Q-Andas
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
  • Qazaq
  • توتە جازۋ
Q-Andas
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
No Result
View All Result
Q-Andas
No Result
View All Result
Басты бет Тарих

Тарихпен тамырлас мекен

admin
2026/03/02
Тарих
0
Тарихпен тамырлас мекен

Егер біз ел тарихын қозғар болсақ, алдымен жер тарихын білуіміз керек. Өйткені жер – атамекен. Жер – халық қонысы, еншісі. Жер арқылы ондағы мекендеген халықты білеміз. Мәселен, Отаны жоқ ұлттар бар. Олар атамекенін мәңгі сақтай білмеді. Атамекенінен айырылған ұлт күндердің күнінде, Отаны жоқ келімсектер, кірмелер болып атанады. Олар өгей баланың күнін кешеді. Мейлі аз ұлт болсын, оның шыққан тегінде белгілі атамекені болғаны рас. Түрлі себептерден жер ауды, көшті, басқа жерге сіңісті, жерсінді. Бірақ түбінде ұрпақ болашағына, ұрпақ тағдырына кедергі келтірері қиын-ақ. Содан барып жерінен айырылған халық  біртіндеп ана тілінен де айырылады. Ондай мысалдарды көптеп айта аламыз, көріп те жүрміз.

Қай жер кімнің атамекені екендігін тарихтан да, картадан да білеміз. Архивты ақтарып отырсақ, ескі карталарға көз жүгіртсек, таңданамыз, таңғаламыз. Бір мақтанарлығы – біздің ата-бабаларымыз тарихтың қанша сынағына дөп келсе де, азып-тозса да, аштықтан қырылса да, қуғын-сүргіннің кесапатынан қынадай қырылса да атамекеннен табан аударған жоқ. Не көрсе де, басына қандай зобалаң түссе де осы мекенді сақтап қалу үшін бәріне көнді. Тағдырдың тезіне де, тарихтың терпкісіне де шыдады. Ақыры Қазақстан Респбликасы деген тәуелсіз елдің иегері атандық.

Ең алдымен әрбір жас өзі туған жердің жер аттарын жетік білгені жөн. Ондағы қасиетті жерлерді, атақты адамдарды, тарихи оқиғаларды , ауылдың өркендеуі мен кедергілерін көңілімен түсінуі керек. Туған жерін толық білген жас аймағының, одан ары Отанының қадірі мен қасиетін толық сезіне алады. Осы тұрғыдан келгенде Еркін ауылының да айналасы тұнып тұрған тарих.

Біздің ежелгі ата-бабаларымыз Шу,  Талас, Іле, Көксу, Ақсу, Тентек, Қаратал, Бурақожыр, Үсек, Шежін…..т. б. өзендер маңына қоныстанып6 ғұмыр  кешкен. Ғұндар, Қазақ  даласындағы  ежелгі Үйсіндер, одан бергі  Түрік, Батыс Түрік, Түргеш,  Қарлұқ қағанаттары, Шыңғыс ханның Еке Моғол ұлысының, оның баласы Шағатайдың ұрпағы Тоғылық Темір құрған Моғолстан мемлекетінің, сондай-ақ,  Керей  мен Жәнібек құрған Қазақ хандығының, қорыта айтсақ  қазіргі Қазақ  ұлтының  ежелден  бергі  ата  қонысы, қасиетті мекені. Сол мекенде, әсіресе, жерұйығы атанған Жетісу жерінде қалалық мәдениеттің сан түрлі белгісі сақталып қалды. Олардың қатарында желгі Қойлық, Қарамерген, Екіоғыз, Дүңгене, Талғар (Талхиз), Ағарту, Қос құдық, Шаржетім сияқты  ерте орта ғасырлық ежелгі қалалар мен төрткүлдер, қола, сақ, үйсін  кезеңдерінен бастау алатын Ащыбұлақ,  Есік, Боралдай, Қарғалы, Мұзбұлақ, Талапты, Биғаш, Үйгентас қатарлы ежелгі қорғандар, Шолақ, Қаракүңгей, Лабасы, Шаған, Қаратау таулары мен  тау аралық ойыстарда шоғырланған қысқы мал жайылымына қолайлы ерте орта ғасырлардан бастау алатын қазақ қыстаулары, түркі кезеңінің балбалтастары, ерте орта ғасырлардағы суармалы егіншіліктің орталығы болған Іленің ескі арналары Бақанас, Қаратал, Сарқан, Басқан, Ақсу, Тентек өзендеріннен тартылған ежелгі суару каналдары мен бөгендері ата-бабалар тарихының олқы болмағанын аңғартып тұр.

          Менің пайымымша, ең алдымен өзінің туған жер, өскен өлкесінің тауы мен даласын, өзені мен көлін, данасы мен дарасын жүрегімен сезінген адам ғана туған елінің жарқын келешегі үшін адалдықпен еңбек етеді. Сондықтан әрбір жасөспірім шағынан бастап жігері мен намысын, танымы мен түйсігін өскен ортасының қадір-қасиетімен суғарып ержеткені жөн.

Әрбір ұлтжанды, халқын сүйген азамат өз халқының ежелгі тарихын, олардың өткен кезеңдерін жақсы білуге тиісті. Тарихи сана тарихи сабақтастыққа, таным-білімнің тұтастығына, халықтардың бірлігіне, осында өмір сүрген адамдардың бірін-бірі құрметтеу үлгілеріне бастайды. Ежелден қалыптасып, терең сіңірілген отаршылдық пиғылдағы ойларды еңсерудің тиянақты тағылымы да осында. Қазақстандық патриотизмге тәрбиелеудің бұл да бір сыннан өткен мектебі болмақ.

Бұл еңбекте біз тұтас қазақ тарихын сөз еткелі отырған жоқпыз. Қайта қазақ даласының бір бөлшегі болған әлем картасымен есептегенде нүктедей ғана болып көрінетін Еркін ауылы және оның өткені мен бүігінін зерделеу арқылы оның қазақтың ұзақ тарихынының табы қалған құтты мекен екенін шамамыз жеткенше дәлелдеуге тырысу.

Кейде өзімізден бұрынғы саяси ұстанымдардың ығына жығылып, осы бір қастерлі өлкенің өткенін бір ғасырмен шектейміз. Ақиқатына келер болсақ, оның тарихы сонау алыста жатыр. Жоңғар Алатауының биік сілемдері мен муздықтарынан  бастау алатын ақжайқын Көксу мен Қаратал, Көктал мен Сарыбұлақ, Балықты мен Қора, Шажа өзені мыңдаған жылдар бойы өзен сағалаған елді көгертіп, көктетіп келді. Осы өлкеде тарихтың сан тай-таласы өтті. Берекелі өмір де, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған дәуір де, қырғын шайқастар да орын алды. Оның көбін жылдар жылыстап, айлар аунап ұмыттырып жібергенімен, «Ат аунаса түк қалады» деген бабалар парасатына сүйенсек, қайта еске салып жатқан дәлел-дәйек те аз болмады. Ендеше, осы ретте өңірдің өткені мен бүгінге дейінгі өзгерістерін білігіміз жеткенше қаузап көрсек, артық болмайтын шығар.

Түптеп келгенде, бұл өңірдің бүгінгі тұрғындары кешегі шошақ тымақты сақтардың ұрпағы деп айтуға әбден болады. Әлем тарихшылары ежелгі сақтарды үш топқа жіктеген. Соның бірі тиграхауыд, яғни шошақ тымақты (бөрікті) сақтар. Әлем тарихына өшпестей із қалдырған Тұмар (Томирис) ханышайымды тұлға еткен сақтар. Кейінгі археологиялық және антропологиялық зерттеулер: «Тиграхауыд сақтарының бас сүйектері домалақтау, маңдайы сәл тікшелеу, көз ұялары биіктеу, қыр мұрынды, жақ сүйектері ірі және шығыңқы келеді» деп дәлелдеп отыр. Сондай-ақ, әйелдері ер мінезді, еркектері сабырлы, аз сөзді келеді дегенді де алға тартады. Ғалымдардың осы дәлелдемелері бүгінгі біз сөз етіп отырған еркіндіктерге де келетін сияқты. Мұнан бөлек, Еркін ауылының аумағында Үйтас және Қызыл тас саяжайы деп алатын жер бар. Ғалымдар мен зерттеушілер бұл қоныстың осыдан бірнеше мыңжыл бұрынғы, яғни, ерте темір және қола дәуірінде адамзат өркениеті қалыптасқан өңір екенін дәлелдеді. Тіпті, Үйтастағы тас бетіне қашалған белгілер Таңбалы тас пен «Ешкіөлмес», «Үйтас», «Қызылтас»  тауларындағы петроглифтерден әлде қайда ұзақ тарихқа ие болатынын анықтады.

Сақтармен қатар бұл өлкеде ғұндар да өздерінің тарихи белгісін көптеп қалдырды. Ғұндар дегеніміз – үйсіндер (жалайырлар), қаңлылар, оғыздар, қыпшақтар, арғындар, қоңырат-қияттар, наймандар, керейлер, уақ-үнгіттер, дулаттар. Олардың гүлденген қалалары, берік қамалдары болды. Оған дәлел ретінде Екіөгіз қаласын айтуға болады. Өйткені, қазақ даласындағы төрткүлдер мен қорған-кешендер тұрғызу ғұндарға тән белгі. Қытай тарихшыларының еңбектерінде Ұлы Жібек жолының бір тармағының бойында жатқан алтын қорытып, күміс шайқаған, қоладан неше түрлі тұрмыстық бұйымдар, әшекейлер, аңшылық, дәрігерлік аспаптар жасаған Екіөгіз қаласы жайлы деректер жиі ұшырайды. Өз кезінде түйелеріне тоғанағын толтыра жүк артқан Жібек жолының орта бағытындағы керуен Тарбағатай тауларын сағалай жылжып, Қойлық (Қаялық) қаласына түнеп, ертесі керуен жолын Балқаш көлінің солтүстік бағытмен жылжытып, Қараталдың суын кешіп өтіп, Балқаш ауданының жерінде жатқан Қаракемер қаласы арқылы Шу мен Талас өзені бойындағы қалаларға қарай сапар шеккенде Қаратал бойындағы Еркін ауылы орналасқан мекенді басып өтпейді дей аласыз ба?  Сол керуен Қарақалпақстанның орталығы Нөкіс қаласынан шығып, қарт Каспийді айналып, Еуропаны, одан ары Африкаға дейін сапар шеккенде міндетті түрде біздің өңірден өтті. Бүгінде біз сол тарихты ұмытқанымызбен немесе әлде кімдер ұмыттырғанымен ауыл іргесіндегі жота-жондарда айғыздалып жатқан көштің ізі соны айғақтап тұр. Алайда сол ақиқатты ашу бүгінгі ұрпақтың еншісіне қалып отыр. Егер бұл тарихтың беті ашылып, өткен күннің шұғылалы жетістіктері осы өңірдегі әрбір тұрғынның санасына жетер болса, «Қазақтар өзінің кім екенін білсе, дүниені алақанында ойнатады» деген Ресейдің әйел патшайымының уайымы шындыққа жақындай түспек.

Жібек жолының барлыққа келуімен Жетісу жеріндегі қалалық өркениет тіптен өркендей түсті.  Талғар, Лепсі, Қаскелең, Шілік, Көксу тағы да басқа  өзендеріне тән аймақтардан  қалалық орталықтар, қоныс-қыстақтар сияқты  елді мекендер пайда болды. Ғалымдарымыздың соңғы зерттеулерінің көрсеткіші бойынша Жетісудың оңтүстік-батысында  36 қала жұрты анықталса, ал солтүстік-шығысында 70 қаланың орны табылып отыр. Ерте орта ғасырларда негізі қаланып, кейін  жазба деректерге  түскен,  парсылық Х ғасырға жататын «Худуд әл – Әлем» еңбегіндегі – Талғар,  ХІ ғасырлық  М. Қашқари шығармасындағы – Екіөгіз, ХІІІ ғасырға тән Г. Рубрук жазбасындағы – Қойлық, Егіөгіз,тағы да басқа ірі сауда орталығы  болған  қалалардың айтылуы тарихи  шындық. Аталмыш  шаһарлардың  бүкіл  Еуропа мен Азияның саудагерлеріне, ғалымдары мен елшілеріне әйгілі болғандығы анық.

Көне жазбаларда жиі айтылатын Қаратал өзені бүгінде Еркін ауылының іргесінде ағып жатыр. Демек, сонда баяндалған тарихтан Еркін ауылы да тыс қалмайды деген сөз. ХІІІ ғасырдағы Ватикан мемлекетінен жолға шыққан Плано Карпини, Марко-Поло, Гильом де Рубурк сияқты саяхатшылар бүгінде біз мекендеген өлкеден өткені анық. Басқасын айтпағанның өзінде, 1253 жылы Ватикан елшісі ретінде Мөңке ханға жолығуға аттанған Гильом де Рубуркт Еуропадан аттанып, Ресей жерін басып өтіп, Қазақстан жерімен жүргені анық жазылған. Саяхатшы Жамбыл облысының Құлан қаласы арқылы өтіп, Алматы облысындағы Талғар (Талхиз), Жетісу облысындағы Көксу ауданының тау бөктеріндегі кезіндегі Лабасы қаласы, Талдықорған қаласының солтүстігіндегі Көктал мен Сарыбұлақ өзені қосылған жеріндегі Екіоғыз қаласы, Сарқан ауданындағы Қойлық (Қаялық) қаласы, Алакөл ауданындағы Достық бекетінен өтіп, сапарын одан ары қарай жалғастырғанын жазылады.

Сол жазбалардың бірінде Рубурк Лабасы қаласына келген саяхатшылар ұзақ жол жүрмей, Екіоғыз деген әдемі қалаға келгендерін, қала маңындағы Ақбұлақ деген өзеннен ат жалдап өткендерін тәптіштеп жазады. Тіпті Сарацин (Иран) көпестерінің осы қаламен сауда байланысын орнатып, келіп-кетіп тұратынын да естелікке түсірген. Демек, бұл жазбадағы Ақбалық дегеніміз, бүгінгі Балықты өзені деп тұжырымдауға болады. Бүгінде осы өзеннің іргесінде иппадромның орналасуы тегіннен-тегін болмаса керек. Махмұт Қашқридың «Түрік тілдері сөздігі» кітабында Екі оғыз қаласының екі өзеннің ортасына орналасқаны туралы да айтылады. Демек, Көктал мен Сарыбұлақ өзенінің қосылған тұсындағы тас үйінділері, көне қала сорабы сол Екіоғыз қаласы деп тұжырымдауға негіз болады. Қазақстан археологтарының жүргізген зерттеу-жазба жұмыстарының қорытындысы бойынша Сол Екіоғыз қаласы Еркін, Көктал ауылдарының төменгі маңында болғандығын толық дәлелдеп отыр.

Ерте орта   ғасырда гүлденген саяси-әкімшілік әрі ірі сауда орталығы болған қалалардың бірі Екіоғыз (Эквиус) қаласы. Ол түркі тілінен аударғанда «Қос өзен» деген мағынаны білдіреді. Карл Байпақовтың  еңбектеріндегі деректерге сәйкес Ұлы Жібек жолының бойында XІІІ ғасырдың жартысы мен XІV ғасырдың басында Орта Азиядан Жетісу арқылы Алтай мен Монғолияның орталық бөлігін байланыстыратын сауда жолы Көксу өңіріндегі қалалардың сауда-экономикалық маңызын арттырып, одан әрі гүлденуіне өз әсерін тигізді.

Жетісу өңірінен шыққан қазақтың белгілі инженері, әрі тарихшы ғалымы М. Тынышбаевтың «Қазақ халқының тарихы» атты еңбегінде Қазақстан аумағындағы Ұлы Жібек жолының бойындағы гүлденген қалаларға тоқтала келіп Екіоғыз, Дүнгене қалаларының көшелері мен маңызды ғимараттары анық көрініп жатқаны, жергілікті халық қала орнынан  мыстан жасалған қазандар мен қыш құмыралар тапқанын және ауызсумен қамтамасыз ету үшін тау бөктеріндегі бастаулардан тартылған қыш құбырлар болғаны жөнінде де жазады.  Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері М. Нүрпейісовтің пікірінше Екіоғыз, Дүнгене сияқты қалаларда 1000-5000 тарта адам тұрған. ІX-XІІІ ғасырларда қала құрылысы мен сәулет өнерінің, сауданың жақсы дамығанын Иранда, Қытай мен Монғолияда жасалған шыңылтырланған жасыл түсті қыш ыдыстар мен су құбырлары  болғаны туралы деректер айғақтайды. Қазір олар Мәмбет, Мұсабек, Амангелді ауылдарындағы орта мектептеріндегі тарихи-өлкетану мұражайларында сақталуда.

Көксу ауданы, Жарлыөзек ауылындағы Төрткүл қамалы IX-XIV ғасырларда сауданың қайнаған қызу ортасы болған Қойлық, Екіоғыз, Дүнгене қалаларымен бірге жау қолынан қираған деген аңыз бар. Кешеннің бұрыштары төрт тарапқа қаратылған, сыртқы қоршауы 500-550 метрдей болса, ішкі қоршауы 200х180 метр тік төртбұрышты алаңнан тұрады. Кешеннің Солтүстік Шығыс жағын Жарлыөзек өзенінің суы шайып жатыр. Бұрынғы дуалдардың 150 метрге дейінгі жалғасы жойылып біткен. Топырақ жалдың оңтүстік батыс бөлігі жер қазу жұмыстары салдарынан көп бүлінген. Қазір кешен дуалының жұрнағы 3-4 метр, іргетас ені 15-16 метр топырақты жал болып жатыр. «Төрткүл» деп аталуы кешеннің төрт бұрышында жан-жағында төрт терезесі бар биік мұнара орналасқан. Мұнараның басына түнде сексеуілмен от жағатын болғандықтан, содан түскен күлдің себебінен «Төрткүл» деп аталған.

Осынау шөбі шүйгін, жері табиғи байлыққа бай, адамдарының он саусағынан өнер тамған өңірде VI ғасырға келгенде жарты әлемді алақанында ұстаған Түркі қағанаты басты. Жоңғар Алатауының жыра-жықпылындағы, жүйелеп айтсақ,  Қора, Шажа. Қаратал өзенінің аңғарындағы тау қойнауына енген сайын көзге шалынатын биік жартастағы тас белгілер сол дәуірден бүгінге бүлініп жеткені.

Қазақ тарихынан бөліп алуға келмейтін тағы бір таихи кезең – Шыңғыс хан және оның мұрагерлері құрған империяның да бұл өлкемен қатынасы қою болған. Кейінгі тарихышлар жетісу жері Шыңғыс ханның атақонысы болған дегенді дәлелдеп жүр. Әрине, ол жайлы мен де айта қояр ұнамды пікір жоқ. Алайда, Шыңғыс хан Кидан патшалығын тас-талқан еткенде, кейін Хорезм шахқа жорық жасағанда Қаратал, Көксу өзендерін кешіп өткені анық. 1223 жылы Құланбасы жиналысында Шыңғыс хан өзіне қараған территорияны төрт ұлына бөліп берді. Сол тұста Жетісу өңірі кенжесі Шағатайдың еншісіне тигені мәлім. Шағатай хандығы билік жүргізген аумақта шағатай тілі орнығып, шағатай жазуы барлыққа келді. Шағатай жазуында әлемдік өркениетке жол ашқан алып жәдігерлер жазылды. Сол кітаптардың бірқатары бүгінде еуропа елдерінің кітапханаларында сақтаулы тұр. Демек, шағатай жазуымен жазылған әдебиеттерге еркіндіктердің де еншісі бар деген сөз. Өйткені, бір хандықтың құрамында тұрған жұрт оның тілін меңгеріп, жазуында жазбауы мүмкін емес. Алтын Орданың атақты ақыны Жамал Қарши шағатай тілінде жазды. Жүсіп Баласағұнидың «Құтты білігі» алғаш ретінде шағатайша жазылып, кейін басқа тілдерге аударылды. Мұнан өзге де біз білмейтін шаң басқан архивтерде жатқан қаншама дүние бар.

Шыңғыс хан әлемді биледі. Бірақ оның Жошы ұлысынан тарайтын ұрпақтың тарихы кейінгі қазақ тарихымен еншілесіп жатады. Себебі, Ұлы ханның үлкен ұлы Угедей билеген аумақта бүгінде Моңғолия мемлекті үстемдік етуде, Төленің балалары құрған Юань патшалығы бүгінгі Қытай Халық Республикасының негізін қалап берді. Шағатай хандығы кейін Моғолстан болып, біраз жыл дәурен сүрді. Кейін қытай мен орыстың бөлшектеуіне ұшырап, оның территориясын бүгінгі Ауғанстан мен Қытайдың батысы, Қазақстанның шығысындағы  елді мекендер болып өзгерді. Ал Еуропа мен Азияны уысында ұстаған Жошы ханның ұрпақтары қазақ тегін құрап, қазақ даласының мәңгілік қожасына айналды. Сондықтан қазақ тарихы жөнінде Жошы ұлысының орны бөлек. Жошы әулетінен тарайтын Орыс (бірде Өріс, енді бірде Ұлыс) балалары Қасым хан мен Жәнібек Қазақ хандығын құрғандығы баршаға мәлім. Қазақ хандығы ең алғаш Жетісу жерінде ірге бекітіп, кейін Моғолстанның құрамындағы жерлерді өзіне қосып, Жетісудан сонау Сібір даласына дейінгі ұлан-байтақ даланы билеген іргелі ел болды. Қазақ хандығының іргесін мейлінше кеңейтіп, қуатын арттырған Қасым хан тұсында атақты Қаратал өзенінің бойында үлкен шайқас болғаны туралы айтылып жүр. Өкінішке орай, қазір өз бағасын алған жоқ. Бірақ уақыт өте сол ақиқат ашылатыны анық. Демек, сол шайқасқа да осы Еркін ауылы орныққан өңірдің тұрғындары ат салыспады деп айта аласың ба?

Біз де осы күнге дейін орын алып келе жатқан бір үлкен қателік бар. Қазақ тәуелсіздігі үшін күресті қашанда «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейінгі тарихпен, нақтылап айтқанда, Абылай ханның тұсындағы ел қорғау жолындағы күрестерден ғана қарастырамыз. Батырымыз да, биіміз де, билік еткен хандарымыз да сол тұста болған сияқты. Кейінгі кезде қазақ-жоңғар соғысынан бұрын өткендерді, тіпті кейін жасаған батыр мен биді Абылай ханның айналасына апарып, теліп алатын дүмбілез болжамдар көбейіп кетті. Біз осыған нүкте қоюымыз керек. Ол үшін тарихты тануға ұмтылатын адамдардың қатары көбеюі және олар ақиқатшыл болғаны жөн. Қазақ-жоңғар соғысынан Еркін өңірінің халқы да шет қалған жоқ. Қайта жоңғардың тепкісіне осы өңірдің халқы көп ұшырады. Алапат айқастар да атамекенін тастап, ауып кеткен кезде болды. Оның бәрі әлі күнге түгенделген жоқ. Қора шатқалында Төлектің төрі деген жер бар. Сол жерде мырзадан тарайтын Төлек батырдың ауылы отырған жоңғардың ең алғашқы шапқыншылығына да осы ауыл ұшырап, жоңғардың бетін қайтаруда да осы ауыл асқан ерлік танытып отырғаны анық. Ал кейін мырза елі жоңғардың тепкісіне шыдамай, бір мезгіл Сыр бойына ауып барып, жарты ғасырдай мекендеген соң бұрынғы атақонысына қайта көшіп келіп, орнықты.

1822 жылы Ресей патшасының шығарған жарлығы бойынша қазақ даласын басып алу заңдастырылды. Оның басында тұрған хан, сұлтандар біртұтас халық қорғанышы бола алмады. Ел ішіндегі барымта-сырымта, ұрлық-қарлық көбейді. Тіпті хандық территориясының шекаралық аймақтары уездерге бөлініп, тайпалық сипат жойылды. Бұрынғы хандық жүйемен ел басқару жойылып, болыстық түзім орнады. Осылайша, бұрынғы берекесі берік халық күш біріктіруден мүлдем айырылды. Оған ашық қарсылық ретінде ХІХ ғасырдың қырқыншы жылдары Кенесары Қасымұлы басқаруымен ұлт-азаттық күресі бұрқ ете қалды. Бұл Ресей патшалығына Жетісу өңірін табжылдырмай ұстауға тағы бір мүмкіндік берді.

Ресей билігі орнаған соң Жетісуда Лепсі, Қапал, Верный және Жаркент уездері құрылып, олар 1867 жылдан Аягөз бен Шу өзендері арасын қамтитын, Жетісу облысы деп аталды. 1848 жылы Ұлы жүз қазақтарын және Жетісу өлкесін басқару үшін Қапал түйінді өңір болып бекітілді. Қапал уез болған кезінде Қапал қаласы осы Қапал уезінің орталығы еді. Бұл кезде Қапал территориясы Семей облысына қарасты болды. 1867 жылы Жетісу облысы құрылғанда оған бес уез кіріп, сол уездерінің бірі Қапал уезі болған. Сөйтіп Қапал уезінің территориясы қайтадан Жетісу облысына енген. Қапал бай тарихымен, қайталанбас сәулетімен, ағаштан салынған әдемі үйлерімен, табиғатымен ерекшеленді. Ол жерде мешіт, медіресе салынып, «приходская школа», орыс мектебі, «туземная школа», «Якобия» татар қыздар медресесі мен мектеп ашылды. Осы тұста Еркін ауылы Талды болысының құрамында Қапал уезіне қарады. Кейін Еркінде туған талай жас Қапалда ашылған мектепте білім алып, туған жері Еркінді өркендету үшін талай игілікті жұмыс жасады.

1867 жылдан бастап Талдықорған өңіріне орыстарды қоныстандыру басталды. Кейін 1868 жылы Смеречидің бірінші губернаторы Г. Колпаковскидің өкімімен Жетісу жерін орыстандыру ниетімен казақ-орыс шаруаларын жаппай қоныстандыру басталды. 1868-1880 жылдары Ресейден Жетісуға көшкендер толастамаған. Осы уақытта көшіп келгендер 36 елді мекенге орналасып, табан тіреп алған. Талдықорған іргесіндегі Қарабұлақ кентіне 1868 жылы алғашқы шаруалар легі көшіп келіп, қазақ ауылдарымен қанаттаса орналасқан. Оның барлық жұмыстарын болыстық басқармалар үйлестіріп, ұйымдастырып отырған. 1896 жылы Талдықорғанда дербес басқарма ұйымдастырылып, оның қарамағында бір мұсылман мешіті, бір християн шіркеуі, наубайхана, нан сататын дүкен, екі ағаш шеберханасы, сырахана, 64 сауда дүңгіршегі, 3 асхана, 6 ұстахана тұрғындарға қызмет еткен. Осы қызмет көрсету орындарына керекті ет, сүт, бидай, тары қатарлы шикізаттар қала маңындағы Еркін қатарлы ауылдардан жеткізіліп отырған. Ал осы ауыл тұрғындары сол орталықтарды жұмыс істеді. Өкінішке қарай, еңбек жағдайының ауырлығына қарамастан, төленетін төлем төмен болды. Таң атқаннан, кеш батқанша жұмыс істейтін жасөспірім 15, ересектер 28 тиын алып отырған.

Осы тұста, яғни, 1882-1897 жылдары Жетісу облысы Дала генерал-губернаторлығына, 1897 жылдан бастап Түркістан генерал-губернаторлығына қарады. 1905-1907 жылдары орыс төңкерісінен кейін де қуғынға түскен талай орыс отбасы осы өңірге табан тіресе, қалғандары Ресейдің Еуропа және Сібір аймақтарынан патша өкіметінің рұхсатынсыз қашып келгендер көп болды. Қапал уезінің 1907 жылғы мәліметтеріне қарасақ, Мырза руының ауылдары басым болғандықтан Мырза болысы өз алдына жеке 6 ауыл, 965 шаңырақ деп көрсетілген. 1910 жылы Қапал уезінің орталығы Талдықорғанға ауыстырылды. Оның құрамына Ақешкі, Ақсу, балғалы, Таулы, Жалайыр, Ескелді, Іле-Балқаш, Қаратал, Қапал, Қоғалы, Күшік, Луговой, Троцик, Тұлымбет, Оңтүстік Балқаш болыстары кірген. Соның ішінде мырза болысына Жалайырдың №1 және №3-ші әкімшілік ауылдары кірген. Бұрын мырза болысының жерлері жоғары Қаратал болысына қараған болатын. 3-ші әкімшілікте 2-28 ауылдары, яғни, 26 шаруашылығы құрылып, онда 1910 жылы 146 шаңырақта 791 адам болған. Олар толығымен Жалайырдың Мырза және Андас руларынан тарағандар. Қыстаулары Бұрақ, Қараой, Көктал, Сарыбұлақ, Садық шатқалдарына салған. Көктеу мен күзеу, қыстаудан ұзап кетпеген. Жазда малы көп шаруашылықтар тау етегіндегі Балықты, Шажа, Қойтас жайлауларына көшкен. Жекелеген шаруашылықтар қыс кезінде ірі қара малдарын Төменгі Қаратал болысына қарасты Кескентал шатқалына өз ағайындары отырған жерге қарай айдаған. Қаратал өзені бойынан мал азығына жоңышқалық сепкен.

1910 жылғы мәлімет бойынша уезде 179487 адам тіркелген, соның ішінде қазақтар саны 175999 адамды құрады.  Осы жылғы мәлімет бойынша, Мырза болысында 7 ауыл, 912 шаңырақ, 5198 адам тұрғандығы тіркелген. Уез тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысқан. Ауыл шаруашылығы және ұсақ кәсіппен айналысқандар да тұрғындар сұранысын қанағаттандырып отырған. Қазақстан Республикасының орталық мұрағатында, осы жылдардағы келімсектердің 1912-1913 жылдар аралығында жергілікті уезд басшылығына және әскери генерал-губернаторға жазған хаттары сақталған. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі мен 1917 жылғы Ақпан және Қазақ төңкерісінен де еркіндіктер шет қалған жоқ. 1910-1916 жылдар өлкеміз үшін қайғы-қасіретке толы болды. Ресей патшалығы Жетісудағы казак-орыстарды құтыртып, қаруландырып қазақтарға айдап салды. Бұл 1916 жылғы қазақтардың патшалық Ресей билігіне қарсы ұлт-азаттық күресіне әкеліп соқты. Осы кезде Еркін ауылының түбінде әлі күнге дейін ел есінен көтерілмеген Сырымбет қырғыны орын алды. 1918 жылы 15 наурызда Жетісуда Кеңес өкіметі құрылғанымен 1919-1920 жылдары Қызыл армияның Верний құрама отряды Солтүстік Жетісуда басты әскери операциясын жүргізіп, оған Қарабұлақ стансысынан жергілікті еріктілер қосылып, 1920 жылға дейін Жетісудағы ақ гвардияшыларды жою міндетін атқарды.

Келесі 1921 жылдан бастап жер-жерлерде «Қосшы» ұйымдары құрыла бастады. Сол жылы Қапал уезінде 15 Қосшы одағы құрылып, 4850 адам біріктірілді. Бұл кез Еркіннің жоғары Қаратал болыстығына қарап тұрған кезі еді. Ал 1922 жылы жоғары Қаратал болыстығынан басқа, Ескелді болыстығы құрылып, 1927 жылы Бадырақ болысы болып аталды. Еркін осы тұста Ескелді болыстығының құрамына енді. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін 1928 жылы бұрынғы бес сатылы: Ауыл-село, болыс, уезд, губерния, өлке сияқты басқару құрылымы төрт сатылы: ауыл-село, аудан, округ, өлке болып ауыстырылды. Соның нәтижесінде республикада 6 губерния, 2 округ, 32 уезд, 410 болыстықтың орнына 13 округ және 192 аудан болатын болды. Осындай аудандардың құрылуына байланысты 1932 жылы республикада Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстары құрылды. Сөйтіп Еркін ауылы 1923 жылдан бастап Талдықорған ауданының құрамында Алматы облысына қарады.

Талдықорған ауданының орталығы Талдықорған селосы болып 1928 жылдың 17 қаңтарында құрылды. Ауданның сол кездегі құрамына бүгінгі Талдықорған, Қаратал, Көксу және бұрынғы Гвардия аудандарының жерлері кірді. Бұғанға дейін ауданды бірнеше болыстық біріктірді. 1924 жылдан бастап Гавриловқа Талдықорған атала бастады.

1921-1922 жылдары Жетісуда жер-су реформасы жүзеге асырылды. 1921 жылы Қапал уезінде Жетісу облысы төңкерістік комитеті халықтарды жерге орналастыру мәселесімен айналысты. Жер-су реформасы көшпенді халықты отырықшылыққа көшу барысын тездетті. Сонда болса Жеңдік, Төңкеріс, қызыл Күншығыс ауылдарының қазақ шаруалары 1927-1928 жылдарға дейін өздерінің жаңа жер телімдерін орыс куалактарға арына әрбір десятинасын екі сомнан жалға беріп, өздері бай туыстарының малын бағып, жайлауға кетіп немесе басқа жұмыстармен айналысты.

1922 жылдың қазанында Талдықорған уезінде 56 оқу орны жұмыс істеді. Онда 114 мұғалім сабақ беріп, 1580 оқушы білім алды. Келесі 1923 жылдың 1 қыркүйегінен 1 қарашаға дейін уезде жаңадан 33 қазақ метебі ашылды. Еркін ауылының тұрғындары да осы мектептерде оқып, білім алды.

1929 жылы ірі бай мен жартылай фебдалдардың дүние-мүліктері мен малдары конфискеленді. Алғашқы ұжымдасу 1929 жылы басталды. Осы жылы ауданда бірінші болып «Красный пахарь» колхозы құрылды. 1930 жылы «Жаңалық», «Жаңа талап», «Исаев» атындағы, «Екпінді», «Қызыл Күншығыс», «Жеңдік», «Төңкеріс», «Жақсымбет» ұжымшарлары құрылды. Сол кезде «Жаңаталап» ұжымшарында бар болғаны 28 жұмысшы, екі соқа, 1 арба, 5 сиыр, 3 ат, 2 түйе, 20 қой болды.

1932 жылдың 20 ақпанында Алматы облысының құрамына кірген Талдықорған ауданының да №1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13, 14, 15, 16, 17, 18 ауылдық кеңестері мен Аралтөбе, Безопесенка, Белокаменка, Березовка, Голубиновка, Жалғызағаш, Калиновка, Қарабұлақ, Қаратал, Көксу, Қапал, Коновалов, Кривощеев, Қоғалы, Луговой, Мологовка, Развилин, Сталин, Талдықорған, Томск, Троицк, Холмогоров, Царицын селолық кеңестері болды.

1933 жылы 4 сәуірінде Талдықорған аудандық атқару комитенің шешімімен №11, 12, 10 ауылдық кеңестері біріктіріліп, Быжы ауылдық кеңесі, №14, 18, 8 ауылдық кеңестері біріктіріліп, Қаражырық ауылдық кеңесі болып аталды. №8 ауылдық кеңесінің «Елтай» ұжымшары №9 ауылдық кеңесіне №5 ауылдық кеңесінің «Тоқтамыс», «Биғаш» ұжымшарлары «Жалғыз ағаш» ауылдық кеңесіне, №3 ауылдық кеңес құрамындағы «Еңбек» ұжымшары Өтенай ауылдық кеңесіне берілді. Осы шешіммен ауылдық кеңестер №1 – Қоңыр, №2 – Ленин, №3 – Еркін, №4 – Шұбар, №5 – Өтенай, №6 – Төленгіт, №13 – Шаған, №15 – Шаңханай, №16 – Ерназар, №17 – Көктал болып аталды.

1933 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Орталық атқару комитетінің қаулысымен Аралтөбе, Безопасенка, Голдубиновка, Ерназар, Коновалов, Көксу, Кривошеев, Қоғалы, Луговой, Развилин, Холмогоров, Царицын, Шаған, Шанханай ауылдық кеңестері Қоғалы ауылына, Быжы, Дүнгене, Қызыл бұлақ, Қаражырық, Мұқыры, Октябрь ауылдық кеңестері Қаратал ауданына берілді. Аудан құрамында Белокаменка, Березовка, Жалғыз ағаш, Еркін, Калиновка, Қарабұлақ, Қаратал, Қапал, Қоңыр, Ленин, Мологровка, Сталин, Талдықорған, Тоиск, Тройцк, Төленгіт, Өтенай, Шұбар ауылдық және селолық кеңестері қалды.

1936 жылы ұсақ ұжымшарлар ірілендіріліп, оның саны 43 болды. Ұжымшарлардың сол кездегі аттары мынадай еді: «Еңбек», «Жамбыл», «Өтенай», «Талдықарық», «Елтай», «Новимир», «Крупский», «Қызылту», «Жаңаталап», «Жаңалық», «Шымыр», «Нұра», «Третья пятилетка», «Новый быт», «Зария востока», «Сарыбұлақ», «Қазақстан», «Еркін», «Кемеращы», «Красный пахарь», «Борец труда», «Кесік», «Ешкіөлмес», «Екінші бесжылдық», «Қызыл октябрь», «Октябрь», «Биғаш», «Төңкеріс», «Молотов», «Жеңдік», «Большевик», «Қызыл Күншығыс», «Тельман»» «Екпінді», «1 май», «Теңдік», «Коминтерн», «Қораталды», «Теректі», Мичурин», «Волков», «Наш путь», «Труд земледельца».

Ұлы Отан соғысы жылдары облыстағы қолына қару алуға жарайтын ер-азаматтар мен қыз-келіншектер майданға аттанды. Оның бәрін осы ретте толықтай атай алмасақ та, Мәскеу түбіндегі шайқаста ерліктің ерен үлгісін көрсеткен 28 гвардяшы-панфиловшылардың батырлығы Жетісу облысы тұрғындарының ерлік шежіресі болып тарих бетіне таңбаланып қалды. Сондай-ақ, соғыс жылдары облыс ұрыс қимылдары жүріп жатқан ауданнан көшірілген 34 кәсіпорынды, батыс аймақтардан келген мыңдаған босқындарды қабылдап, оларды жұмысқа орналастырды. Атақонысынан күшпен көшірілген жүз мыңдаған чешен мен ингуш, қарашай мен балқар, неміс пен поляк, түрік пен Қырым татарлары облыс аумағына, Талдықорған өңіріне, сол қатарда Еркін ауылына да орналасып, ұрпағын өрбітті.

Соғыстан кейін облыс тұрғындары қайта құру науқанына белсене атсалысты. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытудағы қол жеткен ерен табыстары үшін облыс екі мәрте Ленин орденімен марапатталды. Облыс еңбекшілері арасынан 100-ге жуық Социалистік Еңбек Ерлері, мыңдаған еңбек озаттары шықты. Қай салада болсын ерен еңбектерімен тұлғаланған азаматтар Қазақстанның емес, бүкіл Одақтың мақтанышына айналды. Сол қатарда жерлесіміз, екі мәрте Еңбек Ері атанған Қазақстанды жиырма неше жыл басқарған Дінмұхамед Қонаевты, Нұрмолда Алдабергеновті айрықша атай кеткеніміз жөн. Ғылым, білім, денсаулық сақтау саласы бойынша үлкен жаңалықтар ашқан ғалымдар шоғыры өсіп шықты. Сол қатарға қазақ спортын бүкіл әлемге танытқан талантты азаматтар да болды.

Соғыс аяқталардан  бір жыл бұрын, яғни, 1944 жылы 16 наурызда Талдықорған облысы Алматы облысынан бөлініп шықты.   Екі облыс өздерінше өз әкімдіктеріне бағынып, өндіріс пен ауылшаруашылық құрылымдарын құрып, дамытты.  Ірі кәсіпорындар құрылды. Ауылшаруашылығы өнімдері ет-сүт өңдеу, дәнді дақылдар өсіру мақсатты түрде іске асырылды. Мал басы көбейтіліп, азығын дайындау науқаны Үкіметтің назарына алынды. Кейіннен, 1959 жылы Талдықорған облысы  Алматы облысының құрамына қайта кірді. Бұл жылдар Жетісуда  білім-ғылым жақсы жолға қойылып, жоғары оқу орындарында  заманға қажетті мамандықтар бойынша білім беру жүйелі  жүзеге асырылды. 1961 жылдың 10 мамырында Талдықорған ауданы таратылып, оның аумағындағы Селолық кеңстер Талдықорған қалалық кеңесінің қарамағына берілді. Осыдан ары қарай «Сарыбұлақ», «Кемеращы», «30 жылдық Қазақстан», «Еркін» ұжымшарлары бірігіп, Еркін ауылдық селолық окуругі құрылды.

Бұл жылдары облысты  Бәйкен Әшімов басқарды.  Ол тұрғын үй, мекеме, ғимараттардың салынуы, «Жетісу» шағынауданы,  Талдықорған аккумулятор зауыты іргетасының қалануына  ықпал етті.  Екі жылдан кейін облыс басқаруға  Әріпбай Алыбаев жетекшілік етті.  Сахан Құсайынов облысқа басшылық еткен 1978-1982 жылдары  өндірістің дамуы, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт мекемелерінің құрылыстарын салуға көп көңіл бөлінген.  Облыс орталығында «Жетісу» стадионы, драма театрының ғимараты тұрғызылды. Ол аудан, қалалардың тазалығы, көркемдік ерекшелігіне ерекше көңіл бөлді. Тоқсаныншы жылдары ел тоқырауға ұшырады.  Көптеген кәсіпорын жабылып, халықтың күн көрісі  қиындады. Экономика құлдырады.  Жұмыссыздықтан елдің жағдайы ауырлады. Облысты қайтадан екіге бөлді.  Сонымен,  1997 жылы Талдықорған облысы таратылып,  аудандар Алматы облысына қосылды.

Талдықорған облыс орталығы статусынан айрылған соң жұмыссыздық бұрынғыдан да көбейді.  Халық ілдәлдалап күн көрді. Елдің үлкендері, ақсақалдар жоғары жаққа хат жазып, облыс орталығы статусын қайта беруді сұрады. Жаратқан жар болып, 2001 жылы қыркүйек айында Талдықорған қайтадан Алматы облысының орталығы мәртебесін алды. Еркін ауылы Талдықорған қаласының құрамында қалды.

Сол жылы мемлекеттік мекемелер Талдықорғанға көшті.  Көшті облыстың жаңа әкімі Шалбай Құлмаханов бастап келді. Бұл кез  Алматы облысының жаңа тыныспен қарыштап дамуына мол мүмкіндік жасалған кезі еді. Алдымен Талдықорғанға жаңа тұрғын үйлер салынып, көшелері жөнделді.  Ғимараттар салынып, басқарма, департамент  мекемелері ағымдағы және күрделі жөндеулерден өтті. Ауыл, аудан орталықтары тазаланып, шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау білдірілді. Сол кезден бастап бүгінге дейін көптеген шағын кәсіпорындар іске қосылды. Бүгінде облыста 128 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Мектептер мен балабақшалар көптеп салына бастады.  Талдықорғанда  «Достық үйі», «Тіл  сарайы», «Жастар» спорт сарайы, Теннис орталығы, Ардагерлер үйін салғызуға мұрындық жасады.  Олардың жабдықталуы, елдің бос уақытын тиімді пайдалануы ұлттар арасында достықтың салтанат құруына ықпал етті. Облыстың тарихи, ұлттық нақышының  айшықталуына  күш салды.  Ол Талдықорғаннан Үш ата, Қадырғали Жалайыри, Қаракерей Қабанбай, Сүйінбай Аронұлы ескерткіштерін орнатты. Халықтың ішімдіктен бас тартып, ұлттық тағамдарға ден қоюына ықпал етті. Серік Әбікенұлының тұсында аудан орталықтарында қымызхана, шұбатханалар көптеп салынды. Облыстың орталығына жыл сайын бір аудан өз киіз үйін тігіп, қала тұрғындарын  ұлттық  тағаммен қамтамасыз етіп отырды.

2011 жылдан бастап үдемелі индустриялы-инновациялық бағдарламалық міндеттерді жүзеге асыру арқылы облыс экономикасының қарқынды дамуы, өндіріс өнімдерін көбейту, жаңа құрылыстардың бой көтеруі және  қолжетімді баспаналардың салынуына баса назар аударды.  Құрылыстың қарқынды жүруіне, астық алқабының кеңейтілуіне, егістікті суаратын ирригациялық жүйенің жаңартылуы, мал басының өсуі, халықтың әл-ауқатының жақсаруына ерекше назар аударылды. Талдықорғаннан жаңадан Неке сарайы, драма театры, саз мектебі, Оқушылар сарайы, Жастарға қызмет көрсету орталығы салынды.  Жаңадан бірнеше шағын аудан, даңғылдар тұрғындардың игілігіне берілді.  Осының нәтижесінде  облыс орталығы Талдықорған қаласы тұрғындарының саны 200 мыңға жуықтады.  Бала туу көрсеткіші артты. Сырттан көшіп келушілерінің қатары өсті.

Экономиканы көтеруге индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы оң әсер етті. Соның  нәтижесінде  «Кока-Кола», «RG BRANDS», «Хамле», «Филип Моррис», «Джей Ти Ай», «Фуд Мастер», «Danone», «Адал», «Кнауф-Гипс», «АлаЦем», «Эффес» сияқты ірі брендтік кәсіпорындар қанатын жайды.  Бұдан бөлек, “Ауыл – ел бесігі”, “Нұрлы жер” секілді мемлекеттік бағдарламалар аясында  ауыл, аудан орталықтарында денешынықтыру-сауықтыру кешендері,  саябақтар мен скверлер салынып, инфрақұрылым жақсартылуда. Талдықорған қаласында Орталық Азияда теңдесі жоқ заманауи жүзу бассейні ашылды.  Облыста елді мекендерді газдандыру және жылу көздерін газбен жылытуға ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.  2022 жылы Алматы облысы Алматы және Жетісу облысы болып бөлініп, Жетісу облысы жаңадан құрылды.

Облыс бірде қосылып, бірде бөлінсе де Талдықорған қаласы қала статусынан айырылған жоқ. Ал Еркін ауылы да Талдықорған қаласымен бірге түлеп, өркендеп отырды. Тек 1944 жылдан бүгінге дейінгі қаланы басқарған азаматтардың құжаттары мен деректері ғана мұрағаттарда сақталған. Сол қатарда ДУБРОВСКИЙ А. А 1944-1945 жылдар, КОНДРАТЕНКО Андрей Павлович 1945-1949 жылдар, КОЛМОГОРОВ Григорий Иванович 1950-1951 жылдың маусымына дейін, ФЕДЕТОВ Алексей Павловия 1954 жылдың маусымынан 1955 жылдың қарашасына дейін, СИНЦОВ Иван Иванович 1955 жылдың қарашасынан 1958 жылдың наурызына дейін, ӘУБӘКІРОВ Жұмағалы 1958 жылдың наурызынан 1961 жылдың тамызына дейін, БАЛАПАНОВ Жұмахан 1961 жылдың тамызынан, 1963 жылдың қаңтарына дейін, КОПЫТИН Валентин Павлович 1963 жылдың қаңтарынан, 1968 жылдың ақпанына дейін, ТАЛҚЫБАЕВ Молдақасым 1968-1979 жылдар аралығында, НҰРПЕЙІСОВ Советхан Сейітқалиұлы 1979 жылдың маусымынан 1983 жылдың тамызына дейін, АҚЫЛБАЕВ Көбес 1983 жылдың тамызынан 1987 жылдың мамырына дейін, ШЕГІРОВ Аманғазы 1987 жылдың мамырынан 1990 жылдың ақпанына дейін, ЖАҚИЯНОВ Оралбек Нұрсейітұлы 1990 жылдың ақпанынан 1992 жылдың ақпанына дейін, БИЖАНОВ Керімжан Кісенбайұлы 1997 жылы 5 мамырдан 1999 жылдың наурыз айына дейін, ЖЫЛҚАЙДАРОВ Сәкен Егінбайұлы 1999 жылы наурыздан 2011 жылы сәуіріне дейін, БИГЕЛДИЕВ Махаббат Сәдуақасұлы 2011 жылы сәуірден 2012 жылы қаңтарға дейін, Алпысов Ермек Амантайұлы 2012 жылдың қаңтарынан 2015 жылдың қараша айына дейін, Бағдат Қарасаев 2015 жылдың қарашасынан 2018 жылдың мамыр айына дейін, Ержан Жасыбаев 2018 жылы мамыр айынан 2022 жылдың сәуір айына дейін Талдықорған қаласын басқарды. 2022 жылдың сәуір айынан бері қала тізгіні Әсет Масабаевқа тиді.

Қаладағы түрлі өзгерістермен бірге Еркін ауылын басқарған азаматтардың есімі де ауысып отырды. 1996 жылы Еркін ауылының бір топ белсенді азаматының Талдықорған қалалық архивіне жолдаған хаты бойынша төмендегі мәліметтер анықталған.

Бұл деректер Талдықорған аудандық депутаттар атқару комитетінің және Еркін ауылкеңесінің қорындағы құжаттардан алынған. Еркін ауылкеңесінің құрылуы туралы архивтегі құжаттарда нақтылы дерек жоқ. Бірақ 1930 жылы Еркін ауыл кеңесінің аумағында Кемеращы, Қазақстан, Еркін, 1931 жылы Ащыбұлақ ұжымшарының құрылғаны жайлы құжаттар сол жылдары Еркін ауыл кеңесінің болғанын анықтады. 1930-1941 жылдары Еркін ауыл кеңеісінің қызметі жайлы архивте ешқандай құжат жоқ. 1945-1950 жылдар кезеңінде Еркін ауылкеңесінің қорында барлығы 5дана құжат  сақталған. Сондықтан ауыл кеңесі төрағаларының ауысуын нақтылы анықтай алмадық. 1930-1939 жылға дейін Еркін ауыл кеңесі «Еркін ауылдық жұмысшы шаруа және Қызыл армия депутаттары Кеңесінің атқару комитеті» деп аталады. (Талдықорған ауданы, Алматы облысы). 1939-1954 жылға дейін «Еркін ауылдық еңбекшілер депутаттарының Кеңесі және оның атқару комитеті» деп аталған. (Талдықорған қаласы, 1944 жылдан), 1955-1977 жылға дейін «Еркін селолық еңбекшілер депутаттарының Кеңесі» деп аталған. 1977 жылдан «Еркін селолық халық депутаттарының Кеңесі» деп аталды.

Архивтегі бар құжаттарға сүйене отырып, Еркін ауыл кеңесінің төрағалары мен хатшылары жайлы төмендегі мәліметтерді ұсынамыз.

 

 

Жылдар Төрағалар
1 1930 жылдан – 1939 жылға днйін

1939 жылдан 1946 жылдың желтоқсан айына дейін. 06.1942 жылы – 1946 жылдың желтоқсанына

Берліқожанов Есжан – төрға

 

Теміртеков Утеулі – төрағасы

Нұртаев – төрағасы

Испанбетов – төрағасы

2 1950 жылдан 1953 жылға дейін Отарбаев Жұмаш – төрағасы

Бекбатыров Рақымбек – хатшылары

3 1953 жылдың желтоқсанынан 1957 жылғы 12 наурызға дейін Құрмашев – төрағасы

Осипова, Валиева – хатшылары

4 1957 жылдың 12 наурызынан 1960 жылдың 12 тамызына дейін Отарбаев Жұмаш – төрағасы

Абсадыров Баяхмет – хатшысы

5 1960 жылдың 12 тамызынан 1963 жылдың 8 наурызына дейін Алпысбаев Менбай – төрағасы

Отарбаев – хатшысы

6 1963 жылдың 8 наурызынан 1965 жылдың 18 наурызына дейін Алдабергенов Нұрмолда – төрағасы

Қуандықов Тәкен – хатшысы

7 1965 жылдың 18 наурызынан 1965 жылдың маусымына дейін Кеңбаева – төрағасы
8 1965 жылдың маусымынан 1967 жылға дейін Отарбаев  Жұмаш
9 1967 жылдан 1969 жылға дейін Құрманбеков Ертай – төрағасы
10 1969 жылдың наурызынан 1971 жылға дейін Құдайбергенов Мұрат – төрағасы
11 1971 жылдың шілдесінен 1973 жылға дейін Бутин С.И – төрағасы

Құдайбергенов Мұрат – хатшысы

72 жылдың сәуірінен Сейпиева Б. – хатшысы

12 1973 жылдың тамызынан 1975 жылға дейін Тепляков Т. К. – төрағасы

Сейпиева Б. – хатшысы

13 1975 жылдың шілдесінен 1977 жылға дейін Сағындықов С.С. – төрағасы

Сейпиева Б. – хатшысы

14 1977 жылдың маусымынан 1983 жылға дейін Нұрланов Қазтай – төрағасы

Сейпиева Б. – хатшысы

15 1983 жылдың қарашасынан 1987 жылға дейін Сейпиева Б. – төрағасы

Жазылбекова Т. – хатшысы

Мұхамедиева Р., Ерденева З.Е.

16 1987 жылдың маусымынан 1989 жылға дейін Милушев М.М. – төрағасы

Ситоманова П. – хатшысы

17 1990 жылдың қаңтарынан 1998 жылға дейін Байқадамов Е.Н – төрағасы.

Қасымқан Есжанұлы – төраға орынбасары

18 1998 жылдан 2005 жылға дейін Бабашев Серікжан Сейітжапарұлы
19 2005 жылдан 2009 жылға дейін Керімбеков Бақберген Көкенұлы
20 2009 жылдан 2013  жылға дейін Бабашев Нұрлан Сейітжапаров
21 2013 жылдан – 2017 жылға дейін Жолдыханов Жандос Бейсенбекұлы
22 2017 жылдан 2018 жылға дейін Ибраев Секрікжан Берікұлы
23 2018 жылдан 2020 жылға дейін Мамаев Қайрат Замантайұлы
24 2020 жылдан – Рыспеков Қанат Сағымқанұлы

Сонымен қатар, архив құжаттарында Еркін ауылының басшылық қызметіне араласқан тұлғалар мен олардың жыл шегі де көрсетілген. Ол тізімде: Алдаш Кенжебаев (1950-1958), Есетов Сәкен (1958 – 1960), Әлішпанов Жапарқұл (1960 – 1965), Сәмбетов Нұрғабыл (1963 – 1965), Нам С.П (1965 – 1973), Самсонов П. Ф (1973 – 1979), Бексұлтанов А. А (1979 – 1981), Битуев Т. М (1981 – 1983), Өксікбаев А. С (1983 – 1987), Степанищев А. В (1987 – 1991), Цой Ю. Ч (1991 – 1993), Жиенкелдинов (1993 – 1995), Дүйсембаев А. І (1995 – 1997), Оразбаев Қ (1997 – 1999) жылдары елге елеулі еңбек сіңірген.

Бір осы е4,trn3 жазу барысында Еркін ауылының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тортай Ізбасқанов, Көктал ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мамай Нұрышов, ауыл ақсақалы Арыстанбек Бибатыров ағалармен бірге Жетісу облыстық мемлекеттік архивіндегі құжаттарды қайтадан сүзіп шықтық. Сол кезде төмендегі деректер қолымызға ілікті. Осы құжаттардеректер негізінде Еркін ауылы 1933 жылы құрылғаны белгілі болды. Ол туралы осы жазбаның орта тұсында айтылды. Сонымен 2023 жылы Еркін ауылының құрылғанының 90 жылдық мерей тойы аталып өтті.

Қажет Андас,

Дереккөз: «Өткені ерен, келешегі кенен ЕРКІН» кітабынан алынды. Талдықорған. «Офсет» баспаханасы, 2023 жыл.

 

 

 

 

0 0 votes
Рейтинг статьи
Қаралым 38
Дәлел мен дәйек
Тарих

Дәлел мен дәйек

February 27, 2026
Байтұрсынов жазуына адалдық
Тарих

Байтұрсынов жазуына адалдық

February 2, 2026
Баласаз баурайындағы тарих
Тарих

Баласаз баурайындағы тарих

October 13, 2025
Алаш идеясын арқау еткен
Тарих

Алаш идеясын арқау еткен

September 22, 2025
Келелі елде қаңлы бар
Тарих

Келелі елде қаңлы бар

September 19, 2025
«Тұңғыш экологиялық жарғыны қазақтар жазған»
Тарих

«Тұңғыш экологиялық жарғыны қазақтар жазған»

August 29, 2025
Subscribe
Login
Notify of
guest
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
Мұқаншының Мұхиты

Мұқаншының Мұхиты

April 16, 2026

Біз үшін қастерлі есім

Біз үшін қастерлі есім

April 16, 2026

Шәкірт мақтанышына айналған

Шәкірт мақтанышына айналған

April 16, 2026

Жаркент уезі (1926 жылғы мәлімет бойынша)

Жаркент уезі (1926 жылғы мәлімет бойынша)

April 16, 2026

Елдіктің жолы

Елдіктің жолы

April 16, 2026

Ақпараттық агенттігі

Меншік иесі: “Жетісу” өлкетанушылар орталығы” қоғамдық бірлестігі
Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы “Болашақ” шағын ауданы, 12-27

Q-Andas желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2025 жылғы 19 наурызда тіркеліп, № KZ21VPY00115275 куәлігі берілген.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

Тел: 8 747 706 1382
email: andas_kazhet@mail.ru

qandas.kz © 2025. Барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.

  • Qazaq
  • توتە جازۋ
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат

© 2025 qandas.kz

wpDiscuz