бойынша Тоқтасын үшеуіміз араларымыз 15-20 қадамнан арақашықтық сақтап, шығысқа қарай шеп түзеп іздеуді бастадық. Бір тепсеңнен асып, екінші тепсеңнің үстіндегі жазықтан таптық-ау, әйтеуір. Алғаш көрген Тоқтасын болды, одан Базкең екі қолын көкке көтеріп:
— Әй, табылды-ау, сендерден қатты қысылып кетіп едім…-дейді, уайымын жасырмай..
— Оңай ма, сонша жерден бастап келіп, мынадай суықта – деп, тасқа қараған қуанышты жүзімен дауысы саңқылдап ағынан жарылды.
Үстіміз малмандай су, оған қарап жатқан біздер жоқ. Тоқабай бірдемнің арасында тастың бетін әдемілеп сүртіп тазалап жіберді. Дереу, телефонды алып суретке түсіруді бастадым. Алғашқыда, шимай-шатпақ сурет пен таңбаларға қарап түкке түсінбедім. Расында ешбір әліпбиге ұқсамайтын, бедерлер. Сәл жоғарыда айдың суретінің сұлбасы байқалып тұрғандай. Тоқабай бірден:
— Арабша жазу екен, әне айдың да суреті тұр – деді.
Мен, әрі-бері қарап:
— Әй ұқсамайтын сияқты – дедім, екі ойлы қалыпта.
Жолай шахмат тасындай кезекпен орналасқан алты обаны да суретке түсірдім. Жерде жатқан күннің бейнесінен аумайды жарықтықтар. Біреуінің диаметрін Базкеңе адымдатып өлшетіп едім 7 м болды. Қалғандары одан ірі болмаса ұсақ емес. Үстімізден сорғалаған жауын суына қарамай, көтеріңкі көңіл-күймен көлікке келіп жайғастық. Рауан көлікті оталдырып, қайтар жолға түстік. Үйге қарай бет алып бірқалыпты баяу жылжыған көлігімізбен жер бауырлаған қалың тұманның құшағына еніп келеміз…
Алдыңғы орынға жайғасқан Базархан аға көңілі жәйланып, жүзінен қуаныштың лебі ескені сондай, өзіне-өзі риза кейіпте баппенен темекісін тұтатып алды да көк түтінді құмарлана бұрқыратты. Бағанағыдай емес бәріміздің де әжептәуір көңіліміз көтеріліп бір сергіп қалдық. Әңгімеміз де жарасымды, қызықты ма қалай, өзі…
Мен вацапты аштым да төте жазуды аударумен айналысатын журналист Қажет Андасқа бізге беймәлім жазудың суретін жібердім. Одан:
— Бұл араб графикасы емес, көне Түркі жазуы деген жауап келді.
Ендігі кезекте түрколог, Алматыда тұратын ғалым Сәкен ағаға (Нурбеков Сакен Жуманович, к.ф.н. доцент КазНУ им. Аль-Фараби) да вацаппен құпия жазудың суретін жіберіп, ақыл-кеңесіне жүгінуіме тура келді.
Жолай, әңгіме арасында:
— Иә, жазуымыздың түп-тегі әзірге белгісіз… Бұл жазуымыз менің ойымша көне үнді жазуларына келетін сияқты. Ежелгі Үндістанда санскрит жазуы болған, соның арғы-бергі жағы ма екен- дедім.
Тоқабай бауырым, біртүрлі аңтарылып қарады:
— Не айтып отыр..?! – дегендей, көзқараспен.
Ұзақ сарылтпай Сәкен ағадан да жауап келді. Ағамыз өз кезегінде:
« — Әрине, Қалеке!.. Мынау тапқан олжаңыз бір жақсы дүние екен. Бір өкініштісі көп уақыт өтуіне байланысты тас бүлінген, соның әсерінен жазу да көмескі тартыпты. Бұндай заттарды мықты аппараттармен суретке түсіріп, тереңдете зерттеген абзал. Және де бұл жазудың көне Түркі жазуы болуы әбден ықтимал. Себебі, сіздердің Жаркент өңірі, Қоғалы маңайы мен Текелі жақтарда осыған ұқсас жазу таңбаларын көргенім бар» – депті хабарламада. Қуанып қалдым, сырт пошымына қарап үндінің көне таңбаларына ұқсай ма..? – деп, іштей өзімен-өзім күбірлеп қоямын..
Сөйтіп, жұмбақ жазу туралы жаңа тақырыптағы Сакен ағамен ұялы телефон арқылы ой бөлісу, пікір алмасуым біріне-бірі жалғасып жатты. Ағаның келесі жіберілген хабарламаларында да ойымыз ұштасып, сөзімііз өз жарасымын тауып жатты.
Сакен аға әрмен қарай өз ойын былайша өрбітті:
«Жалпы бұл жерде үлкен зерттеу жұмыстары қажет. Мен ғой өз тарапымнан жалпы тұжырымдамасын (концепциясын) айта аламын. Палоеграфиялық жағынан қарастырғанда негізінен өте көп. Ең бірінші ареалын қай жерде, қандай екендігін анықтап және осындай материалдарды толық бір жерге топтастыру керек. Сөйтіп, салыстырмалы түрде сараптама жасай отырып бір ортақ жүйеге келтіруімізге әбден болады.
Мен өз кезегімде:
— «Аға, сіз жіберген көне үнді әліпбиі туралы таблицаға қарап салыстырып көрдім. б.з. д. Гупта дәуірінің жазу таңбаларына ұқсастығы бар сияқты… Әлі де біраз салыстырмалы түрде мұқият қарастырып көрейін» – дедім.
Сакен аға, келесі хабарамасында мынадай пікірін білдіріпті:
— Иә, ол – көне үнді жазуларының ішінде Гупта ма, иә болмаса Кхороштхи ме..? Кхароштхидің өзі 6-түрге, қолданылған мемлекеттеріне, елдеріне қарай өзіндік өзгерістерімен бөлінеді – дегенді де ескертіп өтті. Енді бұл жазулардың формасы, таңбалануы жағынан нақты осы бағытқа жататыны көрер көзге көрініп-ақ тұр. Кейіннен санскрит болды, одан беріге қазіргі үнді жазуы мүлдем басқа болып өзгеріп кетті. Сондықтан да бұнда зер салып мұқият қарасаңыз жазба мәдениетінің көне заманға жататын ортақ бір белгісі шығып тұрғандай байқалады» -деп, сөз соңын өзіндік ой-пікірімен түйіндеді.
Ағамыздың айтқан жүйелі ой орамдары менің де көңіліме қонып тұр. Неге десеңіз, көне түркі жазуы болып табылатын Орхон-енесай жазбаларын алғашқы зерттеуші кейбір ғалымдар оның – сұғдақ доғал жазуынан шыққан болар деп жорамалдаған да еді. Ал, зерттеушілердің соңғы легінен бұл жазудың кһароштхи жазуынан таралған болар деген болжамдары да бар. Олардың негізгі арқа сүйер дәлелі – б.з.б. VІІІ ғасырларда біздің тікелей бабаларымыз аталатын көшпенділер даласына көне Үндістаннан – Брахми және Кхароштхи жазуларының келіп қарқынды түрде таралғандығы туралы тарихи деректер. Демек, тарихтағы бар мәліметтерге біздер тараптан қарсы айтар ешқандай да уәжіміз жоқ.
Оған мысал келтіріп айтар болсақ, көне Қытайлықтардың б.з.б. дәуірлердегі «Хунну жазуы» деп айтып жүргендері дәл осы жазулар екен. Одан кейінгі б.з.б. ІІІ ғасырдан бастап далалық аймаққа Соғды жазу таңбалары келіп таралды. Бұл жазу таңбалары өз кезегінде Қаңлы мемлекетіндегі жазу мен есеп-қисабында б.з.б. ІІІ және б.з. V ғасырлары аралығында кеңінен қолданылды.
Ендігі кезекте жалпы «Көне Түркі жазуы» – деген не..?» деп қойылған сұраққа қысқаша сипаттама бере кетейік. Ол дегеніміз – түркі дәуіріндегі руникалық жазба ескерткіштер. Онда, б.з. VІІ–ІХ ғасырларындағы Түркі қағанаты аумағында пайданылған көне түркі әліпбиіндегі ойма жазулары мен қолжазбалар және әртүрлі мағынадағы мәтіндер топтастырылған. Қазіргі таңда біздер ата-баба қонысынан табылған осынау тарихи жазба ескерткіштері арқылы бауырлас түрік халықтарының ежелгі ғұрыптық тыныс-тіршілігі мен рухани және дәстүрлі мәдениетімен етене таныс боларымыз анық. Сонымен қатар, көне тілін, тарихын, этногенезін, әдет-ғұрыптары мен дүниетанымын зерттеп, оқып білеміз. Жазудың негізгі ерекшелігі оңнан солға қарай оқылып дауыссыз дыбыстармен жазылуында. Және жуан және жіңішке түрлерге жіктеліп, таңбалану ыңғайына қарай таңбаланады.
Көне түркі әліпбиіндегі басқаға ұқсамайтын тағы бір өзгешелік әрбір сөздердегі дыбыстардың жеке-жеке таңбаланып түсуінде. Және де зерттеуші ғалымдар б.з. VІ-Х ғасырларында орасан үлкен аумақты қамтыған бұл руна жазуларын үш топқа бөліп қарастырады:
-
Орхон ескерткіштері.(жалпы саны – 30 шақты. Моңғолиядағы Орхон, Селенг, Тола өзендерінің бойынан және Ресейдегі Минусинск ойпаты.)
-
Енисей ескерткіштері. (жалпы саны – 150-дей, жазылған жылдары шамамен б.з. V-VІІғ.ғ.).
-
Талас ескерткіштері. (жалпы саны – 20-дай. Оңтүстік Қазақстан, Жетісу, Сыр бойы мен Қырғызстан және Жамбыл облысында, шамамен жазылу мезгілі б.з. VІІІ ғ.).
Өкінішке орай, көне Түркі руна жазуларының өткені туралы айтар болсақ, бұл тарихи жәдігер бізге Орхон-Енисей ескерткіштері секілді тасқа қашалған, қазақ руларының таңбаларына ұқсайтын “баспа әріптері” түрінде жетті. Ал, өңделген терілерге, маталарға, қағазға жазылып таңбаланған жазбаша түрі жайында тарихи деректер әзірге еш жерден табылмады. Сондықтан да бұл мәселені келешек зерттеуші жас ғалымдардың еншісіне қалдырайық, себебі, ерте орта ғасыр тарихындағы Түрік қағанаты сол дәуірдегі айтулы – Қытай, Византия сияқты алып мемлекеттермен тығыз саяси-экономикалық қарым-қатынаста болды емес пе..?!
Демек, сол заманғы мемлекет және халықаралық қарым-қатынастардағы құжаттар арасынан болашақта көне түркі рунасымен жазылған тарихи жәдігерлердің де кездесіп қалуы мүмкін жағдаят қой деген жорамалымыз бар.
Ал, енді қолдағы тарихи мәліметтер бойынша аталмыш көне түркі жазуының географиялық таралу аймағы – Сібірдегі Енисей-Лена өзендері жағалауынан, Байкал, Моңғолия далаларынан, Орхон жеріне дейін. Одан әріге Қазақ даласы мен Қырғыз жері арқылы Шыңжаң өлкесін қамти таралғанын байқаймыз. Міне, таралу аумағының өзі осыншама ұлан-ғайыр өлкені алып жатса да, жазу таңбаларының қолданылуы аясында айтарлықтай айырмашылықтар кездеспейді. Демек, жазылуы мен таңбалану үрдісі ұқсас және дыбысталып оқылу мағынасында да бірлі-екілі болмаса айтарлықтай айырмашылықтар жоқ.
Қазіргі таңдағы біз ұсынып отырған б.з. V-VІІІ ғасырлары мезгілі Еуразия құрлығының орасан бөлігін өзінің билігіне қаратқан алып империя Түркі қағанатының, кейін, оның құрамынан бөлінген Батыс және Шығыс Түркі, Түргеш, Хазар қағандықтары мен Көк Түркілер (Екінші Түркі қағандығы) мемлекеттерінің өмір сүрген дәуірі еді.
Бұл жазулардың рухани құндылығының мәні – көбінесе біздің түркі бабаларымыздың өмірі мен дүниетанымынан, қоршаған орта туралы таным-түсінігі мен салт-дәстүрінен көптеген хабар беретіндігінде. Онда баяндалған тарихи уақиғалар мен Ұлы қағандардың әскери жорықтары жыраулық көркем тілмен жазылған. Бұл көркем шығарамада Көне Түркілер мен Көк Түріктер мемлекеті кезеңіндегі Ұлы қағандар мен олардың үзеңгілес батырлары, мемлекет қайраткерлерінің ерен ерліктері әдеби тілмен ішкі ұйқастары қабысып, бірыңғай композициялық тұтастығымен тарихи дастандар түрінде тамаша сипатталған. Осынау құнды шығармаларды оқи отырып сол замандағы олардың мекен еткен географиялық орналасу мекені мен тыныс-тіршілігі, түркі тайпаларының атаулары, аңыз-әфсаналары және билік құрған өлкелері туралы оқып білеміз.
Жалпы алғанда аталмыш жазбамызды түйіндей келе – Көне Түркі жазулары б.з. VІ-Х ғасырлардағы Ұлы Түрік қағанаты мен Көк Түркілер қағандығы дәуірі кезеңіндегі кеңінен қолданысқа түсіп, руханият саласында зор рөл атқарғандығы. Одан бергі ғасырлардағы далалық өңірлерде бұл әліпбидің орнын көне Ұйғыр жазуы басты.Уақыт өте келе араб сахабаларының басқыншылық саясатпен енгізген ислам діні мен шариғат заңдарының ықпалынан Көне Түркі жазуы қолданыстан шықты. Исламға дейінгі қағандар мен батырлар обаларына қойылған балбал тастар мен мәрмәрға қашалған түркі руникалық жазба ескерткіштері аяусыз қиратылып жойылды. Сөйтіп, Түркілердің ғасырлар бойғы төл жазуы руна алфавитін араб графикасы қолданыстан мүлдем ығыстырып шығарды.
Ал, кейінгі Кеңес заманындағы отарлық жүйе осы араб әліпбиі негізіндегі төте жазуды 1929 жылы латынға ауыстырды. Әрмен қарай жалғасын тапқан осынау зұлым саясат қазақ ұлтының кейінгі ұрпағының санасынан туған тарихы мен ұлттық қасиеттерді өшіру мақсатында 1940 жылды кириллица грaфикaсына көшірілді.
Нәтижесінде, ұлттық деңгей дәрежесінде қарастыратын болсақ, санаулы ғана білім-ғылым жолына түскен талантты топ мүшелеріне басқасы түп-тамырымыздан ажырап, өткен тарихымыз бен шежіремізді оқып-білуден мүлде хабарсыз қалған ұрпақ болып қалыптастық.
Ендігі кезекте, «Бұлардың бәрін жазудағы негізгі мақсаты не екен..?» – деген, оқырман тарапынан заңды сұрақ туындауы мүмкін. Сондықтан бұдан әріге барамай-ақ, келесі мәселемізге көшейік.
Жалпылама айтар болсақ, дүниежүзілік тарихтағы Қазақ елінің тарихы, оның ішінде Жетісу өлкесі мен біздің Жаркент өңірінің өткен дәуір шежірелері бір-бірімен мәңгілікке ажырамастай болып, астасып жатқан руханияттың шетсі-шексіз алып әлемі секілді. Міне, осы әлемнің бір пұшпағы Қоңырөлең мен Қорғас өзеніне дейінгі аралықта сол заманалар көшінің белгісіндей болып, біздерге жеткен ежелгі тарихи ескерткіштеріміз де баршылық. Басқа тарихи құнды жәдігерлерді есепке алмағанда, бүгінгі біздің қарастыратын тақырыбымыз «Құпия жазулар әлемі…».
І. Жоғарыда жазып өткеніміздей «Күпкі» маңайындағы құпия жазуға тоқталар болсақ, бар сырын бауырына бүккен сурет пен жұмбақ таңбалар. Тастың биіктігі шамамен – 1м, ені – 60-70 см, ал, қалыңдығы 25 см болады. Бір бұрышында тік мүйізді «Мәңгілік өмір ағашы» немесе «әлем ағашы» бейнеленген бұғы суреті салыныпты. Демек, бұл сурет арқылы қайтыс болған адамның ертедегі наным-сенім бойынша «мәңгілік өмірге» аттанғандығын білдіру ишарасы болар деп топшыладым. Ал, уақыт кезеңіне келер болсақ, шамамен Сақ дәуірі мен өтпелі қола дәуіріне сәйкес келеді. Себебі, бұндай таным-түсініктер қола дәуірі адамдары өмірінің басты мәні болған еді-деген деректер тарихи зерттеулерде кездеседі.
Ал, төменгі жағында бізге беймәлім құпия жазу таңбаланған. Соған байланысты жоғарыда жазып өткен: «Ал, зерттеушілердің соңғы легінен бұл жазудың кһароштхи жазуынан таралған болар деген болжамдары да бар. Олардың негізгі арқа сүйер дәлелі – б.з.б. VІІІ ғасырларда біздің тікелей бабаларымыз ататалын көшпенділер даласына Көне Үндістаннан – Брахми және Кхароштхи жазуларының келіп қарқынды түрде таралғандығы туралы тарихи деректер-деген сөздерді басшылыққа алғанды жөн көріп отырмын.
Түркі жазуынан (б.з. VІ-Хғ.ғ.) да арғы дәуірлерге жататын сияқты. Себебі, жазудың сыртқы орналасу түрі бір қарағанда үнді жазуларына ұқсаса ал, әріптердің таңбалану реті көне түркі руникасына да келетін сияқты. Яғни, бұл құпия жазу «көне Түркі руникасынан» бұрын қолданылып, оның қалыптасып, орнығуына ықпал еткен ежелгі жазулардың бірі болар деген-жорамалға тоқтауымызға тура келіп тұр.
ІІ. Енді осыдан батысқа қарай жылжып отырсақ, өзіміздің Үсек өзенінің шығыс жағалауындағы беткейде Талдыға жатар-жетпес аралықта таза көне Түркі әліпбиімен жазылған тағы бір жазу бар. Енді оны оқып көрелік, оңнан солға қарай «қазақ» сөзі шығып тұр. Екіншіден дәл осы маңайдағы петроглифтер арасында «басында мәңгілік өмір ағашы» бейнеленген бұғының суреті де бар.
Қалай ойлайсыздар..? Сәйкестік пе, әлде бір дәуірде өмір сүрген, мына жарық дүниедегі наным-сенімі мен танымы, дәстүрі бір замандастардың қалтырған қолтаңбалары ма..? Бұндай көне Түркі жазуының біздің Жаркент жерінен табылуы мен үшін үлкен жаңалық және де барынша тереңдете зерттеуді қажет ететін баға жетпес құнды тарихи жәдігер деп есептеймін.
ІІІ. Дәл осы бағытта жүріп отырып, Талдыдағы аспалы көпірден сәл төменіректегі шығыс беткейдің етегінде араб әрпімен жазылған тағы бір жазба бар. Оның аудармасы мен суретін өкінішке орай жоғалтып алып таба алмай отырмын. Есімде қалғаны «Үйсін» сөзіне қатысты жазулар еді…
ІV. Келесі кезектегі айтарымыз, аталмыш құпия жазулар туралы алғашқы мақалам 2017 жылы «Ырғайлы сайдағы құпия жазулар» айдарымен шыққан еді. Табылған жері – Қойбын аңғары бітіп, Қоңырөлеңге бұрылатын айналмадан тіке солтүстікке тауға қарай жүрер болсаңыз, тау етегінде қатарлана орналасқан – Күлдіқора, Ырғайлы сай тағы басқа жерлер бар.
Міне, сол Ырғайлы сайдан бар-жоғы 300-400 м өрлесеңіз үйдей-үйдей үш жақпар тас толған ежелгі жазулар мен суреттер.
Алғаш «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланып, Меzgil. Kz, Abai. Kz, jaraina.kz – интернет сайттары арқылы да таратылды. Және де бұл мақаланы вацап чаттарына жіберіп айтулы ғалым ағаларымыздың ортасына да салып көрдім. Өкінішке орай ешкіменен тұщымды жауап ала алмадым.
Сол кезеңдегі «Қасиетті Қазақстан» атты вацап чатында «Бұл жазулар көне Түркі жазуының кхароштхи тармағына сәйкес келуі мүмкін…» деп, өз ойы мен пікірін білдірген жоғарыда атап өткен Сакен Нурбеков ағамыз ғана болған еді. Және де бұл біздің өлкеге сонау ерте орта ғасырдағы Түркі заманында будда дінін таратқан Тибет ламаларының да жазуы болуы мүмкін…
Иә, міне осылай жұмбақ әлемге еніп, туған жер төсіндегі көне жазулар құпиясын аша алмай жүрген жәйіміз бар… Бірақ, келешекте бәрі де өз орнына келіп, түпкілікті зерттеліп ата-бабаларымыздың өткен дәуірлердегі айналысқан шаруашылығы, өмір сүру қағидаттары мен діни наным-сенімдері туралы көптеген мәліметтерге ие боларымыз анық.
Мінекей, оқырман қауым! Көптеген мыңжылдықтарды артқа тастаған Қоңырөлеңнен – Қорғасқа дейінгі аумақтағы атақонысымыз болған құтты мекендегі әзірге маған белгілі, ал бірақ, құпия-сыры әлі ашылмаған осындағы көне жазулар туралы шағын өзіндік өлкетанушылық зерттеуімді сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмын.
Алып-қосарларыңыз болса хабарласып, пікір алмасыңыздар. Туған жеріміздің, еліміздің тарихын, өткен дәуірге тән шежіресін келер ұрпаққа жеткізуге сіздер де белсенділік танытыңыздар. Және де осы бағытта өзіндік үлестеріңізді қоссаңыздар тіптен тамаша болар еді – деген ұсынысым да бар. Ендеше, сәттілік, ағайын!…
Қ. Ибрайымжанов
Өлкетанушы-зерттеуші,
Жаркент қаласы.
Q-Andas ақпарат.


















