Экологиялық сана – бұл тек сенбілікке шығу немесе қоқыс жинау емес. Бұл – әр адамның табиғатқа, өз ортасына деген қатынасының айнасы.
Талдықорған мен Көксу, Ақсу, Сарқан аудандарында мектептер мен ЖОО-ларда «Жас экобелсенді», «Таза орта – менің ортам» атты клубтар жұмыс істейді. Бұл қозғалыстар жастардың табиғатты қорғауға, тұрмыстық қалдықты сұрыптауға, суды үнемдеуге, қаланы таза ұстауға бағытталған.
Көпшілік көзге байқамайтын, бірақ күн сайын таңмен бірге қаланы тазалайтын жандар бар. Олар – коммуналдық қызметтің қызметкерлері. Талдықорған қаласының «Тазалық» мекемесінде еңбек ететін Қанат ағай:
«Біздің жұмыс – көзге көрінбесе де, елдің өмір сапасына тікелей әсер етеді. Қала таза болса, адамның да көңілі таза болады».
Осындай қарапайым, бірақ еңбегі зор адамдардың арқасында қаланың әр бұрышы жарық, таза, көрікті болып тұр”, – деп ағынан жарылды.
Жетісуда соңғы екі жылда экологиялық бағыттағы 40-тан астам сенбілік, флешмоб және эко-жобалар өткізілген.
«Jetisu Eco Team», «Q-Andas еріктілері» және «Жасыл қадам» ұйымдары тұрақты түрде тазалық акцияларын ұйымдастырып, өз парақшаларында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Мысалы, «Q-Andas.kz» платформасы Instagram-да «Қоршаған орта» атты айдар ашып, тазалық пен мәдениетке арналған материалдар жариялап жүр.
Жетісу облысының экологиялық мәдениеті – өңірдің имиджін айқындайтын факторлардың бірі.
Тұрғындар мен билік арасындағы серіктестік, жастардың еріктілік белсенділігі және медиа-платформалардың ақпараттық қолдауы – бәрі бірігіп «таза сана» идеясын шынайы жүзеге асырып келеді.
Тазалық — бұл тек коммуналдық қызметтің міндеті емес. Ол – әрбір азаматтың санасынан басталатын мәдениет.
Егер әр тұрғын өз ауласын, көшесін, қаласын таза ұстауға үлес қосса, онда «таза сана – таза қала» ұраны шын мәнінде өмір шындығына айналады.
Арнайы “Таза сана-таза қазақстан” байқауы үшін!
Қажет Андас,
“Q–andas.kz” сайт редакциясы











