«Менің анам Жәмила осы Алмалы ауылында 1916 жылы туылған. Ол кездегі балалар бесіктен белін босата салып, күнкөрістің қамын ойлап жалаң аяқ өгіз айдап, шабылған шөпке тырма салып, шөмеле үйіп, жер жыртқан ат соқаны жетелеп, қырман бастырып, үлкендерге ере еңбектеніп жүріп ерте есейген. Маңдайының соры арылмаған қазақтың сандаған әйелдері секілді анамыздың да тағдыры нағыз азапты, қиянатты, қисыны кеткен уақыттарға тура келген ғой. Орыстың ойран-топыр болып бұзылған заманының кесірі қарапайым жатқан қазақтарға тиіп, бейнетке ұрындырып, ақ пен қызылға бөлінгендер аумалы-төкпелі кезеңдерде билік басына келіп, ел екіге жарылып азамат соғысы басталып, кінәлі, кінәсіз адамдардың қаны суша аққан кезде туылыпты», – деп бастады әңгімесін Алмалы ауылының тұрғыны Елдос Ілгідайұлы.
«Енді жаңа өмір бастаймыз деп ес жиып, етек жауып білек сыбана еңбекке бас қойып көйлегі бүтінделе бастағанда, ел ішінен «халық жауын» іздеген сұрқия саясаттың кесірі күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырып, артына іштей тынып, талай үнсіз өксіген жақындарын қалдырып, таңдаулы боздақтарды жұтып тынды. Анамыз сонда да бейнетке мойымай, көп қиыншылықты бастан өткеріп, ауыртпалық атаулыны иіні түспей көтеріп, тірліктен түңілмей, алдынан шығар жақсылықтан үмітін үзбей, аялаған жар құшты, бұла бойын босатқан бала сүйді. Қас пен көздің арасына қыстырылған жұбайлық бақытты шақты тәңірім көп көрдіме, төбеден тас түскендей ел-жұрттың жақсысын жақынынан айырып, отбасының ойранын шығарып қан жылатқан екінші дүниежүзілік соғыс басталған. Майдан үшін, оқ пен оттың жалынына оранған жауынгерлердің жанына желеу болсын деп, өздері аш құрсақ әйелдермен иық қосып, күндіз-түні еңбектеніп астық орып, бау байлап, шұлық, биялай тоқып, жылы киімдер тігіп, қолғабыс жасап, жеңіс күнді жақындатуға тырысыпты. Анамыз бұл қантөгіс сұрапыл соғысқа жастай қосылған қосағын аман-сау жіберіп, өтеуіне майданнан «хабарсыз кетті» деген тілдей қара қағаз алды. Өмірінің соңғы, онда да 45-ші жылдардан кейінгі кезеңі жоқшылыққа толы болса да тыныштықпен өткендей. Әйтсе де, өзегінде бөтен жандар білмейтін талай өртеңді, айтылмаған өкінішті дүниелері кетті ме деп ойлаймын. Бізбен әңгімесінде, ауылымыз бен айналадағы ел арасындағы көзбен көрген оқиғаларды, қилы-қилы жағдайларды сөз ететін. Қазақтың жүрегіне қадалған темір тікендей қан сорғалатқан қуғын-сүргінді саясаттың жантүршігерлік сорақылықтарын бастан өткергендігін, аяусыз босқынға ұшыраған жазықсыз жандардың қырылып, сүйектерінің шашылып, көмусіз қалғандығын айта келіп толқығаннан демін шығармай үнсіз отырып қалатын.
Кеңес өкіметі нығая бастаған шақта осы төңіректегі қазақтар жаңа тіршілік құруға бас қосып, алғаш артельдерге бірігіп, кей жерлерде колхоз құрылысы басталып жатқан кез екен. Анамыз 13-14 жастағы кезі болса керек, шешесі Мәликемен бірге құдайдың құтты күні ауылдан шығып, осыдан он шақты шақырым жердегі Бестөбе қыратының үстіне көктемгі егіс жұмыстарына, не жаздағы шөп оруға, шөмеле салысуға, оны маялау үшін тасуға барады екен. Негізгі күш-көліктері екі өгізді қосарлап шеккен арба. Шаруашылықтағы қысқы-жазғы бүкіл ауыр жұмыстар осы өгіз арбаның арқасында бітеді. Мүйізі шаңырақтай өгіздердің де сол кездегі адамдардың сүлдеріндей бүйірі шығып бір тоймайды, қысы-жазы еті бір толмай ыңыршағы шықса да арба сүйреп жүреді. Жұмысқа жарайтындар көктемгі мезгілде жаяуларға көп күш түсірмес үшін жұмысқа қажетті құрал-саймандарды, қажетті керек-жарақты, себілетін дақылдың тұқымын, азын-аулақ азықтарын арбаға салып алып таң бозынан жолға шығатын болған. Ол кездерде мейнамды (жаңбыр суымен қоректеніп өнім беретін астықты алқап) жерге астық көбірек себіледі. Жазды күні жаңбыр суымен-ақ қоректеніп, ойпатты егістікке қарағанда түсім біршама мол алынады.
Кеңестік биліктің қазақ жұртына қарсы жүргізген байларды тәркілеу, одан кейінгі зорлықпен ұжымдастыру саясатының халықтың наразылығын туғызғаны анық. Бұл саясатқа қарсы тұрудың ашық көрінісі осы аймақтағы халықтың арғы бетке жаппай бет алуынан көрінді. Қытай жеріне жаппай қаша көшу басталған 1928 жылдардан бертінгі 40-шы жылдарға дейін ел Қытай жеріне тоқтамастан көп өтіпті.
«Ауыл ішінде сөз жата ма, сыбырлап болса да айтылып, «түнде бір көш өтіп кетіпті» дегендері жарғақ құлағымызға тиетін. Енді бір түндері ауыл сыртынан атылған оқтың дауысы естіліп қалатын. Ондайда тынышымыз кететін, себебі ертесіне қызыл әскерлер көше-көшелерді аралап, үйлерге кіріп, қашқандар тығылып қалмады ма деп біреулерді іздеп жүретін. Кейбір күндері аудан орталығынан белсенді екен дегендер, бастықтар келіп ауыл ортасындағы кеңірек там үйге жиналсын деп жұртты кіргізіп, даурығысып, айғайласып жататын. Қызыл шекарашылар қазақ жерінің сонау түкпірінен тау-тасты, сай-саланы паналап арғы бетке қашып бара жатқандардың артынан қуалай келіп, не өтетін жерлерін күні бұрын біліп, алдын тосып, жас-кәрісіне қарамай атып салып отырыпты. Осындай көп адамдар қырғын тапқан жерлер Алмалы, Басғұншы, Қорғас ауылынан оңтүстікке – Іле өзеніне дейін, талай қанды оқиғаға куә тұстар жеткілікті. Алмалы ауылының солтүстік беткейін алып жалпақ қырат жатыр. Ауылдың солтүстік батысындағы созылып жатқан Бестөбенің ең биігі Жуантөбенің етегінен, шығысындағы Көкжазыққа қарай еңістеп кететін жергілікті жұрт Қайырма деп атайтын жазық бар. Сол қыратты солтүстіктен оңтүстікке қарай кесіп түсіп жатқан жарлауытты бірнеше терең сай бар. Өзім көзім көрген бір жаншошырлық сұмдықты айтайын.
Жаз бітер кез еді. Бірде таң ертеңгісін біраз адам жиылып Бестөбеге астық бастыруға кетіп бара жатқанбыз. Қаншама жыл өтседе, Қайырмадағы үлкен жыраның табанында өлген адамдардың шыбындай қырылып жатқаны, көз алдымнан кетпейді» дейтін анам Жәмила.
Бұл жазықсыз жандарды қырғынға ұшыратқан оқиға Қытай жеріне жаппай қашу үдерісі болған 1930 жылдардың ар жақ, бер жағында болуы мүмкін. Кейіннен мұндай адамдарды банды деп, отанын тастап қашқан опасыздар деп атап, көшіп бара жатқандарды атып тастау оқиғасы тіпті жиілеп кеткен. Шешем айтып отыратын тағы бір оқиға есімде қалыпты», – деді Елдос Ілгідайұлы аз-кем үнсіз қалып.
«Ел ар жаққа қашыпты, оларды солдаттар жолда тосып атып кетіпті» деп жататын кез еді. Амалыдан топталып шығып, Бестөбенің үстіндегі егістікке жеткенше жолай талай жерді басып өтеміз. Сонда екі аралықтағы жазық пен сай ішінде әр-әр жерде оқ тиіп, киімшең өліп жатқан адамдарды көретінбіз. Алыстан қарайып өліп жатқан адамды көрсек, біз жас қыздар жағы шошынып қашқақтайтынбыз. Ал арамыздағы жүрегі дауалаған, ес тоқтатқан үлкен ағаларымыз «сүйекке обал, ит-құс тиеді» деп, онда да қолында құралы болса мәйіттерді жыра-жыраға сүйреп апарып бетін топырақпен жұқалап болса да жасыратын.
Бірде сай табанынан қыратқа көтеріліп, қырдағы жолмен жоғары өрлеп келе жатыр едік, алдымыздағы үлкен ағаларымыз «Жардан алыс жүріңдер, арбаны былай бұрыңдар» деп айғайлап дегбірсізденіп кетті. Жолдың жар жағында келе жатқанмын. Не болғанын түсінбей әлгі тұсқа жақындап барып бұрыла бере сай табанында қалай болса солай құлап жатқан адамдарға көзім түсті. «Бұларға не болған» дегенімше басы-көзі мен кеуделерін қып-қызыл қан жапқан, көздері ашық жатқан өлгендерді көріп, үрейім ұшып «баж» ете қалдым. Сөйткенше қасымдағы кісілердің бірі мені жұлып алып ортаға қарай итеріп жіберді. Әр-әр жерден тағы бір-екілі әйелдердің үрейлі дауысы шығып қалды. Арамыздағы жас балалар мына сұмдықты көрмесін дегендей үлкендер жағы шашырай жатқан өліктерді бізден көлегелей берді. Сөйтсек, ағаларымыз ауылдың бас жағындағы Қайырма мен Бай сайдың ортасындағы үлкен жардың ішінде шекарашы қызыл отряд қырып тастаған 40-тан астам адамдардың өлігін көріп, қан сасыған әлгі жерге әйелдерді жібермей, арбаның басын бұрғыштай берген екен. Түн ішінде жарлауытқа түсетін көшті күткен мылтықтылар еркек-әйел, бала-шаға, кемпір-шал, мал-жан деп қарамаған, түгел оқтың астына алып жусатып тастапты. Оқ тиіп өлген біраз мініс аттар да жатты.
Солдаттар адамдарды түнде атқылап, өлген, жараланғандарына қарамай кетіп қалған. Оқ тиіп жараланып қалған адамдардың кейбіреулерінің жаны таң ата шығыпты. Денелерінің беттерін топырақпен жабар кезде ғана суи бастағанын айтып отырғанын кейін мәйіттерді жерлегендерден естідім. Сондағы көрген сұмдығымды айтайын. Ер адамдар жанталасып жарды құлатып, топырақ тырмалап мәйіт жасырып жатқанда, кейбір құлқынын қу дүние тескен екі-үш жас әйел ешнәрседен сескенбей жүгіре басып өлгендерді аралап, өліктерді аударып-төңкеріп, әйелдердің қойны-қонышын ақтарып, мойындарынан әртүрлі моншақтарын, жылтыраған алқасын шешіп, білегінен білезіктерін, саусағынан жүзік, сақинасын суырып алып жатты. Бір шетте тұрған үлкен әйелдер тоқтау салып «бүлінгеннен бүлдіргі алма деген, жаман болады» дегенді айтып, ұрсып, шуылдап, «өлгендердің әруағы атады» деп тоқтатпақ болса да, әлгілер жаман қылықтарын қоймады. Кейінде қай жерден өлген адамдарды көрсе сескенбей жұмыстан қайтарда, не болмаса бара жатқанда келесі жолы да әлгі қылықтарын қайталайтын. Әруақты қорлаған асылық болады деуші еді үлкендер, тегінде сол рас екен. Менің білетінім ол әйелдер де бертініректе қартайып барып қайтыс болды, бірақ, кейбірінің күйеулері соғыста өліп, кейбірінің пұшпағы қанамай бедеу болып, біреулердің балаларын бағып, өмірінде өз сәбиінің иісін иіскемей бұл дүниеден ит тірлікпен өтті».
Бұл ұзақ жылдар бойы ауылда еңбек етіп, қадірменді жандардың бірі болған Жәмила әпкеміздің үлкен ұлы Елдосқа кейінгі жылдары жаны күйзеле отырып қаралы кезең туралы айтқан әңгімесінің бірі екен. Алмалы ауылының төңірегінде шекара шебін күзеткен қызыл отрядтың тосқауылына түсіп, көшкен жұрттың адамдары қырылған жерлерді әлі де анықтауды қажет етеді. «Қайырма» сайда, «Алмалытас» кәсіпорны тас уатып, шағыл шығарған жердің маңында, «Науалы сайда», Басғұншы ауылының солтүстігіндегі әскери заставадан 350-500 метрдей жердегі «Казарман» атауымен аталатын тұста (Шамасы патшалық Ресей тұсында салынған станицалық шекара казармасының орны сол маңға салынып, кейін бері таман ауылдың желке тұсына көшірілсе керек. Оны жергілікті егін егіп, су ұстап жүрген тұрғындар жақсы біледі) осындай қанды қырғын орындар бар.
Осыдан екі-үш жылдар бұрын ішкертін жақтан «Жалайыр қырылған» (Жалайыр руының адамдары), «Тұрсын қырылған» (Суан ішіндегі Тұрсын руының адамдары) деген жер атауларын іздестірген журналистер, іздеушілер келгенімен сол адамдардың қырғынға ұшыраған орнын ешкім нақты мына жер деп тап басып көрсете алған жоқ. Кезінде көрген, естіген көп жайдың куәсі болған адамдардың көбі бұл күндері дүниеден көшіп кетті. Қазақ халқына қарсы саясат ұстанған Кеңестік биліктің құзырында болған архивтік материалдарға босқындыққа ұшырап, көшкен жұртты қайтару жөніндегі жоғарыдағылардың бұйрығы жайлы мәліметтердің сақталғаны болмаса, ондағы қырғынға түскен адамдардың саны көрсетілуі мүмкін емес. Ол жайлы мәліметтер түгелдей жасырылған, құжаттарға түспеген. Жол тосқан, қарусыз жұртқа карақшылық шабуыл жасаған шекарашы солдаттар өздерінің қанды істерінің ізін жасыруда қазақтың бойындағы адамгершілік сенімін жақсы пайдаланғандығы белгілі. Әруақты қасиеттейтін халқымыз қандай жолмен өлген жан болса да, қандай қиындық көрсе де олардың бетін топырақпен жабуға тырысқан.
Іле өзеніне тіке түскенде, жыңғыл, аракідік сексеуіл, сарбарақ, бұта басқан бір-бірінен алшақтау жатқан бұйра-бұйра құм төбелердің арасындағы ойыстарда, борасын тұрып құм суырған жерлерде құм астынан шығып ағарып кеткен, шашылған адам сүйектері сол қаралы жылдардан хабар береді. 2009 жылдары Алмалы ауылынан Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлерлердің есімдерін анықтап, оларға ескерткіш тас орнату туралы мәселемен тарихшы Нұрсағат Әлібаев екеуміз Басғұншы ауылының тұрғыны, соғыс ардагері, бұрынғы «Красный Восток» колхозында ұзақ жылдар жауапты қызмет атқарған Еспенбетов Серғали қариямен әңгімелесе қалғанымызда «Мына Мойынқұмның (Іле өзенінің жағалауындағы құм Мойынқұм деп аталады – автор) іші адамның қаңқа сүйегінен аяқ алып жүргісіз. Әсіресе, қазіргі шекара бойына тартылған тікенек сымтемірді бойлап жүріп отырсаң талай сұмдықты көресің. «Қаракөлдек» бекетінің (застава) солтүстік жағындағы бұйратты құм төбелердің аралығындағы бұрынғы ат арба жүретін жадағай жерлер адам қаңқасынан көрінбейді. Ақсөңке болып кеуіп кеткен, үлкендердің, жас балалардың қауашақтай бас сүйектері, әнеу жер, мынау жерден томпайып құм бетіне шығып жатады», – деп жаны түршіге еске алған еді. Шындығында, өткеніміз бен кеткенімізді түгендеп, тарихи салаға қалам тартып жүргенімізді біраз газет оқырмандары білетіндіктен хабарласып, әр түрлі деректерімен бөлісіп отырады. Бұл сол қасыретті кезең жайлы жазылған тарихтың шағын ғана бөлігі.
P.S. 1920-1950 жылдардағы қазақтарға қарсы жүргізілген Кеңес өкіметінің тоталитарлық саясатының еліміздің жан басының көбейюіне қасақана кесел келтіріп, тұтас бір халықты қырғынға ұшыратуы ешқандай қалыпқа сыймайды. Негізсіз қуғын-сүргінге ұшыратып, тұрмысын тоздырып, халқымыздың даму дәрежесін тежеген репрессияның зардабын жоюға әлі де көп күш-жігер жұмсауымыз қажет. Жеке адамдарды, зардап шеккен отбасыларды анықтау, олардың ұрпақтарының тарихын жасау сияқты жұмыстар атқарылуда. Ал, жаппай қуғын-сүргін кезінде ұрпақтарын аман алып қалудың қамын ойлап, шекара асып көшкенде ата-апаларымыздың жол тосқан кеңес әскерлерінің тосуылына түсіп, қырғынға ұшырап, опат болған жерлерді атаусыз қалдыруымыз қалай болар екен? Сол жүздеген көшпелі жұрт дүниеден өткен қанды жерлерді де ұмытпай ел жадында жүретін тарихи ескертпе ескерткіштер орнататын кезде келіп жеткен сияқты. 1962 жылдардағы «қаш-қаш» деп аталған шақта, арғы беттен аман-есен өсірген ұрпағын жетелеп шекарадан қайтадан атамекеніне оралған 200 мың қазақтың еліміз үшін демографиялық дүмпу туғызғанын естен шығармайық.
Молот СОЛТАНАЕВ,
ақын, ҚР Білім беру ісінің озық қызметкері,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Панфилов ауданының Құрметті азаматы.
Жарияланды. – Жаркент: «Жаркент айнасы» газеті. №38. 2023. 4 б.











