Q-Andas
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
  • Qazaq
  • توتە جازۋ
Q-Andas
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
No Result
View All Result
Q-Andas
No Result
View All Result
Басты бет Тарих

Келелі елде қаңлы бар

Халқымыздың бай тарихи мұраларын зерттеу, зерделеу жұмысының кешігіп қолға алынғанын мойындаймыз. Еуразия тарихында қазақ өлкесінің өткенін хатқа түсіріп, жариялау тәжірибесі XVII ғасырда басталды. Кейінгі кезеңде орыс және шетелдік оқымыстылар халқымыздың өткен тарихын саралап, ақтаңдақтардың орнын толтыруға тырысты. Өкінішке қарай, олар өлкеміздің тарихын өз мемлекетінің мүдесіне ыңғайлап шешіп отырды. Тіпті, кейбір әпербақандар қазақта мемлекет болмағанын дәлелдеуге тырысып, сақ пен ғұннан жалғасқан салиқалы империяларды қазақ мемлекеттігінің бастауы ретінде көрсеткісі келмеді.

admin
2025/09/19
Тарих
0
Келелі елде қаңлы бар

Осы далада атынан ат үркетін ұлы империя құрған бабаларымыздың парасатын көшпенділіктің көрінісі ретінде көлегейлеп отырды. Өңіріміздегі тарихи мұраларды өз тұрғымыздан зерттеу ісі ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталды. Яғни, бұл жұмыс қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтың есіміне тікелей қатысты. Бір қуанарлығы, еліміздің тәуелсіздігін алуы халқымыздың өткенін, тарихын, мәдениетін тануға бетбұрыстар жасап, мәдени мұрамызды қазақ мемлекеттігі тұрғысынан тану Міндетін жүктеді. Әсіресе, «Орхон ескерткішінің толық Атласының» жарық көруі, Күлтегін ескерткіші көшірмесінің Астана төрінен орын алуы, түркітану мақсатында арнайы халықаралық конференциялар мен конгрестердің жүйелі өткізілуі, жаңаша көзқарас тұрғысынан жазылған ғылыми еңбектердің, ежелгі мәдени жәдігерліктер жайындағы соны зерттеулердің жариялануы сияқты іс-шаралар бұл бағыттағы жұмыстың жолға қойыла бастағанын көрсетті. Сол қатарда ежелгі қаңлылар және Қаңлы хандығы туралы да тартымды зерттеу еңбектері жарық көріп, көпшіліктің назарына іліне бастады.

Әрине, бүгінге дейін Қаңлы, қаңлы хандығы, қаңлы мәдениеті жайлы аз жазылды деп айтудан аулақпыз. Тіпті орта мектептің тарих оқулығында арнайы бөлім берілген. Одан өзге мерзімді басылымдарда осы тақырыптағы зерттеу еңбектері үздіксіз жарияланып келеді. Айтпақшы, сөз еткелі отырған ежелгі дәуірдегі, ерте және кейінгі орта ғасырлардағы қаңлы тайпасы мен Қаңлы хандығына  қатысты жазбаша деректемелердің б.з.б. ІІ ғасырда жазылғаны анық. Осыдан кейінгі қаңлыларға қатысты деректер қытай тарихшысы Сыма Цянның (б.з.б. 145-86) «Тарихи жазбалары» еңбегінің «Сунну туралы хикая» атты тарауында, “Давань туралы хикая» атты тарауларында, біздің заманымыздың І ғасырында Бань Чжао аяқтаған «Ежелгі хань тарихы», б.з. 5-ғасырында Фань Е жазған «Ертедегі Хань әулетінің тарихына қосымшалар» атты еңбектерінде,  Сун Со (1007 – 74) бастаған авторлар тобы жазған «Тан әулетінің жаңа тарихы» (Син Таншу) атты хроникалық шығармада, араб нәсілінен шыққан тарихшы Әл-Балазур мен ат-Табаридің туындыларында, араб географы ибн Хордабектің «Жолар мен мемлекеттер кітабы» атты анықтамалығында көптеп кездеседі. Сол еңбектерде Сыр бойы мен Жетісу  өлкесін мекендеген тайпалардың этнонегізі мен мемлекет құрылымы туралы құнды деректер көрсетілген. Олардың арасында Қаңлы хандығы туралы да тарихи деректемелер көптеп кездеседі. Әрине, бұл зерттеушілерге ата тарихымызды түгендеп бергендігі үшін алғыс жаудыруымыз керек. Айта кетерлігі, аталған еңбектердегі дереккөздері бүгінгі таңда қаңлы тарихын тану тұрғысынан емес, қазақ мемлекеттігінің тарихын түгендеуге мол көмек болып келеді. Басқасын айтпағанның өзінде, сол ақиқаттар тәуелсіз Қазақстанның шекарасын бекіту жолындағы бас ауыртар келісімдерді жүзеге асыруда көп рөл ойнаған. Бұл туралы мемлекет және қоғам қайраткері Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бел асу» атты еңбегінде де айтылады. Айтпағымыз бұл емес. Сондықтан ойымызды осылай түйіндеп, негізгі тақырыпқа, яғни Қаңлы хандығының өмір сүрген жылы,  саяси құрылымы, оның қазақ тарихындағы орны мен қаңлы сөзінің түп төркіні және қаңлы мәдениетінің қазақ мәдениетімен төркіндестігі жайына көшсек.

Аталмыш тақырыпты тереңірек зерделеу үшін алдымен қаңлы мемлекетінің қай заманда құрылып, қай уақытта өмір сүруін тоқтатқаны жайлы біліп алғанымыз жөн сияқты. Расында, күні бүгінге дейін Қаңлы хандығының қай кезде пайда болғаны нақты дәлелденген жоқ. Бірақ, түрлі болжамдар бар. Яғни, ғалымдар тарихи жазбалар мен бұдан бұрынғы зерттеушілердің дәлел-дәйегіне сүйене отырып, Қаңлы хандығының құрылуы мен жойылуының бірнеше мерзімін көрсетеді. Біз соның арасынан: «Қаңлылар б.з.б. ІІІ-ІІ ғасырдан – б.з.V ғасыр аралығында төңіректің төрт бұрышына билігі жүрген, экономикасы мен шаруашылығы шалқыған, алыс-жақын елдермен дипломатиялық қарым-қатынастар жүргізген санатты ел болған» деген тұжырымды дұрыс деп таптық. Ендеше, осы ойымызды дәлелдеп көрейік. Бәрімізге белгілі, тарих қашанда бізге беймәлім ғасырлар қойнауындағы оқиғалар мен орын алған жағдайларға нақты, тарихи дәлелге сүйене отырып кесім жасайды. Дерек арқылы дәлелденбеген шындықты тарихи ақиқат ретінде қабылдамау да тарихшылардың  басты  ұстанымы. Әрине, мен тарихшы емеспін. Бірақ танымдық тұрғыда баба тарихын зерделеуді мақсат еткен адамдардың бірі ретінде жоғарыдағы таласы көп тұжырымның арасынан таңдап алған Қаңлы хандығының тарихына қатысты тұжырымға төмендегідей дәлел ұсынуды жөн көрдім. Қашанда қазақтың ерте дәуір тарихын зерттеуге кіріскен әрбір зерттеуші сол уақыттағы жылнамаларды тұрақтандыру үшін сол кездегі парсы тарихшылары жазып кеткен парсы патшасы Кирдің қазақ даласына жасаған жорығын айтпай кетпейді. Демек, парсы тарихшылары б.з.б. VI ғасырда  Кирге қарсы соғыста парсыларға табандылықпен тойтарыс берген бекіністі Кангх деп атаған. Алайда, бұл жерде қаңлы туралы ешқандай дерек жоқ. Парсы, Қытай хроникасында Кангх Қаңлы мемлекетінің бірінші астанасы болған қала. Соған қарағанда б.з.б. VI ғасырда қаңлы хандығы өмірге келмеген деген қорытындыға келуге болады.  Ал Қытайдың «Шин зи» тарихи жазбаларындағы жићангер Чжан Цянның б.з.б. ІІ ғасырдың 138–128 жылдарда қаңлы еліне келгендегі баяндамасында: «Қаңлы тайпалар одағында 120 мың түтін, 600 мың адам, 120 мыңға дейін әскері болған», – деп көрсетілген. Әлбетте, қаңлы ұлысының осындай күшке ие болуы бір емес, бірнеше ондаған жылдың нәтижесі болғанын аңғаруға болады. Демек, көшпенді тайпаның б.з.б. ІІ ғасырда осындай мүмкіндікке жеткеніне қарай отырып, хандықты одан да бұрын б.з.б. ІІІ ғасырында құрылды дегенге илануға болады. Қаңлы хандығы туралы соңғы деректер б.з. V ғасырында қытайлық Фань Е жазған «Ертедегі Хань әулетінің тарихына қосымшалар» атты еңбегінде келтіріледі де одан былайғы тарихи еңбектерде мұндай дерек кездеспейді. Бұл біздің ойымыздың дұрыстығын дәлелдейді. Б.з.б. ІІІ және ІІ ғасырда хандық деңгейге көтеріліп, жүзмыңдаған атты жасауылға ие болған қаңлылардың дүниенің төрт бұрышын жаулағаны анық.  Қытайдың «Сүй патшалығы тарихы. Батыс өңір шежіресі, Қаңлы тарауында» қаңлылардың батысында жатқан іргелі ғұндарға басып кіріп, жаулағаны туралы тайға таңба басқандай жазылады. Яғни, Қытайды талай ғасыр қол астында ұстап келген ғұндарды бағындырған елдің осал болмасы анық. Алайда, алтыншы ғасырдан бастап қаңлылар Түрік, Түркеш, Қарахан империялары мен Хорезмнің құрамында болды. Ол кездегі қаңлылар әлем тарихында аса бір дәуір бөлгіш рөл атқара қойған жоқ. Ал Шыңғысхан Хорезмді жаулап алғаннан кейін империя құрамына кірген қаңлы тайпасы өкілдерінің әлем мәдениетіне қосқан ұшан-теңіз үлесі тарих сахнасына қайта көтерілді.  Бұл жайлы кейінірек айтамыз.

Сонымен қатар, бүгінге дейін Қаңлы хандығы құрылған, билік жүргізген аумақ жайлы да түрлі талас-тартыс орын алып келеді. Ғалымдардың бір тобы: «Қаңлылар қазіргі Қазақстан аумағында Ташкент пен Сырдария, Жаңадария, Қуандария алабының ежелгі арналарында және Жетісудың онтүстік-батыс бөлігін қоса Оңтүстік Қазақстанды және Сарысу өзенінің орта ағысынан сол өзен мен Шу өзенінде, ¦лытауға дейін Қаракенгір мен Сарыкенгір өзендерінің бойында жасаған» десе, кейінгі кездері оның аумағын ұлғайтып: «Қаңлылар басқа аумақтарда Ресейдің Саха Республикасында, Башқұртстанда, Орынбор облысында ту тіккен. Монғолия, Иран, Африка, Солтүстік Вьетнамда, Индонезия, Суматра және Ява аралдарында  мекендеген», – деген пікірлер де жиі айтылып қалып жүр. «Ертедегі қаңлы халқының ұрпақтары қырғыз, қарақалпақ, өзбек, түркімен, башқұрт, әзірбайжан, ноғай, түрік және ұйғыр сияқты туысқан түрік халықтарының арасында өмір сүріп жатыр» деген дәлелді дәйек етіп, түрлі болжамдар жасап жүрген зерттеушілер де табылып жүр.  Әрине, біз бұлардың бәрін жоққа шығармаймыз.

Түркі тілдес ұлттардың құрамында қаңлылардың болғаны анық. Осы ретте олардың  түркі әлеміне кең тарап кетуіне негіз болған үш себепті атай кетуге болады: біріншіден, олардың түркі тайпаларының ішіндегі ең көне әрі байырғы тайпалар қатарынан саналуы, екіншіден, өзінше қалыптасқан тарихи тағдыры, үшіншіден,  өміршең табиғаты.  Алайда, біздің қолдағы тарихи жазбалардың бәріндегі деректер қаңлылардың қазіргі қазақ даласының аумағында көшіп-қонып, билік етіп, әлемді алақанында ойнатқанын анықтап тұр. Оны тарихи жазбалардағы деректер арқылы тексеруге де болады. «Тарихи жазбалар. Давань шежіресінде»: «Қаңлылар – Даваньдардың Солтүстік  Батыс жағындағы екі жарым мың шақырым жердегі көшпелі ел. Олардың ғұрып-әдеттері ұлы уежилерге ұлы жүз ұқсас, қару ұстаған әскерлері 80-90 мың. Даваньдармен көрші отырады. Кішкене ел болғандықтан оңтүстікте ұлы уежилердің, Шығыста ғұндардың тізгіндеуінде болды», – деп жазады. Бұл деректе тағы да: «Асалар – қаңлылардың Солтүстік  Батыс жағында екі мың шақырым жерде тұрады. «¦лы уежилердің оңтүстігінде дашалар. Батысында аншилер, солтүстігінде қаңлылар тұрады», – деп жазады. Біз бұл деректен қаңлылар шығыста қаңлы, оңтүстікте ұлы уежилермен, Солтүстік Батыста асалармен шекаралас, ал Оңтүстік Шығыста даваньдармен көрші екенін ұғынамыз. Осы деректерге сүйене отырып, заманымыздан бұрынғы ІІІ ғасырда қаңлы елінің аумағы Сырдарияның орта алқабы мен Қаратау өңірі болғанын білеміз. Олар күшейіп, гүлденгенде жер аумағы Ферхана мен Соғды өлкелеріне, Ташкент пен Хорезмге дейін кеңейген. Қытайдың Үлкен Хань әулетінің келесі хроникасы «Цянь Ханьшудың» «Жерге орналасуды суреттеу» деген тарауында қаңлыға арналған бөлім бар, онда сөзбе-сөз келтіргенде былай делінген: “Қаңлы билеушісі Лоюень елінде,  Чанъаньнан 12 300 ли жердегі  Битянь қаласын мекендейді. Ол наместникке тәуелді емес. Әміршінің жазда болатын жеріне  Лоюеньнен жеті күнде жетуге болады». «Авеста» кітабында да, Үнді жазбасында «канка» арилықтардың солтүстігінде сақ, тохарлармен бірге тұрады деп жазады. Ежелгі қытай хроникасында қаңлылардың екі астанасы (жазғы және қысқы) болған деп көрсетілген.  Қаңлылардың жазғы астанасы – Битянь. Қазіргі Түркістан маңында болғаны анық. Ал екінші бір деректе ол қазіргі Таразға жақын жерде болған деп жазылған.  Қазақтың шежіре деректеріндегі қаңлылардың өрістері мен қоныстары, бүгінгі қаңлы руының атақоныстары да жазба деректерге сайма-сай келіп отыр. Жоғарыда келтірілген деректер қаңлы тайпасының да, сол тайпа құрған ұлы хандықтың да бүгінгі қазақ даласында болғанын айғақтайды. Қысқасы, қаңлылардың негізгі атамекені – Сырдарияның орта ағысы. Қаңлы хандығының шекарасы осы күнгі Ташкент қаласы тұрған жерден асып, Қаратау бөктерлерінен басталып, Талас өзеніне дейін созылған. Жоғарыдағы дәлелдер ежелгі қаңлылардың қонысы бүгінгі Қазақстан аумағында жатқанын көрсетіп тұр. Сондықтан қаңлылар ресми түрде қазақ халқын құрайтын тайпалардың бірі, Қаңлы хандығы қазақ мемлекеттігінің бастау бұлағы саналады.

Қаңлы мемлекетінің жоғары билеушісі Қытай деректерінде ‘’Ваң’’ (Патша) деп алынады. Ол саяси, әскери, шаруашылық билікті өз қолына ұстады. Одан соңғы билеуші ‘’Фу ваң’’ (орынбасар патша) патшаның мұрагері әрі бас қолбасшы болды. Үшінші орындағы билеушілерді ‘’Гүйрын’’ (ақсүйектер немесе төрелер) деп атап, олар мемлекетте кеңесші міндетін атқарды. Төртінші орындағылар ‘’Үнху’’ – ‘’Ябғу‘’ делініп, оған ірі рубасылар мен ұлыс билеушілері жатқызылды. Бесінші орындағылар ‘’Ваньху’’ – әскери және әкімшілік бастықтар болды. Басқару жүйесі үнемі дамып отырды. Б.з.б. І ғасырда Қаңлы мемлекеті барынша кеңеюіне байланысты 5 кіші иелікке (Сусе, Фуму, Юни, Ги, Юегянь) бөлініп, қытай жазбаларында аймақ билеушілері’’Шао ваң’’ (кіші патша) атанды. Ондай міндетке билеушінің ұлдары тағайындалып, патшаға тікелей бағынды. Қаңлы патшасы өзі тұрған солтүстік өңірді (Талас өзенінің аймағы) тікелей басқарды. Қаңлы елін хан билеген. Елді басқаруға оның үш орынбасары  уәзірі көмектескен. Кіші хандарға бағынатын ру, тайпаларды көсемдер басқарған. Көсемдердің лауазымы мұрагерлік жолмен әкеден балаға берілген.

Жоғарыда айтылғандай, тарихи деректер қаңлы елінің өз ішінен бес иелікке бөлінгенің көрсетеді. Көптеген зерттеушілер мұны құптайды. Бірақ тұжырымдары әртүрлі. Тіпті, олардың аумағы жайлы түрлі пікірлер айтып жүр. Алайда, Қытайдың қаңлылар туралы сөз ететін тарихи шығармалар «Тарихи жазбаларда»,  Чжан Цянның (б.з.д. ІІ ғасыр) Батыс өңірге саяхат естелігінде, «Хан патшалығы тарихында» қаңлы елінің бес иелікке бөлінуі туралы ешқандай да дерек жазылмаған.

Осыған қарағанда қаңлы елінің бес иелікке бөлінуі кейінірек болған болуы мүмкін. Осы жайлы зерттеушілердің түрлі пікірінің арасынан жапон ғалымы Сираторидың «Соғдылар туралы зерттеу» атты еңбегіндегі: «Қаңлының бес иелігінің орталығы Сырдарияның солтүстігі мен Қаратаудың аралығында болған», – деген пікірін дұрыс деп білеміз. Бұл тұрғыдан келгенде де қаңлы елі қазақ елінің айырылмас тарихы болып шыға келеді. Осыған дейін тарихи тұрғыдан талдау жасадық. Ойымыз да, дәлеліміз де бір жерден шығып, бірін-бірі толықтырып, қаңлы елінің кезінде өркендеген ұлы мемлекет болғанын, оның иесі басқа емес (басқалар таласа берсін), біз екенімізді айқындағандай болдық. Енді осы мәселені мәдениет, шаруашылық, діни ұстаным тұрғысынан дәлелдеуге тырысып көрелік.

Қаңлылар оңтүстігінде Қытаймен және Үйсіндермен көршілес жатты. Ал солтүстігіндегі көршілері сарматтар мен аландар болды. Қаңлылар күшейіп тұрған кезде сарматтар, аландар оларға тәуелді болған. Олар Сырдария арқылы Еділге қарай өтетін ¦лы Жібек жолын бақылап отырды. Қытай, Рим, Кушан мемлекеттерімен саяси, экономикалық және мәдени байланыста болған. Орта Азия мемлекеттерімен, Кавказ өңірімен, Риммен, Қытаймен айырбас қатынастарын жүргізген. Бұл саяси жағдай қаңлы мәдениетінің қалыптасуына, оның әлемдік өредегі өркениеттер көшінің бастауына айналуына түрткі болды. Мұны қаңлы тайпасының қоныстарына жүргізілген зерттеу жұмыстары барысында табылған басқа елдерден келген заттар, маржаннан, лазуриттен, садаптан, ақықтан, халцедоннан жасалған моншақтар, інжуден жасалған алтын сырғалар дәлелдейді. Біздің заманымыздан бұрынғы ІІ-І ғасырларда қаңлылар өздерінің ақшасын соғуға әрекет жасайды, хорезмдіктердің  “аты беймәлім патшасының” монеталарын кеңінен пайдаланады. Ал 1963 жылы Ақтасты, 1968 жылы Қаратұма моласын қазу барысында шыққан біздің заманымыздың ІІІ-V ғасырларына тән тас құралдардағы жазулар сол тұстағы ата-бабаларымыздың жазу қолданғанын дәлелдеп берді. Бұл жазуларды заманымыздан бұрынғы ІІ ғасырдағы үйсін – қаңлылардың қолданғанын да қазба мұралар дәлелдеп отыр. Қысқасы, бұл дәлел сақ пен ғұн дәуірінде жаратылған рухани байлықты үйсін мен қаңлының жалғастырғанын көрсетеді. Осы алапта ту тіккен Қаңлы мемлекеті (б.з.б. ІІ ғ. – б.з.V ғ.) – қазақ жерінде құрылған алғашқы мемлекеттік  бірлестіктің бірі.

Қаңлылар малды күту, мал өнімдерін өңдеумен қатар қолөнер кәсібімен, егін егумен шұғылданды. Арыстың сол жағалауында 100 шаршы шақырым аумақта қаңлылар мәдениетінен сыр шертетін жиырма шақты төбе жатыр. Соның бірі – Көк-Мардан қаласының орны. Бұл жерден табылған үй балшықтан соғылып, пешпен жылытылған. Үйдің екінші бөлмесі – қоймада құмғандар және тары, күріш, бидай, арпа, асбұршақ сақталған балшық кеспектер орналасқан. Ошақ қасынан дәнүккіштер мен диірмен табылды. Қытай тарихшысы Сыма Цянь “Тарих жазбаларында” көшпелілердің өмірі мен тұрмысын сипаттап жазған. Жоғарыдағы дәлелдерді сол қытайлық тарихшының айтқанымен салыстырып көргенде, бұл тіршіліктің қаңлылардың тұрмыс-тіршілік жолымен сабақтас екенін білуге болады. Сондай-ақ, қаңлылар өрмекпен жүн-мата тоқыған, алуан түрлі қыш-құмыра ыдыстар, қоладан, темірден өндіріс құрал-саймандары мен қару-жарақ істеген. Алтын мен күмістен сақина, сырға, білезік, алқа, тағы да басқа алуан түрлі әшекей, сән-салтанат бұйымдарын жасаған. Қытайдың «Сүй патшалығы тарихы» атты еңбегінде: «Қаңлы елінде ата-бабалар мазары бар. Әр жылы маусым айында барлық иеліктер жиналып ата-бабаларына шек береді», – деп жазылған. Осы дерек қаңлылардың сақ пен ғұндар сияқты отқа, айға, күнге, тотемге, аруаққа табынғанын растайды. Тіпті, кейбір деректер қаңлылардың музыка саласында да аса атақты болғанын растайды. Осыдан 1500 жыл бұрын жасаған қытай ақыны Бәйжуийдің «Биші бикеш» деген өлеңінде қаңлы биін тамаша суреттейді. Онда:

Биші бикеш ойқастап,

Оңға, солға бой тастап.

Жауған қардай қалықтап,

Құйындай құйғып, шарықтап.

Мүдіруді білмеген,

Бұрала толқып билеген.

Келіпті бикеш қаңлыдан,

Алты айшылық арыдан.

Жарыса зырлап күйменен,

Көңілі толқып күйменен.

Бидің биік сарасы,

Әлемде жоқ бағасы.

Қол жеткісіз асылға,

Әркімнің бар таласы.

Алқа-қотан айналды,

Жұрттың төре, қарасы, – дейді. Бұл сол тұстағы қаңлы биінің алыс-жақын елдер арасында қаншалықты ықпалды болғанын көрсетеді.

Қазақ құрамындағы қаңлылар  бір рулы елдің тұтастығын білдіреді. Қашанда қазақ тарихын сөз еткенде шежіре деректер мен тарихи шындықтарға сүйенетініміз ақиқат. Қазақтың аңыз, шежіресі қаңлыны ¦лы жүздің бір тармағы ретінде таратады. Шежіре дерек бойынша Сыр бойындағы және Жетісу өлкесіндегі қаңлылар қара қаңлы және сары қаңлы болып екі арыс елге айырылады. Көптеген шежірешілер қаңлыларды ¦лы жүз Төбейдің немересі Бәйтеректен таратады. Қазақ совет энциклопедиясындағы деректерге сүйенсек, Сыр бойындағы қаңлылар Жетісу қаңлыларының арғы атасы болып шығады.

Қаңлы туралы зерделегенде әлі де басы ашылмаған, нақты жауап берілмеген сұрақтар жеткілікті. Соның басында «Қаңлы» сөзінің қандай мағына беретіндігі тұр. «Оғызнама» дастанында «Қаңлы» сөзінің шығуын Оғыз ханмен байланыстырады. Онда: «Оғыз хан бір соғыста жеңіске жетіп, ырғын олжа алады. Мұны алып жүре алмайтын болғанда, Оғыз ханның шеріктерінің ішіндегі аса білгір Юсін білгі деген адам арба жасап, осы олжаны алып жүреді. Арбаға «қанға» деп ат береді де, оны жасаған қартты «Қанғалы (Қаңлы)» деп  атайды. Бұл аңыз парсы тарихшысы Рашид-ад-диннің «Жамих-ат-тауарих» атты еңбегі мен Абылғазының «Түрік шежіресінде» айтылады. Бірақ, Рашид-ад-диннің еңбегінде арбаны олжаға түсірген тайпа «Қаңлы» деп аталса, Әбілғазының шығармасында арбаны жасаған адам «Қаңлы» деп көрсетіледі. Б.з.б. VI ғасырда жазылған ежелгі Иранның қасиетті кітабы “Авестада”: “Вэсаканың ержүрек ұлдары ең биік, бәрінен жоғары тұрған Канха қамалының алдында құрбандық берді” деп жазылған. “Канха”, “кангүй” сөздері Қаңлы атауына ұқсас. Бұл атау Үнді халқының эпосы «Махабхаратаның» қолжазба дерегінде «Қанға» түрінде берілген. Орхон жазуымен жазылған «Күлтегін», «білге қаған» ескерткішінде «Қаңғу – Тарбан» түрінде кездеседі. Кейбір деректерде «Қаңғар» түрінде жазылады. Беделді ғалым Пекин университетінің профессоры Ваң Лидың транскрипциялауына жүгінер болсақ, ескі қытай тілі фонетикасы бойынша “Қаң жү ” (иероглифі) ескі тілімізде “Қаң – Ата”, “Қаңлы” сөзі “Аталы немесе Аталары ” деген мағынаны білдіреді.  Бұл туралы Орта Азия тарихын зерттеуші әйгілі жапон ғалымы Сиратори: «Қытайдың ерте дәуір тарихында жиі ұшырайтын «Каңжүй» деген әріп сол тұста «Каңку» деп оқылған. Сырдарияның Ташкент қаласынан төменгі жағы да сол тұста Каңку деп аталған. Қазақ халқында адам, тайпа, ел атауын жер атымен бірлестіріп атайтын әдет бар. Ендеше, оқылуы Каңқу деген сөз Канкар (Қаңлы)  деген сөздің дыбыстық баламасы. Каңқар сөзі «қарулы, жақсы-жайсаң» деген мағына береді, – деп көрсетеді. Әйгілі ғалым Махмұт Қашқари  «Түрік тілдер сөздігі» атты еңбегінде: «Қыпшақ тайпасының жақсы-жайсаң ұлықтары қаңлылар еді» дейді. Халқымызда: «Келелі елде қаңлы бар, қаңлыны хан көтер», «Қаңлыдан өзге хан болмас» деген мақал-мәтелдері де қаңлы сөзінің жақсы-жайсаң деген ұғым беретіндігін білдіреді. Мұндағы айтпағымыз, қаңлы сөзінің түпкілікті мағынасы арба деген ұғым емес, Саратори айтқандай: «Қаңлы сөзінің мағынасы жақсы-жайсаң деген ұғымды білдіреді» дегені көңілге қонымды болмақ. Оған келтірер дәлеліміз де баршылық.

Кезінде қаңлылардан көптеген батырлар, мемлекеттік қайраткерлер, ғалымдар мен өнер адамдары шықты. “Ақылды әрі аман-есен халықта Қаңлы руынан жоқ дегенде бір адам бар”, – деген сөз тегін айтылмаған. Оның терең мәні бар, ал бұл сөздің өзі бізге алыстағы ғасырлардан жеткен. Ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан ертедегі тарихқа арналған өз еңбектерінің бірінде: “Батыста ғұндардың басты күші қаңлылар болды. Олар өте ұзақ уақыт бойы Талас пен Сырдария өзендері бойында тұрды, ғұндармен қатар өмір сүрді, олармен көп ортақтастыққа ие еді… Олар Орхон мен Енисейде пайдаланылған ертедегі сына жазуларын пайдаланды, қаңлылар тұрған қалалардың қабырғаларында олардың жазуларының іздері қалды”, –  деп жазды. Ал Қытайдың тарихи жазбасы «Сүй патшалығының тарихы. Батыс өңір шежіресінде»: «Қаңлылардың да, олардың кейінгі ұрпақтарының да заңы бар болып, оны ғибадатханада сақтады. Осы заң бойынша қылмыстыларды жазалады», – деп жазылады. Қытайдың Сүй патшалығы дәуіріміздің VI ғасырында билік еткен патшалық. Ендеше, осыдан бұрын қаңлыларда жазу болған, жазба мәдениет те өркендеген. Осындай мәдениеттен сусындаған қаңлылардың кейінгі ұрпақтары да білімді, парасатты, білгір болып өсті. Олар өз тайпаларының даңқын асырып қана қоймай сол тұстағы әлем мәдениетіне өлшеусіз үлес қосты.

Айта кететін жағдай, тарихи деректерде мұсылман діні Қазақ еліне ХІІ  ғасырдың аяғында ене бастаған. Оған дейін бұтқа, отқа табынған. Қытай жазба деректерінде өткен дәуірлерде қытайлармен аралас-құралас жасаған қаңлы зиялыларының қаңлы тегінен шыққандығын білдіру үшін өз тегіне “қаң – кан” (аты – жөні, фамилиясына) қосып айтатын. Осыған орай қытайтанушы ғалым

Н. Мұхаметқанұлы қытай еліне алғаш будда дінін таратып, уағыздаған қаңлы ғұламалары жөнінде айта келе: “Олар жат жерде өз тегін ұмытпау үшін өз тегін “Қаң – кан” деп қойғандығы қытай деректерінде ашық жазылған. Олардың ішінен әйгілі буддизм ғұламалары шығып, қытай тарихынан маңызды орын алғандары аз емес” – деп жазады. Юань империясына мемлекеттік, әскери, мәдени қызмет көрсеткен түркі тайпаларының ішінде қаңлылар көп болған.  Оның дені ХІІІ ғасырдың басында Шыңғыс хан жасақтарынан жеңілген Орта Азиядан, Сыр бойынан, Хорезмнен  Моңғол жеріне, одан ары  Құбылай ханмен бірге ішкі қытайға барып, жергілікті ұлтпен сіңісіп кеткендер.
Қытай деректерінде олардың аса іскер де қабілетті әскери қолбасшысы болғандығы жиі айтылады. Мысалы, Құбылай ханның Сун империясына қарсы күресінде көзге түскен әрі ең жақсы көретін 10 жорығының біреуін басқарған әскербасы – қаңлы Бухума батыр (қазақша – Бұғыма) болатын. Юань империясының (ХІV ғ. орта шені, ол 1368 ж. құлады) тұсында түркі тайпалардың өкілдері – “сэмулер» үкімет билігіне, саяси өмірге де белсене араласады. Мәселен, Юань империясында билікке таласып, бірін-бірі ауыстырып жатқан Шыңғыс хан әулеті көбінесе осы түркі тектес тайпалардың беделді де көрнекті өкілдеріне сүйенген. Міне, сол мұрагерлердің бірі Хайсан хан қарсыласы, бақталастарын жеңіп шығып, үкімет басына келуіне байланысты (1307ж.) ұйымдастырылған жасырын әрекетке ағайынды қаңлы  Жаннұр мен Жантемірлер басшылық етеді.

Қаңлылардың Моңғол империясындағы мәдени рөлі де ерекше болған. Олардың ішінде ұлы ғалымдар мен мемлекет қайраткерлері, әдебиетшілер мен заңгерлер болған. Қаңлы Бұхумы және оның баласы Наонао  Конфуцияны уағыздаушы көрнекті ғалым және Юань ордасының ақыны болған.  Юань мәдениетінің әсерін терең қабылдаған ғалымдар қатарында қаңлы Орос Юань династиясының (әулетінің) мемлекеттік тарихын жазу үшін құрылған комиссияның мүшесі ретінде белгілі болған. Отырарлық Ақыш атты қаңлы саудагердің баласы Самға ата-анасынан жастай жетім қалып, Үндістанда Будда классиктерінің ілімін жетік меңгеріп, Қытай жеріне оны таратуға үлкен үлес қосқан діни қайраткер болғандықтан Қытай тарихында есімі сақталып отыр. Суретші қаңлы Жұңда, сазгер қаңлы Дияуда, Тоқта, Темірташ, Дәштемір, ақын қаңлы Бұқа, қаңлы Қоңай ақын, қаңлы Алтын Қара ақын, Қаңлы ақыны Потод, Қаңлы Бұқым, Қаңлы Қайырхан   қатарлыларды “ Қаңлы текті тарихи тұлға” деп неге мақтан етпеске! Міне, бұл қысқа деректің өзі-ақ көп нәрсені аңғартып тұрған жоқ па? Өкінішке орай, сол бабалардың еңбегінің бүгінгі қазақ жастарына жетпей жатқаны ғана жүректі ауыртады.

Түйін

Кезінде америкалық үндістердің көпшілігі өз жерлерінен  қуылды  немесе жойылды.  Тегі үндіс бір кинорежиссерге: «Байлық  бақыт болып  санала ма?» – деп сұрақ қойылады.  Бұған ол: «Өзімде және өзгелерде бар бүкіл байлықты халқымның бір күндік тәуелсіздігіне берер едім», – деп жауап қатыпты. Қазақстанның тәуелсіздігі  деген өте  қасиетті ұғым. Бұл тәуелсіздік біздің буынның бақытына келді. Оны сақтау бәріміздің парызымыз. Осыдан екі мың жыл бұрын қаңлы тайпасы қазақ даласында қарымды хандықты құрды, одан бұрын да үйсіндер, ғұндар, сақтар, сарматтар, скифтер осы даланы дүрілдеткен ел болды. Десе де, қазақтың мемлекеттілігінің тарихын сол қаңлы хандығынан таратудың да тарихи шындығы жеткілікті. Бәлкім, ол бүгінгі шекарасындағы,  бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ, бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы  айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды, біз ата-бабаларымыздың ұлы істерінің жалғастырушыларымыз.

Әрине, бұл жазбада қаңлы хандығы туралы бәрін айтып тастадық дей алмаймыз. Десе де, өзіндік ой шиырымызды қалдырдық.

Қажет Андас,

өлкетанушы-журналист.

 

 

 

5 1 vote
Рейтинг статьи
Қаралым 76
Тарихпен тамырлас мекен
Тарих

Тарихпен тамырлас мекен

March 2, 2026
Дәлел мен дәйек
Тарих

Дәлел мен дәйек

February 27, 2026
Байтұрсынов жазуына адалдық
Тарих

Байтұрсынов жазуына адалдық

February 2, 2026
Баласаз баурайындағы тарих
Тарих

Баласаз баурайындағы тарих

October 13, 2025
Алаш идеясын арқау еткен
Тарих

Алаш идеясын арқау еткен

September 22, 2025
«Тұңғыш экологиялық жарғыны қазақтар жазған»
Тарих

«Тұңғыш экологиялық жарғыны қазақтар жазған»

August 29, 2025
Subscribe
Login
Notify of
guest
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
Мұқаншының Мұхиты

Мұқаншының Мұхиты

April 16, 2026

Біз үшін қастерлі есім

Біз үшін қастерлі есім

April 16, 2026

Шәкірт мақтанышына айналған

Шәкірт мақтанышына айналған

April 16, 2026

Жаркент уезі (1926 жылғы мәлімет бойынша)

Жаркент уезі (1926 жылғы мәлімет бойынша)

April 16, 2026

Елдіктің жолы

Елдіктің жолы

April 16, 2026

Ақпараттық агенттігі

Меншік иесі: “Жетісу” өлкетанушылар орталығы” қоғамдық бірлестігі
Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы “Болашақ” шағын ауданы, 12-27

Q-Andas желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2025 жылғы 19 наурызда тіркеліп, № KZ21VPY00115275 куәлігі берілген.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

Тел: 8 747 706 1382
email: andas_kazhet@mail.ru

qandas.kz © 2025. Барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.

  • Qazaq
  • توتە جازۋ
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат

© 2025 qandas.kz

wpDiscuz