Жасыратыны жоқ, тәуелсіздік алғалы бері Қытайдағы қазақ тарихына қатысты мұрағаттарды жинастыру, оны елге оралту жайлы тиянақты жұмыстар істеліп жатыр. Үкіметтің көмегі, ғалымдардың еңбегінің арқасында тарихымызға қатысты біраз дүние түгенделді. Бірақ, ол арқылы біз Қытай мұрағаттарындағы тегімізге қатысты дүниені түгелімен түптеп алдық деп айта алмаймын. Жазба тарихының ұзақтығымен және сақталған қыруар тарихи архивтердің молдығымен ерекшеленетін Қытай елінде Сақтардан, Ғұндардан, Үйсіндерден қалған мұралар, қазақ ұлтына қатысты деректер өте мол.
Рас, Қытайдағы біраз дүние Кеңес одағы немесе одан да бұрын орыс немесе еуропа тарихшылары мен жиһанкездері тарапынан осы жаққа жетті. Бірде Қытай мұрағаттары туралы қытайдағы қазақ тархшылары аударған нұсқамен, орыс және Еуропа ғалымдарының аудармасы арқылы қазақшаланған нұсқаны салысытырып көріп едім. Екеуінен екі түрлі ұғым қабылдайсың. Оны қытайша нұсқасымен салыстырып көретін болсақ, тағыда парықтылық мен мұндалап тұрғанын байқалады. Өкінішке орай, ондағы ел-жер атауы, хандықтар мен патшалардың есімдері, тіпті қазақты құраған ру-тайпалардың атауына дейін орыс тіліне бейімделіп жазылған. Былайша айтқанда, бізге жеткен деректің өзі дерексіз ұғымға қарай жетелейді. Шын мәніне келетін болсақ, ежелгі Қытай архивтеріндегі құнды мұраларды орыс түгіл, осы күнгі қытайдың жас тарихшылары да оқи алмайды. Өйткені, Қытай мұрағатындағы ежелден сақталған мұрағаттар көне қытай жазуымен жазылған. Оны сауатты оқып, салыстырмалы түрде бүгінгі тілде түсіретін аудармашылары тым аз.
Цин династиясы кезіндегі архивтердің көбі алдымен мәнжур тілінде жазылып, кейін Қытай тіліне аударылған. Қытайдағы архивтерді ақтаруда тек Қытай тілін білу аздық етеді. Керісінше Қытай тілін, көне Қытай жазуын жетік білуімен қатар, мәнжур тілін білетін маман ауадай қажет. Жаңа қытай жазуымен аударылған архивтерді Қытай өз мүдесіне бейімдеп аударып жібереді. Сондықтан түп нұсқаны қарау керек», – деген ойына толық келісемін.
Өте орынды, оңтайлы айтылған пікір. Осы тұжырымға мен де төмендегі ойымды қоса кетейін. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарының соңында Қытай астанасы Бейжіңдегі Ұлттар университетінде оқыған қазақтың алғашқы лек жас зиялылары Қытай мұрағатындағы көне қытай жазуымен жазылған сол дүниелердің біразын қазақшалады. Біз соны оқып өстік. Тұп-тұра сол аударма жұмысына атсалысқан бірнеше азамат қазір Қазақстанда жүр. Егер біз шынымен Қытай мұрағаттарындағы өзімізге керекті дүниені түп нұсқасы бойынша аламыз десек, сол адамдарды қатарға тартуымыз керек қой. Олар қазір алпыстан асып барады. Бүгін, ертең кетіп қалуы да мүмкін. Тағы бір жағынан, біз Қытайдағы қазақ тарихына қатысты дүниелерді Шианның, Бейжіңнің мұарағаттардан іздемей-ақ қоялық, Қытайдағы қазақ тарихшылары мен аудармашылары қалдырған асыл мұраларды әлі күнге дейін өз керегімізге жаратудың жолына нараз аударған жоқпыз. Өйткені, Қытайдағы қадастар соңғы елу жылда төтеше жазуды қолданып, ұлан-ғайыр дүние жаратты. Солардың өзін қағып-сілкитін болсақ, бізге беймәлім, бірақ өткен тарихымызда мәлім болған талай кенішке жолығарымыз анық.
Қытайдағы Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарындағы мұрағаттардың өзінде шағатай, ұйғыр, қазақ тілдерінде жазылған арғысын білмеймін, Абылайхан дәуірінен тартып, бүгінге дейінгі талай дүниені ақтарып алуға болар еді. Қолдау болып, сол архивтерден жінтіктеп іздесек, бәрін тізіп айтпай-ақ қояйын, тым құрығанда Абылайхан мен Цин имериясы арасындағы сауда келісімдері, депломатиялық қарым-қатынастар, қазақтың ежелгі қонысына қайта оралуы, Қытай-Орыс шекарасының бекітілуі мен Алаш партиясына қатысты біз білмейтін дүниелер, Қытай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілістеріне қатысты деректер жарық етіп шыға келуі әбден мүмкін. Сонымен қатар,, Қытайдағы қазақ баласының ізі қалған тарихи жерлер, қорымдар, төрткүлдер, сымтастар, ежелгі үңгірлер, тасқа қашалған жазулар, суреттер, прамидаларды тарихи, археологиялық тұрғыда зерттеп, архивтестіру керек. Нағашым аңшы кісі еді. Сол кісіге еріп, тау-даланы кезіп жүріп, өз көзіммен көрген сол құндылықтарды саусақпен санап бере аламын. Менің көргенім тым аз бөлігі ғана. Ал ел көрген дүниелер қаншама? Ол біздің тарихымыздың бастауы, болашағымыздың арнасы емес пе?
Қытайдағы қазақ мұралары жайлы тағы бір айта кетейін дегенім, қазіргі қытайда мемлекеттік қызметке қабылдау үшін қытай тілі мен 24 тарихтан сынақ алады. Сол 24 тарихта біздің ата-бабаларымыздың ерлік күрестері жазылған. Тіпті, соның бірнешеуін біздің қазақтар жазған.
Осы ойымды нақтылау үшін сол 24 тарихтың не екенін, оны кімдердің жазғанын айта кетсем айып болмайтын шығар.
Олар мыналар:
| Аты | бөлімі | авторы |
| Тарихнама | 130 | Сы Ма Шиян |
| Ханнама | 120 | Бан Гу |
| Соңғы ханнама | 130 | Суң Фан Ху |
| Үш патшалық шежіресі | 65 | Шин Шу |
| Жиннама | 130 | Фаң Шуан Лияң |
| Суңнама | 100 | Шын Ио |
| Оңтүстің жиннама | 59 | Шияу Зы Шияң |
| Лияңнама | 56 | Яу Сы Лияң |
| Шиннама | 36 | Яу Сы Лияң |
| Уйнама | 130 | Уи Шоу |
| Солтүстік Шинама | 50 | Лм Бәй Яу |
| Шунама | 50 | Лияң Худ Фын |
| Сүйнама | 85 | Уи Уи |
| Оңтүстік патшалық тарихы | 80 | Ли Ян Шу |
| Солтүстік патшалық тарихы | 100 | Ли Ян Шу |
| Көне таңнама | 200 | Лю Шиу |
| Жаңа таңнама | 250 | Лу Яң Ию |
| Көне бес патшалық тарихы | 150 | Шуо Жу Жиң |
| Жаңа бес патшалық тарихы | 74 | Ау Яң Шю |
| Суң патшалығының тарихы | 496 | То то |
| Лияу патшалығының тарихы | 116 | То то |
| Жин патшалығының тарихы | 135 | Тото |
| Юуан патшалығының тарихы | 210 | Лян |
| Миң патшалығының тарихы | 332 | Жаң Тиң Уи |
| Цин патшалығының тарихы | ||
| Жаңа қытай тарихы |
Осы 24 тарихтың ішіндегі Суң, Лияу, Жин патшалықтарының тарихын жазған Тото Мазартайұлы Баян немересі қазақтың меркіт руынан шыққан тарихшы. 1314-1355 жылдары өмір сүріп, Юуан патшалығының Узуң (Бөржігін Хайсан), Рын Зуң (Бөржігін Рибадида) патшалардың тұсында қызмет еткен саяси қайраткер. Ал осы үш кітаптың бас сарапшысы Теміртас қазақтың қаңлы руынан шыққан оқымысты. Су Би Хай мырза айтқандай: «Меркіт руынан осыншама маңызды, әйгілі тарихи және мәдени тұлғаның шығуы Фуан патшалығы дәуіріндегі қазақ мәдениеті тарихындағы жарқын шұғыла болып қала береді». Бұдан асырып айта алмаспыз.
Демек, біздің бабаларымыз қытайдың әлемге әйгілі 24 тарихын жазуға атсалысқан екен өз даламыз бен халқымыздың шұғылалы тарихын шынайы жазу біздің де қолымыздан келеді.
P.S: Біз өз сайтымызда осы еңбектердегі қазақ тарихына қатысты деректерді жалғасты жариялап отыратын боламыз.
Қажет АНДАС
Q-Andas ақпарат агенттігі.











