Орналасқан жері: Алакөл ауданы, Ырғайты ауылдық округіне қарасты Көктұма ауылының аумағындағы Жалаңаш көлдің бойында орналасқан. Ұрпақтары 2014 жылы басына белгі қойып, зират тұрғызған.
Зерттелуі: ҚХР-да шыққан Мұрат Сұлтанұлының «Сәменбет шежіресі» және «Сыбанбай би», Мұқаш Әтейбекұдының «Қызай елі» кітаптарында және Андас Омарақынның Қазақстанда шыққан «Тарих толқынында» кітапында өмірі жайлы деректер жинақталған. Кейінгі кезде өлкетанушы-журналист Қажет Андас зерттеп жүр.
Сипаттамасы Сыбанбай би XVIIІ ғасырдың соңы мен XIХ ғасырдың алғашқы жартысында жасаған тарихи тұлға. Жоңғарлар жойылып, қазақ ауылдары өздерінің байырғы атақонысына қайта оралғанда, Сыр бойындағы қызайлар ең алғаш Есенгелді би Құдайназарұлының бастауымен 1740 жылдардың ортасында Аягөзге қоныстанған(«Құрбанғали Халиддің «Тауарих хамса» еңбегіндегі деректер бойынша). Кейін Қаракерей елімен қоныстас ірге жайған қызайлар Тарбағатай өңіріне, одан кейін Тоқта мен Барлық тауларының маңайына 100 жыл бойы қоныстанған. Дәл осы тұста қызайларды Есенгелді бидің інісі Сұлтангелдінің шөбересі Сыбанбай би басқарды. Ол қызайлардың өріс-қонысын белгілеп, ішкі-сыртқы қарым-қатынасын, рулар арасындағы жер-жесір даулары мен ағайын арасындағы араздықты реттеп отырған тарихи тұлға.
Аңыз-әңгіме: Сыбанбай бидің дәуірі қазақ қоғамында ірі өзгерістер орын алған, тай-таласқа толы мезгіл еді. Ресей патшалығының қазақ жеріне өңмеңдей кіріп, жаппай отарлауы қазақ ауылдарының өміріне екіталай күн тудырды. Осы тұста Сыбанбай Мәскеуге елшілікке барып, Аға сұлтан атанған. Кенесары хан Тарбағатайды жайлаған елден көмек сұрап барғанда, қызайлар қол жасақтап аттандырмақшы болғанда Ресей патшалығының айтақтауымен бейбіт елге қатер төндірген Сыбанқұлдың ауыр қолын Еміл (Арғы бетте) өзенінің бойында талқандап, жұртты бұлап-талаудан құтқарады. Бірақ Кенесары ханға көмектесу арманы орындалмай қалады. Кейін Матай Тәнеке батыр Кенсары ханның кегін қуып, қырғыз Орман ханның ауылын шапқанда қызайлардан Cұлтангелді Боқаш болыс, Есенгелді Біртері батыр, малтабар-шәкіл Ұлтарақ батыр, тағы да басқа алпыс жігітті ұйымдастырып, Кенесарының кегін алу жорығына атсалысқан. Өмірінің соңғы жылдары қызай елінің ру басшыларын бекітіп, елді Тоқта-Барлықтан Бұраталаға (Бөрілі дала) қоныстандыруға кеңес беріп, ізбасарларын белгілеп, өмірден өтеді.
Сыбанбай би Ресей мен Қытайдың екі жақты қысымына тап болған елді тәуелсіз ету үшін күрескен тұлға. Оның ұрпақтары атасы жерленген жерден 150 жылдай қиыр жәйлап, шетте жүрсе де, тұлғаның ұлылығын осы мекенді қоныстанған ел ұмытпай, тәу ететін қасиетті жердің біріне айналдырған. Кеңес билігі орнаған соң Сыбанбай бидің зиратына тәу ететіндер қудаланған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін оның ұрпақтары баба зиратын қайта жаңғыртып, басына белгі қойды. Сыбанбай би туралы ел арасында көптеген аңыз-әңгіме тараған. Ол қазірге дейін жергілікті жұрттың арасында айтылып келеді.
Қазір бұл орын ары-бері өткен елдің тәу етіп аттанатын жеріне айналып үлгерген. Енді осы бір нысанды Қазақстанның қасиетті нысандары тізіміне енгізудің уақыты келді деп есептейміз.
Сілтемесі:
1. «Сәменбет шежіресі», Мұрат Сұлтанұлы, Іле халық баспасы.
2. «Сыбанбай би», Мұрат Сұлтанұлы, 2014, Ұлттар баспасы.
3. «Қызай елі», Мұқаш Әтейбекұлы, 2004, Мұра журналы.
4. «Тарих толқынында», Андас Омарақын, 2022, Алматы, «Офсет» баспаханасы.










