Орналасқан жері: Алакөл ауданы, Қабанбай ауылының маңындағы Талдықорған-Үшарал автожолының бойында.
Зерттелуі: журналист Алмат Есенбеков, өлкетанушы-журналист Қажет Андас
Сипаттамасы: Борша қырғыны ел көктеуде отырған кезде болған екен. Он мыңдық қалмақ қолына Қаракерей Қақал әулие бастаған үш жүздей жігіт үш бойы төтеп береді. Екі күн жекпе-жекке шығысады. Үшінші күн қазақтарды садақпен атып қырған. Содан соң әр адамды төртке бөліп боршалаған. Қараңғы түскеннен кейін түнімен от жағады. Ондағы ойлары – пері болса, түнде ұшып кетуі керек. Үшінші күні Қақал әулие Ақбоздара атымен құтылып кетеді. Содан бері ел басына зауал төнерде Борша төбеден Ақбоздара кісінейді екен деген сенім қалған. Қазіргі Қабанбай ауылы 1909 жылға дейін Борша деп аталған. Қабанбай ауылыныа кіре берістегі Борша төбеде ешқандай белгітас жоқ. Дегенмен ел аузында “Борша төбе” деген атпен қалған.
Аңыз-әңгіме: Тарих беттерін парақтайтын болсақ осыдан екі жарым ғасыр бұрын өмір сүрген Қаракерей Қақал әулие бастаған ел Жоңғар Алатауын бөктерлей мал қамын күйттеп, көктеуде жатқанда тұтқиылдан шабуылдаған қалмақ қонтайшысы қапысыз отырған халықтың төрт түлігін айдап, қыз-келіншегін байлап әкетеді. Намысымен нар сүйреген баһадүр бабамыз осы мезетте қару көтере алатын үш жүз жігіттің басын қосып, он мыңнан астам жаудың жолын бөгеуге аттанады. Ескі дала заңына сай алғашқы екі күн қос қанаттың батырларының жекпе-жегімен өтеді. Бірнеше қайталап айқасқа шықса да аттан құламаған азаматтарымыз ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, қалың қолдың дегбірін қашырады. Осал қарсылас жолықпағанын сезген қонтайшы құйтырқы әрекетке барып, сайқал тәсілге көшеді. Сардарларымен ақылдаса келіп, күшпен алмасын түсінген ол айламен жеңуді ойлайды. Сөйтіп соғыстың үшінші күні садақ оғын қарша боратып, оғландарымызды қоғадай жапырған қалмақтардың айласы асады. Он мың адырнадан атылған көбе бұзар жебелер үш жүз жігіттің сауытын сөгіп, кеудесінен өтсе де жер құшуға асықпаған батырлар ақтық демдерін іштеріне тартып, соңғы шайқастарында көрсеткен ерліктері аңызға бергісіз оқиға. «Ер сүрінсе еңкеймес жығылар тік» демекші тізелері бүгілмеген, бастары иілмеген қазақтардың мәйітінен де сескенген қонтайшы олардың денелерін бөлшектеп, боршалап, жан-жаққа сүйреп апаруды бұйырады. Содан ол жер «Борша төбе» деп аталып кеткен көрінеді. Бұл қырғыннан «Ақбоздара» атының арқасында аман қалған Қақал әулие түнімен жау ордасын аралап, онсыз да құты кеткен қалмақтарды шетінен бауыздап, жеңіске масаттанған елді дүрліктіреді. Бастан аяқ қанға боялған батырды көргендер оны аруақ, пері деп ойлап, асып-сасады. Тіпті кейбір жүзбасылар, мыңбасылар жеке-дара қашып кетуге де тырысып, қалың қол бөліне бастайды. Бұны естіген қонтайшы бүкіл даланы от жақтыртып, алау тұтатып аластатады. Сол сәтте адал арғымағына мінген Қақал әулие төбе ұшынан қарап тұрған деседі. Содан бері ел басына зауал төнсе «Борша төбеден» Ақбоздара кісінейді деген сенім қалған.
Сілтемесі: http://alakol-aynasy.kz/bahad-r-babalar-bejiti/
Q-Andas ақпарат.











